БЕЛГІЛІ БОЛУ БӨЛЕК ТЕ, БЕЛГІЛІ БОЛЫП ҚАЛУ МҮЛДЕМ БАСҚА

Сұлтан РАЕВ, Қырғызстанның халық жазушысы:  

 – Бұл енді шартты дүние. Әділетті немесе әділетсіз деп кесіп айту қиындау. Әйтсе де, халықаралық деңгейдегі шығармашылық салаға қатысты табысталатын сыйлықтардың қай-қайсысында болсын белгілі бір деңгейде саясат пен идеологияның араласуы, өкінішке қарай, қалыпты құбылысқа айналып келеді. Ол әдебиет болсын, кино мен театр болсын. Қаласақ та, қаламасақ та, біз одан қашып құтыла алмаймыз. Сондықтан мен айтар едім, сыйлық табыстауда ең әуелі адами биік эстетикаға басымдық берілуі керек.

Белгілі болудың әр түрлі жолы бар. Үйіліп тұрған шөпті өртеп жіберіп те танымал болуға болады. Демек, белгілі болу бөлек те, белгілі болып қалу мүлдем басқа дүние. Яғни уақытша белгілікті де, мәңгілік даңққа кенелуді де адам өзі таңдайды. Ісімен, білім-парасатымен. Мәселен, мен айтып отырған танымалдылықтың алғашқысы көбінесе саясатқа қатысты адамдарға тән болса, соңғысы соңында өлмейтін өнер қалдырған шығармашылық иелеріне тән. Танымалдылыққа әркім әр түрлі жолмен келеді. «Тарихта тиранның, содан кейін данышпанның аты қалады» деп бекер айтылмаса керек. Мысал ретінде өз ісімен әлемге төңкеріс жасаған қос Шыңғысты алып қарайық. Шыңғыс хан және Шыңғыс Айтматов. Біреуі қылышпен, екіншісі қаламмен әлемді бағындырды. Көрдіңіз бе?! Екеуі де есімін мәңгілік етті. Бірақ қандай жолмен? Адамды ең әуелі осы сауал мазалауы керек деп ойлаймын. Әрине, танымал болған жақсы. Алайда, елдің көңілінде, санасында жақсы, ізгілікті ісіңмен қалудан асқан бақыт жоқ.

 

(«EGEMEN QAZAQSTAN» 28.06.2019.).  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *