Базарлар – өркениеттi сауда кешендерiне айналғанда ғана халыққа тиiмдi

Жанат АЙТIЛЕУ:

Базарлар – өркениеттi сауда кешендерiне айналғанда ғана халыққа тиiмдi

Газетiмiздiң өткен №46 санында Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында қалыптасып, жұмыс iстеп келген жайма базарлардың бүгiнгi уақыт талабына жауап бере алмай отырғандығын, алдағы уақытта бұл сауда нысандары қаланың бас жоспарына сәйкес қайта ырықталатыны туралы хабарлаған едiк. Көпшiлiктiң көңiлiне алаңдаушылық туғызған бұл мәселе төңiрегiнде қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының бiрiншi орынбасары Жанат Айтiлеу түсiнiктеме бередi.

«Қызыл сызыққа» жақын орын тепкен 34 базар орын ауыстырады

– Бұл мәселе бүгiн туып отырған жоқ. Базарларды реттеудiң уақыты әлдеқашан жеткен. Өздерiңiзге белгiлi, кезiнде экономикалық қиыншылықтар туындағанда жұмыссыз қалған халық базарларды жағалап күнделiктi нәпақасын тапты. Қала жұртшылығы қай маңды ыңғайлы деп тапса, сол жерде сауда-саттық бел алды. Ол жерлер құрылыс және көрiктендiру ережесiне, санитарлық талаптарға жауап бере ала ма, жоқ па ол жағы есепке алынған жоқ. Өйткенi, базарлар күнкөрiстiң көзi едi. Ендi елiмiздiң экономикасы түзелдi, қаланың бас жоспарына сәйкес  ретсiз орналасқан жайма базарлардың орын тәртiбiн қайта қарайтын кез келдi.

– Жайма базарлар қаланың қалыпты тынысына да кедергi келтiрiп отырған жоқ па?

– Расында да, жүйесiз жұмыс iстеп жатқан базарлар тек әсем шаһардың келбетiн, ажарын бұзып отырған жоқ, сондай-ақ, қала тазалығына, әсiресе көлiк кептелiсiнiң туындауына әжептәуiр әсерiн тигiзiп отыр. Бiздiң мамандар жарты жыл бойында зерттеу жұмыстарын жүргiздi, мәлiметтер жинады, нәтижесiнде анықталған 74 базардың 34-i орын ауыстыруға жататындығы белгiлi болды. Бұлардың барлығы «қызыл сызықтың» үстiне шығып кеткен.

– «Қызыл сызық» дегенiмiз не өзi, кейбiрiмiз осы сөздi түсiне бермеймiз.

– «Қызыл сызық» – бұл көшелер қапталының шекарасы. Ол көзге көрiнбейдi. Оның бойымен электр, жылу, инженерлiк коммуникация желiлерi және су, кәрiз құбырлары жүргiзiлген. Сондықтан, «қызыл сызық» өтетiн жерге құрылыс жүргiзуге мүлдем болмайды. Шаһар шаруашылығына, ең бастысы, азаматтар өмiрiне қауiп тудыруы мүмкiн.

– Кезiнде қалайша рұқсат берiлген?

– Жаңа әзiрде айтып кеттiм, экономикалық қиындықтарға байланысты амалсыз осындай қадамға баруға тура келдi. Ендi жайма базарлар өздерiнiң мiндеттерiн атқарып болды, елдiң әл-ауқаты түзелдi бүгiнде. Осы базарлардан кәсiпкерлердiң жаңа буыны өсiп шықты. Қаланың бас жоспарын есепке алып, етек-жеңiмiздi жинайтын уақыт жеттi деп ойлаймын. Қазiр қала тұрғындары бұған түсiнiстiкпен қарауы керек. Бiз ақпан айында барлық базарларға ескерту қағазын жiбердiк. Бүгiнгi күнi үш-төрт базарлардың иелерi бiздiң ұсынысымызды мақұлдап отыр.

Абай мен Алтынсарин көшелерi қиылысындағы базар уақытша «Арыстан» базарына көшедi

– Нақты қандай базарлар ықылас бiлдiрiп отыр?

– Орын ауыстыруға тиiс 34 базарлардың барлығына қала аумағынан жер телiмдерi ұсынылды, ешкiм далада қалмайды. Ал қалған 40 базардың орнында өркениеттi сауда кешендерi бой көтеретiн болады. Басты ескерiлетiн жәйт, ол – автопаркингтер мәселесi. Қандай да бiр сауда кешенi тұрғызылмасын, мiндеттi түрде автокөлiк тұрақтарының құрылысы бiрiншi кезекте назарға алынуы тиiс. Мәселен, «Тигрохауд» компаниясы сәулет жобасын өткен жылдан дайындап, Абай, Алтынсарин көшелерi қиылысындағы базар уақытша «Арыстан» сауда нысанына көшiрiлетiн болды. Құрылыс аяқталғанда «Ақсайдағы» кәсiпкерлер қайта керi көшiп, «Арыстан» базары кезегiмен жаңартылады. Бұл жобаны бiз де қолдап отырмыз. Сол сияқты барахолкадағы «Болашақ» базарының иелерi де бiздiң сәулетшiлерге жаңа жобаға тапсырыс берiп үлгердi. Мұратбаев, Гоголь көшелерiнiң қиылысындағы шағын базардың иелерi де құрылыс жұмыстарын бастамақшы. Жалпы, мамандарымыздың жалықпай жүргiзген түсiндiрме шараларының арқасында кәсiпкерлермен екiжақты келiсiм қалыптасып келедi.

– Бұл бағытта арнайы комиссия жұмыс iстей ме?

– Қаланың 2020 жылға дейiнгi бас жоспары 2002 жылы бекiтiлген. Бiз осы бас құжаттың шеңберiнде iс-қимыл жасап жатырмыз, яғни бұл шаралар қалыпты жұмыс кестесiне сәйкес жалғасуда. Қала аумағындағы әрбiр құрылыс нысаны келбетi ежелден ерекше келiскен қала ажарына үйлесiп тұруы тиiс.

– Думан» елдi-мекенiнен хабарласқан оқырманымыз осы iргелес ауданда 20 мыңнан аса халық тұратындығын, мұнда жiбi түзу заманауи технологиямен жабдықталған iрi сауда кешенi керектiгiн айтып едi.

– Қала аумағына соңғы жылдары қосылған елдi-мекендердi дамытудың арнайы бағдарламасы бар. Осы жоспар бойынша халыққа қажет әлеуметтiк нысандар кезең-кезеңiмен салынып жатыр. Жуырда «Думан» елдi-мекенiнде балабақша пайдалануға берiлдi. Көгiлдiр отын желiсi жеткiзiлуде. Алдағы уақытта сауда кешенiн де ескеремiз. Ол жаққа саябақ та керек. Тек «Думанда» ғана емес, келешекте басқа да iргелес елдi-мекендерде мәдениет, спорт, сауда орталықтары пайда боларына күмән жоқ. Алатау ауданындағы «Шаңырақ», «Әйгерiм», тағы басқа ықшамаудандарында көптеген әлеуметтiк нысандар құрылысы қолға алынуда. Театр, кинотеатр да пайда болады мұнда қазiр су, газ құбырларын тарту жұмыстары жедел жүрiп жатыр. «Ақсай» ықшамаудандарынан басталатын Момышұлы көшесiн Алатау ауданына қосу мәселесi биылғы жылдан жүзеге аса бастады. Ол жақтағы индустриалды-инновациялық парктiң жұмысын да iске асыру күн тәртiбiнде тұр.

– Өркениеттi сауда кешендерi қалада қазiргi таңда қаншалықты жеткiлiктi?

– Соңғы 3-4 жылда бiрнеше сауда кешендерiнiң желiсi пайда болды. Мәселен «Арзан» сауда желiсiнiң қала аудандарында 4-5 нысаны бар. Сол сияқты «Манго», «Метро» сауда кешендерi қанат жайып келедi. «Мега» сауда орталығының сапасын атап өтуге болады. Бұл сауда желiсi тек сауда-саттықпен шектелмейдi, мұнда ойын-сауық түрлерi жақсы жолға қойылған. Мұның өзi нарықтағы бәсекенiң  жоғарылағанын көрсетсе керек. Қазiр «Мега» сауда орталығы екiншi кезең желiсiнiң құрылысына кiрiсiп кеттi. Әрине, алдағы уақытта сауда кешендерi көбейсе бәсеке күшейедi. Ал бәсеке бар жерде тұтынушыға таңдау бар, демек, баға да төмендейдi деген сөз. Жалпы, жайма базарлардан арылатын уақыт жеттi деп ойлаймын. Озық технологиямен жарақтандырылған сауда нысандары ең алдымен сатушы кәсiпкерлерге қолайлы. Бiр жағынан, базардағыдай қыс маусымында бүрсеңдеп жүрмейсiң, екiншiден, қойма, тауар қауiпсiздiгiне басыңды ауыртпайсың, үшiншiден, тұтынушы да осындай ыңғайлы әрi әмбебап сауда нысандарына жиi бас сұқпай ма келешекте.

– Оның үстiне барахолкадағыдай базарларда өрт қауiпсiздiгi ережелерi де қатаң сақталған деп кесiп айту қиын.

– Ондайы да бар. Мен айтар едiм, сол тұстағы «Адем» сауда нысаны өркениеттi сауда кешендерiнiң алғашқы қарлығашы деп. Мұнда барлық талап ережелерi алдын-ала қарастырылған.

– Қазiргi ең басты кәсiпкерлердiң алаңы – ол жоғарыда өзiңiз айтқан 34 базардың қашан бұзылатындығы болып отыр.

– Бүгiн ертең үдере көшiрейiн деп жатқан ешкiм жоқ. Бұл бағдарлама асықпай тағы бiр електен өтiп, кезең-кезеңмен iске асатын болады.

– Нақты мерзiмдi айта аласыз ба?

– Шамамен 4-5 жылдың iшiнде жүзеге асса деген жоспарымыз бар. Қазiрдiң өзiнде кейбiр базарлар иесi техникалық негiздер дайын болса әрi кеткенде бiр жылдың аржақ-бержағында су жаңа сауда кешендерiн тұрғызып аламыз деп бiлектерiн сыбанып отыр. Қала келбетiн әрлендiру базарларды ырықтандырумен ғана шектелмейдi, сондай-ақ, көше бойында орын тепкен тұрғын үй, басқа да ғимараттардың қасбеттерiн ретке келтiру шаралары күтiп тұр. Бұл бағыт бойынша бағдарламамыз жұмысын бастап та кеткен. Тек қазiргi күнде барлық мәселе инвестиция мәселесiне тiрелуде. Қалалық басылым оқырмандарына айтарым, алаңдауға еш негiз жоқ. Қала Әкiмiнiң тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан шаралар күнделiктi ағымдық жұмыстар. Жүйкеңiзге тиiп, мезi қылған көлiк тығынының азайғанын қалайсыз ба? Үй iргесiндегi гүлзар-саябақта отбасыңызбен жиi қыдырыстағанды ұнатасыз ба? Көшеңiздiң, аулаңыздың тазалығы сiзге керек пе? Олай болса, қоғам өзгерiсiне бей-жай қарамай, өркениеттi заманға ұмтылғанымыз абзал, ағайын.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Берiк СӘДУАҚАС

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close