БЕКЗАТ ӨНЕРДІ МОЙЫНДАТТЫ

Алматы жұртшылығы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында композитор әрі пианист, П.И.Чайковский атындағы Халықаралық конкурс лауреаттары Ассоциациясының мүшесі, «100 жаңа есім» Ұлттық жобасының жеңімпазы Рахат-Би Әбдісағиннің «Тас түнектің ар жағы» атты авторлық концертін тамашалады.

Рая ЕСКЕНДІР

Танымал музыка шеберінің бұл жолғы өнер мерекесі ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен дана Абайдың 175 жылдығына арналып отыр.

Жақында ғана дәл осы шаңы­рақта ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Кө­шербаев Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерекесін атап өту салтанатының бастау алуына арнайы қатысқан еді. Міне, енді сол салтанат көп ұзамай Рахат-Би Төлегенұлының ұлы данышпанға арнаған концертіне ұласып отыр.

Сөз кезегін алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов барша өнерсүйер қауымға ерекше дарын иесінің концертінен ләззат алып, музыканың сиқырлы әлеміне саяхат жасап, рухани құдірет алғанын жеткізді.

– Бәріміз үшін бұл кеш өте мәнді де әсерлі болды. Олай дейтінім, бізде классикалық музыка кештері өте сирек өтеді. Біз дарынды жас Рахат-Бидің өзін көріп, өнерін тыңдап риза болдық. Жалпы, Рахат-Бидің біздің университетімізге тікелей қатысы бар екенін жақсы білесіздер. Өйткені, Рахат-Бидің ата-анасы белгілі ұстаз­дар. Әкесі – Төлеген Қожам­құлов көрнекті ғалым, талай жыл біздің университетімізді басқарды. Көркейіп-дамуына көп еңбек сіңірді. Анасы – мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Есімбаева.

Осындай дара ұл тәрбиелегендері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Рахат-Би кәсіби музыка маманы. Ұлы бабасынан үлгі алып «Музыка және математика» деген кітап жазды.

Мұның сыры тереңде жатыр. Кезінде әл-Фараби «Музыка тракта­тын» жазса, сол кітап қазір музы­каның теориясы мен практикасының негізіне айналды. Сол ілімді жалғас­тырып келе жатқан Рахат-Би әрі музыка зерттеуші, жас ғалым, – деп өзінің ерекше дарын иесіне деген құрметін жеткізді.

Рахат-Би Әбдісағиннің авторлық кешіне келген көрермен «Зымыран заман» атты шығармасын ҚР Мем­лекеттік академиялық симфониялық оркестрінің орындауында, автордың жеке орындауында «Өмірге құштар­лық», «Тым-тырыстың тырсылы», «Қазақ рапсодиясы» атты шығарма­ларын, скрипка мен оркестрге арнал­ған «Мәңгілік тамшысы» атты кон­цертін халықаралық байқаулардың лауреаты Еркебұлан Сапарбаевтың орындауында, «Фантомды үндестік­тер» атты виолончель мен симфо­ниялық оркестрге арналған концертін Халықаралық байқаулардың лауреа­ты Золтан Алмашидің орындауында, «Тас-түнектің ар жағы» атты симфо­ниялық оркестрге арналған баллада­сын симфониялық оркестр мен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік капелласының тенорлар хорының орындауында тыңдады.

Қазақ өнерінің қарашаңырағы Абай атындағы опера және балет театрында да Рахат-Би Әбдісағиннің «Мәңгіліктің тамшысы» атты автор­лық кеші өтті. Автор бұл кешін Ұлы дана Абайдың 175 жылдығына арна­ды. Жас талантты композитор әрі пианист Рахат-Би Әбдісағиннің кон­цертіне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, белгілі мемле­кет және қоғам қайраткерлері, қаланың өнерсүйер қауымы жиналды.

Музыканың ең күрделі жанрын бағындырған өнер иесінің шығарма­лары көрерменіне ерекше қуаныш сыйлады. Автордың әрбір шығармасы орындалған сайын оның көзқарасы мен ой-толғамы слайд арқылы беріліп, көрерменге музыканы жан жүрегімен түсініп қабылдауға көмектесті.

«Музыкада шекара жоқ» деген ұғым бар. Сол ұғымның шынайы­лығына Рахат-Би Әбдісағиннің авторлық кеші арқылы тағы да тәнті болдық. Концерттің соңында Рахат-Би Әбдісағин ұлы Абайдың «Көзімнің қарасын» күйсандықта орындады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *