Бенди тарихын бiлесiз бе??

Ермұхамед МӘУЛЕН

Допты хоккей спортының отаны – Ресей. Канадалықтар шайбалы хоккейдi ойлап тауып, ұлттық спортынан ешкiмге дес бермеген соң орыс халқының осы ойынға ұқсас етiп шығарған спорт түрi болып есептеледi. Допты хоккейдi халықаралық қолданыста бенди деп атайды. Көбiнесе мамандар бұл ойынды қысқы футбол деп жүр. Себебi, мұндағы негiзгi ойын құралы мен айдынның мөлшерi футболға өте ұқсас.
Алматыда қаңтар айының соңында допты хоккейден Әлем бiрiншiлiгi өтетiнi белгiлi. Осы орайда спортсүйер қауымды аталған спорт түрiнiң тарихымен азды-кем таныстыра кеткендi артық көрмедiк.
Допты хоккейдi орыстар XIX ғасырдың соңында ойнай бастады. Петербор, Мәскеу, Архангельск және өзге де қалаларда бендимен шұғылданатын адамдар шоғыры пайда бола бастады. 1914 жылы Бүкiлодақтық хоккей қауымдастығы құрылып, сонда алғаш рет бұл ойынның тәртiбi бекiтiлдi. Төңкерiстен кейiн Орал, Қиыр Шығыс, Сiбiр және Қазақстанның солтүстiк аймақтарында допты хоккей спорты қанат жая бастады.
/ткен ғасырдың 30-жылдары Одақ көлемiнде түрлi жарыстар ұйымдастырылып, шет аймақтағы қалалардың түгелге дерлiгiнде бенди спортына деген қызығушылық пайда болды. Сол одақтық жарыстарға Алматы, Семей, Петропавловск қалаларының командалары да қатыса бастады. 1932 жылы басталған республикалық жарыстарда аталған қалалардың командалары жемiстi өнер көрсеттi. Ал, Қазақстан көлемiнде оларға бәсеке тудыра бастаған Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларының допты хоккейшiлерi даму жолына тез түсiп, талантты спортшыларды тәрбиелеп шығарды.
Ұлы Отан соғысы аяқталысымен допты хоккей спорты да өзге түрлерден қалыс қалмай дами бердi. Соның арқасында Қазақстанның командалары Одақ көлемiнде тәп-тәуiр өнер көрсеттi. Мысалы, Каз КСР кубогының жеңiмпазы алматылық «Динамо» 1950 жылы КСРО кубогына қатысты. Михаил Якушин, Василий Трофимов секiлдi даңқты спортшылар бастаған алматылықтар мәскеудiң «Динамосынан» 9:2 есебiмен жеңiлiп қалды. Десе де, ол кездегi мәскеулiк «Динамо» командасының Одақ көлемiнде аты дүркiрегенiн мойындауымыз қажет. 1953-54 жылғы маусымда алматылықтар КСРО бiрiншiлiгiне қатысты. Төменгi Тагил қаласында өткен II топ командалары арасында Старостин баптаған «Динамо» жүлделi үшiншi орынға табан тiрейдi. Осылайша олар келесi маусымда I-топ, яғни мықтылар қатарында бәске түсу құқына ие болады.
Осыдан кейiн, «Динамо» командасына бәсекелестiк тудырта алған Алматы қаласынан екiншi ұжым шығады. Ол – сол кездегi Қазақ спорт институтының студенттер командасы болатын. Кiл жастардан құралған команда 1954-55-жылғы маусымда Қазақстан кубогын жеңiп алып, Қазан қаласында өткен Одақ кубогы жолындағы жарыста сынға түседi. «Б» тобының командалары арасында жерлестерiмiз 7-орынды қанағат тұтады. Қатарында үнемi жастар ойнаған бұл ұжым Ульяновск қаласында өткен жарыста жүлдегер атанады. Ал, 1957 жылы «Б» тобындағы командалар арасында олар екiншi орынға иелiк етiп, келесi маусымды «А» тобында бастайды. Институт командасы 1964-жылға дейiн одақтық көлемдегi жарыстарда Қазақстан атынан қатысып отырды. 1959 жылы Мәскеуде өткен Бүкiлодақтық студенттер ойынында алматылық допты хоккейшiлер алтыннан алқа тағынып, мерейiмiздi үстем еттi.
Даңқы көпке тараған бұл команда 1961 жылы Одақ бiрiншiлiгiнде алтыншы орынға көтерiледi. Осы ұжым ойыншылары спорт шеберлерi деген атаққа қол жеткiзiп, ел спортының одан әрi көркеюiне атсалысады. Сол ойыншылардың қатарында Владимир Стрекалов, Борис Бутсин, Қазбек Байболов секiлдi шеберлер өнер көрсеттi.
Осы буын өкiлдерiнiң кейiннен «А» тобында өнер көрсететiн азулы ұжымдарда қызмет еткенiн де айта кеткен жөн. Мысалға, Кемеров қаласының намысын жыртқан «Шахтер» командасында аға бапкер қызметiн атқарған Валентин Свердлов Алматы допты хоккей мектебiнiң түлегi болатын. Горький қаласының «Старт» командасын жаттықтырған Юрий Фокин де өзiнiң даңқты командадан шыққанын Ресейде жүрiп дәлелдеген болатын.
1963 жылдан бастап студенттер ұжымы «Динамо» командасымен қосылып, бiр тудың астына бiрiктi. Жастарға ендi тәжiрибелi ойыншылар келiп қосылды. Яков Апельганец, Игорь Хандаев, Борис Чехлыстов секiлдi спорт шеберлерi атағына қол жеткiзген ардагер ойыншылар «Динамоны» одан әрi күшейте түстi. Команда әр маусым сайын өз нәтижесiн жоғарылата бердi. Алматылық динамошылар 1966-67 жылдардағы маусымдарда өте сәттi өнер көрсеттi. Осы екi жылы отандастарымыз одақтық бiрiншiлiкте қатарынан қола жүлдегер атанды. Сол жылдары алматылық ұжымның атағы дүркiреген Свердловскiнiң әскерилерден жасақталған командасын ұтуы ерлiкке пара-пар дүние болып едi. Кеңес Одағының сегiз мәрте чемпионы атанған мәскеулiк «Динамоны» ұтқан жерлестерiмiз абыройымызды асқақтатып, мерейiмiздi асырғанын айтсақ та жетiп жатыр.
Осындай жемiстi кездерден кейiн команда ойыны тұралап қалған кез де болды. Бiрақ, қиын-қыстау кезеңде команда тiзгiнiн ұстаған Э.Айрих пен Қазбек Байболовтар тығырықтан шығар жолды таба бiлдi. Аз уақыттың iшiнде олар «Динамоны» бүкiл Кеңес Одағындағы үздiк командаға айналдырды. Ол кезде командаға қазiргiдей шебер ойыншыларды сатып алып немесе сырттан легионерлер тартқан да жоқ едi. Қазақтың мақтанышына айналған сол ұжымда жергiлiктi жастар ойнады. Республика көлемiндегi бенди спортының дамуына осы «Динамоның» ықпалы мол болды. Алматыдан өзге қалаларда да допты хоккей үйiрмелерi көптеп ашылып, талантты ойыншылар шыға бастады. Сол жылдары елiмiз iшiнде республикалық, облыстық, аудандық деңгейлерде түрлi жарыстар ұйымдастырылып тұрды. Жастар арасында допты хоккейдi насихаттау үшiн дәстүрлi түрде студенттер арасында бәсекелер пайда болды. Сондықтан болар, 60-жылдарда Қазақстандағы ең қатты дамып, бұқаралық сипат алып, кеңге қанат жайған допты хоккей спорты-тұғын.
Бұл өткен күннiң белгiсi болатын. Яғни, сарғайған мұрағаттардан табылған жазбалардан шыққан қазақ допты хоккейi тарихының бiр парасы ғана. Жақын арада «Медеуде» өтетiн Әлем бiрiншiлiгiнде бенди спортының бүгiнгi биiгiн көретiн боламыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *