Бауыржан БАЙБЕК: МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТТЫҢ ТИІМДІЛІГІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАМЫЗ

Кеше «АлматыБасЖоспар» ғылыми зерттеу институтының заманауи ғимара­тында қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен мәслихаттың кеңейтілген сессиясы болып өтті.

Әсел ДАҒЖАН

Ресми жиында қала әкімдігінің құры­лымында бірқатар өзгерістер болатындығы айтылды. Шаһар басшысының орынбасары Әсел Жүнісова хабарлағандай, әкімдіктегі 12 басқарманың атауы өзгертіліп, алты басқарма қысқартылмақшы.

–       Әкімдіктің жаңа құрылымы алды­мызда тұрған сын-тегеуріндерге, страте­гиялық және бағдарламалық құжаттар мен қоғамның сұранысына сай жасалды. Нәти­жесінде 12 басқарманың атауы өзгертіліп, алты басқарма өз қызметін басқа құры­лымдық бөлімшелерге беру арқылы қысқар­тылады. Бұл өз кезегінде басқарма басшы­лары құрамын 13 пайызға дейін қысқар­туға мүмкіндік беріп отыр, – деді Әсел Жүнісова.

Жаңа жылдың басында қала әкімдігінің құрылымында болатын бұл өзгерістер тосыннан болып отырған жоқ. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVІ съезінде «Бес институционалдық реформа» ұсынған болатын. Соның ең бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құруды іске асыруға бағытталған. Міне, әкімдіктегі өзгерістер осы қолға алынған шаралардың заңды жалғасы.

–       «Нұр Отан» партиясының Доктри­на­сында көрсетілгендей, ашықтық, есепті­лік, нәтижелілік және қоғамдық диалог орнату қағидалары халық мүддесіне қызмет етудің негізі болып қала бермек. Біз өткен жылдың соңында «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында қолға алынған бірқа­тар ауқымды жобаларды жаңадан ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымы өңірлік хабының ғимаратында ғылыми-шығармашылық интеллигенция өкілдеріне таныстырған болатынбыз. Жүзеге асырылмақ жобалар жұртшылықтың кең қолдауына ие болып, оң бағаланды. Дәл осы үрдіспен бүгін өздеріңізге қала әкімдігінің жаңа құрылы­мы таныстырылып отыр, – деген шаһар басшысы Б.Байбек өткен жылы қалада атқарылған ірі жобаларға тоқталып, еліміз бойынша жұмысы үздік деп танылған Қоғамдық кеңесті жеңісімен құттықтады.

Заман талабымен өте қарқынды дамып келе жатқан Алматыға жан-жақтан ат басын бұратындар көп. Ресми дерек бойын­ша жыл сайын шаһар тұрғындары 50 мың адамға өсіп келеді. Ал шетелдік сарап­шылар алдағы 15 жылда халық саны 3 миллионнан асып жығылатынын айтуда.

–       Шаһардағы халық санының артуы жұмыс қарқынының 1,5 есеге ұлғайып, 700 мың адамды жаңа интеллектуалдық жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді қажет етеді. Соған орай, сапалы өмір сүру қарқынын сақтап қалу үшін қала экономикасының өсу деңгейін кемі 5 пайыздан жоғары көте­руіміз қажет, – деп қала әкімі жаңадан іске қосылған инвестициялық жобаларға тоқталды.

Айта кетейік, Индустриалды аймақта металл бұйымдарын Орталық Азияға экспорттайтын «Tokyo Rope Almaty» жапон зауыты іске қосылған болатын. Электр автобустарын жинақтайтын қазақ-неміс-гонконгтық «Falcon Eurobus»  зауыты да жұмыс істеуде. Газбен жүретін автобус­тарға қызмет көрсететін инфрақұрылымы бар 200 орындық №3 Коммуналдық авто­бус паркінің құрылысы аяқталуға жақын. «Open Almaty» таратқан мәлімет бойынша, шаһардағы оң өзгерістерге тұрғындар дән риза. Олар жаңартылған аулаларға, саябақтар мен Панфилов көшесі сияқты жаяу жүргіншілерге арналған демалыс орындарына, үнемі күй төгіліп тұрған жерасты өткелдеріне ризашылықтарын айтып, қала басшылығына алғыс білдірген.

–       Елбасы айтқандай, мемлекеттік аппарат тиімді болу керек. Біз соны  жүзеге асырамыз, – деген қала басшысы сөз соңында әкімдіктегі еңбекақы жүйесі де белгілі көрсеткіштер мен нақты нәтиже­лермен өлшенетіндігін айтты.

Жиын басында басқармаларға қатысты айтылған өзгерістерге  аз-кем тоқталсақ. 9 басқарма 4 басқармаға біріктірілмекші, ал 12 басқарманың атауы өзгертіледі. Барлық басқарманың нәтиже мен іске бағытталған жаңа мақсат-міндеттері жасалуда. Алдағы нөмірлердің бірінде басқармалардың жаңа атауын толық беретін боламыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *