Белсенді тұлға қалыптасып жатыр

Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен мейлінше жаңашылдыққа, жаңа өзгерістерге бейімделуді талап етуде. Осы мақсаттағы оқу үдерісін ұйымдастырудағы жаңа формалардың бірі – қашықтықтан оқыту. Қашанда кәсіби дамуға ұмтылатын бәсекеге қабілетті мамандар үшін оқытудың бұл түрі де қиындық туғызған жоқ. Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі олар өмір жағдайлары барысында жаңа технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып келеді. Сол мүмкіндіктерді нәтижелі етіп қолдану – мұғалімнің біліктілігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты.
Әрине, елдегі болып жатқан төтенше жағдайға байланысты оқытудың бұл түріне дереу көшіп кету оңайға соққан жоқ. «Білім алу азабы уақытша, ал білімсіздік азабы- мәңгілік» демекші, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің білім саласының қашықтықтан оқыту форматына көшуі кезінде туындаған көптеген сұраққа жауап беріп, оқытудың тиімді жолдарын атап берді. Қашықтықтан оқыту дегеніміз – мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта ғаламтор ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту. Бұл орайда ата-аналардың да белсенділігі артып, баласының біліміне ден қойып, қадағалауды күшейтетін мүмкіндігі туды деуге болады.«Ата-ана–ұстаз–оқушы» үштігінің жұмысы жанданып, жемісті еңбектің нәтижесікөріне бастады. Алматы қаласының Түрксіб ауданына қарасты Айжан Қасымова басқарып отырған №59 мектеп-гимназия ұстаздары жас ұрпаққа қашықтықтан білім беруде барлық сандық технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз тәжірибелерін одан сайын жаңашылдыққа бағыттай түсті.
Қашықтықтан оқыту – бүгінгі күннің талабы. Әр пәнді қашықтықтан оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ертең ел тізгінін ұстайтын ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздың ең негізгі міндетінің бірі – сапалы сабақ беру. Әр сабағы жаңалыққа толы, шығармашыл, ізденімпаз ұстаздың ғана оқушысы жаңалыққа бейім, өздігінен ғылыми ізденістер мен зерттеулер жасайтын, өзін-өзі дамытатын, белсенді әрекетке түсе білетін, тез шешім қабылдайтын, мәдениетті, білімге, өнердегі жаңалықтарға қызығушылығы басым, өзін-өзі үздіксіз дамытып отыратын шәкіртке, шығармашыл тұлғаға айналады. Математика және информатика пәндер бірлестігінің ұстаздар қауымы қашықтықтан оқыту кезінде туындаған кедергілерді жою мақсатында онлайн тәртіптемесінде, ватсап және басқа да заманауи құрылғылар арқылыпікір алмасу, ой, тәжірибе бөлісуді үрдіске айналдырдық. Кез-келген бала математика пәнін меңгеріп кетуде қиналып жатады. Осындай балаларға жете түсіне білуіне жол көрсетіп жүрген тәлімгер ұстаздарымыз Жанат Нұрғасқаева және Райла Иманбердиева алғысымыз шексіз.
«Адамзат үшін ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз… Ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген болатын Н.Ә.Назарбаев. Қытай философы Конфуцийдің: «Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең – есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң – үйрене¬мін» деген даналығын басты назарда ұстап жүрген №59 мектеп-гимназия ұстаздары білім беру саласында ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану арқылы жан-жақты ізденіс жүргізе отырып, білімді тәжірибеде жүзеге асыру арқылы өз белсенділіктерін танытып келеді.
Қашықтықтан оқыту барысында өзіне керек білімді меңгеретін, шығармашылықпен жұмыс істейтін, сандық сауаттылығы зор, өзін-өзі басқара алатын белсенді тұлға қалыптасады. Осыны мақсат тұтқан ұстаздар қауымының ерен еңбегіне шығармашылық шабыт, кәсіби ізденіс тілейміз.

Ұмсынай БЕКТҰРСЫНОВА,
№59 мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *