БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ ҮЛГІСІ

Қазақстан  халқының  бірлігі  күні  мерекесі – әрқайсысымыз  үшін  ерекше  қымбат. Ол біздің  миллиондаған  отандасымыздың  жүрек  қалауынан орын тапқан  мереке. Бұл — қазақстандық  патриотизмнің,  елге және  халыққа деген  адалдықтың  мерекесі.

Біздің тағдырымыз  ортақ.  Ол  ортақ Отанымыз Қазақстанның  тағдыр талайымен  ортақ  өрілген. Бүгін  біз  айтулы  мерекеге  орай, бір топ  қоғам  қайраткерлерінің  жүрекжарды  сөздерін  беріп  отырмыз.

 

Гүлнара  АННАКУЛИЕВА, Түркімен  мәдени орталығының  төрайымы

Ырыстың, береке-бірліктің  мерекесі

Бізде Қазақстанды Отаным деп қабылдаған әр түрлі ұлт өкілдерінің өзара достық пен татулықта өмір сүруіне барлық   қолайлы жағдай жасал­ған. Әр ұлтқа өз ана тілін меңгеріп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыр­туда және   өздерінің мәдениеті мен әдебиетін дамы­туда қамқорлық көрсеті­ліп,  ол  жұмыстар одан  әрі жетілдірілу үстінде. Сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері де еліміздің дамуы жолында еңбек етіп, игі баста­малардың басы-қасынан табы­луда. Соның ішінде Қазақстанда тұрып жатқан түркімен ұлты да елі­міздің бірлігі мен дамуына өз үлестерін қосуға атсалысуда.

Қай дәуірді алып қарасақ  та, тарих­тың көмескі тартқан бетте­рін парақ­тасақ  та, Қазақ елі ежел­ден бітімгерлі­гімен, ара­ағайын­дығымен, достық қарым-қатынасымен   жарқын  іс  бастап  келеді. Ырыстың, береке атаулы­ның бастауы әсілінде достықта, адамгер­шілік қасиет­терде жата­тыны айқын. Ынты­мақ бар жерде жақсылық үстем­дік құрады. Елдің пейілі кең болғаннан ешкім де кем бол­майды.

Бүгінгідей үлкен үдеріспен дамып жатқан жаһанда ел ішіндегі татулықты сақтай оты­рып, ұлттар арасындағы достық қатынасты нықтай  түсу үлкен парыз.

Алексей ЦЕХОВОЙ, Қазақстан  халқы  Ассамблеясының  мүшесі,  профессор

Бұл біздің басты табысымыз

Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымыз қазақ  халқының   үлкен  мейірімділігінің  арқасы екені талас тудыр­майды. Қазір біз айналамызға бар­лап көз салсақ, небір зұлымдық, ашкөз­дік, лаңкестік секілді оқиғаларды көреміз. Әлемде орын алып жатқан осындай  адами  қасиеттерге  жатпайтын  әрекеттерге жанымыз ауырады. Қазақ­станда  барлық ұлт пен ұлыстардың құқығы тең дәрежеде сақталған.   Ол  осынысымен  де құнды.   Қазақ­станда   шоғырланған ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәрі де мейірбан қазақ халқына тек қана алғыс айтады. Біз осы үшін де мемлекет тізгінін ұстаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жаңарған, жасарған   Қазақстанның гүлденуі, сәуле­ті келіскен еңселі ғимарат­тардың бой көтеруі, тәуелсіздік жылда­рының  жемісі. Осы  уақыт  аралығында  Қазақ­станда  көптеген халықаралық дең­гей­дегі шаралардың өткізілуі – мемлекет мерейінің артқанын, дәулетінің   кемел­дене түскенін  көрсетсе  керек.

Қазақстан халқының бірлігі күні мере­кесі – бұл қазақстандық пат­рио­тизмнің, елге және халыққа адалдықтың мерекесі.

Қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлікті сақтау Тәуелсіз Қазақ­станның басты және талассыз табысы.  Демек,  Отанымыздың тағдыры үшін әрбір азаматтың жауапкершілік сезімі  бар­шаны біріктіруші күшке  айналуы  тиіс.

 

Абу-Қасым ХАЖАЛИЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» Ассоциациясы төрағасының орынбасары

Біздің тілеуіміз – бірлік пен жаңғыру

Күні кеше еліміз астанасының Бейбіт­шілік пен келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессия­сынан оралдым. Биылғы басқосуымыздың негізгі тақырыбы – Татулық пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру аталуының маңызы зор болып табылады. Бұл – ұлттық саясаттың ойластырылған стратегиясын іске асыра отырып, оны этносаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықтың кепіліне айналдырудың басты қағидасы деп ұққанымыз абзал.

Біз қазақ халқына қарыздармыз. Біздің ата-бабаларымыз сталиндік репрессия кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, азап вагонына тиеліп, Қазақстанға келгенін әлі ұмытқан жоқ. Біздің ата-бабаларымыз қазақ халқына разы екендіктерін бізге үнемі айтып отыратын.

Біз осында отбасын құрдық, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Қазақстанның нұрлы келешек үшін күш-жігерімізді аямақ емеспіз. Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саясаткер, дара тұлға ретінде халық сүйіспеншілігіне бөленіп, өмірлік мұратымен бәрімізге үлгі болып келеді. Биыл Жеңістің 74 жылдығы. Ұлы Отан соғысы жылдарында бір елдің құрамында болған қазақ пен шешен басқа да ұлттар нацизм сынды қанқұйлы ортақ жауға қарсы күш көрсете күресті. Сол үшін басқалармен бірге қазақтың да қаншама баласы жанын қиды. Біздер, шешен ұлтының өкілдері еліміздің бостандығы үшін күрескен барлық ұлт өкілдерінің, соның ішінде қазақтардың ұлы ерлігін ұмытпаймыз.

Қазіргідей күрделі кезеңде де Елбасы­мыздың алар орны ерекше. Осындай дана Көшбасшыны сыйға тартқаны үшін қазақ ұлтына бәріміз де өз тағдырымыз алдында қарыздармыз. Отанымыздағы ұлтаралық және дінаралық келісім мен татулықты қамтамасыз еткен мүндай көрнекті саяси қайраткер бүгінгі әлемде тым сирек. Тамаша тұлғаның келешекте адами-тарихи парызын абыроймен атқара беруіне тілектеспіз.

Қазақстанда әлемге үлгі боларлықтай қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық­тың ерекше модулі қалыптасқан. Бірлі­гіміздің арқасында үлкен жетістіктерге жеттік деуге болады. Сондықтан осы жолы мүмкіндікті пайдаланып, Нұрсұлтан Әбішұлына еліміздегі бейбітшілік пен береке үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.

Бүгінде елімізде жүзден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Ең бастысы, әрбір этностың тілін, ділін, салт-дәстүрін сақтау мен өркендетуге бар жағдай жасалып отыр. Мәдени орталықтар ұлтаралық ынтымақты нығайта түсуге бар күш-жігерлерін салуда. Ол – бізге ынтымақ үшін керек.

Біздің өміріміздің мәні Қазақстан, өйткені, ол біздің Отанымыз.

Асылы  ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының  мүшесі, Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері, профессор

Біздің  барлығымызды достық деген құндылық біріктіреді

Бұл  мереке –  Қазақстанда өмір  сүріп жатқан  барша халық  үшін айрықша  қымбат  мереке. Ол біздің  миллиондаған отандасымыздың  жүре­гіне жол тапқан асыл  құнды­лығымыз. Біз жарқын  болашақ пен  асқақ мүм­кіндіктер ғасырында  өмір сүріп жатыр­мыз. Біздің  тағдыр талайымыз ортақ. Ол – ортақ Отанымыз Қазақстанның  бүгінгі тағдырымен  байланысты.

Қазақстан  қашаннан   ұлттар  достығының  алтын  бесігі. Бүгінгі таңда  Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкіл­дері бірлігі мен ынтымағы жара­сып өмір  сүруде. Олардың тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір.  Олар  Қазақ­станды  туған  Отаным  санай­ды.

Қазақстан менің  бақ мекенім. Бабаларым о баста тік көтеріліп бел асқан жерім, бүгінде өзімнің кін­дігімнің қаны тамып, бауыр басқан жерім. Арғы тарихты қозғасам, дадам Қорқыт біріктіріп, Бамсы Бәйрек  қорғаған даңқты елім.

Қазақтың түбін алып қарасаң,  түркілерден өрбіген. Ол – бір төскейде өрістеп, заманалар көшінде оғыз атам бұтағы шалғай қоныс  теуіп, тау асып, тас басып, көшінің басын Қап тауына бұрғанда қара  орманда қалған бауырым. Қазақ – кеңпейіл. Оның дархан даласындай   мейірге  толы көңілі түбірі бір біз тәрізді туысқа ғана ашылмайды, жаны жомарт жайсаң жұрт жүрегінің   баршаға төгілген нұры көпке бірдей.

Қазақстанда ұлтына,  наным-сенімі мен  білім деңгейіне  қара­мастан,  адамдар  бір-біріне құрмет­пен  қарайды.  Мен Елбасымыз,  Тұңғыш  Президен­тіміздің «Бұл  күн  барша  қазақстан­дықтың  бір-біріне  деген  мейі­рімді­лігінің,  достығы мен  құрметінің  жар­қын  мерекесіне  айналуы  тиіс» деген  сөзіне  құр­метпен  қараймын. Біздің  барлығы­мызды  бір құндылық бірік­тіреді. Бұл – тату-тәтті өмір сүруге деген  құлшыныс. Осы  құрмет сезімі  бізге бір-бірімізге деген  толе­рантты­лық  пен төзімділік  көз­қараста  болуы тиіс.

Қазақ жерінде қаншама этнос өкілдері бейбіт  қатар  өмір  сүріп,  ұр­пақ  өрбітуде. Солардың бірі де өзгенің күнін кешпейді, қайта жақсылығын көріп, жанына жақын балаған қазақтың кең қолтығында әрқайсысы өз этносының мәдениеті мен ұлттық дәстүрін дәріптейтін орталық­тар ашып  отыр. Тіпті, елдің ең жоғары заң шығарушы органы – Парламентке депутат сайлап, мәртебесі Ата Заңда дәріптелген.

Ел бірлігі, тұтастық – тап­тыр­майтын қазына. Қазынаны қадіріне жеткендер ғана толайым толық­тырып отырады. Қазіргі Қазақстан осындай бірлікті ортақ қасиет, баға жетпес қазына етуде.

Бірлікке сына түспесе, елім деген халықтың алар асуы, бағындырар биігі, жететін жеңісі көп болады. Бар­шаңыз­ды  Бірлік  мерекесімен  құт­тық­таймын! Халқымыздың  бір­лігі  жара­сып,  Мәң­гілік  елдің  жұл­дызы  жана берсін!

 

Георгий  ИОРДАНИДИ, «Эко»  Грек  мәдени  орталығының  төрағасы, Қазақстан  халқы Ассамблеясының  мүшесі

Бір мақсат топтастырып отыр

Бірлік  мерекесінің  басты  маз­мұны – Қазақ­стан­ның  Тұңғыш   Президенті – Елбасының  этнос­аралық  және кон­фес­­сияаралық  қатынастар  саласындағы  теңдес­тіріл­ген  және көреген саясаты,  қазақ­стан­дықтардың  жоғары мәдениеті  мен даналығы, ұлттар  ара­­сындағы бейбітшілік пен келі­сімді нығайту. Ол  біздің жүрегімізге  жақын, біздің еліміздің  ең  маңызды  мерекелерінің бірі  болып табылады.

Қазақстанда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең. Барлық қазақ­стандықтар   осы  жерде туған жердің   төл  перзенті. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқы­ның тең құқылы   халқымыз. Біздің бәрімізді бір мақсат  топ­тас­тырады. Ол –  біздің ортақ Отанымыз  Қазақ­станның  гүлденуі мен  көркеюі.    Қазақстан халқы Ассамблеясының  сессиясында Елбасы, Тұңғыш  Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз еліміздің қарыштап дамуына бар күшімізді салуымыз қажет. Мұны өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың бойына сіңіре  түсуіміз  керек.    Осы  жолда жас ұрпа­­ғымыздың  болашағы жарқын болсын, бейбітшілік ортаймасын деген тілегім  бар.

Бүгінгі  қол  жеткен  табыста­рымыз  – бұл  біздің Тәуелсіздікпен бірге кел­ген сыйымыз.   Алдағы уақытта бұл құндылықтарды ұрпақ­тан-ұрпаққа тасымалдау барша­мыздың ортақ мін­детіміз  болмақ.  Біз Қазақстан халқы­ның мызғы­мас бірлігі мен ұлы Отанға мәңгілік сүйіспеншілігін ұлықтай түсеміз!  – деген  Елбасымыздың  мұра­тын алға  апарамыз.  Бұл  жолда  бізді, бірін­шіден, ортақ үйіміз Қазақстанға деген шынайы махаббат біріктіреді. Осы  жерде  гүлдендік,  осы  жолда  туы­мызды  тігеміз!

Күш бірлікте, түсіністікте. Бүгін­гі біздің мақса­тымыз — бірлі­гіміз бен ынты­мағымызға сызат түсірмеу.  Қа­зақстан халқы Ассамблеясының ең басты мақсаты да, басты  мұраты да  осы.

 

Ваккас МАМЕДИНОВ, «Жібек–В» ЖШС-нің директоры

Парасатты саясаттың жемісі

Өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, бауырына алған қазыналы Қазақ елін мекен етіп отырған барша ұлт өкілдері өздерінің балалары мен келер ұрпақ­тарының бейбіт те берекелі, тыныштық пен тұрақтылықтың туы желбіреген Қазақстандай елде жақсы өмір сүргенін қалайды. Болашақ өмір баршамызды алаңдатады. Ел ішінде татулық пен достық қатынас нығая беру үшін біздің баршамыз үлкен жауапкершілікпен атсалысамыз.

Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың барлығы да бақытты жандар деп ойлаймын. Тек мен емес, олар­дың барлығы да күн сайын теледидардан айналамыздағы елдерде болып жатқан берекесіздікті көріп, біліп отыр.

Елімізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау саясаты ерекше рөл атқаруда. Көптеген ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына жинап, бүкіл әлемге ынтымақ пен берекенің үлгісін көрсеттік. Бүгінде Қазақстан бейбітші­ліктің ордасы ретінде әлемге кеңінен танылып отыр. Білім іздеп, ғылыммен айналысуды мақсат еткен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осының бәрі Қазақстан басшылығының парасатты саясатының жемісі мен тынымсыз еңбегінің арқасы.

Халық Ассамблеясы оны құрушы Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен өмірге келген біріктірудің ғаламат институты болып қала беретініне сенеміз.

Біз Қазақстанда тұратын барша этнос өкілдері тату-тәтті тұрамыз. Замандастарыммен сырласа қалсам, әркімнің тағдыры әрқилы. Бәрі де арып-ашып алыстан келгенде қазақ­тардың көрсеткен қамқорлығына риза. Сондықтан қазақтың «Қуанышты бөліссе көбейеді» деген жақсы сөзін тілге тиек ете отырып, Қазақстан Рес­пуб­ликасының барша азаматын Бірлік пен ынтымақ күнімен құттықтаймын!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *