БЕЙБІТ ЕҢБЕКТІҢ БАТЫРЫ

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының Бас редакторы

 

Қазақ мұнайының атасы

1998-1999 жылдары «Ана тілі» газетінің ішінен «Алтын дария» қосымшасы жарық көріп тұрды. Қосымша газеттің әрбір нөмірінің шекесінде «1899 жылдың қараша айында Атырау облысы, Жылой ауданына қарасты Қарашүңгіл алаңындағы №7 скважинадан мұнай фонтаны атқылап, тәулігіне 20 тоннадай өнім берді. Бұл – бүгіндері дүние жүзіне мәлім болған Қазақстан мұнайының алғашқы тамшылары еді. Бір ғасырлық тамаша тарих, міне, осыдан бастау алады» деген аңдатпа сөз жазылатын. Бұны осы газеттің діттеген мақсаты мен мазмұнының айқындамасы деуге болады. Десе дегендей, газет ішінен шығатын газеттің төрт бетінде бастан-аяқ мұнай тақырыбына арналған мақалалар жарық көріп тұрды. Олардың бірқатары бүгінгі мұнай өнеркәсібінің хал-ахуалын сөз етсе, енді бірқатары мұнай тарихын толғайтын. Әуелде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі үшін күресуді мұрат тұтқан газет ішінен, кенет мүлдем басқа тақырып – мұнай туралы әңгіме айтыла жөнелгенін кейбіреу түсінбей жүрді.

Жұрт не десе, о десін, қазақ мұнайының жүз жылдығы қарсаңына шыға бастаған осы газет діттеген мақсатын та­ма­ша атқарып шықты. Уақыт өте келе осы газет туралы кеке­сін сөздің асылық екені өзінен-өзі түсінікті болды. Газет бетінде жарық көрген мақалалардың әрбіреуі бір-бір тамаша дерек көзіне айналды. Қазір сол мақалалар негі­зінде деректі очерктер жазылып, ғылыми диссертациялар қорғалуда.

«Алтын дария» оқырман қолына тиісімен-ақ хат легі молая бастады. Бар өмірін мұнай өндірісіне арнаған қарттар құшақ-құшақ қағаз қолтықтап, редакцияға келуді жиілетті. «Тәйірі, мұнай тақырыбына кім қалам тартушы еді» деп алғашында дүдәмал күй кешкен әріптестерім, бара-бара осы бір мол дүниені игере алмауға айналды. Сөйтсек, мұнай барлаушыларының маң далаға шыққан әрбір сапары, олардың мұнайлы өлке төсіне салған әрбір бұрғысы, бұрғылау кезінде жер астынан алған әрбір уыс топырақ, ақыр аяғында шыңыраудан шапшып шыққан алғашқы мұнай тамшылары, сол мұнайды тиеп алып теміржол бойымен жөнеп берген алғашқы керуен, сол мұнайдың алғаш рет құбырмен жөңкіле ағуы, ой, несін айтасың, бұның бәрі біле білген адамға тұла бойыңды түгел шымырлата жөнелер тарихи сәттер екен ғой. Мұнайшы деген күнкөріс қамын ойлаған жәй бір пенде емес, өз уақытынан озық туған, өзінің не істеп жүргенін пайымдай алатын, мұнай өндірісіне қажетті ғылым негіздерін игерген көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты жандар екен ғой. Олар әлгіндей әрбір тарихи сәттерді зердесіне тоқып, ұмытпай жүріпті. «Алтын дария» олардың сыр сандыққа салып сақтаған осындай естелік-дерегін қапысыз ақтаруға тамаша мүмкіндік жасады. Сол ақсақалдардың көбісі бұл күнде ана дүниеде. Олар өз өмір тарихын айта отырып, мұнай өндірісі тарихына құнды үлес қосып кетіпті.

Солардың бірі – қазақтан шыққан тұңғыш мұнай инженері, көзі тірісінде қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебайұлы болатын. Бірақ өмірі мұнай көрмей өскен мен сол кезде мұнай туралы әңгімеге, шынымды айтсам, аса құлықты емес едім. Редакцияға келіп-кетіп жүрген Сафи атаның мұнай жайлы әңгімесіне де көпке дейін құлақ аса қойғам жоқ.

Бірде ол бізге ескірген фотосурет көрсетті. Еліктің лағын­дай жап-жас қыз. Қолаң шашын маңдайынан қақ айыра тарап, иығына қарай бос қоя берген. Жүзінен монтаны пәктік сезіледі. Жүрек елжіретер тазалық байқалады. Уылжып тұр.

– Бұл менің ғашығым ғой. Бұл менің алпыс жыл отас­қан асыл жарым Шарипа ғой, – деп ол суретті жүрек тұсы­на басты. – Бірақ Шарипа мені тастап, ана дүниеге аттанып кетті. Төрт жыл болды, жалғызбын. Амал қанша.

Тоқсан үш жастағы Сафи ақсақалдың жанары жасаурады.

– Төсегімнің жоғарғы тұсында Шарипамның осы суреті ілулі тұрады. Суреттен көзімді алмай, телміріп, ұзақ қарап жатамын. Оған қартайған Сафидың мұңын айтамын. Бұрын маған өлім қорқынышты көрінетін. Сөйтсем, бұл өмірдегі ең қорқынышты нәрсе өлім емес, бұл өмірдегі ең қорқынышты нәрсе ғашық жандардың бірі ана дүниеге аттанып бара жатқанда екіншісінің мына дүниеде қалып қойғаны екен. О дүние енді мен үшін аса қорқынышты емес. Өйткені, ол жақта менің Шарипам бар, – деп еді.

«Содан бері ешкімге көз салғаным жоқ» дегенді және қосып қойды. Әрине, бұл оның әзілі ғой. Содан кейін көп ұзамай Сафи атаның ғашықтық сезіміне арнап жазған «Өмір бойы айналайын деп өттім» атты сұхбат-әңгімем «Ана тілі» газетінде жарық көрді. Екеуміздің достығымыз, дұрысын айтқанда тоқсаннан асқан шағында ғашықтық туралы сыр шертіп отырған қартқа мән бере қарауым содан басталды. Бара-бара оның мұнайшылық кәсібіне де еріксіз үңілетін болдым. Осы кәсіптің шынымен де адамды еліктіріп әкететін сиқыры барын сезіне бастадым. Кейінірек осы бір ғажайып адам туралы тағы да бірнеше мақала, өлең жаздым. Ол мақалалар газетте жарияланды. Өлеңім тоқсан бес жасқа толған торқалы тойында оқылды.

 

«Елің үшін еткен еңбегіңе шаршама»

Бір күні Сафи Өтебайұлы телефон соғып, үйге келіп кетуімді өтінді. Қай күні, қай сағатта баратынымды пысықтап сұрап алды. Бардым. Сәл кешігіп. Сафи ата менің келер уағым өтіп бара жатқанына мазасызданып отыр екен. Соны ескертіп сұқ саусағын безеп қойды да:

– Сенің жазғаныңды қалдырмай оқып жүрем. Жақсы жазасың. Әсіресе, Шарипа туралы жазғаның қатты ұнады. Жүз рет… жоқ, мың қайтара оқыған шығармын. Керім, – деп мақтап, көңілімді өсіріп тастады. – Ал енді, «Мұнай­шы» қоры деген қор бар ғой. Сол қор жүз мұнайшы туралы жүз кітап шығармақшы екен. Алғашқы он кітап келер жылы жарық көреді. Бірінші кітабы мен  туралы болмақ. Қордағы жігіттер солай ұйғарыпты. Соны сен жазсаң деп едім. Қалай қарайсың?

Мұнай өндірісінен хабары жоқ адам қалайша мұнайшы туралы кітап жазбақ? Ә дегенде бұл ұсыныстан ат-тонымды ала қашсам да, үлкен басымен қолқа салып отырғасын, амал жоқ, көңілін қимадым. Шынымды айтсам, адам бала­сының қолқасын жерге тастай алмайтын осалдығым бар. Кітапты жазу барысында «мұнайшы образын сомдап шыққаным дұрыс па, әлде мұнай тарихын саралаға­ным жөн бе» деп ұдайы ойланумен болдым. Сөйтсем, қазақ мұнай тарихын айтқаным, Сафи туралы сөз қозғағаным екен. Сафи жайында жазғаным, мұнай тарихын зерделегенім екен. Екеуін бір-бірінен ажырата алмайды екенсің. Екеуі біртұтас дүние екен.

Өз басым осы кісіні еске алған сайын еңсемді еріксіз тіктеуге мәжбүр боламын. Бүгінгі адамдар киын жүмыстың өтеуі деп мол жалақыны айтады. Ал Сафи ақсақал Күннің өзі жалғызсырап бататын мыңдаған шақырым елсіз жапандағы алғашқы мұнай өндірісін ұйымдастыруда көрген қиын­дықты «қайткенде мол мұнай өндіріп, қайт­кенде елді гүлдендірем» деген отан­шыл­дықпен жеңген адам. «Елің үшін еткен еңбегіңе шаршама, елің үшін көрген қиындыққа мойыма» деп отырушы еді-ау, жарықтық! Қай ұңғыдан қай жылы, қай айда, қай күні қанша мұнай атқылағанын қағазға қарамай, кітапқа үңілмей жатқа айтатын. Мен сонда «пәлен жыл өтіп кет­кен нәрсені қалай ұмытпайды» деп тоқсан­нан асқан қарт жадының соншалықты беріктігіне қайран қалушы едім. Сөйтсем, оның бәрі өз басынан кешкен тарихы, өз қолымен істеген жұмысы екен ғой.

Мақат кәсіпшілігі бұрғылау цехының аға инженері, Мақат кәсіпшілігінің директоры, «Ембімұнай» тресінің аға инженері (1936–1945 жылдар), Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (1945–1951 жылдар), «Қазақстан­мұнай» бірлестігінің бастығы (1951–1957 жылдар), Гурьев халықшаруа­шы­лығы кеңесінің төрағасы (1957–1962 жылдар),  Батыс Қазақстан өлкелік халықшаруа­шылығы кеңесінің төрағасы (1962–1965 жылдар), Ақтау қаласында қайта құрылған «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы (1965–1971 жылдар)… Оның еңбек жолы осылай өріледі.

Қарт мұнайшының Атырау, Маңғыстау даласында баспаған жері жоқ. Әсіресе, Маңғыстау өлкесін игеру мақсатында 1951 жылдан басталған тұтас жиырма жыл еңбек мұнайшылық өмірбаянының ең жауапты, ең қиын, ең жарқын беттері.

Маңғыстау мұнайын игеруді Одақтың сол кездегі мұнай өнеркәсібі министр­лігіндегі басшылар Әзербайжан мұнайшы­ларына жүктемек болғанда, ол бұған қарсы болады. Сөйтіп, қазақ мұнайшылары өз байлығын өзі игеруге қол жеткізеді. Ең бастысы, бұған дейін тек мал бағумен ғана шұғылданып келген жергілікті қазақ жастары өндіріске араласып, нақты ғылым негіздерін меңгере бастайды. Соның арқасында Маңғыстау сынды жапан далада алып өндірістер бой түзейді. Атырау мен Ақтау аралығындағы мыңдаған шақырым аралыққа асфальт жол, темір жол төселеді. Қатынас жақсарады.

Маңғыстаудан мұнай іздеуге 1957 жы­лы түбегейлі кіріскен қазақ мұнайшылары осы өлкеден («Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің бірінші директоры Орынбай Бердіғожин) 1965 жылы бар болғаны 335 мың тонна мұнай өндіре алса, 1970 жылы 10,4 млн. тонна қара алтынға қол жеткізеді. Осының арқасында 500 мыңдай қойынан басқа тіршілік көзі жоқ қияндағы Маңғыстау ауданы енді өндірісті облыс болып құрылады. Жаңадан елді-мекендер пайда болды. Мыңдаған шақырымдық шойын­жол, автожол салынды. Электр желілері тартылды. Құбыр төселді. Қала өсе түсті.  Қысқасы, жапан далаға жан бітті. Бұл сол тұста қазақ мұнайын басқарып тұрған Cафи Өтебайұлының табандылы­ғының, тәуекелшілігінің, болашақты болжай алғанының арқасында жүзеге асқан игілікті істер.

«Мен тоқсан бес жасқа қалай келдім?» деп кейде ойға батамын, – деген еді әнебір жылы Сафи ақсақал редакцияға бас сұққанда. – Сондағы ойлағаным, өмір бойы жұртқа жаманшылық жасағаным жоқ. Қайда жүрсем де жақсылықтан қашпадым. Жамандыққа баспадым. Адал еңбек еттім. Жақсы ой ойладым. Денешы­нықтырумен айналыстым. Мүмкін менің осынша жасқа жетуіме халықтың ырзашы­лығы дем берген шығар».

Соғыс басталған тұста Мәскеуде білім көтеру курсында оқып жүрген екен. Соғыс хабарын ести салысымен, бөгелмей әскери комиссариатқа жетеді. Бірақ оның мұнай инженері екенін білген комиссар, оған дереу өндіріске аттануға бұйырады. Егер соғысқа қатысар болса, елге батыр атанып оралатыны анық еді. Алайда, ол бейбіт еңбектің батыры атанды. Сафи Өтебайұлын өз тұстастары мұнай өндірісінің барлық өткелінен сүрінбей өткен, оның қиындығын көп көрген, азабын да аз тартпаған, сөйтіп білікті басшы боп шыңдалып өсіп шыққан батыр азамат деп таниды. Оның тек Маңғыстауға қатысты кезеңін ғана алып қараңыз. Маңғыстау даласына Ресейден көптеген ғылыми экспедициялар келіп, зерттеу жүргізді. Оның алдында неше қилы жиһангездер шарлады. Бірақ олардың бірде-біреуі, болжамнан басқа, нақты дерек ұсына алған жоқ. Міне, осы өлкеге тыңнан түрен салуға ешкімнің батылы бармай тұрған шақта Сафи Өтебайұлы «Қазақ­стан­мұнай» бірлестігін басқаруға келеді де барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Өйткені, Маңғыстау даласының асты кілкіген мұнай екеніне бек сенімді-тұғын. Бірақ ол сенімі тез арада ақтала қоймай, көптеген тосқауылдарға тап болатын кездері де бар. Тіпті, Ленинград институтының белді ғылыми қызметкері Н.Г.Чочиа деген біреу «Мангышлак – раковая опухоль института, зря тратим деньги – результатов нет. Предлагаю прек­ратить финансирование» деп Маңғыстау болашағына балта шаппақ болыпты. Алайда, олардың айтқаны болмай, араға он жыл салып 1961 жылы Жетібайдағы №1 ұңғыдан көл-көсір мұнай атқылап, күмән біткенді жоққа шығарады.

Бір мақсаты орындалған Сафи енді осы өндірісте қазақ жастарының көбірек жұмыс істеуіне күш салады. «Ертең сырт­тан келгендер аларын алып алған соң елдеріне қайтады. Сонда өндірісті тоқтат­пай, одан әрі жүргізетін өз балалары­мыз болуы керек» деуінің зор мәні бар. Оның осы сөзі бүгінгі жағдайға қаратылып ай­тылған сияқты. Жат жұрттық алпауыттар қазіргідей ағылып келіп жатқанда, қазан­ның бір құлағына қазақ өзі ие болып қалуы керек емес пе.

Елуінші жылдары ол қазақ жастарының Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Әзербай­жан мұнай институттарына байқаудан тыс қабылдануы қажетін айтып КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинге хат жолдайды. Осы ұсынысын ақары қабылдаттырады да. Онымен қоймай өзіміздің Алматыдағы Қазақ политехни­калық институтында Мұнай факультетінің ашылуына ықпал етеді. Қазір қазақ мұнайының басында жүрген азаматтар сол кезде оқып, білім алған азаматтар еді. Егер кезінде осы жұмыстар іске аспағанда не болар еді?

 

Өмірін еңбек пен күреске арнаған

Сафи Өтебайұлының 110 жылдығын ел болып лайықты атап өтсек, ол да Қазақ мемлекеті үшін аса қажет. «Қазақтың жүз жиырма жыл мұнай тарихында өндірісті өзге елдермен қатар өркендеткен Сафи Өтебайұлындай білікті азаматтары болған Қазақ елі мұнайшы мамандарға қазір де кенде емес. Біз өңге жұрттың көмегінсіз-ақ мұнай өндіре аламыз» деген пікірдің орнығуы үшін керек.

Егер Сафи Өтебайұлының атын мәңгі есте қалдыру мақсатында әлдебір жерге есімін беру қажет болса, онда Атырау мен Ақтаудың аралығын жалғап жатқан мың шақырымдық автожолды осы кісінің атымен атаған жөн болар еді.

Осы күндері Сафи ақсақал еске түссе, неге екенін қайдам, өмірдің мәні туралы ойлар мазалай бастайды. Оның өмір жолына еріксіз көз жүгіртесің.

Ғұсман, Қали атты ағалары сол кездегі мұнай өндірісінің ауыр бейнетін тартып, аянышты тұрмыс кешіп жүргенін ол жеті жасында көреді. Болмашы табысқа бола ауыр жұмысқа жалданған жалғыз бұның ағалары ғана ма, жергілікті халықтың барлығының басында бар тауқымет осы. Олар ұзақты күн тас төбеден жаңбырша жауған қара майға малшынып жүріп жанталаса жұмыс істейтін. Тұрмысы да тым жұпыны. Аш-жалаңаш. Олар көрген азапты күндер мен ағылшын, неміс қожайындардың рақат өмірі салыстыруға мүлдем келмейтін екі басқа дүние екенін сол кезде-ақ аңғарады. Осы бір әділетсіздік қазақ жастары жоғары білім алып, техниканы меңгерсе ғана жойылатынын үлкендерден естіп өседі. Сөйтеді де инженер болуды арман етеді. Армандап қана қоймайды, сол арманын іске асыру үшін күреседі. Күресті тоқтатпау оның өмір бойғы мақсаты болатын. Ал арман деген адаммен бірге есейіп, адаммен бірге өсіп отырады емес пе?! Оқысам деген мұраты орындалып, инженерлік қызметіне кіріскен соң-ақ Ембі мұнайын Бакудың дәрежесіне жеткізуді көксей бастайды. Қазақтың болашағы мұнай өндірісінің дамуында екенін жақсы түсінеді. Оны халық игілігіне айналдыру үшін жаңа мұнай көздерін көбірек ашып, үлкен өндіріс құруға ұмтылады. Сафи осы мақсатына жеткен адам.

Сонда адам өмірінің мән-мағынасы деген қажырлы еңбегің мен табанды күре­сің боп шығады. Ал күрес дегеніміз адам баласының ес жиып, етек жапқан кезінен бастап, ақтық демі түгесілген соңғы сәтіне дейінгі бүкіл өмірінде тындырған нәтижелі ісі. Көздеген ізгі мақсатын орындау жо­лында ерік-жігерін бағындыра білген адам ғана мұратқа жетпек. Сафи ақсақал бар өмірін еңбек пен күреске арнаған, соны өмірінің мәніне айналдыра білген төзімі тейлі азамат еді. Зейнет демалысына шық­қан соң да үйге қамалып қол қусырып, қарап отыра алмапты. Білек сыбанып тағы да еңбекке араласыпты. «Мен демалыстан шаршай бастадым» депті бірде ол Дінмұха­мед Ахметұлына жұмыс сұрай барып.

– Бір шалағай журналист газетке «Сафи Өтебаев немересінің қолында тұрады» деп жазыпты. Мен немеремнің қолында тұрып жатқам жоқ, керісінше, немерем менің қолымда тұрып жатыр, – дегені де бар еді.

Сірә, өзінің әлі де қатардан қала қой­ма­ғанын меңзегені болар. Бұл оның тоқ­саннан асқан шағы-тұғын. Сол жылдары қарттық қалжыратқан жасына қарамай, тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақ мемлекеті мұнай өндірісін бұдан әрі қалай дамытуы тиіс деген сауал төңірегінде бірнеше мақала жазды. Мұнайға қатысты болып жатқан жайларды көзден таса қылмай, дер кезінде пікір білдіріп отыруды да естен шығармаған. «Қазақ мұнайын ғасыр басында тонаған шетелдіктерді, енді ғасыр соңында тағы да қалайша басын­дырып алдық» деп қынжылатын. Маңғыс­тау деген маң даладан мұнай тауып, оны түк жоқ жерден алып өндіріске айналдыр­ған қазақтың бүгінгідей мүшкіл халіне қапа болатын. «Өзіміз де өндіре алатын едік қой» деп ренжитін.

Мен кітап жазу барысында оның үйіне жиі барып тұрдым. Сондай бір күні ол шай үстінде коньяк ашты. Тілек айтты. «Сен де тілек айт» деді. Мен қапелімде аузыма сөз түспей, «Жүз жасаңыз» деппін.

– Жүзге бар болғаны бірер жыл қалды ғой, неге одан көбірек айтпайсың», – деп күлді ол.

Не дерімді білмей сасып қалдым. Тілек айтам деп отырып, аңдамай сөйлеп қойғанымды кеш аңғардым.

«Мен өлімнен қорықпаймын, өйткені ол жақта Шарипам бар» деуші еді жарықтық. Десе де, жарық дүниені кімнің көзі қисын?! Сафи ақсақал да өмірге ғашық жанның бірі еді-ау!

Оның өмірге ынтық адам екені қай ісінен де анық көрініп тұратын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *