Бекқали ТОРҒАЕВ, Алмалы ауданының әкімі: АРБАТЫМЕН АЙШЫҚТАНҒАН АЛМАЛЫ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардың барлық аудандарын аралап, аудан әкімдеріне халықтың көтерген мәселелері дер кезінде шешілу керектігін ерекше тапсырған болатын. Бұл ретте шаһар басшысы әкімдерге жылы кабинетінде отырмай, халықпен ашық диалогқа шығу керектігін жүктеді. Біз бүгін берілген тапсырмалардың қаншалықты орындалып жатқанын білу мақсатында Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВПЕН әңгімелескен едік.

– Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев барлық ауданның әкімдеріне халықтың арасында жиі болып, олармен көзбе-көз жүздесіп, әлеуметтің өзекті мәселелеріне құлақ қойып, барлық өтініш-тілектің, арыз-шағымның дер шағында нақты шешімін табуды тапсырған болатын. Шаһар басшысы Алмалы ауданын аралау барысында сіздерге нақты қандай міндеттер жүктеді?
– Алмалы ауданы Алматы қаласының білім-ғылым, мәдени орталығы деп толық сеніммен атауға болады. Олай айтуымызға себеп, Алмалы ауданында Алматы қаласының барлық мәдени мекемелерінің 35%-ы, жоғары оқу орындарының 41%-ы орналасқан.
Сонымен қатар, біздің аудан қаланың негізгі экономикалық орталықтарының бірі болып табылады. Яғни қала бойынша Алмалы ауданы салық түсімдері бойынша көшбасшылар қатарында тұр. Ағымдағы жылдың 9 тамызына дейінгі салық түсімі 219 млрд. теңгені құрады. Аудан аума¬ғында 27 800 шағын және орта бизнес өкілдері тіркелген.
Алмалы ауданының тұрғындарын аулаларды абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ПИК қызметі, жолдардың, тротуарлардың жағдайы, арық желілеріне байланысты сұрақтар қызық¬тырады.
Қала әкімі Алмалы ауданын аралау барысында экологиялық менеджментті жақсарту, жасыл желектерді қорғау, аулаларды жөндеуден өткізу, орталықтандырылған газ бен кәріз жүйесіне қосу, тозған электр желілерін ретке келтіру сынды бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Алмалы ауданы қаланың ең жасыл аудандарының бірі болып табылады. Ендігі кезектегі біздің міндетіміз – жасыл желекті күтіп ұстау, көріктендіру және тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыру.
Аудан аумағында жалпы ауданы 99,33 га. болатын 1 саябақ, 22 тынымбақ, 5 желекжол, 15 жасыл аймақ және 1 бөлу жолағы (Райымбек батыр көшесі, Тілендиев және Боткин көшелерінің аралығы) орналасқан. Тұрақты түрде жалпы ауданы 55,17 га. жасыл аймақтарды суару жұмыстары жүргізілуде.
Биыл Алмалы ауданында 5660 шаршы метр гүлзар отырғызылды. Қосымша, «Базис» ЖШС қолдауымен Абай даңғы¬лының (Манас к-сі қиылысы) бойына 589 дана бұталар отырғызылып, 4193 шар¬шы метр гүлзар орнатылды.
Жыл басынан 10,8 мың ағашты сани¬тарлық кесу жұмыстары (жоспар бойынша 15 мың); 108 апатты ағашты жою (жоспар бойынша 250) жұмыстары жүргізілді. Уақыты жеткен ағаштардың орнына көктемгі уақытта 1245 көшет отырғызылды.
Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Алмалы ауданының аулаларын алдағы екі жылдың ішінде толықтай жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Аулалар мен көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету біздің басты мақсаттарымыздың бірі болып табылады, өйткені сыртқы жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері қылмыстың алдын алуда және қылмыстың ашылуын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Бүгінгі күні Алмалы ауданында жалпы ұзындығы 356,6 шақырымды құрайтын 13 142 жарық шамдары бар. Жарықтандырылмаған көшелер мен аулалар бойынша арнайы мониторинг жүргізіліп, жарығы жоқ 13 көше, 2 тынымбақ, 1 бөлу жолағы және 17 аула аумағы және ішінара жарықтандырылған 28 көше, 2 тынымбақ және 57 аула анықталып, Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына жолданды.
Ағымдағы жылы 32,2 шақырым арық желілерін жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Алматы қаласының жасыл экономика басқармасы 25,7 шақырым болатын арықты, Алматы қаласының мобильділік басқармасы 3,8 км. арықты орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын, Төле би көшесінің бойынша Шөкин көшесінен Розыбакиев көшесіне дейінгі аралықта арық желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталды.
Алматы қаласы мобильділік басқармасы ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 20 шақырымнан астам 15 көшені жөндеу жұмыстарын жоспарлаған. Қазіргі уақытта 8 көше бойынша жалпы ұзындығы 10,88 шақырым жерде жөндеу жұмыстары аяқталды. Дат архитекторы Ян Гейл қағидасы бойынша Жібек жолы, Байсейітова, Дүйсенов көшелері жөндеуден өтуде.


– Қала әкімі сізге мектептер мен балабақшаларды сейсмикалық жағынан күшейтуді тапсырған болатын. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылды?
– Алмалы ауданы аумағында 29 мем¬лекеттік және 11 жекеменшік мектеп және жалпы саны 111 мектепке дейінгі мекемелер бар.
Ауданда №18 және №25 гимназия¬ларында сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, Шөкин көшесі, 127 мекен-жайындағы №22 балабақшада сейсмикалық күшейту¬мен қатар күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі 2019 жыл¬дың 20 қарашасы.
Сонымен қатар, күрделі жөндеуді талап ететін 3 балабақша мен 4 жалпы білім беретін мектеп анықталды. Аталған мәселені Алматы қаласы Білім басқармасы мен Алматы қалалық жайлы қалалық орта басқармасымен бірге шешетін боламыз.
– Тозған электр желілерін жаңарту мәселесі қалай қолға алынып жатыр? Жаңа электр желілері қойыла ма?
– Ауданның электр желілерінің жалпы ұзындығы 997,1 шақырымды құрайды. Электр желілерінің 54%-ы ескірген. Келесі 2020 жылы Алматы қаласының энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы тарапынан аудан көшелерінде 2,5 шақырым электр желісін ауыстыру жоспарлануда.
2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Алмалы ауданы әкімі аппараты 291 аула аумағында көріктендіру жұмыстарын жүргізді және ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 215 аула аумағы жөндеуден өтетін болады. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 2367 жарықтандыру тіректері орнатылып, 59,1 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылады. Келесі жылы жөндеу жұмыстары жоспарланып отырған 184 аула аумағында да тозған электр желілерін алмастыруды қарастырып отырмыз.
– Алмалы ауданында жеке үйлерді орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмыстары басталған болатын. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр? Жалпы, ауданда кәріз жүйесіне қосылмаған неше көше бар? Олар нақты қашан аяқталады?
– Алмалы ауданы Алматы қаласының орталық ауданы болғандықтан аудан халқының 95%-ы көпқабатты тұрғын үйлерде тұрады.
Жеке үйлер орналасқан аумақты орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмыстары біздің жіті бақылауымызда.
2017 жылы «Тастақ-2» шағынауданында Грановский, Қараөткел көшелері орналасқан аумақтағы 300 абонент үшін кәріз желісін таратудың құрылысы жүргізілді. Биылғы жылы кәріз насос станциясының құрылысы жүргізілуде және жылдың соңына іске қосылып, 300 жеке үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатын болады.
Сонымен қатар, аудан аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ 269 жеке тұрғын үй орналасқан 7 көше бар, атап айтқанда, 2-Қастек, Моңғол, Есентай, Қожамқұлов, Рахманинов, Васнецов және Бруно көшелері. Аталған көшелерді кәріз жүйесіне қосу туралы Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына хат жолданды.
– Жалпы, Алмалы ауданында неше аула бар? Ол жерлерге балалар алаңы толық салынып бітті ме?
– Аудан аумағында 861 аула аумағы орналасқан.
2016–2018 жылдар аралығында 291 аула жөндеуден өтті. Биылғы жылы 215 аула жөндеуден өтуде. Сонда, аудан аумағында жөндеуден өткен аулалар саны 506-ны құрайды.
Жөндеуді талап етпейтін аулалар да бар. Яғни 56 аула соңғы 15 жылда қолданысқа берілген, аула аумағының мемлекеттік актісі бар, тағы 56 аула бұзылуды талап ететін ескі үйлердің аулалары болып табылады.
Қалған 243 ауланы жөндеу және көріктендіру жұмыстарын жүргізу 2020-2021 жылдары жоспарлануда. Сонымен, алдағы екі жылдың ішінде аулалардың жөндеу жұмыстарын аяқтайтын боламыз.


– Осыдан біраз бұрын ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық құқықбұзушылық картасын әзірлеген болатын. Осы ретте қалалық прокуратура органының мәліметінше, Алматыдағы ең криминалды аудан қатарына Алмалы ауданы қосылған. Онда пәтер ұрлығы, тонау, қыз зорлау, топ болып төбелесу, көлік ұрлығы жиі тіркеледі екен. Енді бұл аудан қаланың қақ ортасында орналасқандықтан, мұнда кафе-мейрамхана, түнгі клубтар, қонақүйлер – жалпы ойын-сауық орталықтары жиі шоғырланған. Жастар көп жүретін, ішімдік ішілетін жерде қылмыс жиі орын алатыны белгілі. Сондықтан болса керек, Алмалы ауданы көш бастап тұр. Енді мұны ретке келтіру үшін не істеп, қандай шаралар қолдану керек?
– Алмалы ауданының полиция басқармасы қылмысқа қарсы күресте құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылдауда.
Статистикаға сәйкес, көшелерде және қоғамдық орындарда қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың өсуі жаз мезгілінде қаланың барлық аудандарында өседі. Осы орайда, күн сайын Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары, ювеналды полиция қызметі, жаяу патруль қызметкерлері Алмалы ауданының аумағында жаяу патрульге түсетіндігін ерекше айтуға болады. Жаяу патрульдің мақсаты – құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу, қылмысты ізін суытпай ашу болып табылады.
Түнгі уақытта күн сайын сағат 20.00-ден 08.00-ге дейін Алмалы ауданының криминалды полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі және жаяу патруль қызметкерлерінен құралған екі «ФОТОН» экипажы шығады. Олардың мақсаты – түнгі уақытта қылмыс жасауға жол бермеу болып табылады (ұрлық, тонау, автокөліктен ұрлау, зорлау және т.б.).
Апта сайын жұма күнінен бастап Алмалы ауданының Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары, ювеналды полиция қызметі, жаяу патруль, криминалды полиция қызметкерлері Алмалы ауданының аумағында орналасқан көңіл көтеру мекемелері бойынша қоғамдық орындарда қылмысқа жол бермеу және олардың ізін суытпай ашу бойынша кезекшілікке түседі.
Сондай-ақ, жаңартылған Жібек жолы, Панфилов көшелері қаламыздың түрлі бөліктерінен келетін адамдардың жиналатын ортасы болып табылады. Алмалы аудандық полиция басқармасы Жібек жолы көшесінде және оған жақын аула аумақтарында күн сайын екі ауысымда жаяу партуль қызметін ұйымдастырып келеді.
Алдағы уақытта да біз қылмысқа және құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимыл, соның ішінде оларды жасаудың себептері мен шарттарын талдау бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. Бұл Алмалы ауданының аумағындағы қылмысты азайтуға және криминогендік жағдайды жақсартуға мол мүмкіндік береді.
– Жалпы, Алмалы ауданының тұрғындары тозығы жеткен лифт мәселесін жиі көтеріп отырады. Онымен қоса, көпқабатты үйлердің жертөлелеріне бомждардың кіріп алатындығы да көп айтылады. Бұл бағытта нақты қандай шаралар атқарылды?
– Аудан аумағында 851 лифт орнатылған 314 көп¬қабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 151 үйде орналасқан 461 лифттің қолданысқа берілген уақыты 25 жылдан асып кеткен.
Лифт құрылғылары пәтер иелерінің ортақ мүлкі болып табылады және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері ортақ мүліктің және дара (бөлек) меншіктегі үй-жайлардың сақталуына және қауіпсіз пайдаланылуына жәрдемдесуге міндетті.
Тұрғындар көпқабатты тұрғын үйді кешенді жөндеуден өткізуге қаржысы жоқ болса, «Өңірлерді дамыту–2020» бағдарламасына сәйкес пайызсыз негізде 8—15 жылға қайтарымды қаржы алуға болады.
Аталған бағдарлама аясында 2018 жылы 70, биылғы жылы 75 лифт құрылығысы ауыстырылды. Сонымен қатар, қалған 276 лифт орналасқан үйлердің тұрғын¬дарымен тозығы жеткен лифтті ауыстыру керектігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 32 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары аталған бағдарламаға қатысу хаттамасына қол қойды және қаржы бөлінген жағдайда жылдың соңына дейін 67 лифт жаңасына ауысатын болады.
Ал екінші сұрақ, тұрақты жатар орны жоқ азаматтардың көпқабатты үйлердің жертөлелері мен подъездеріне қоныстандырмаудың негізгі жолы домофон жүйесін енгізу болып табылады. Біздің аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің 95%-да домофон желісі орнатылған. Тұрғын үйлердің қасбеттері мен сыртқы есіктері де ортақ мүлік болып табылады. Осы ретте тұрғындарға домофон желілерін орнатуды қарастыру керектігі тұрақты түрде түсіндіріледі.
– Сонымен бірге, автокөлік иелері көпқабатты үйлердің ауласына көліктерін қараусыз қалдырып кететіндіктен, көлік ұрыларына да «құрбан» болады. «Соңғы кезде мұндай жағдайлар жиілеп кетті. Ұрылар көліктің дабылқаққышы барына қарамай, терезелерді сындырып, көлік ішіндегі бағалы заттарды тонап кете беретін болды. Сондықтан үйлердің алдына бейнекамера орнатып, ұрлықшыларды қатаң жазаға тартса екен», – дейді тұрғындар. Бұған не айтасыз?
– Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының статистикасы бойынша өткен жылмен салыстырғанда автокөлік салонынан ұрлықтың 47,7%-ға (88-ден 46-ға дейін) төмендегені байқалады.
Автокөліктердің салондарынан заттарды ұрлау немесе автокөліктің ұрлығын болдырмау үшін автокөлік құралдарының иелеріне автокөлікті дабылқаққыштармен жабдықтау, түнгі уақытта автокөлікті күзетілетін тұрақтарға немесе бейнебақылау камералары және жарық шамдары орнатылған тұрғын үйлердің аулаларына қою, автокөліктің есіктері міндетті түрде жабылғанын тексеру ұсынылады.
Осы санаттағы қылмыстық істерді анықтау кезіндегі негізгі қиындық автокөлік құралдарын айдап әкету тәуліктің түнгі уақытында жасалады және бұл куәгерлерді іздестіруді едәуір қиындатады. Бұдан басқа, жәбірленушілер полицияға қылмыс жасалынғаны туралы өтінішпен бірнеше сағаттан кейін ғана, көбіне таңертең ғана шағымданады, себебі дабылқаққыш орнатылмаған автокөліктер түнгі уақытта тұрғын үйлердің жанындағы қараусыз, күзетілмейтін автотұрақтардан ұрланады.
Аталған сипаттағы қылмысты ашу барысында техникалық қызмет көрсету станциялары, автотұрақтар, гараждар, үйде автокөлік жөндеумен айналысатындар және автокөлік сату және жөндеу орталықтары тексеріледі.

Әңгімелескен – Серік ЖҰМАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *