Бауыржан БАЙБЕК: ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНДЕ БІЛІМ САПАСЫ ЖОҒАРЫ

Қаламыздағы Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназияда тағы бір тамаша жиын өтіп, ұлттың ұрпақтарын тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымының мерейлерін үстем етті. Қасыл Қатықбаева атындағы қалалық байқау жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиынға шаһар басшысы Бауыржан Байбек қатысып, бас жүлде иегеріне жеңіл автокөлік кілтін табыс етті.

Рая ЕСКЕНДІР

Биылғы жылдың қазан айындағы Елбасы Жолдауында педагог мәрте­бесін көтеретін барлық игіліктер қарастырылатын «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеп, қабылдау туралы Елбасы тапсырмасы қазір қызу қолдау тауып, ұсыныстар мен пікірлер қарастырылу үстінде. Осыған орай, қашаннан-ақ білім саласы мен ұстаз­дар қауымының мәртебесін көтеруге ерекше үлес қосып келе жатқан атым­тай жомарттардың бірі, ел азаматы «Koktem Group LTD» компаниясы­ның директоры, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханұлының тікелей демеушілігімен «Ұстаз мәрте­бесі – ұлт мерейі» деп аталатын қала­лық байқау басталып, оған 204 мектептің мұғалімдері қатысқан еді.

Алдымен мектепішілік кезеңмен басталған байқау, сосын аудандық кезеңді қамтыды. Сыннан сүрінбей өткен жеңімпаздар қалалық кезеңге жетіп, өздерінің біліктілігі мен білімдерін көп назарына ұсынған еді. Осылайша үш кезең бойынша сынға түскен өз саласының білгірлері, мамандықтарын шын ниеттерімен жақсы көрген, нағыз өз ісінің шебер­лерінің жұлдызы жанды. Елбасымыз­дың биылғы Жолдауын бағдаршам етіп, білім саласындағы жаңаша маз­мұндағы білім беруді, жалпы өз маман­дығына деген махаббатын ұстаз­дар қауымы осы байқау бары­сында да дәлелдеп берді.

Үш айға созылған дүбірлі додаға қатысқан 23 үміткер өздерін сан қы­ры­­нан танытты. Алғашқы кезеңде «Ұстаздық мерей биігіне» деп атала­тын өз тұжырымдамаларын қорғаса, екінші кезеңде «Функционалдық сауат­тылық – заманауи қоғам тала­бы» тақыры­бында ашық сабақтар өткізді. «Өз жеріңді танып біл» деп аталатын шешу­ші кезеңде өткізілген тәрбие сағаты да үміткерлердің шебер­ліктерін тағы бір қырынан танытқан еді.

Осылайша сын сағаттарынан сүрінбей өткен ұстаздар байқаудың ең бір жүрек тебірентер сәтіне қатысу бақытына ие болды. Осынау ұстаз мамандығының мәртебесін арттырып, сол мамандыққа деген махаббатты әрбір жастың жүрегіне құйып, оны таң­дауға, жанындай жақсы көруге сәуледей ғана үлес қосып жүрген қала­­лық мәслихат депутаты Мұрат Әділ­ханұлы барлық жеңімпаздарды, жалпы байқауға қатысып бағын сынаған барша үміткерлерді құттық­тады.

– Менің ең алғашқы ұстазым – өз анам. Әрбір ана өзінің перзентін адам болып, ақ жүрсін дейді. Осы жолда менің ғазиз анам көп тер төгіп, еңбек етті. Әкеміз дүниеден ерте өткендіктен үйдің тауқыметімен қатар, бала тәрбиесі қатар тұрды. Сондай сәтте қажымай, шаршамай бәрімізді аяқтан тұрғызып, азамат еткен анама деген перзенттік махаббатымды мен сіздерге де арнаймын. Сол үшін қолымнан келгенше білім саласына өз үлесімді қосып, Тәуелсіз елдің ұл-қызы еркін білім алса деймін, – деген Мұрат Әділханұлы барлық қатысушыларға құрмет грамоталарын табыс етті.

Бас жүлдеге ие болған Медеу ауданындағы Ы.Алтынсарин атын­дағы №159 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Ахметоваға шаһар басшысы Бауыр­жан Байбек темір тұлпардың кілтін табыс етті.

– Елбасымыз әрқашан «еліміздің тағдыры жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп сіздерге үлкен сенім жүктеп келеді. Жыл сайын халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауында да білімге баса назар аударып, ерекше қамқорлық танытып отырады. Елімі­дің экономикасы артып, беделді мем­лекетке айналуына да сіздер зор үлес қосып келесіздер. Білімі мықты мемле­кет бәсекеге де қабілетті болады. Сіз­дердің еңбектеріңіз қашан да өлшеу­сіз. Жалпы, тұлға тәрбиелеудің нәти­жесі бір немесе үш жылда байқал­майды. Араға 10 мүмкін 30 жыл өткенде сіздердің еткен еңбектеріңіз өз жемісін береді, – деген қала әкімі «Педагог мәртебесін туралы» Заң жобасының әзірлік үстінде екендігін айтып, оған өз ой-пікірлеріңізді қосқандарыңыз жөн, – деді.

Байқаудың 1-орнын жеңіп алған Бостандық ауданындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның инфор­матика пәнінің мұғалімі Нұрғали Тұрымбетовке І дәрежелі диплом мен Карловы Вары шипажайына тиесілі жолдаманы Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова табыс етті.

Байқаудың екінші орнына ие болған Әуезов ауданындағы №141 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсел Қамзаеваға екінші дәрежелі диплом мен 500 мың теңгені мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева табыстады.

Байқаудың 3-орнына ие болған Әуезов ауданындағы №133 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Жұмабаеваға арнаулы диплом мен 300 мың теңге қаржылай сыйлықты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінің Информатика және білімді ақпараттандыру кафед­расының профессоры Айнұр Сағым­баева табыс етті.

Байқауға қатысушылар атынан сөз алған Сәуле Ахметова барша білім саласы қызметкерлерінің ыстық ықыласын жолдады. Сонымен, ұстаз мерейін арттырған байқаудың бола­шағы зор болсын дейік. Сәтін салса, бұл байқауға келесі жылы республи­камыздың ұстаздарының да қатысуы жоспарда бар көрінеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *