БЕЙСЕБАЙ КІРІСБАЙҰЛЫНЫҢ «ТАҢДАМАЛЫСЫ»

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 42Өмірден ерте кеткен қазақ балалар әдебиетінің қарымды қа­ламгері Бей­себай Кірісбай­ұлының «Ду­лат» ЖК баспасынан шыққан өлеңдер, ертегілер, аңыз­дар, жұм­бақтар, жаңылт­паштар, сатиралық өлең­дер, паро­диялар және сықақ әңгімелерінің басын құраған «Таңдамалы» атты көлемі 19 баспа табақтан тұратын кіта­бы қолымызға тиді. Кітапты құрастырып, баспаға ұсын­ғандар – ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғының мү­шесі Болат Үсен­баев пен марқұмның бауыры Сей­сенбай Кірісбайұлы.

Бейсебай Кірісбайұлы сөз қадірін ерте ұғынып, көркем әдебиетте ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Республиканың балалар басылымы – «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне бала кезден алғашқы жазғандарын жолдап тұрды. Қазақ университетін бітір­ген соң «Балдырған» журналында қатар­дағы әдеби қызметкерден бас редактордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Өзінің жанына жақын балалар журналы­ның ыстығына күйіп, суығына тоңды. Ұйымдастыру­шылық қабілетімен, сыпайы мінезімен ұжымда беделді болды. Өте сабырлы, үлкенге де, кішіге де ілтипатты еді. Әсіресе, бала ұғы­мына сай келетін өлеңдері мен жаңылтпаш, жұмбақтары кішкентай­лардың қызыға оқитын шығармасына айналды. Кезінде балаларға арналған бір кітабын «Кілтипан» деп атаған.

Жақында баспа жүзін көрген «Таңда­малы» кітабы «Аппақ бақбақ» және «Киіз қазық» атты екі бөлімнен тұрады. Көзі тірісінде мұндай көлемді кітап шығаруға қол жеткізе алмай кеткен Бейсебай Кіріс­байұлының әр жылдарда жазған қолжаз­баларының басын құраған таңдамалы шығармалар жинағы араға жылдар салып, ақын мұрасын оқырманға жеткізуде игі қадам болған. Бейсебай Кірісбайұлы балалар әдебиетінде де, сатирада да топ жарған, қаламы жүйрік ақын еді.

 

Сатира сарбазының екі томдығы

Жаңа жыл қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша сатира саласында ұзақ жыл қалам тербеп келе жатқан Нұртан Төлепбер­генұлының «Жеті қарақшы» және «Жемқорлықтың жеткен жері» атты екі томдық әзіл-оспақ, сын-сықақ, мысқыл-мысал, шымыр шымшы­малар мен сықақ әңгімелерінің басын құраған қос томдық шығармалар жинағы жарық көрді. «Сиреп кетті қатары сарбаздардың» деп ақынның өзі жаз­ғандай, сатирадағы санаулы қаламгердің бірі Нұртан Төлепбергенұлы 40 жылдан астам уытты сөздің дойыр қамшысын қолына алып, оңды-солды сілтеп келеді.

Сын-сықақтары мен фельетондарынан жемқорлар шошып, талайлардың шымбайына батқан сатириктің бірінші томына «Сатираның сөзі — тарихтың өзі» тақырыбында ел тарихымен өзектес әзіл-оспақ, сын-сықақ, мысқыл-мысалдары мен шым­шымалары енген. «Ыдырау мен құлдырау», «Жеткен жеріміз осы ма?», «Менің керемет кейіпкерлерім», «Әзіліміз — інілік наз үніміз», «Құй сен, мейлі, құй сенбе…» бөлімдерінің аты айтып тұрғандай, қоғамдық өмірдегі  келеңсіз жәйттерді сын садағына алады. Уытты тілімен, қыршаңқы сөзімен қыңыр-қисық жандарды тезге салатын, реті келгенде, іреп-іреп алатын есімі елге мәшһүр ақынның екінші томына әр жылдары жазған әзіл өлеңдері топтас­тырылған. «Бәтуасыздарды шымшып алар, шымыр-шымыр шымшымалар», «Күлкі жұмбақтар әрі түрпі «жұмбақтар», «Болса-дағы барша жұрт, халық нараз, «жеке­шелеп» басталды талан-тараж», «Басталса да жаңа өмір, жаңа ғасыр, тыйылмайды-ау жемқорлар, қара да тұр», «Өзің біл, қалқам, күлсең де, Құй сен, мейлі, құй сенбе», «Айтыстар мен тартыстар» айдарымен берілген бөлімдерге топтастырылған әзіл-қалжың, қағытпа өлеңдерінде автор уақыттың көш-керуеніне үнін қосады:

Қаптап кеткен банктар,

Алуан түрлі салықтар.

Кредит алып күн көрген,

Қарыз-құрыз халықтар.

 

Арам пиғыл — жемқорлық,

«Торға түссе» — ол қорлық.

Жасап жүрген жандар бар,

Жемқорлыққа — «қамқорлық».

Кітаптың «Арғы жағын айтпаймын» айдарымен берілген бөлімі сатирик ақынның әзіл-қалжың әңгімелерінің басын құрайды. Шағын әңгімелердің қай-қайсысын оқысаңыз да астарлап айтар ойы мен көтерер әлеуметтік жүгі бар, шебер тілмен жазылған көркем дүние екеніне көз жеткізесіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close