Бауыржан БАЙБЕК: Конституция – мемлекеттіліктің басты кепілі

DSC_9503

Кеше Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Конституция күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті. Оған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, сөз сөйледі.

Мөлдір НҰРТАЙ

 

Бейбітшілік, саяси тұрақтылық, ұлт­аралық және дінаралық келісім орнаған демократиялы, зайырлы республикамызда Конституция күні осымен 20 жыл тойланып келеді. Қала әкімі Б.Байбек  жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, Ата Заңның маңыздылығына тоқталды.

– Құрметті қауым, ардақты ағайын! Биылғы жылғы Конституция күнін еліміз үшін ерекше қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы аясында қарсы алып отырмыз. Жаһандық тәжірибені зерделей келсек, Тәуелсіздігін еншілеген кез-келген мемлекет, ең алдымен, негізгі Заңын –Конституцияны қабылдаудан бастаған. Конституция мемлекеттіліктің басты кепілі ретінде әрдайым ұлықталған. Тәуелсіз қазақ елі үшін Ата Заңымыз айрықша мағынаға, мәнге ие. Осыдан 21 жыл бұрын мемлекетіміздің жаңа Конституциясы Азат­тықтың алтын бесігі Алматыда қабыл­данғанын білесіздер. Бұл тарихи оқиға  қалалықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақ­таныш. Әлемдік тәжірибелер мен ұлттық құндылықтар жан-жақты зерделе­ніп, рес­публикалық референдум арқылы бүкіл­халықтық талқылаудан өткен Ата Заң  халқымыздың ерік-жігері мен  тілегін ұш­тас­тырды. Адам құқықтары мен бостан­дығын қамтамасыз етіп, зайырлы демо­кратиялық-әлеуметтік мемлекеттің іргетасы қаланды. Елбасы бір сөзінде «Біздің Конституциямыз  тақыр жерде пайда болған жоқ. Кімде-кім еліміздің  негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын  жақсы білу керек» деп атап өткен болатын. Құрметті қауым! Бүгінде төрткүл дүниеге мәлім, әлемдік қауымдастық ал­дында беделді мемлекетіміздің темір­қазығы Ата Заңымызды әрқашан да ардақтай, қастерлей білуіміз керек.  Осы орайда, Ота­нымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлес­теріңіз бен ел игілігі жолындағы еңбек­теріңізге алғыс айтып, алдағы уақытта  толайым табыстар тілеймін, – деді қала әкімі Б.Байбек.

Сонымен қатар, Алматының әлеу­меттік-экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқандығын айтты. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде 830-дан астам пәтерді құрайтын  13 тұрғын үй тұрғызылса, келесі жылы Универсиада аяқталғаннан кейін 1700 пәтер пайдалануға берілетін болады. «Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында  қалалық тұрғын үй қоры 20 млн. шаршы метрден 42 млн. шаршы метрге дейін артып,  екі есеге ұлғайды.  Денсаулық сақтау нысандары­ның саны 3 есеге артып 233-ке жетті.  Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 68 жастан 75 жасқа дейін, яғни, 7 жылға ұлғайды. Мұның бәрі Елбасы әрдайым ұстанған экономика, содан соң саясат қағидасының жемістері. Нақты айтар болсақ, Алматының Тәуелсіздік жыл­дарын­дағы ЖІӨ-нің он пайызы жиырма пайызға дейін өсті», – деді шаһар басшысы.

Салтанатты жиынның соңы Құрман­ғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен эстрада және опера жұлдыздары қатысқан мерекелік концертке ұласты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *