БЕЛДЕСУ – ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ БІР ТАРМАҒЫ

Алматыда белдесуден «Халық Барысы» республикалық турнирі өтеді

Ұлттық спорт, Қазақ күресінің бір тармағы – белдесуден ІІ республикалық турнирі 25-26 мамыр күндері «Сұңқар» кешенінде өтеді. Турнирдің жүлде қоры 20 млн. теңге, сайысқа мыңға жуық балуан қатысады.

Нұрлан СҮЙІН

Бұл жөнінде бүгін баспасөз-конферен­циясында Алматы қаласы Спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Кенжеболатов хабарлады. Сондай-ақ, іс-шараға ҚР Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Жанарбек Атығаев және І «Халық Барысы» Мақсат Қиқымов қатысты.

Екінші рет өткелі отырған турнир Елбасы­ның  «Рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз «белдесу» спорт түрін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылады.

– Биылғы турнирдің басты ерекшелігі – көрермендер арасында автокөлік ойнатылады. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға арнайы сыйақы тағайындалып отыр. Жарысқа 18 бен 50 жас аралығындағы салмағы 70 келіден асатын Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады, – деп атап кетті федерацияның бас хатшысы Б.Сәбитов.

Сондай-ақ, қатысушыларға қойылатын талаптармен таныстырды. Спикер айтып өткендей, жарыс барысы Қазақ күресі феде­рациясы бекіткен ережелерге сәйкес және олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі. Балуандар күресі негізгі үш нәтижемен бағала­нады: «жеңді», «жеңілді», «тең түсті». Қаты­су­шылар спорттық жарыс алдында меди­циналық тексеруден өтуі, тіркеу уақытынан кешікпеуі, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға, ережелерге бағынуы тиіс.

Турнир «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде өтеді (әл-Фараби, 128/8). Басталуы 25 мамыр, сағат 11.00-де. Ал қатысушыларды тіркеу рәсімі 23-24 мамыр күндері сағат 10.00.–21.00 аралығында жүр­гізіледі. Қатысушы үміткерлердің сұранысы бойынша биылғы жылы qazaqstanbarysy.kz сайтында онлайн тіркеу жасалады.

Халық арасынан шығатын барысты анықтау шарасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда.

Турнирдің ресми ақпараттық ресурсы www.qazaqstanbarysy.kz cайты, қосымша ақпараттар «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының әлеуметтік желілердегі ресми өкілдіктерінен таратылады.

Ұйымдастыру комитетінің байланыс телефондары: 8-701-100-43-44.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *