Баум бағындағы басып алынған жер телімдері қалаға қайтарылды

Табиғи ескерткіш болып табылатын «Баум бағының» аумағы Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өткеннен соң мегаполис  әкімдігі жеке тұлғалар мен автосалон иелерінің көлік тұрағын ұйымдастыру үшін  жер телімін өз беттерінше  басып алғандығын анықтады.

Маусым айының соңында Алматы  қаласының әкімі  Бауыржан Байбек  заңға сәйкес басып алынған жер телімдерін қай­таруды және  оны жасылдандыруды тапсыр­ған еді. Табиғи ресурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқарма­сының ақпа­раты бойынша қазіргі кезде мегаполистің ең үлкен және жасыл аума­ғындағы барлық жер  учаскелері қалаға қайтарылды.

Бұлардан өзге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету  мақсатында бақ периметрі бойынша  тәулік бойына жұмыс істейтін  полицияның төр  постысы іске кірісті. Сонымен қатар, бұрын құлаған ағаштардан жасалған эко-стильдегі навигациялық тақтайшалар, орындықтар қойылды. Терек, емен, қайың аллеялары үшін ағаштар отырғызу жоспарланған.

Ағаштардың иммунитетін арттыру және зиянкестерден қорғау үшін заманауи препараттар арқылы жасыл желектер биологиялық өңдеуден өтетін болады. Табиғи аймақта флора мен фаунаны кеңейту міндеті қойылған.

Айта кетерлігі, Алматыда соңғы айлар ішінде тағы да бірқатар жер  телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.

 

Әкімдіктің қаулысы бойынша ҚІЫО «Атакентке»  23 гектар жер телімін уақытша жалға беру  келісімі  күшін жойды. «TURKUAZ GROUP OF COMPANІES» компаниясы «Южный» паркі учаскесінде тұрғын үй салудан өз еркімен  бас тартты.

Екінші деңгейлі банктің бірімен Розыбақиев-Штраус-Есқараев-Радостовец көшелері аумағындағы жер учаскесін мем­лекет меншігіне қайтару туралы  келісімге қол жеткізілді. Сақ қорғаны орналасқан бұл жерге ашық аспан астындағы  Музей  салу жоспарланған.

Сонымен қатар, Алматы әкімдігі қала ипподромы мен «Сайран» автовокзалын тарихи- мәдени мұра обьектілерінің алдын- – ала жасалған тізіміне енгізді.

Өткен аптада мегаполис әкімі Бауыр­жан Байбек  Абай   көшесі бойындағы Түрксіб ауруханасының бұрынғы ғимара­тын Алматы қаласы тарихының ескерт­кіштері тізіміне енгізу мәселесін қарас­тыру­ды тапсырды.

Ғимаратты тарихи-мәдени мұралар  тізіміне  енгізу оның  сыртқы келбетін және ішін, конструкцияларын, құрылысын, мақсатты пайдаланылуын өзгертуге және қорғалатын аумағын бұзуға тыйым салы­нады. Нысанды өзгертуге, жөндеуге және реконструкциялауға қатысты кез-келген шаралар өкілетті органның келі­сімімен ғана жүргізіледі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *