Беймезгіл кезіккен бейнелер

Балалық шақтағы әрбір көктем біздерге ерекше әсер ететін. Табиғат-ананың көктемде құлпырып, жер бетіне бөлекше рең беруін балаң көңіліміз шаттықпен қарсы алатын. Бойдағы осы өзгеріс ауылдан ұзап, қырат-белдерге қарай алып ұшатын. Гүлге оранған жасыл белдер, әсия шөптердің жұпар исі қиялымызды биікке самғататын. «Күн күркіресе, қырларда жуа шығады» деген сөз санамызға ұялап қалған дағдымен далаға қарай жүгіруші едік. Жуа мен қозықұйрықты көйлегіміздің етегіне толтырып алатынбыз. Осындай қырат-қырат белдерді аралап жүрген кезімізде сонадайдан қос аттылы жан біздерге қарай желе-жортып келе жатты. Жақындай бере олардың арғы­мақ ат мінген қыз бен жігіт екенін бай­қа­дық. Күрең ат мінген жігіт баяғының батырларындай қызылды-жасылды киініп, белін белбеумен шарт байлап алған. Ер-тоқымы мен жүген-құйыс­қаны келіскен есік пен төрдей күрең айғырдың үстінде қаққан қазықтай тіп-тік отыр. Ақбоз ат мінген бойжеткен қыздың үстінде белі буылған биқасап камзол, етегі төгілген ақ жібек көйлек, басында үкіленген қызыл бөрік, атының сауырынан сипай қамшылап келеді. Олар біздің тұсымыздан көз қиығын тастап, ләм-лим сөз айтпастан өтіп бара жатқанда қалшиған бойы көз алмай қарап тұрдық. Бұлар қайдан шықты, қайда бет алып барады? Құлпырған көктемде гүл жамылған далада қайдан жүр? Әр көктемде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің келгенін елге хабар­лап, қыз бен жігіт ауыл-ауылды атпен аралайды деуші еді. Ондай болса ол екеуі неге біздің ауылға соқпастан тұсынан өтіп барады? Бір ауыз жылы сөздерін арнауға бізді баласынды ма екен? Әлде аңыз, дастандарда кездесетін қосылмай кеткен ғашықтардың дала кезіп жүрген елес, рухы ма, бұлар? Осындай шым-шытырық ойлармен далада кезіккен аттылы қыз-жігітті көзбен ұзатып салып, әркім өз ойымен болып, ауылға қайттық. Үйге келгенде ата-анамызға далада көргенімізді айтып бердік. Үлкен кісілер біздің сөзімізге онша мән бермеді ме, «қайдам!» деді де қойды. Бала кездегі сол оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Арғымақ ат мініп, ұлттық киім киген жігіт пен қызды көрсем, сол бала кездегі сурет көз алдыма келеді де тұрады.

 

***

 

Тоқсаныншы жылдары аудандық газетте қызмет істеп жүргенімде аудан­дық партия комитетінің ұйымдастырған Бетбақдала мал жайылымындағы мал­шыларды аралаған үгіт бригадасының құрамында ұзақ жолға шыққаным бар. Үгіт бригадасының жетекшісі аудандық партия комитетінің хатшысы да құра­мында ауданның бас мал дәрігері, аудан­дық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары, дәрігер бар. Бізді кеңшар­лардың директорлары мен партком хатшылары  кезектесіп алып жүрді. Алғашқы күні «Қыземшек» поселке­сінің төңірегіндегі малшының үйіне қонып шығып, Бетбақдала мал жайылы­мына қарай ішкерілеп ендік. Ол кезде аудандағы он кеңшардың малшылары ерте көктемнен Бетбақдала мал жайы­лымына малын айдап шығатын еді. Көршілес Жамбыл мен Жезқазған облыс­тарының малшылары да жазғы жайылымда бас қосып, бір-бірін қонаққа шақырып, сыйластық қарым-қатынас қызып жататын. Төрт түлік мал шөбі шүйгін далада тез қон жинайды. Қазылған терең құдықтардың маңында отар-отар қой, табын-табын жылқы мен түйе үйден ұзамай жайылып жүреді. Малшылардың арқа-басты кеңге салатын кезі де осы жаз маусымы. Таза ауа, малы ұзамай жайылатын мамыра­жай кезең мал үшін де, жан үшін де қолайлы маусым еді. Ауданнан шыққан үгіт бригадасының міндеті – Бетбақдала мал жайылымындағы малшылардың жағдайымен танысу, өтініш-тілектерін жазып алып, аудан басшыларына жеткізу болатын. Кеңшар басшылары алдын-ала нұсқау беріп қойған ба, біз барған малшының үйі қойын сойып, қарсы алуға дайындалып жатады. Тамыз айында көктемде туған қозының жетіл­ген кезі, былбырап піскен жас малдың етін алдымызға қояды. Таңертең, түсте, кешке бір малшының үйінде қонақ боламыз. Еркіндікті аңсап қалған біздер малшылардың үйінде жата-жастана жатып, ішіп-жеп, қарта ойнаймыз.

Бидайығы есілген жазық даламен келе жатып, айналасы атшаптырым тақырға кез келдік. Әлгі тақырдың тегістігінен жүйткіп келе жатқан жеңіл көліктің жүрісі білінбей кетеді. Бір замандарда Бетбақдаланың орны телегей теңіз болып, бертін келе суы тартылып қалған деген сөз бар. Осы төңіректен ұзақ емес жерде аппақ тұзды трак­тордың шөмішімен іліп алып, тіркемелі «КАМАЗ»-дарға күндіз-түні артып жатқан кен орыны да бар. Тақырдан өтіп, алдымыздағы кезеңнен асып түскенде сонадайдан бермен қарай келе жатқан аттылы кісіні көзіміз шалды. Іркес-тіркес жеңіл көліктерді көрген әлгі кісі атының басын іркіп, жол шетінде тұрып қалды. Жеңіл көліктер де тоқтап, бәріміз жапа-тармағай жерге түсіп, аттылы кісімен амандастық. Орта бойлы, қызыл шырайлы, тұқылдап мұрт қойған кісінің үстіне киген киімдері назарымызды еріксіз аударды. Аяғын­дағы күрең түсті етігі былғарыдан, шалбары қоңыр шибарқыттан, камзолы тықыр барқыттан, тік жаға көйлегі ақ сұрып матадан тігілген. Көйлегінің жағасы айнала кестеленіп, түймемен емес, баумен байланатын етіп алған. Басында ақ киізден тігілген айыр қалпақ. Камзолының белін алды оқаланған жалпақ қайыс белдікпен шарт байлаған. Кәстөм-шалбар мен ақ көйлек киіп, галстук таққан партия комитетінің жасақтаған үгіт бригадасының мүшелері айдалада кезіккен аттылы жолаушының үстіндегі киімдеріне таңырқай қарап, қоршап тұрып қалғанымызға ыңғайсыз­данған жан төс қалтасын қарбанып, насыбай шақшасын алды. Тығынын ағытып, қамшысының сабына ұрып жіберіп, алақанындағы бұйра насыбай­ды ерніне қыстырды. Біздің назарымыз енді оның қолындағы насыбай шақша­сына ауды. Сіріңкенің қалыңдығындай жұқа былғарымен қаптаған, кіп-кішкентай құмырадай қыпша бел шақ­шаның жоғары жағындағы былғарыны тілгілеп, шашақ етіп қойған. «Шақшаң­ды бере тұршы?!», – деген арамыздағы ересегіміз қолына алып тамашалаған соң өзгелеріміз де кезек-кезек қызыға көріп шықтық. Ауданнан келген уәкілдердің өзіне таңырқай қарағанына ыңғайсыз­данған жан: «Сызған» совхозының сиыршысы боламын. Сіздер келе жатыр деген соң алдарыңыздан шаққан бетім еді. Біздің үй мына кезеңнен асып түссеңіздер, ойпаңда отыр», – деп тіл қатты.

– Ендеше, баста бізді ауылыңа! – деді жол бастаушымыз.

Әлгі жан атының шылбырын орап, ердің басына ілді де ерге отырды. Келесі кезекте біздің назарымыз оның атының ер-тоқым, әбзелдеріне түсті.  Еңсесі биік, тұрқы ұзын қарагер аттың үстін­дегі ер де қолдан шабылған, алды биік, артқы жағы дөңгеленген, тоқымы мен желдігі де ақ киізден басылып, ернеуіне жағалай ою салынған, алдыңғы жағы сүйірленіп, соңы доғалданып тұр. Аты­ның ауыздығынан басталған жүген-құйысқан, өмілдірігіне дейін  былғары­дан өрілген.

Есік пен төрдей қарагер атын сипай қамшылаған малшы алдымызға түсіп, желе-жортып келеді. Іркес-тіркес шұбаған жеңіл көліктер оның соңынан ерді. Ойпаңдағы жазық жерге тігілген малшы киіз үйінің алдына келіп тоқта­дық. Бетбақдала мал жайылымында отырған малшылар кеңшар бөлген, ішкі көлемі тар, туырлығын брезентпен жапқан, бір үлгідегі киіз үйлерде отыр. Мына малшының киіз үйі де мүлде бөлек, боз киізбен қапталған, еңсесі де биік көрінді. Киіз үйден оқшаулау жерде түнемеге мал қамайтын қоршау шар­бақтың қадасына байланған құй­рығы жерге шұбатылған арлан қасқыр­дың терісіне көзіміз түсті. Бізді бастап жүрген үй иесі арлан қасқырды қақпан­мен ұстағанын әңімелеп, ішке бастап кірді.

Киіз үйдің сықырлауығынан бастап, уық, керегесі салалы да мұғал қайың ағашынан жасалып, қына түстес бояумен боялған, керегеге байланған тері таспа да қолдан есілген. Кереге көздерін қайыспен  бекіткен, басқұрдың шашағы салбырап тұр. Туырлық, үзік пен дөдегесіне дейін шебер қолдан шыққаны байқалады. Жүк аяқтың үстіндегі сандыққа көрпе жиналған. Бір-бір жастық шынтақтап, құрақ көрпеге жантайып жата-жата кеттік. Төрдегі шай үстелдің де аяқтарын дөңгелетіп, сопақша етіп қолдан жасаған екен. Киіз үйдің ішкі құрылысына байыптап көз салып отырғанымызда қынама бел қамзол киіп, басына салы орамал тартқан әйел іргедегі аузы керегеге байланған местен тегенеге қымыз құйып әкеліп, сырланған ағаш тостақтармен жағалатып берді. Шөлімізді басып, туырлығы түрілген іргеден соққан самал желмен тыныстап отырғанда үгіт бригаданың мүшесі:

– Бұл үйдегілер теледидар көрмейді ме? – деп сауал қойды.

Үй иелері бұл сауалды жауапсыз қалдырды. Өздерінің өмірлік мақсат­тарына берік жандардың сол кездегі саясаттан, берекесіз әңгімеден бейхабар жүргені сезілді. Аз сөйлеп, шаруасына мығым жандардың жаратылысы келген қонақтардың ниет-пиғылымен қабыса бермеді ме, әлде ауданнан келген уәкіл­дердің мысы басты ма, үнсіз тыңдауға бейім отыр. Қонақ болған үйлерде етті легенмен алып келіп, ішкілігі бірге жүрсе, бұл үйде қойдың жілігін тұтас астауға салып, алдымызға тартты. Сорпадан кейін тағы да қымыз ішіп, үй иелеріне рахметімізді айтып, орнымыз­дан тұрдық. Кең далада көңіліміз шал­қып, емін-еркін жүрген біздерді мына үйдегі ахуал еріксіз сабамызға түсірді. Адам баласы бірқалыпты жүріп, қайдан шыққанын естен шығармай, пенделік ойдан аулақ болуды санамызға саумал­дап жеткізгендей болды. Көлікке келіп жайғасып, әркім өз ойымен болып, үн-түнсіз келе жаттық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close