Бейнелеу өнерінің бәйтеректері хақында бірер сөз

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

Темірхан МЕДЕТБЕК.

…Сонымен, мен Қазақ телевидениесінің әдеби-драмалық редакциясына ауысып, орнығып алдым. Айына екі рет «Поэзияға бес минут», «Сатиралық қойылымдар», «Халық қазынасы» сияқты тақырыптармен қоса, суретшілер туралы хабарды да маған беріп қойды. Ұйымдастыруы қиын, бірақ өзім үшін, қызықты хабар еді. Қиын болатыны, мен үшін сурет әлемі әрі тосын, әрі қашық әлем. Тағы да олар жазған суреттерді машинамен тасып алып келесің. Өйткені, қазіргідей иыққа салып  жүре беретін камералар жоқ. Ол кездегі камералар тұрған орнынан козғауға болмайтын сірескен камералар. Ал қызық болатыны, тосын дүниенің ішіне кірген сайын өзіңді еліктіріп түбіне тарта бермеуші ме еді?! Мен де сондай кепті басымнан кештім. Сүңгіген сайын сүңги бергің келеді. Ғажап әлем!

Бұл хабарды «Қазақстан бейнелеу өнері» деген тақырыппен Әбілхан Қастеевтен бастағанды жөн көрдік. Өйткені, Әбілхан ағамыз қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші. Сондай-ақ, Қазақстан бейнелеу өнерінің қалыптасуына, оның жетіліп өркендеуіне, жан-жақты дамуына көшбасшы болған санаулы адамдардың бірі.

Оның еңбектері өте мол. Қолынан күні бойы қылқаламы түспейді екен. Қазақстанның табиғат пейзаждарын да, индустрия пейзаждарын да салумен бірге еңбек адамдарының, қарапайым қазақ бейнелерінің портреттері алтын қорда сақтаулы.

Осылардың бәрін, тағы да басқа материаларды көкірегіме түйіп ап, телефонмен сөйлестім де, өзімен кездеспек боп үйіне бардым. Ауласы ауқымды, жер үйде тұрады екен. Есік ашылғаннан кейін сонадай жерде үйіріліп тұрған бір топ адамдарға қарай жүрдім. Бәрі де төмен қарап әлденеге үңіліп тұр. Мен келіп «ассалаумағалейкум» дегенде барып бастарын көтеріп, сәлемімді алды. Үңіліп тұрғандары не нәрсе екен деп мен де көз салып ем, погреб екен. Әлгі сәлемдескендердің ішінен танығаным, әрине, газеттерге шығып жүрген суретші Қанапия Телжанов. Әбілхан аға сонадай жерде жүр екен, ол кісі де келіп «Бітірдіңдер ме?» деп сұрады. Сөйтсем, бір топ тату суретшілер банкідегі қайнатылған тосаптарын осы Әбекеңнің погребінде сақтайды екен. Мен Әбекеңе сәлем беріп, келісілген шаруа бойынша келгенімді айттым. Әлгі келген суретшілерді шығарып салғаннан кейін Әбекең екеуміз шеберханаға қарай жүрдік. Жайғастық. Менің сұрақтарымның жобасын біліп, қарапайым қазақи сөздермен әңгімелей бастады. Жастайынан қиындықты көп көріпті. Жалшылықта өткен. Бірақ өнерге, әсіресе сурет өнеріне құмар бопты. Әйтеуір жақсы адамдардың қолдауының арқасында алдымен Алматыдағы, сонан кейін Мәскеудегі сурет студияларында оқыпты. «Әттең алған тәлім де, білім де аз болды, бірақ бұған да шүкір, елге сыйлы, халыққа қалаулымын. Осының бәрі тынбай еңбек етуден» деді.

Бұл әңгімелерден бұрыннан хабардар болып келген мен шығармашылығының ішіне кіріп, қыр-сырына, құпиясына үңілгім келетінін айттым. «Әй, айналайын Темірхан, сен шығармашылығыңыздың қыр-сыры, құпиясы деп миымды ашытпа. Алдымда бояу, қолымда қылқалам. Міне, керулі кенеп. Өзім ұнатқан бір топ ағаштарды салғым келеді, салам. Оның не құпиясы бар, не қыр-сыры бар. Ол ағаштар қысқа күнде қырық құбылады. Күн бұлыңғыр болса да, күн ашық болса да, көлеңкелер қысқарып, ұзарса да, таңда да, кеште де әр түрлі. Яғни бояулар да әр түрлі. Басқа қыр-сырды білмеймін» деді Әбекең…

Сонан кейін мен Амангелді батырдың портретін қалай салғанын сұрадым.

«Амангелді суретке түспеген адам екен. Мен оның портретін салмақ болған кезде, ел ішінде оның кескін-келбетін білетін адамдар әлі бар боп шықты. Біреуі Амангелдінің көзқарасы пәленшенің көзқарасы сияқты еді дейді. Содан пәленшені іздеп оның көзін қағазға жобалап сызып алам. Тағы біреу оның құлағы түгеншенің құлағы сияқты еді дейді. Сол құлақты іздеп тағы жөнелем. Оның мұрнының, аузының соңдарынан жүгіргенім қаншама. Шоқша сақалының өзі бір әлек болды. Амангелдінің сақалы әне бір кісінің сақалынан аумайтын еді, ол бірақ басқа жаққа көшіп кетіп еді дейді. Сұрастырып жүріп оны тауып алам, сөйтсем оның сақалы қаба сақал болып кетіпті. Ал маған керек тағы бір сақалды сабылып іздеп барсам, сақалын алып тастапты».., – деп күліп ап, «ақырында қаншама айлар бойы атқарған жұмысым өзін ақтады. Әлгі Амангелдінің көзін көргендер, түгелдей кескін-келбеті батырдан аумайды деп мақұлдап шықты». Сол жұмыс процесінен мол мағлұмат беретін қарындашпен салынған нұсқа жобаларын көрсетті.

Не керек, алғашқы хабарымыз жап-жақсы болып шықты. Сонан кейін суретшілердің де ынта-жігері артқан болу керек, телефонмен хабарлассақ, ешқайсысы бара алмаймыз деп айтпайды. Көп суретшілерді тұрақты түрде беріп тұрдық. Ал мен жұрт бұрын жұмбақтау көрінетін суретшілер әлемінен, ең болмаса танымдық  тұрғыдан хабардар болдым дей алам.

Қазір экран мен эфирді тек қана сайқымазақ күкі мен түкке арзымайтын әуейі әуендер басып алды. Абайдың «жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген сөзін мүлде естен шығарып алған сияқты. Қазаққа эстрададан басқа қызық қалмағандай. Суретшілердің көрмелері мүлде көрсетілмейді. Анда-санда көрсетіле қалса 3-4 минуттан аспайды. Үстірт әңгіме. Кеңінен талдап, оның жұмыс процесіне үңілу мүлде жоқ. Суретшілер, олардың шығармалары бұқара халыққа мүлде жат, бөгде болып барады. Осыларды көріп отырып іштей қынжыласың. Халық назарынан қалыс қалған өнер, өнер ме? Ол түптің түбінде елдің рухани жадап-жүдеуіне апарып соғады ғой. Мұнымен ешкімнің жұмысы жоқ. Бейнелеу өнеріміздің жетімсіреп қалғаны білген адамның арқасын аяздай қариды. Мен өз басым, қазақ бейнелеу өнеріне қайталанбас құбылыс болып кірген ұлы суретшіміз Қанапия (Мұхамедқанапияның) Телжановтың 90 жылдығының өз деңгейінде атап өтілмегеніне жаным күйінді.

Аты бар болғанмен, қалдырған заты жоқ әлдекімдердің әспеттеліп      жатқанын көргенде, әй, мыналар, халықты адастыруын қашан қояр екен деп қабаржисың.

Әлгінде айттым ғой, талай-талай суретшілердің еңбектерін мүмкіндігімізше, студияға машинаға тиеп әкеп, елмен қауыштырдық деп. Мен өзім де ұңғыл-шұңғылына бойлап, суретшілердің тылсым, жұмбақ, бірақ бажайлап қарасаң, соншалықты жақын, шынайы еңбектеріне шама-шарқымша бойлай еніп, сусындап қалдым. Мен бұл жерде бәріне тоқталып жатпайын, өйтсем ұзақ әңгімеге түсіп кетер ек. Мен тек қазақтың бейнелеу өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, алып тұлғаларға айналған  Қанапия Телжанов пен мүсінші Хакімжан Наурызбаевқа тоқтала кеткім келіп тұр. Екеуі де ұлы құбылыс. Айрықша, ерекше тұлғалар. Әттең ел ішінде олар туралы насихат аз.

Қанапия Телжановпен шеберханасында кездестім. Өте бір мәдениетті кісі екен. Маған сіз дейді. Сәл ғана тілін шайнап сөйлейді және қазақшасы нашарлау. Бірақ айтқан әңгімесін жүйелеп айтады екен.

Текті әулеттен шығыпты. Телжан деген арғы атасы. Яғни Қанекең Телжанның шөбересі. Телжан өте бай көпес болыпты. Ол кезде Омбыда қазақтар көп болған. Жалпы, Омбы ежелгі қазақтың жері ғой. Сол жерден ол қазақ балалары оқысын деп екі мектеп салдырыпты. Жалпы жұртқа ықпалы да, билігі де жүріп тұрған адам екен. Әлденеше тіл білген. Араб тілін жете меңгерген. Қатты ұстанбаса да, белгілі дәрежеде дінді де насихаттап отырған.

Неге екенін білмеймін, Қанапия аға атасы туралы жарытып ештеңе айта қойған жолқ.

Ал әкесі туралы біршама мағлұмат айтты. Темірболат қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі болыпты. Ол Петербордың политехникалық институтын бітірген, мықты инженер болған. Сонан кейін ол қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, «Кедей сөзі», «Бостандық туы» газеттерін шығарған. Бірақ сол кездегі, әсіресе оқыған-тоқығандардың адымын аштырмай, желкесін қиятын қандыкөз саясаттың құрбаны боп 38-жылы атылып кеткен.

Тағы да лағнет атқыр-ай дейсің!

Ол маған әкесіз қалған жылдардағы басынан өткен қиыншылықтар туралы тіс жара қойған жоқ. Бар айтқаны, «әкем туралы әлгі сөздерді хабардың сценарийіне қоспай-ақ қоярсың. Ол сөздерді айтқаным, тек сен біле жүрсін деген әңгіме ғой» деді. Осыдан-ақ алпысыншы жылдардың аяғында да оның ішкі дүниесінде үрей мен қорқыныш жатқанын әбден аңғаруға болар еді.

Оның суретке деген қабілеті ерте байқалады. Айналасына суретші бала атанады. 1937 жылдың өзінде КСРО Көркемсурет академиясы жанындағы дарынды жасөспірімдер көркемсурет мектебіне бірден қабылданады. Оны бітіргеннен кейін де бейнелеу өнерінің сиқырлы әлемімен талай-талай білім ордаларынан мейірі қанғанша сусындап шығады.

Нағыз кәсіпқой кескіндемеші болып қалыптасады. Оның жолын ашқан бүкіл Кеңес Одағындағы небір атақтылардың өзін еріксіз мойындатқан «Жамал» картинасы еді. Содан кейін-ақ оның шығармашылық жолы жаңа өреге көтеріліп, жаңа өрістерге шықты.

Оның атақты «Атамекеніне» қараңызшы. Белуардан келетін шалғынды кешіп келе жатқан салт атты қазақтың жолын кесіп тастағандай болып қақ айырылып жыртылған қара жер жатыр. Бейнебір сенің енді еркіндігің де, әрі қарай жүрер жолың да жоқ дегендей. Мұны басқаша жориын десең де, жори алмайсың. Өйткені, қопарылып аударылған жерге келіп тіреліп қалған қазақ жүзінен қуаныш пен шаттықтың лебі сезілмейді. Қайта әлдеқандай бір қатер сезінгендей, түрі тым сұсты…

Ал «Көкпарында» ғұмыр бойы айтысып-тартысып өткен қазақ халқының тағдыры жатқан жоқ па?

Қанапия Телжанов қазақ кескіндемесінде нағыз реформатор, ең үздік көшбасшы бола білді. Оның шығармалары сол Кеңес Одағы кезінде-ақ ондаған шет ел мемлекеттерінің көрмесінде қойылды. Атаулы жүлделерге ие болды. Сондай-ақ, оның шығармалары Третьяков галереясынан бастап, АҚШ-тың, Қытайдың, Жапонияның т.б. мемлекеттердің галереяларында біржола сақталуға алынған.

Міне, осындай алыптың да 90 жылдық мерейтойы жүдеу өтті. Әй, қу салғырттық-ай! Эстраданың даңғыраған, даңғаза сайқымазағына қашанғы мәз бола береді екенбіз!

Менің эстрадада алты аласы, бес бересім жоқ. Олар шамадан тыс шектен шығып, елдің ақыл-ойын арзан күлкімен, шайтани болмысымен еліктіріп, адастырып бара жатқанын көріп отырып, қалай ғана шамырқанып шамданбайсың. Бәрінен бұрын елес сияқты ербеңдеген солардың тасасында ұлы құндылықтарымыздың елеусіз қалып бара жатқанына ішің күйіп, өзегің өртенеді.

Қазақ телевидениесінде «Мәдениет» деген канал бар еді, оны да жоқ қылды. Сонда не, мәдениетсіз рухани жаңғыру жасамақпыз ба?! Мәдениетсіз жаңғыру – ол рухани жаңғыру болмайды, рухани қаңғыру болады. Сондықтан «Мәдениет» каналын бұрынғысынан күшейтіп, қайтадан дүниеге келтіру керек.

Біз қазір, не болғанда да, шикілі-пісілі, дүмбілез, қойыртпақ дүниенің ішінде жүргендейміз. Кірер есігіміз қайсы, барар жеріміз қай жақ дегенді білместен, әйтеуір тек айту үшін айта салынған далбаса сөздермен адасып бара жатқандаймыз. Өкінішті-ақ!

Әрине, бұл өзіміздің тым марғаулығымызға, салғырттылығымызға ашынғаннан айтылған сөз ғой…

Менің ойымша Қазақстан бейнелеу өнеріміздің екінші алыбы мүсінші Хакімжан Наурызбаев деп білем. Енді сол кісінің еңбектерін студияға әкеліп, өзін қоса шақыртпақ оймен ол кісіге телефон соқтым. Ол кісі бірден:

«Айналайын інім-ау, менің дүниелерім суретшілердікі сияқты оңай емес, мрамор, граниттен қашалған, қоладан құйылғандар ғой. Тіпті, шағындарының өзін алып жүру оңай емес. Ал үлкендері туралы айтудың тіпті де қажеті жоқ», – деп бас тартқандай болды.  Ал мен болсам: – «Сіздің біткен еңбектеріңіздің процесін көрсететін фотолар бар шығар, соларды көрсетіп отырып, жұртқа кеңірек таныстырсақ», – деймін. – «Олардың бары бар ғой, бірақ менің көзім де жетісіп тұрған жоқ», – деп телевидениеге шығуға тіпті де ықылассыздық таныта бастады. – «Аға-ау, Құнанбайдың да, Ахмет Жұбановтың да көздері келісіп тұрмаған ғой. Бірақ олар елмен кездесуден қашпаған», – дедім.

Телефоннан естіліп тұр, Хакімжан аға күліп жіберді. – «Әй, өзің бір қадалған жерден қан алмай қоймайтын бала екенсің. Алдымен әңгімелесейік», – деп мекен-жайын айтты.

Келіскен күннен қалмастан үйіне бардым. Екі қабатты жекеменшік үй екен. Есігін өзі ашты. Сылыңғыр қара, орта бойлы кісі. Менің байқағаным, үйдің төменгі қабаты шеберхана сияқты да, үстіңгі қабатында отбасы тұратындай.

Аздаған таныс-білістен кейін әңгімеге көштік. Менің алғашқы сұрағым, бір жерлерден оқып есімде жүрген сөзден басталды. – «Аға сіздің мүсінші болуыңызға кім ықпал етті. Мен шет жағасын ғана білем. Сізді түу Қостанайдан Халком кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов алып келген дейді, сол жайлы кеңірек айтып берсеңіз деймін». – «Ол сөз рас. Нұртас Дәндібайұлы ел аралап жүргенде құдық басындағы саз балшықтан илеп жасалынған үй жануарларының мүсіндерін ауыл кеңсесінің ішінен көре қалады да, мыналарды жасаған кім деп сұрайды». – «Осында жұмыс істейтін ауылдың бір баласы». Сонымен не керек, мені шақыртып алып, біраз әңгімелесті. Үй-жайымды, өзімнің жағдайымды тәптіштеп сұрады. Менде не жағдай болсын, ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргем. Қазір қолға ілінген жұмысты атқарып жүргенімді айттым.

«Сурет салудың, мүсін жасаудың оқуына барасың ба?», – деді Нұрекең бір кезде. Мен үй-ішімнің жағдайы  оқуымамүмкіндік бермейтінін айтқан болдым.

«Бірақ Нұрекең менің сөздерімнің алды-артын түгел байлап тастады да, мезгілі келгенде оқуға алдыратын болып жүріп кетті. Не сенерімді, не сенбесімді білмей дал болып мен қалдым.

Нұрекең сөзінде тұрды. Аудан басшыларына қатты тапсырып кеткен екен, олар оқу мерзімі тақағанда, қалтама біраз қаржы салып Алматыға аттандырды. Оқуға түскеннен кейін де үнемі қадағалап отырды. Сол кісінің қалауымен алдымен Мәскеуде, сонан кейін Харьковте мүсіндік өнерді меңгеріп шықтым. Нұрекең маған туған ағамдай болған адам»…

Сонан кейін мен, әрине, ол кісінің ең басты шығармасы Абай ескерткіші туралы сұрадым. Хакең алдымен тартпасын ашып үлкен конвертке салынған көп суреттерді алып шықты. Бәрі де Абай ескерткішіне арналған екен.

Міне, мына суреттерден Абай ескерткішінің дүниеге қалай келген процестерін түгел көруге болады. Қарап отырмыз. Бірі тым балаң, бірі тым қарабайыр, бірі тым ұшқары.

– «Шынын айту керек, ұлы Мұхаңды, Мұхтар Әуезовті бұл ескерткіштің қосалқы авторы деуге болады. Ол кісі осы жұмыс процесінің бүкіл басы-қасында болды. Кейде осымен бітті деп ойлаймын. Уһ деп демалғандай боласың, Мұқаңа көрсетем. Ол кісі әрі қарап, бері қарап пікірін айтады. Көріп тұрған мінін кесіп айтпайды, ишарамен айтады. Ренжіп-ақ қалам. Бірақ біраздан кейін Мұхаңның айтқанына илана бастаймын. Айтты-айтпады, Мұхаң екеуміз ұзақ еңбектендік. Ақыры осы нұсқаға тоқтадық. Қабылдау комиссиясында да Мұхаң сөзі сөз болды»…

Енді бүгінде менің ойыма, Абай ескерткішінің дүниеге келу процесін көрсететін сол фотолар қайда екен деп ойлаймын…

Міне, біз Абайды ауызға алғанда көз алдымызға тұтас қалпымен қара жерді қақ жарып шыққандай осы ескерткіш те көз алдымызға келері хақ.

– «Әрине, – деді Хакімжан аға, – бұл жұмыс туралы қарама-қайшылықты, әр түрлі әңгімелер көп айтылды. Біреулер қызғаныш пен көреалмаушылықтан, біреулер білімсіздігінен, біреулер шовинистік тұрғыдан айтып жатты. Бірақ оның бәрі құрдымға кетті деуге болады. Бүгінде Абай ескерткіші жер қозғалмаса қозғалмастай боп өз орнында нық тұрған жоқ па?!».

Сол кезеңде өмір сүрген адамдардың айтуынша, әр түрлі алыпқашпа әңгімелер көп болған. Ол әңгімелер, сөз жоқ, Хакімжанның жанын жеген, жүрегін ауыртқан…

Бүгінгі таңда ұлттық брендке айналған бұл ескерткіштің де басынан өтпеген хикаялары аз болмапты…

Бір азаматтардан есіттім, тіпті мынадай да жағдай болыпты. Белгілі азамат, аудандық, қалалық әкімдіктен облыс әкіміне дейін көтерілген Равиль Шырдабаев жас кезінде Гурьев облысының комсомол комитетін басқарып жүргенде Алматыға келіп, әр түрлі шаруаның соңын қуып жүріп, бір таксиге отырады да, «до памятника Абая» дейді ғой. Таксист алғашқыда түсінбегендей кейіп танытып, бір кезде барып, «да, теперь понял, к этому чабану» дейді де жүре бастайды. Сол кезде Шырдабаев «остановись» дейді де, жас кезінде боксер болған екен, таксисті дәл шықшытынан періп  жіберіп, есінен тандырады да, есікті тарс жауып түсіп кетеді. Иә, ескерткішімізге дейін кемсітілушіліктен көз ашпаған заман ғой ол!

Хакімжан Наурызбаевтың екінші ұлы шығармасы, сөз жоқ, Шоқан Уәлиханов. Абай қара жерді қақ жарған ұлы қопарылыстан пайда бола қалғандай болса, ал Шоқан Уәлиханов көгілдір аспаннан түсе қалғандай қандай сымбатты, қандай көркем! Ойлы, мұңлы, ел тағдыры мен жер тағдырына алаң. Ол ескерткішті көрген адамның өзі де ел мен жер тағдырын еріксіз ойға алары сөзсіз.

Мүсінші Хакімжан ағаның өшпестей, өлместей қаншама шығармалары бар десеңізші! Бірақ олар да көзден таса, көңілден қалып бара жатқаны қынжылтады. Жалпы, бізде бейнелеу өнеріне деген көзқарас тым жұпыны, тым жадау. Мәселен, біз баспасөз беттерінен, немесе телевидениеден қазақтың бейнелеу өнеріне арналған үкіметтік деңгейдегіжиынды көрдіңіз бе?! Көрген жоқсыз. Тіпті, соңғы жылдары министірлік деңгейде де бір мәжіліс өткен емес. Қайтесің?!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *