БЕЛАРУСЬ-РЕСЕЙ ҚАТЫНАСЫНДАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚТАР

Саудада  достық,  одақтастық, туыстық  жүрмейді

Сочидегі Лукашенко мен Путин кездесуінде келісім жасалмады

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Сырттай қарағанда  Белоруссия мен Ресей  көршілес, достас және одақтас   елдер секілді. Күні кешеге дейін бұлар: «біз тіліміз, дініміз бір,  дәстүр-салтымыз ұқсас, туыстас  славян жұртымыз» деп келді. Тіпті, 2000 жылдың басында Ортақ Одақтық мемлекет құру жөнінде келісім жасасты. Онда «біртұтас экономикалық кеңістік құрылады: тауар мен капитал, жұмыс күші еркін айналады.  Шаруашылықтық, сыртқы экономикалық, кедендік, әкімшілік-құқықтық заңнамалар, қаржы-қаражат, т.б. мәселелер  бәрі-бәрі  бір жүйеге келтіріледі» делініп, «экономиканы өркендету арқылы халықтың тұрмыс деңгейін көтеріп, жарқын болашаққа қадам басамыз» деген биік мақсат, асқақ міндет қойылды.

Бірақ та адамның армандағаны, қоғамның алға қойған мақсаты бола бере ме?  Сол айтқандай, өмір ағыны, тір­шіліктің  даму барысы, екі елде қалыптасқан жағдай, сыртқы және ішкі факторлар ондай оптимистік  жобаның жүзеге асуына жол бере  қоймады. Сонда да мүмкіндікке қарай Ресей Федера­циясы мен Беларусь Республикасының  сауда-экономикалық және әскери-қорғаныс саласындағы мақсат-мүдделері ЕАЭС пен ОДКБ ұйымдарының шеңберінде тоқайласты.

Дейтұрғанмен, осындай одақтастық қарым-қатынас­тарына, жақындықтарына қарамастан Беларусь пен Ресейдің арасында ауық-ауық  келіспеушіліктер туып,  ол екі ел басшыларының деңгейінде тақыланып  жатады. Оның үстіне мұндай қайшылықтың бой көрсеткеніне  бір-екі жыл емес, оншақты жылдың жүзі болып қалды. Бұл жайында біз осыдан төрт жыл бұрын  біршама толығырақ  жазғанбыз. (Қараңыз: «Батыл ауызды»  батька. Батыс пен Ресейге қатысты қандай сындар айтып жүр?», «Алматы ақшамы», 18. 02.2015).  Оны тағы  қайталап жатудың реті бола қоймас.

Дәлірек айтқанда,  Минскі мен Мәскеу  дауының бірден-бір себебі  – Ресейден тасымалданатын мұнай мен газдың, Белоруссиядан жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің саудасына  барып тіреледі.

Таратып айтсақ, қайшылықтың түйткілі мынада: екіжақты келісімге сәйкес Белоруссия  Ресейден  жылына (басқа ел­дер­ге шығарылатын баррелі $51,2 орнына)  $33-дан  18–23 млн. тонна көлемінде  мұнай сатып алады. Оны өзіндегі  мұнай өңдеу зауыттарында  (Мозырь және Новополоцкі) бензин, солярка, мазут секілді  отындарға айырып, отыз пайы­зын  ішкі тұтынуға қалдырып, жетпіс пайызын Еуропа ел­деріне экспортқа шығарып сатады. Бұдан кәдімгідей қомақты пайда табады. Осы сияқты  Ресей газының мың текше метрі өзге елдерге  200–250 доллардан сатылатын болса, Бело­руссияға  127–129 доллардан беріледі. Осындай жүйемен, 2014 жылы мұнайдың  экспорттық  $3,35 млрд. алымы  Ресейге аудары­лып, келесі 2015 және 2016 ж.ж. беларусь қазынасында қалдырылды.

Міне, осыған байланысты Ресейдің қаржы және эконо­микалық даму министрліктері  мұнай мен газдың Минскіге арзан сатылуынан ел бюджетіне  елеулі зиян келіп, біз мил­лиондаған сома мөлшерінде қаржы жоғалтып отырмыз дегенді жиі айтады. Шамалауымызша, бұған президент В.Путиннің назарын аударып, оны сендіруге тырысатын тәрізді. Мәселенің төменгі сатыда шешімін таппай  Лукашенко мен Путиннің деңгейінде қаралауының сыры осында болса керек.

Осындай түсініспеушілік пен кикілжіңнің кесірінен  екі жақ бір-біріне наразылық білдіріп, түрлі шектеу мен тексеру шараларын қолдануға дейін барады. Мәселен, Мәскеу Минскіні  «өзінде шығарылатын азық-түлік өнімдеріне қоса, Еуропадан  тыйым салынған сакциялық тағамдарды реэкс­порттап сатады» деп айыптайды. (2014 жылы Украи­надағы дағдарысқа байланысты Еуроодақтың санкциясына қарсы Ресей де ол жақтан, әсіресе, көршілес Польша, Латвия, Литва және Украинадан тасымалданатын тауарларға эмбарго жария­лаған). Сондай күдік-күмәнмен  Ресейдің ауыл шаруа­шылығы өнімдерін  бақылайтын ведомствосы (Россель­хоз­надзор)  тарапынан  арагідік қатаң тексерулер жүргізіліп, тауар­­лар экспортына кедергілер қойылып, шектеулер жасалынады.

«Ышқынғаннан шығады қатты даусым» демекші, есте­ріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын – 2017 жылдың 3 ақ­панында  Александр Лукашенко Минскіде баспасөз конференциясын өткізіп: «Белоруссия Ресейдің мұнайынсыз да күн көре алады. Мұндай тығырықтан біз жол тауып шыға аламыз… Россельхознадзордың басшысы Сергей  Данкверттің үстінен қылмыстық іс  қозғау керек. Оны шұғыл әкеліп, тергеу абақтысына қамап қойыңдар. Сонда оның  қалай сайрағанын, әуселесін көрейік», – деп  ашуланған. Ашулан­ғаны соншалықты,  екі арадағы мұнай саудасын тәуелсіз­дікпен байланыстырып, «мұндай арандату әрекеттерімен Ресей Беларусьтің егемендігін шайқалтпақшы» деп кінәлаған.

Қалай десек те, әлімсақтан Ресейдің сыртқы саясат пен сауда-саттықта оңайлықпен  есе жібермейтіні белгілі. Соның бір айғағындай, өткен 2018 жылдың шілдесінде экономика мен қаржы министрліктері, басқа да осыған қатысты  ведомстволар бірігіп,  Ресейдің Мемлекеттік Думасында  мұнай саласына байланысты «салықтық маневр» туралы заңды  қаратып, бекіттіріп алды. Ол заң бойынша 2019 жылдан бастап, НДПИ ( Пайдалы қазбаларды өндіру  салығы) өсіріліп, 2024 жылға дейін  мұнай  мен мұнай өнімдерінің экспорттық алым-салығы біртіндеп жойылады. Сонда Ресей  әлемдік рыноктағы мұнай бағасының өзгеруіне және оны сыртқа шығарып сатуға тәуелділіктен құтылады. Бар ауыртпалық  мұнай өндіру саласына түседі. Соған сәйкес мұнайдың ішкі рыноктағы бағасы да өседі. Бірақ та  ресейлік мұнай айыру зауыттары  зиян шепеуі үшін оларға  жанар­майға  акциздік баға енгізілуі арқылы көмек көрсетіледі.

Сайып келгенде, осыған дейін Ресейден мұнайды  арзан  бағамен сатып алып келген  Минскі  мол пайдадан қағылады. Беларусь экономисі Сергей Чалыйдың есебінше жоғалтатын қаржы – $ 60 млрд. мөлшерінде болады. Бұл  ЖІӨ 3-4 пайызы.

Ресейлік сарапшы Александр Амирагянның пікірінше: «мұндай жағдайда  беларусь тарапы  мұнай айыру  техно­ло­гиясын жетілдіріп, өнімнің өзіндік құнын төмендету және Ресейден мұнай алудың жеңілдетілген жолына қол жеткізу керек».

Беларусь билігінің былтырдан бері шырылдап,  2018 жыл­дың желтоқсанында Лукашенконың Путинмен үш рет кездесіп, онымен «салықтық маневрді» талқылауының себеп-сыры  осында жатыр.

Ендеше, Беларусь пен Ресей президенттерінің бір айдың ішінде  бұлай қайта-қайта кездесулері тектен-тек  емес. Алайда, ресейлік БАҚ құралдары әдеттегідей ол жайында: «екі ел қарым-қатынасының өзекті мәселелері қаралды» дегендей жалпылама ақпарат таратты. Бізге белгілі болғаны: әзілдегені ме, әлде баяғы Иосиф Сталин сияқты қандай да бір ойды меңзегені ме?  29 желтоқсандағы кездесуінде  Лука­шенко Путинге  өз бақшасында өсірілген төрт қап картоп пен беларусь салосын сыйға тартқан.

Жалпы, беларусь басшысының түсінігінше, кез-келген одақ не бірлестік бірлесіп жұмыс істеу және бір-бірін қолдап-қуаттау үшін құрылады.  Онсыз оның пайдасы  шамалы, құны көк тиын.

Сірә  саясаттанушылар:  «Саясат дегеніміз – экономика­ның жинақталған көрінісі» деп жиі айтатынындай, саясатты экономикадан бөліп қарауға болмайды. Материалдық жағдай руханият пен моральды айқындайды.  Саясатқа ықпал етеді. Бұған дейін Ресейге арқа сүйеп келген Белоруссияның ендігі жерде  баламалы бағыт іздеп, АҚШ және Батыспен диалог жасап,  тіл табысуға бет бұрғаны байқалады.

Рас, 2014 жылға дейін  Ресей  Белоруссияның бірден-бір сенімді  әріптесі, одақтасы әрі тірегі саналды. Жылына  Ресей­ден 7–9 млрд. долларға дейін көмек қаржы құйылып отырды. Әйтсе де, Украинадағы жағдай, Қырымды Ресейдің өзіне қаратып алуы  Минскіге секем алып, сақтанатындай ой салды.

Соңғы уақытта  Минскі мен Мәскеудің арақатынасының суып бара жатқанын аңғарған  кейбір  ресейлік басылымдар Белоруссия  мен оның басшысы А.Лукашенко  туралы сыни  сипаттағы материалдарды  жариялай бастады.

Басқасын айтпағанда, айналасы бір жетінің ішінде таны­мал «Лента.ру»  интернет-газетінде сондай екі мақала жария­лап үлгерді.  (5 ақпанда – «Верный союзник»  және 12 ақпан­да – «Большой восточный брат»).

Алғашқы мақалада  кейінгі кезде Ресей-Беларусь қаты­насының  күрделеніп бара жатқаны, Путиннің  интегра­циялық байланысты тереңдету туралы  ұсынысының  кері әсер тудырғаны, мұны жергілікті  саясаткерлердің  Украи­надағы  жағдай қайталанып,  тәуелсіздікке  қауіп төнуі  мүм­кін деп қабылдағаны, президент Лукашенконың  тиісті министрліктердің басшыларына ұлттық қауіпсіздікті нығайту, шекара  қызметіндегі   жауынгерлердің  санын арттыру туралы тапсырма бергені  айтылған. Сондай-ақ, басылымның жаз­уын­ша осы жылдың басында Минскіге  АҚШ Мемле­кеттік хатшысының көмекшісі Уэсс Митчелл бастаған бір топ  американдық генералдар мен   халықаралық істер жөніндегі  мамандар  келген.  Олармен  кездесу барысында  А.Лукашен­ко: «Сіздердің  осында Белоруссия астанасына келіп отырған­дарыңыздың өзі  көп жәйтті аңғартады. Менің жеке өзім мұны тарихи  іссапар  ретінде бағалаймын. Осыдан бастап, беларусь-американ  қатынасы оңалады деген үмітте­мін» деген пікір білдірген. Мұндай ықыласты қабылдауға  американдық «қаршыға»  дипломат Уэсс Митчелл жылы жымиып,  Беларусь президентінің өз елінде саясат тұрақтылықты сақтап отырғанына оң баға берген.

Екінші мақалада Минскі-Пекин қатынасының қарқын алып бара жатқаны, Қытайдың  Белоруссияның табиғи ресурстарын игеріп, оның есесіне зымырандық кешен мен технопарк салып беріп жатқаны  жайында жазылған. Бұл орайда Лукашенконың «Мен беларусь халқының атынан белдеу бағдарламасына, менің досым Қытай президентіне және бір жарым жылдың ішінде  біздің елімізде дәлдігі  жоғары қару  жасап берген әскери мамандарға басымды иемін»  деген сөздерін  келтірген. (Мұндағы жоғары дәлдікпен  атқылайтын қару деп отырғаны  –  РСЗО «Поланез» реактивтік кешені).

Бір еске сала кетерлігі, 2012 жылы  Белоруссия тарапынан осындай үлгідегі оперативтік-тактикалық  «Искандер» зымырандық кешенін беру жөнінде Ресейге сұраныс жасалған. Оның қажеттілігі сондай  қаруларға ие  террористік күштердің  ықтимал шабуылына  тойтарыс беру екендігімен түсіндірілген. Бірақ та  Мәскеу «Искандер»  зымыранын әскери мамандармен қоса береміз, өйтпеген жағдайда  ондай  заманауи қуатты қару  НАТО қарулы күштерінің қолына түсуі мүмкін деп қауіптеніп,  өтінішті аяқсыз қалдырған. Осыдан кейін  беларусь билігі  басқа амал мен тығырықтан шығу жолдарын  қарастыруға көшкен. Қытаймен жасалған ынтымақтастық, олардың «Поланез» реактивтік кешенін салып беруі осының  айқын көрінісі.

Беларусьтік БелПАН ақпараттық жаңалықтар агенттігінің  хабарлауына қарағанда,  Беларусь Республикасы  Сыртқы істер министрінің орынбасары  Олег Кравченко  ағымдағы жылдың  31 қаңтарында  Вашингтондағы Атланти­калық кеңесте сөз сөйлеп, өз елінің  Ресеймен байланысты  бұзбай АҚШ және Еуроодақпен де қалыпты қатынас орнатуға мүдделі екенін  мәлімдеген. Ол:  «Еуроодақ  біз үшін көрші және маңызды әріптес. Біздің  тарихымыз, өркениет пен мәдениетіміз, білім-ағартушылық тамырларымыз байланысып жатыр. Бұған қоса, біздерді  экономикалық қатынастар, инвестиция мен сауда-саттық, адамдар  арасындағы   аралас-құраластық байланыстырады», – деген.

Сондай-ақ, екінші жағынан Ресеймен Белоруссияның стратегиялық  серіктес, саяси және әскери-қорғаныстық мақсатта  одақтас екенін, сондықтан  беларусь жұртына  «не Шығыспен, не Батыспен бол!»  дегендей  біржақты талап қоюға болмайтынын айтқан.

Қандай дерек көздеріне сүйеніп жазғандары беймәлім. Жоғарыда аталған «Лента.ру» интернет-газеті: «Олег Кравченко  Атлантикалық кеңестің ашық бас қосуында  Белоруссияны  Ресей мен Батыстың арасында көпір ретінде көрсеткенімен, жабық отырыста Белоруссияда  НАТО-ның әскери жаттығуларын өткізу және  өз еліне әлеуметтік желілерді зерттеу мен интернетті бақылау  мақсатында американдық мамандарды жіберу жайында өтініш жасаған» деген ақпарат таратты.

Осы сияқты РФ-ның Белоруссиямен сауда-экономикалық ынтымақтастық  жөніндегі арнаулы өкілі, әрі осы елдегі елші Михаил Бабичтің ойынша, Ресей мен Беларусьтің  ғасырлар бойы  жалғасып келе жатқан ынтымақтастығын бұзу, арасын алшақтату  АҚШ  пен Еуроодақтың  талайдан бері жоспарлы да жүйелі түрде  жүргізіп келе жатқан жұмысы. «Олар бұл мақсатты жүзеге асыру жолында қаржы-қаражатты аямай, білім беру, мәдениет, басқа да гуманитарлық  салалардағы жобаларға  түрлі НПО-лар арқылы  миллиондаған доллар мен еуроны шығындап отырады», – дейді.

Демек, бұл айтылғандардың бәрінен жасайтын қорытынды  Ресей–Беларусь қатынасының  ішкі  иірімдері және сыртқы факторлары біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Мұның сыртында «сауда-экономикалық қатынаста  екі ел басшылығының  ұстанған саясаты да кедергі келтіріп жатыр-ау?» деген күдікті ой қылаң береді.

БАҚ құралдарында жазылғандай,   кешегі 13 ақпанда  Александр Лукашенко мен Владимир Путин Сочиде тағы да кездесті. Кездесу үш күнге созылды. Лукашенко өз елінің сауда-саттықта адал әріптес екенін аңғартқысы келгендей: «біз Ресейге сапасыз арақ пен тіскебасар шығармаймыз», – деді. Сырт көзге жақсы көріну үшін бе, әлде басқадай мақсат болды ма?  Әйтеуір үзілістер кезінде президенттер  шаңғы теуіп, хоккей ойнады.

Саммит соңында Лукашенко мен Путин журналистер алдына шығып, кездесу барысында өздерінің экономикалық және гуманитарлық қатынастар төңірегінде кеңінен әңгімелесіп, пікір алмасқандарын айтты. Айтуларынша, бұл жолы салықтық маневр жайы қозғалмаған. «Одақтық мем­лекет құру туралы келісімге сәйкес Белоруссия мен Ресейдің бірігуі мүмкін бе?» деген сауалға Александр Лукашенко: «Біз екеуміз біріге аламыз. Алайда, бірігуге екі елдің халқы қалай қарайды. Қалай ма, қаламай ма?  Мәселе сонда!» деп жауап берді. Әдетте мұндай саммиттің соңында БАҚ құралдары: «мынадай  нәтижелерге қол жеткізілді», – деп жарыса жазып жататын. Сірә, ондай  келісім  мен уәденің орайы келіп, сәті түсе қоймаған сыңайлы. Әлдебір сары уайымшыл саясат­танушылардың топшылауынша,  мәмілеге келу үшін екі жақ та қандай да бір  шегініс қадамдарын  жасамаған.

Осының айғағындай, 17 ақпанда  оқырмандарға  жақсы танымал  «Московский комсомолец» газеті:  «Что не так в отношениях Москвы Минска:  пугающая правда Лукашенко» деп аталатын көңілсіздеу мақала жариялап,  кезінде Борис Ельцин мен Александр Лукашенко қол қойған Белоруссия пен Ресей арасындағы  Одақтық мемлекет құру жөніндегі  келі­сім-шарттың орындалатынына  күмән келтірді. Басы­лымның пайымдауынша,  Лукашенко  екі ел қарым-қатына­сының  қазіргі жай-күйін айтып, бет-бейнесін ашып берген.

«Ақшамның» анықтамасы:

Кейбір келіспеушілік пен қайшылықтарға қарамастан Ресей мен Белоруссия  сауда-экономикалық қатынаста  маңызды әріптестер. Екеуі де егеменді ел болысымен 1992 жыл­дың  13 қарашасында  сауда қатынасы туралы келісім жасасқан. Бүгінде тауар айналымдары  35–40 млрд. доллар деңгейінде. Беларусь экспортының 42,4 пайызы және импортының 57,6 пайызды Ресейдің үлесіне тиеді. Ресейден негізінен  мұнай мен газ отындары сатып алынып, оған сүт, сары май, ірімшік сияқты азық-түлік өнімдері, телевизор, кір жуғыш машиналар, газ плитасын, металл өңдеуші станоктар, жүк көліктері мен тракторлар шығарылады. Екі елдің көршілес  облыс-губернияларының  сауда-саттығы  жақсы дамыған.  Беларусь жерінде тартылған құбырлар арқылы  Ресейден Еуропа елдеріне  жылына  48,8 млрд. текше метр газ, 53 млн. текше метр мұнай жеткізіліп  отырады. 2018 жылы Беларусь экономикасына 10,8 млрд. доллар инвестиция құйылған болса, соның 38,3 пайызы Ресейден түскен, ал Белоруссия  сыртқа 6,1 млрд. доллар инвестиция  шығарып, оның  68,2 пайызын  ресейлік шаруашылық  нысандарына  салған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *