БАЗАРЛАР БІРТІНДЕП ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

19Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Қазіргі кезде Алматыда құрылыс жұмыстары қызу қарқын алған. Жаңа құрылыс нысандарын салумен қатар, ескіні жаңарту, қаламыздың ажары мен сәулетінің сиқын кетіріп тұрған ескі үйлер сүріліп, базарлар   жаңартылуда. Солардың қата­рында соңғы екі-үш жылдан бері  қала  тірші­лігіндегі маңызды шаруалардың біріне  айналған Қара базардағы құрылыс және қайта қалпына келтіру жұмыстары да бар.  Қаланың  батыс аймағын кең жайлаған қара базардың бүгінгі тыныс- тіршілігін білмек болып, сейсенбі күні «Барахолка» жақты бетке алғанбыз.

Көптен бері бұл жаққа ат ізін салмағандықтан,   кезіндегі қыз-қыз қайнап жататын базарлардың орнындағы қирандылар мен  әлі шығарылып үлгермеген тау-тау болып үйіліп жатқан күл-қоқыстарды көргенде  көңіліміз су сепкендей басылды. Біз келгенде бұзылған   «Алатау», «Болашақ» базарларының сатушылары базар басшылығы мен  аудандық әкімдіктердің кәсіпкерлікке жауапты бөлім қызметкерлерінен  жаңа сауда орындары салынып біткенше уақытша жұмыс істейтін орын тауып берулерін, болмаса, қалған тауарлары сатылып біткенше осы базар төңірегінде тұрып сауда жасауға рұқсат сұрап,  жиын өткізіп жатыр екен.  Базар басшылығы  мен Алатау ауданынан келген  әкімдік қызметкерлері тазалау жұмыстарына кедергі келтірілетіндіктен, жабайы сауда жасауға рұқсат бермесе керек.  Бала-шағасын осы саудамен асырап отырған сатушыларды да түсінуге болады, бірақ, қауіп еткеннен айтамыз демекші,  мұнда   құрылыс  жұмыстары атқарылып жатқандықтан, құқық қорғаушылар мен әкімдік қызметкерлерінің талабы да орынды секілді. Сатушыларға жаңадан салынып біткен сауда орындарынан, ашылған жаңа базарлардан  орын ұсынылғанмен,  тұтынушыларына  көздері үйреніп, қол­дары жүріп қалған сатушылар  үйреншікті орындарынан кеткілері келмейтіндіктерін айтып әуре болып жатыр.  Сатушылардың бұл қарсылығына қарамастан әкімшілік қызметкерлері оларға мән-жәйді түсіндіріп әлек.

177Жаңа сауда орнына барғандар бір ай арендалық төлем  төлеуден  босатылатын көрінеді. Бірақ, сатушылар бұл базар басшыларының бізді осы жерден шығару үшін қолданып отырған айлалары дейді. Біздің  келген шаруамыз – бұзылған базарлар мен қайта қалпына келтіріліп жатқан базарлардың құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысу еді, әйтседе, шырылдап жүрген қарапайым халықты көргенде бұрылып кете алмадық.  Бұзылып жатқан базарлардың маңын кең жайлап, жайма базар жасап алған сатушылар ешкімнің сөзін құлақтарына ілер емес, тек полицейлер келіп заттарымызды тартып әкете ме деп төңіректеріне жалтақ-жалтақ қарап қояды.  Дәнекерлеу құралдарынан жарқ-жұрқ етіп ұшып жатқан оттықтар, ауыр бетондар мен темір білеулерді әрлі-берлі көтеріп, түсіріп жатқан крандардың қимылынан да олардың сескенетін түрлері жоқ.   Қаптаған көліктерді қақ жарып қоларбамен  жүк тасып көшіп жүрген  сатушылар да қауіпсіздік деген қағиданы мүлде ұмытып кеткен. Әйтеуір қандай жағдайда болсын, бір затты сатуды мақсат еткен оларға қарап тұрып, жанталастырып қойған қу тіршілік-ай деген сөз тілімізге оралды.  Қорғансыздың күйін кешкен сатушылардың бұл жағдайы  әлі біразға созылатын сияқты. Өйткені,  мұндағы құрылыс жұмыстарының қарқыны соны байқатқандай.

Алматыдағы базарлардың жаңа дәуірі басталады деп сүйіншілегенімізге де біраз уақыт болып қалды. Талай жылдан бері әбден орнығып алған базарларды орнынан қозғап, бірден жаңа дәуірді бастап кету де оңайға соққан жоқ. Әр базардың қожайыны әрқалай дегендей… Әйтсе де билік базар басшылығына да, оның қожайындарына да  ХХІ ғасырда ескі лашықта отырып сауда жасаудың дәурені өткенін, енді қаланың сәнін кетіріп тұрған базарларды бұзып, заман талабына сай қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алу талаптары қойылған еді. Қазір осы бағыттағы жұмыстар  біртіндеп жүргізілуде.  Қаламыздағы   қызыл сызық бойына орналасқандықтан бұзылуға жатқызылған 34 базар мен қайта жаңғыртылуға тиісті 40 базардағы құрылыс жұмыстары бүгінде  біртіндеп жүргізілу үстінде. Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы  басшысының орынбасары Жанат Айтілеудің айтуынша,   бүгінгі күнге дейін 16 базар  сәулет-жобалау қортын­дыларын алса, 18  сауда нысанын жобалауға  қажетті   эскиздік жобасы келісіліпті. Олардың қатарында  «Алатау-2», Евразия», «Үш қоңыр», «Құлагер», «Сәлем», «Олжа», «Юпитер» , «Алатау», «Ақжар» базарлары да бар. Қазіргі таңда  жұртшылыққа жақсы таныс  «Алатау», «Алатау-2»,  «Ақжар», «Сәлем»  базарларының құрылыс жұмыстары  жүргізілу үстінде. Сондай-ақ, мұнда жүргіншілердің жүріп-тұруына қолайлы болу үшін 5 жерасты жолы  салынып, бұрынғы жерасты жолының жөндеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысы  осы жылдың соңында толық аяқталуы тиіс. Ал қала бойынша «Строй сити»,  «Сав траде компания», «АДК» сауда орталығының,  «ИП Беремқұлов» сауда үйінің, «Олжа», «Сәлем» базарларының құрылыс жұмыстары аяқталды, – дейді Жанат Әбдіхалықұлы.

Қазірдің өзінде  құрылыс жұмысы жартылай аяқ­талған «Сәлем»  базарының сәні кіре бастаса, «Ол­жаның» сатушылары олжаларының артқанына дән риза көрінді. Дейтұрғанмен, жаңа  сауда орындарына тұтыну­шылар әлі үйренбегендіктен,  сауданың сәні болмай тұр­ғанын жасырмады. «Құлагер» базары біртіндеп қалпына келтіріліп жатқан жәйі бар.  Қашанда бұзу оңай болғанмен, бұзылған дүниені қайта қалпына келтіріп жөндеу, ретке келтіру оңай еместігі  түсінікті, дегенмен, Алматы қаласының эконо­микасына қыруар үлес қосып отырған  «Барахолканың»  бабына келетін күні алыс емес. Қиындықтардың көбі кетіп, азы қалды, енді сәл шыдасақ, сатушылар жайлы  әрі қолайлы жағдайлар жасалған  сауда орындарында тұрып сауда жасаудың өздері үшін де, тұтынушылар үшін де қолайлы екендігіне көздері жетіп, қала басшылығына рахметтерін айтатын болады, – дейді Алматы  Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтілеу. Жұрттың, әсіресе,  базарды тұрақты жұмыс орнына айналдырған  халықтың күтіп отырғаны  да  осы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *