ӘБДIЛДА АҒАҒА ЕЛIКТЕП ӨСIП, МЕЙМАНДАЙ АҒАНЫ ҰСТАЗ ТҰТТЫМ…

  • БIЗДIҢ ҚАЛАНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ

26Ережеп БАЛҒАБАЕВ, жоғары санатты  нейрохирург-дәрiгер

 

 

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

«ХАК» медицина орталығында жұлын-омыртқаға, бас сүйегi мен миға ота жасайтын мықты оташы-хирург бар деген хабар құлағымызға тиiсiмен, жақсыны көрмекке асыққанбыз. Сыртында «Нейрохирург Балғабаев Ережеп Рақымбекұлы» деген жазуы бар кабинеттi тез-ақ тапқанымызбен, iшке кiруiмiз тез болмады. Кезек күткен кiсiде есеп жоқ. Қолдарына бастың, омыртқаның рентгендiк тексерулерiнiң көшiрмесiн арқалаған аурулардың алдын кесiп, iшке кiруге батылымыз да бармады. Iшке келе салып кiрмегенiмiзден зиян шеккен жоқпыз, есесiне Ерекеңе тексерiлуге келген науқастармен тiлдесiп, әңгiмелерiн естiдiк.

Науқастардың бiрдi-екiлiсi ғана Алматы қаласының тұрғыны демесеңiз, көбi алыс жақтан, Атырау, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қарағандыдан келiптi. Анасын жас баладай көтерiп әкелiп, дәрiгердiң кабинетiнiң алдындағы орындыққа жайғастырған отыздың мол iшiндегi жiгiт Қырғызстаннан келiптi. Жолдасбек бауырымыз Ерекең туралы Алматыға жұмыс бабымен келгенде естiген екен. Анасының жүрiп-тұра алмай қалғаны­на екiншi жыл болыпты. Бiрiншi тексерткеннен Бiшкектегi дәрiгерлер қауымынан көңiлi қалған азаматтың анасын апармаған емшiсi қалмаған секiлдi. Осы отырғанда  анасын Өзбекстандағы бiр емшi  шалға апарып келе жатқан бетi екен.

Ендiгi үмiтi ел аузында жүрген мықты нейро­хирург Ережеп Рақымбекұлында көрiнедi. «Бұл дәрiгер жаза алмаймын десе, анамды арқалап өтуден жалықпаймын» дейдi анасының бетiн жауып қалған басорамалын дұрыстап жатып. Бiр уыс болып жүдеген ана бар үмiтiн ұлына артып отырғанын сездiре, жылы жымиып қояды. Адам ауырса әрi кетiп, жүдеп шыға келедi емес пе? Белiн жаза алмай, екi бүктетiлген жiгiттi анасы жетелеп жүр. Мүгедектерге арналған арбада отырған қызға көзiмiз түскенмен, оның жүзiне тура қарай алмадық. Әйтеуiр оның да үмiт арқалап, Алматыға алыстан келгенiн байқадық. Екi жарым сағат дегенде бiздiң де кезегiмiз келдi. Адам мiнезi қызық-ау, науқастармен асықпай сөйлесудi әдетiне айналдырған нейрохирургпен әңгiмелесе кету оңайға соқпады.

Өзiм бiлетiн нейрохирургтердi – Серiк Ақшолақов, Мейман Көжековтен бастап айта бастағанда бастағынымда барып, сол едi, Ерекеңнiң iшi жылығандай әңгiмеге кiрiсiп кеткенi…

Алматы жұртының ғана емес, Қазақстанның 16 облысына аты танылған бiлгiр маман, нейро­хирургия саласын жетiк меңгерген, ұстазы марқұм Мейман ағасы айтып кеткендей науқасты жүрек көзiмен көретiн Ережеп Балғабаев Алматы медицина институтын 1983 жылы бiтiрiптi. Дәрiгерлiк мамандықты таңдауына мектепте оқып жүргенде волейбол ойнап жүрiп, аяғын сындырып алғаны бiржола себеп болған көрiнедi.

Оң жақ аяғын көтере алмай зар жылаған досын көрген балалар ауылға хабар бередi. «Ендi не iстейсiң, қайда сынықшы бар едi?» деп кемсеңдеп тұрған анасына әкесi «Қайдағы сынықшы, ауданға, Ысқақов хирургке апарамын, соның қолы шипалы, ауданның жарым елiнiң жанын сол сақтап қалып жүр емес пе, кеттiк», – дейдi де, әкесi «Урал» мотоциклiн оталдырып, аудан орталығы Жаркентке қарай зулайды.

Бала кезiнен дәрiгер болсам деп армандайтын Ережеп болса, аяғының ауырғанын ұмытып, Жаркенттiң жарым елiнiң жанын аман алып қалып жүрген Ысқақов деген мықты дәрiгердi көруге асығады. Екi ара тым алыс емес едi. Тез-ақ жеткен оларды әкесi мақтан көрген Ысқақовтың өзi қабылдағаны. Қараторы, түсi суық кiсi екен. Рентгенге түсiрiп келген соң Ысқақов ағасының бұған не iстегенiн бiлмейдi, есiн жиса, аяғын дәкемен орап тастапты. Қасында дәрiгер мен әкесi отыр.

– Ерекең – нағыз ер жiгiт екен. Сынықтарын қалыпқа келтiргенше қыңқ етпедi. Жарайсың, нағыз Елшiбек батырдың ұрпағы екенсiң. Бiр аптадан кейiн жүгiрiп кетесiң, тек дәрiгердiң айтқанын бұлжытпай орындау керек. Орындамасаң, сұлу жiгiт болмай қаласың, келiстiк қой, тiлiмiздi аласың ғой, – дедi де, иығынан қысты да шығып кеттi.

Сынған сүйектi қайта қалпына келтiруге болатынын естiген Ережеп сол күннен бастап алдына үлкейгенде Әбдiлда Ысқақов ағасы секiлдi хирург болам деген мақсат қойды. Сол кездегi бала тiлегiне перiште «аумин» десе керек, Жаркенттiң жарты жұрты пiр тұтатын Ысқақов ағасы аяғының сынған сүйектерiн қайта құрап салып берген Ережеп Рақымбекұлы Балғабаевтың өзiн бүгiнде жарты Қазақстан таниды деуге болады.

Студент кезiнде-ақ хирургия бөлiмдерiнде жұмыс iстеген Ережеп Рақымбекұлы ең алғаш бас сүйегiне ота жасауды 1985 жылы №2 қалалық ауруханада қызмет iстеп жүргенде бастаса, миға, жұлынға, омыртқаға ота жасауды 1991 жылы №7 қалалық клиникалық ауруханаға қызметке келгенде қолға алды. Аурухананың сол кездегi жұлын-омыртқаға операция жасау бөлiмiнiң меңгерушiсi Усиков Юрий Нилович Балғабаевты бiр көргеннен-ақ жанына тартып, бұл саланы жетiк меңгеруiне көмектестi. Осында қызмет iстеп жүргенде Серiк Ақшолақов, Мейман Көжеков секiлдi Қазақстан медицинасындағы кенжелеу дамыған нейрохирургия саласының саңлақтарымен танысып, бiрге қызметтес, әрiптес болды.

– Мейман Көжеков марқұмның ағалық қасиетi өте мықты едi. Әрбiр жас маманға өзiнiң туған баласындай қарап, бiлмегенiн үйретiп, жақсылығын асырып, кемшiлiгiн көзi шалып қалса, ешкiмге дабыра етпей, өз ақылымен түзеп отыратын. Асықпайтын. Науқасқа операция жасай салуға да асықпайтын. Әбден дәрiгерлiк тексеруден өткiзiп, бiрнеше маманмен ақылдасып барып, науқастың операциясыз айықпасына көзi толық жеткенде ғана  барып, скальпелiн қолына алушы едi. «Асықпа. Дәрiгер, оның iшiнде қолына скалпель ұстаған хирургке асығыс мiнез үйлеспейдi. Батыл мiнез, көреген көз керек, көзiң ғана емес, жүрегiңнiң де түйсiк көзi мықты болуы керек, сонда ғана хирургия деген күрделi, оның iшiнде нейрохирургия деген сырбаз саланы меңгере аласың. Жүйкенiң, мидың құрылысын, жұлын-омыртқаның жүйесiн жетiк меңгер. Өмiр бойы үйренуден жалықпа» дейтiн едi мейман десе, мейман мiнездi Мейман аға», – деп Ерекең алдында жатқан жұлын-омыртқа, миға, буынға жасалатын операциялардың қазiргi әдiс-тәсiлдерi көрсетiлген үлкен альбом-кiтапты парақтап отырып.

– Тоқсаныншы жылдармен қазiргi кездегi медициналық құрал-жабдықтарды салыстырсақ, бiздiң дәрiгерлер жалаңаш қолдарымен, жалғыз скальпелдiң көмегiмен қаншама күрделi операциялар жасапты. Ал бүгiнгi дәрiгерлердiң мүмкiндiктерi өте мол. Жаңа құрал-жабдықтар жеткiлiктi. Ота жасаудың әдiс-тәсiлдерi де жетiлдiрiлген. Қазiр медициналық технологияның жетiлгенi сонша, жұлын, омыртқада пайда болған iсiктердi цемент жiберiп қатыру арқылы тоқтату мүмкiндiгiне ие болдық. Мойын омыртқа жарақаттана қалса, шемiршектi алып тастап сүйек қоятынбыз, ал қазiр кейж қоямыз. Буындарды алмастыру мүмкiндiгiне де қол жеткiздiк. Бұрын бинтпен бұрап, сыммен орап орнына келтiретiн омыртқаларды қазiр трансперекулярлы әдiспен қалыпқа келтiрудемiз. Айта берсек, қазiргi медицинаның жетiстiгi жеткiлiктi, тек осыны игерер мықты мамандар қажет. Медицина саласы шын мәнiнде немқұрайлы мiнездi көтере алмайды. Дәрiгерлiк мамандықты жүрекпен қалау керек, – дейдi бүгiнгi күнге дейiн 4 мыңға жуық адамға ота жасап, өмiрiмен қайта қауышуына дәнекер болған ұстазы Мейман Көжеков көкесi айтқандай, жүрегiнiң де көзi бар нейрохирург Ережеп Балғабаев.

Ережеп Рақымбекұлын қаламыздағы «Қалқаман» ықшамауданындағы №1, №7 қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлiмiнде емделген адамдар  ұмытпай, ақыл-кеңес алу үшiн қазiрге дейiн iздеп келiп тұрады. Ал 2009 жылдан берi Алматы қаласындағы озық жекеменшiк клиника­лардың бiрi саналатын «ХАК» медициналық орталығының нейрохирургия бөлiмiнде қызмет етiп келедi. Орталық Алматы қаласымен қатар, Алматы облысына нейрохирургия саласы бойынша ақыл-кеңес берiп отырады.

Ережеп Рақымбекұлы болса, өзiнiң туған жерi Панфилов аудандық ауруханасына нейрохирургия, жалпы хирургия саласы бойынша кеңесшi. Жаркенттi Ерекеңнiң таңдап алуы тегiн емес, өйткенi, оның осы саланы меңгерсем деген арманы  Панфилов аудандық ауруханасындағы хирургия бөлiмiнде емделiп жатқан кезде қанат қақты емес пе?!

Е.Балғабаев қашанда өзiнен бұрын ұстаздары мен әрiптестерiн алдымен ауызға алып, солардың еңбегiн дәрiптегiсi келiп тұратынын аңғардық. Ережеп Балғабаев орталықтың бас директорының орынбасары, нейрохирургия бөлiмiнiң меңгерушiсi В.Е.Адаменконың нейрохирург-дәрiгер, медицина ғылымдарының кандидаты Есқанат Қоспановтың, медициналық орталықтың бас директоры П.О.Педан мырзаның есiмдерiн құрметпен атаса, жан-жақта жүрген әрiптестерi Юрий Усиков, Талғат Керiмбаев, Марат Әлиев, Тынышпаевтарды сағына еске алады. Ал Мейман Көжеков ағасына деген сағынышы аса бөтен. Қазiргi жас мамандар Мейман, Юрий Нилович секiлдi ағалар көмегiне зәру екенiн де бiледi.

«Жiгiтке жетi өнер де аз» демекшi, Қастеевтей хас шебер суретшi шыққан, Дәнештей жезтаңдай әншiсi бар жер жәннаты Жаркентте ержеткен Ерекеңнiң жұмыстан сәл қолы босай қалса, қарындашпен сурет салып, қоңыр домбырасын қолына алып «Сарыбидай» әнiнiң әуенiне салғанды ұнататыны бар.

Жан жары Ботагөз екеуi отбасы деген үлкен шаңырақтарының бақыт бағында раушан гүлiндей бес қызды тәрбиелеп өсiрiп, жиен-немерелерiнiң ата- әжесi атанып отырған ынтымағы жарасқан бақытты жандар.

Адам бойындағы кеселдi алып тастап, ауруын дөп басып, адамға өмiр сыйлаудан артық сауапты iс жоқ деп бағалайтын Ерекең мамандық таңдауда адаспаған, Әбдiлда Ысқақовтай ел ағаларының атына кiр келтiрмей, әкесi Рақымбек ақсақал  айтқандай, ақ халатының жағасын кiр шалдырмай келе жатқан, өз кәсiбiнiң хас шеберi. Оған дәрiгердiң алдындағы Алғыс кiтапшасындағы ел алғысы куә.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *