Бейнелеу өнерінің Зейнебі еді

Қазақта әнші Зейнеп, қаламгер Зейнеп бар. Ал Зейнеп Түсіпова бейнелеу өнеріндегі  Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Ысмайыловалардың ізін басқан айтулы қылқалам шебері еді. Сұм ажал дарынды өнер иесін ортамыздан алып кетті. Зейнеп Жақанқызы 1948 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысының Ақтоғай ауылында дүниеге келді.

Шығармашылықты таңдап, алыс ауыл­дан Алматыға келіп, Көркемсурет учили­щесінің театр бөліміне құжат тап­сырады. Өзімен бірге ала келген таби­ғатты сурет­теген пейзаждары емтихан сынағында жоғары бағаланып, оқуға қабылданды. Осы оқу ордасын тәмамдап, біржола шығарма­шылықпен айналысып, көбіне табиғат пен адамның үйлесімімен дамитын көркем мекендерді тауып, бейнелеуге тырысады. Әсіресе, еліміздің ең әдемі табиғатын қалам тілімен сөйлетіп, шетелдіктердің Қазақ­стан­ды көруге деген құштарлықтарын оятады. Өйткені, Зейнептің көрмелері әлемнің бірнеше мемлекеттерінде өтті.

Зейнеп Жақанқызының туындылары өз еліміздегі Ә.Қастеев атындағы ҚР Мем­лекеттік өнер мұражайынан бастап, Түркия, Германия, Франция, Венгрия, Корея, Ресей, Қытай, Тәжікстан, АҚШ, Жапония, Лондон, т.б. елдердің жеке коллекция­ларында сақ­таулы. Зейнеп Түсіпова жаны нәзік кескіндемеші. Өнер тілімен айтқанда, нағыз колористің өзі. Әріптестерінің айтуынша, табиғат тақыры­бында қалам тербеген ең мықты, нағыз өз саласының шебері бола білді.

Өйткені, ол өз шығармашылығына өте жауапкершілікпен, бар ықыласымен, ең бастысы, құрметпен қарай білді. Кескін­демеге өзіне тән ерекшелігімен келген ғажап дарын иесінің жеке қасиеті талант­тылығы, өжеттілігі, еңбекқорлығы еді. Зей­­неп Түсіпова «Сенеж», «Дзинтари» шы­ғарма­шылық үйлерінде, Гурзуфта еңбек етті. Сонынен қатар, 1991 жылы Мо­зам­бикте, 1993 жылы Сеулде, 2001 жы­лы Каир­де, Пәкістанда, Үндістан мен Грекия­да өткен халықаралық көрмелерге қатысты.

Суретші бала күнінен туған ауылының көркем табиғатынан нәр алып, сұлулыққа ынтық болып, бүкіл ғаламды  қаламының ұшымен сөйлете білді. Атақты Репин, Суриков, Кузнецов туындыларын бойына сіңіріп, Сезанн, Тулуз-Лотрэктың шебер­лігіне тәнті болған суретшінің жүрегі де сұлулықты қалайтын.

Туындыларының негізгі тақырыбы табиғат пен туған жер, көшпенді ата-баба өмірі болған суретшінің соңында қалған туындылары қазақ өнерінің мол мұрасы болып сақталары сөзсіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close