БЕЙНЕТІМ ДЕ, ЗЕЙНЕТІМ ДЕ – ПОЭЗИЯ

  • Соңғы сұхбат

13«Қалқам» дейтін жақсы ағаларымның бірі – Ибрагим Исаев еді. Ол кісі де өмірден өтті. Дүние саларынан тура бір апта бұрын редакцияға келген Ибрагим аға «60-қа толғанымда менен сұхбат аласың деген едім, сәті түспеді. Міне, 65-ке де келіп қалдым. Әдейі келіп тұрмын. Шығармашылық кешімнің қонағы бол, артынан ауылдан келген кісілерге шәй беремін. Арасында бол» деді. «Аға, біз ғой осындамыз. Ауылдастарыңыз күнде келіп жатқан жоқ. Сол кісілерді риза қылып жіберіңіз» деп жатырмын. Ақын ағам біраз әңгіме айтты. Суыт кетіп қалатынын сездірген де жоқ…

– Ибрагим аға, шығармашылық кешіңізді өткізуге мүмкіндігіңіз бола тұра, неге сирек өткізесіз?

– Кеңес заманында өнер адамдарының мерейтой­ларын мемлекеттік тұрғыда 50 жастан бастап өткізілетін еді. Қазір уақыт басқа, кешті қашан өткіземін десеңіз де, өз еркіңізде. Алпыс жасқа толғанда өнердің қара шаңырағы – Абай атындағы опера және балет театрында шығармашылық кешімді өткізгенім бар. Содан бері арада 5 жыл уақыт өтті. Оқырмандарым іздеп жатқан шығар деп, әрі есеп берейін деп бір кеш өткізу көптен бері ойымда жүрген еді. Соның сәті енді келіп отырған жәйі бар. Алпыс жылдықтан бері де біраз дүние бар. Біраз өлең туды. Шығармашылықта жүрген соң, біраз сазгерлермен де бірлесе еткен еңбегімді көрсетсем деген ниет еді бұл. Адам өмірінде бір жылдың өзі едәуір уақыт екен. Сондықтан, 65 жас та бір белес қой деп отырмын.

– Ертеректе ақындардың шығармашылық кеші оқырманымен сырласу кеші сияқты, өте жылы өтуші еді. Студент кезімізде өзіміз де талай қатысқанбыз. Ал қазіргі кештің өлеңі аз, әні көп… неге?

– Дұрыс айтасың. Таза поэзия кешін өткізгің-ақ келеді. Бірақ, халық аз жиналады, тіпті, адамы санаулы кештерді де көрдік. Мәселен, Жазушылар одағының мәжіліс залы Студенттер сарайынан екі есе кіші. Соған қарамастан, оған халықты толтыра алмайсың. Көп жағдайда «өлең оқылмайды. Халық аз жиналатын болған соң, ақындар жыр кештеріне әншілерді шақырады» деп жатады. Бәлкім, шындық шығар. Менің өлеңдерімнің 90 пайызы әнге айналып, тыңдармандарын қуан­тып жүр. Шығармашылық кешіме әншілерді көптеп қосқаным – өз еңбегімді әншілер арқылы да көрсетсем дегенім. Менің әндерімді орындап жүрген әншілердің де арасынан таңдап, талдап, халық ең жақсы қабылда­ғандарын ғана шақырдым.

– Ең алғаш ақын ретінде сізді танытқан өлеңіңіз есіңізде ме? Өлеңді қай кезден бастап жаздыңыз? Жалпы, сізді халық қай уақыттан бері ақын ретінде мойындады?..

– Танымал болудың түрлі жолы бар ғой. Менің алғашқы жазған өлеңдерімді оқырман бірден жылы қабылдап, мойындай қойды деп айта алмаймын. Мен Қызылорданың тумасы­мын ғой. Алғашқы тырнақалды туындыларым осы өңірде тұсауын кесіп, аудандық газеттерде жарияланған еді. Алғашқы оқырманым – өз отбасым, өз туған-туыстарым, сосын бірге оқы­ған сыныптастарым мен ұстаздарым болды.

– Қанша жыр жинағыңыз жарыққа шықты?

– Осы күнге дейін 12 кітабым шығыпты. Сосын, орыс тіліне аударылған тағы екі кітабым бар. Одан өзге, Украинада, қазақ ақын­дарының аудармалары қатарында шет елдерде де жарық көрді.

– Қырыққа дейін өндіріп жазу керек, қырықтан соң адамның, әсіресе, шығар­ма­шылықта жүрген кісілердің қабілеті бәсең­сиді деген пікірлерді жиі естіп қаламыз…

– Мұндай пікірді кезінде мен де естігенмін. Атақты ақын ағаларымның өздері де «қырыққа дейін жазатыныңды жазып қал. Содан соң, адам тоқырай бастайды. Оның үстіне қырыққа дейін жазған дүниелер өзгеше, көркем болып келеді» деп отыратын. Бұл пікір әсте айтыла салмаса керек. Жастық шақтың да өзіндік әдемілігі болады ғой. Қарап отырсам, атақты классик ақындардың көбі дүниеден өте ерте кеткен. Өздерін танымал еткен өлеңдерін де жап-жас кездерінде жазып қалдырған. Ал мен болсам, керісінше, қырыққа дейін ештеңе өндіріп жазбаған екенмін. Кітабым да шықпады. Тек қырықтан асқанда ғана өндіріп жаза бастадым. Кітаптарымның денін осы кездерде шығарыппын. Алпыстан асқан шағымда да өндіріп жаза бастадым. Бес кітабым шықты. Дәл қазір екі кітабым баспаға әзір тұр.

Менің таза шығармашылықпен айналыс­қаныма тура 30 жыл толыпты. Менің бейнетім де, зейнетім де – поэзия.

Кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммед үлкен азаматтық танытып, «Сырдария кітапханасы» атты айдармен Сыр сүлейлерінің, Сыр бойынан шыққан қаламгерлердің 200 томдығын шығарған еді. Сол жолы менің де екі томдық кітабым жарық көрді. Оның біреуіне тек ән мәтіндері енді. Сол жолы әбден қиналдым. Неге десеңіз, көптеген әнге айналып кеткен өлеңдерімнің түпнұсқасын өзімде сақтамаған екенмін. Көбі әншілерде, енді біразы композиторларда кеткен. Тіпті, бір-екі рет қана орындалған әндер де бар. Солардың басын қосып, жинақтау оңайға түспеді. Жалпы, мен жүзге жуық композитормен бірлесе жұмыс жасадым. Олардың тізімі Авторлар құқығы қоғамында тіркеулі тұр. Ең алғаш Сейдолла Бәйтерековтің әніне сөз жаздым. Ал Қуат Шілдебаевтың әндерінің көбінің сөзін мен жаздым. Ол әндерді мықты әншілер орындады. Әлі де орындап жүр. Атақты компози­тор­лардан Кеңес Дүйсекеевпен шығармашы­лығымыз өте жемісті болды. Сосын Қалдыбек Құрманәлі, Арман Бексұлтан сынды талантты жігіттердің біраз әндеріне сөз жаздым.

Соңғы уақытта жазған туындыларым баяғы Ибрагим Исаевтың жазған өлеңдеріне ұқсамайтын, күрделі, анағұрлым құнды, әсерлі болып көрінеді. Бұл маған ғана осылай көрініп тұрған жоқ. Маған ниеттес, кітап оқып жүрген жігіттердің айтқандарынан, телеарналар, газеттер беттерінде мен туралы білдірген пікірлерден де байқалады. Осыдан соң менің «қырықтан асқан соң адам қалжырап қалады» деген сөз қалыпты бір қағида емес екендігіне көзім жетті. Негізі, біреулерге солай әсер етіп, енді біреулердің тынысын ашатын да болуы керек. Мәселен, Қадыр ағам өзінің өмірден өтерінің алдындағы он жылын өлең жазуға емес, басқа дүниелер жазуға арнағаны белгілі.

Ал Тұманбай ағам өле-өлгенше қаламын қолынан тастамай кетті. Ол кісі отыра қалып та жаза беретін. Тіпті, біреулермен әңгімелесіп отырып та өлеңін жазып, дәптеріне түртіп отыратын. Соған қарағанда, шығармашы­лықпен айналысатын жанның шабыты көңіл-күйге, тіпті, ауа-райына, жұмыс тәртібіне байланысты болуы да мүмкін.

– Өзіңіз пір тұтқан жандар жайлы үнемі айтып жүресіз. Сол кісілер өмірден өткенде қатты қапа­ланғаныңызды да көрдік…

– Иә, өлең деген киелі қасиет қонған соң, ақын ағаларымның, апаларымның есімдерін үнемі ыстық ілтипатпен еске алып отырамын. Жақсы ағаларым көп болды. Кезінде, 1977 жылы Алматыдағы Жамбыл көшесінің бойындағы жұрт аузында «алқаштардың ақ үйі, сараңдардың сары үйі» атанып кеткен қос үйдің бірінен баспана тиді.

Сары үй бұрынырақта салынған, өңкей мүйізі қарағайдай қаламгерлер тұрады. Содан, әлгі қырық пәтерлі «ақ үйдегі» ақын-жазу­шының ең жасы мен болдым. Марат Қабан­байдың менен бір жас үлкендігі бар. Бәріміз көрші тұрдық. Менің айтқым келіп отырғаны, сол ақ үйдегі де, сары үйдегі де ақын-жазушы ағаларымыздың мына өмірден өтіп кеткендігі (осы арада Ибрагим аға мұңайып отырып қалған еді). Қазір бірен-сараны ғана болмаса, дені о дүниелік болды. Сары үйдегі Қадыр ағаммен өте жақсы араластым. Ол кісі де мені жақын тартып жүрді. Өте ұқыпты кісі ғой. Қолымнан келген­ше ұқсағым келетін. Қадыр ағама еліктеп мен де кітап жинадым. Үнемі кітап дүкенін аралап кететін. Жаңа шыққан кітапты тауып ала қоятын. Қадағаңның кітапха­насын­дай бай кітапхана ешбір ақын-жазушының үйінде жоқ.

– Шығармашылықпен айналысатын жан­дардың көбі мезгіл таңдап жатады емес пе. Сіз қай мезгілде өндіріп жазасыз? Жағдай таңдайтын қаламгерсіз бе?

– Кейде біреулер «маған жыл мезгілі әсер етеді. Көктемді күтемін немесе жазда өндіріп жазамын» деп жатады. Мен мезгіл де, уақыт та талғамаймын. Кез келген жерге отыра қаламын да, жаза беремін. Шабыт келген кезде көңіл-күйге қарамаймын. Жағдай таңдамай­мын. Жалпы, шығармашылықты бір кезеңге бағындырып, теліп қоюға мүлдем қарсымын. Сондықтан, ойыма келіп жатса, қағаз бетіне түсіре қоямын. Қағазға түскеннің бәрі өлең емес. Бәлкім, мөлтек ой, тіпті, келесі бір туындыға тұздық болатын дүние болып қалуы мүмкін деген оймен түртіп аламын.

Қаламгерлердің арасында үлкен прозалық шығарманы жазу үшін, ойын жинақтап алу үшін демалыс орындарына немесе оңашалау орын іздейтіндер кездесіп жатады. Тарихи дүниелерге бару үшін адамның ойы сергек, көңіл-күйі орнықты болуы керек. Сондықтан, шабытының келуін күтетін қаламгерлерге де түсіністікпен қараған жөн. Қазақтың ірі қаламгері Дулат Исабеков ағаңмен кезінде «Жалын» альманағында бірге қызмет еттік. Жағдай дегеннен шығады. Тұмағаң, Төлен, Нұрқасым Қазбек бар, бір күні Дулаттың қуанышына ортақ болғанбыз. Ол кезде Дулат екі бөлмелі үйде үш баласымен тұратын. Кейін төрт бөлмелі үй алғанда Дулат «бұрын екі бөлмелі үйдің ас бөлмесінде отырып жұмыс істеуші едім. «Әй, осы төрт бөлмелі үйім болып жатса, бір бөлмесін өзіме кабинет жасап, қыруар жұмыс істер едім» деп армандаушы едім. Қайдағы, әлі сол ас үйде отырып жазамын» дегені есіме түсіп отыр. Жазатын адамға жағдайдың әсер етпеуі де мүмкін. Дулат талай керемет дүниелер жасап, қыруар жұмыс жасаған кісі.

– Сіз өлеңі әнге айналған ақын­дардың бірісіз. Соңғы кезде «жылауық әндер» көбейіп кетті. «Сорпасы таты­майтын» өлеңді қалай қабылдайсыз?

– Өкініштісі сол, сорпасы татымайтын өлеңге ән жазатын сазгерлердің көбейіп бара жатқандығы. Біздің поэзиямыз да, прозамыз да алдыңғы қатарда. Ал керісінше, артқа кетіп бара жатқаны – біздің әндеріміз. Бұл арада кінәні тек ақыннан емес, композитордан да іздеу керек. Неге олар арзан дүниені әнге айналдырады? Алдыңғы буын ағалары­мыздың әні қандай, сол әннің сөзі қандай. Құлаққа жағымды, көңілге қонымды. Бір-екі мәрте естісең болды, жаттап алуға болады.

Ал қазіргі кейбір әндерді естісең, төбе құйқаң шымырлайды. Бізде талғам жоқ. Есесіне, еліктеушілік бар. Ең қорқы­ныштысы, өзіміздің жақсыны қабыл­дамай, шет елдің арзанқолын дақпырт етіп, жалаулатып жіберетініміз. Әнге мәтін жазатын ақын ретінде айтарым, дәл қазір Еуропаның өзі қазақтың халық әндерінің иіріміне, қайырымына тәнті болып, қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда ақпарат өте көп. Бұрынғыдай жаңа­дан шығып жатқан кітаптар қолға түсе бермейді. Сондықтан, мерзімді баспасөз беттерінде шыққан жас ақындарды оқып, қадағалап отырамын.

Менің бір байқағаным, жастардың жаңашылдығы, өлеңге дайындықпен келуі. Барлығы керемет болмаса да, үміт күтетіндері бар араларында. Өткен жолы Ұлттық кітапханада бүкіл Қазақстанның жас ақындарының өлеңдері басылған кітаптардың тұсаукесеріне  қатысқан едім. Әрбір облысқа бір-бір кітаптан арнаған екен.

– Сіздің бойыңыздан да, өлеңіңізден де сағыныштың басым екендігі үнемі сезіліп тұрады.

– Адамның жасы ұлғайған сайын елге, туған жерге, ағайынға деген ішкі сағы­ныш, тартылыс күші басымырақ болады екен. Жас кезімізде жұмысты, басқа да жағдайларды желеу етіп, елге деген сапар­ларды ысырып қоятын едік. Қазір олай емес, қолым қалт етсе елге барып, ағайын­ды көріп қайтқым келеді де тұрады. Алпысқа келгенімде Қызыл­ордаға барып, шығармашылық кешімді өткізіп қайттым. Сол кездегі елдегі ағайынның ықыласын көрсеңіз. Қатты толқыдым.

Өткен жолы елге барып, 65 жылдық мерейтойымды өткізсем деген ойымды білдірдім. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев та, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та өнерді, әдебиетті қадірлей білетін, түсінетін азаматтар ғой. Әзірлікті бастай береміз деп уәделерін берді. Тек денсаулығым кедергі келтіріп, кешімді Алматыда ғана өткізуді жөн көрдім. Қыс өткен соң, көктем келер. Күн жылынған соң туған жеріме барып шығармашылық кешімді өткізгелі отырмын…

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Рая ЕСКЕНДІР.

 

Туған күнгі сөз

Уақыт шіркін өтіп жатыр байқалмай,

Жүретін жан сияқты едік қартаймай.

Енді отырмыз біраз жерге жеткен соң,

Шаршап қалған жолаушыдай қайта алмай.

 

Өзімізді үлкендермен тең көрмей,

Бұрынғылар айтқан сөзге мән бермей.

Жүруші едік, ақауымыз көбейді,

Машинадай жүрген дұрыс жөнделмей.

 

Түнге қарай жетектеумен күндізді,

Қайда алып бара жатыр жыл бізді?

Өзімізбен ертіп жүрміз шаршатып,

Бір кездегі үлбіреген бір қызды.

 

Өткен жылдар сияқтанып көмескі із,

Алда жарқын жол күтіп тұр демеспіз.

Бір кездері есеюге асықсақ,

Асығуға енді құштар емеспіз.

 

Бірақ, қайта жасаратын жоқ амал,

Шамамыз жоқ жоғалтқанды таба алар.

Бізді үмітке жетелейтін әйтеуір,

Алдымызда аз да болса аға бар.

 

Солар біздің межеміз ғой алдағы,

Шақыратын тек солардың жолдары.

Өкінішті, арман күннің алыстап,

Туған күннің тым азайып қалғаны.

 

Өткен күндер айналған соң елеске,

Туған күннің қалмапты ғой көбі есте.

…Босамайық,  тост алайық, кәнекей,

Бүгін менің туған күнім емес пе!

2011 жыл, 7 қаңтар.

 

 

Өзім жайлы

 Терең өлең жазбауға да бекіндім,

   Керең өлең жазбауға да бекіндім.

   Ойға келген бірдеңені, амал жоқ,

   Ішім пысып, тағы жазып отырмын.

  

   Қызығумен қараймын да өткенге,

   Қалам алам,  ішім пысып кеткенде.

   Жазғанымды жырта салғым келеді,

   Осыларды кім оқиды деп кейде.

  

   Қалт-құлт етіп жар басында тұрмыз ғой,

   Мылжыңның да сөзін естіп жүрміз ғой.

   Дейміндағы отырамын шимайлап,

   Жұрт сияқты біз де тірі жанбыз ғой.

  

   Ойлары жоқ адамдар бар оймақтай,

   Қара сөзді сапыратын қайнатпай.

   Бір ғажайып теңеу тапсам, сөз тапсам,

   Өз-өзімнен болып кетем әруақтай.

  

   Отың өшсе, қалатын тек күл ғой деп,

   Бір сөзі жоқ бейшаралар жүр ғой деп,

   Әдемі бір жылуы бар сөздермен,

   Өзімді-өзім отырамын әлдилеп.

  

   Жаратқанның сыйы шығар, амал не,

   Жыр оқимын мылқауға да,  кереңге.

   Орынымды сайлап қойған осылай,

   Құдай мені байлап қойған өлеңге.

 2013 ж.

 

Көңіл сыры

Денем ұйып барады,  ұйып денем,

   Бұған дейін бұл денем бүйтпеген.

   Басымдағы байланған күйікпенен.

   Мазам кетіп жүрме деп күдіктенем.

  

   Несі жарты денемнің, несі бүтін,

   Тыныш ұйықтайтын келеді есіме түн.

   Мынау жарық дүниеде шіркін өмір,

   Қалды ма әлде азайып мен сүретін.

  

   Неге әлсіреп барамын күннен-күнге,

   Қайда кеткен көңіл-күй жүрген бірге.

   Қорғандай боп тұратын алынбайтын,

   Қалғандай ма босаңсып іргем мүлде.

  

   Тұрсам неге кетеді бас айналып,

   Таба алмадым себебіне шойланып.

   Күңгірттеніп кетеді ашық аспан,

   Тұратұғын бір кезде арайланып.

  

   Тәбетім жоқ ауқаттың ешбіріне,

   Асқазан да әлсіреп, ескіре ме.

   Бір кездегі жайнаған жайлауынан,

   Менің қайран көңілім көшті неге?

  

   Көңіл-күйім, бұрынғы мазам қайда,

   Қызығы да көңілдің азайған ба?..

   Бір кездегі армандар арайланған,

   Кеткен сынды айналып тозаңдарға.

  

   Көлбеңдейді көңілде көбелегім,

   Қалғандай ма төмендеп төбелерім.

   Тоқтай бергім келеді аяңдасам,

   Ұйықтай бергім келеді неге менің?

2013 ж.

 

 

ТУҒАН КҮНГЕ ТІЛЕК

(Сүйікті де сүйкімді немерем Әнелге)

Қалай айтып тауыса аламын барлығын,

Айтып тұрмын жаратқанның жарлығын.

Біздің Әнел болашақта депутат,

Болашақта министрі қаржының.

 

Әнел үшін талай жақсы тост алдық,

Жүрген жоқпыз болашақты бос аңдып.

Мүмкін емес,  қос мықты ақын өмірге,

Немересін әкелуі осал ғып.

 

Әнел – біздің сәнді мерекеміз де,

Әнел – біздің тұңғыш берекеміз де.

Әнелжанның ақ желкені ертеңгі,

Жарқылдайды өмір дейтін теңізде.

      

Жан жоқ маған Әнелжандай мейрімді,

Бір-ақ сәтте жоғалтады  қайғымды,

Әнелменен әрбір күнім бақытты,

Қай бақытты, айта берем, қай күнді.

 

Әнел барда мен өлмеймін, тірімін,

Ажалдың да жолатпаймын құрығын.

Сыйы ол маған бір Алланың жіберген,

Ұзартсын деп атасының ғұмырын.

 

Әнел барда Дастаным мен Мирасым,

Сағыныш пен қуанышқа тоймасын.

Өз отауын, керегесін жайғасын,

Бақ бұлбұлы тек сол үйде сайрасын.

 

Әнеліне лайықты дос тапқан,

Қос әжесі қуаныссын қос жақтан.

Толтырсыншы ертең біздің Әнелдер,

Бұл қоғамның қуыстарын бос жатқан.

 

Әнел  біздің ең сымбатты бойжеткен,

Мұндай қызды таба алмайсың жер-көктен.

Әнелі бар мынау жарық дүниеде,

Бақытты жан едім деймін  мен неткен!

 

Әнелге арнап жаза берем өлеңді,

Көкке менің жеткізгендей төбемді.

Не ғылайын қаза беріп тереңді,

Таусылмасын Әнелжанның  тойы енді!

2014 ж.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *