Баум бағы: абаттандыру жұмыстары басталды

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылған Баум бағын абаттандыру жұмыстарының бары­сымен танысты. Табиғи ескерткіштің аумағы 139,5 га., мұнда 100 мыңнан астам жасыл желек бар.

Парк аумағының периметрі бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойына жұмыс істейтін төрт полиция нүктесі қойылған. Полиция нүктелері қала мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің жеке қаржысы есебінен жұмыс істеуде. Бақ айналасын жас патрульшілердің бақылауы қарастырылуда. Эко стильдегі навигациялық тақташалар ілініп, бұрын жығылған ағаштардан жасалған 20 орындық қойылған.

Жүргізілген мониторинг кезінде бақтың 2,5 га. жерін жеке адамдардың және көлік тұрағын жасау үшін автосалон иелерінің өз беттерімен басып алғандары анықталды. Мегаполис бас­шысы заңға сәйкес бақтың басып алынған жерлерін қайтаруды және жасылдандыруды тапсырды.

«Қалалықтардың демалуы үшін капитал шығынынсыз және экологияға барынша аз әсер етіп, жайлы жағдай жасау қажет. Ғалымдарды тарта отырып, жасыл желекті қорғау және ұлғайту қажет, топырақтың және климаттың ерекшелігі ескеріліп, ағаштар сапалы күтілуі тиіс. Аллеяны жарықтандыру үшін жаңарған энергия көздерін пайдаланған жөн, өйткені табиғи аймақ ерекше қорғалады және мұнда инженерлік желілерді жүргізуге болмайды», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Баум бағында қайың аллеясын жасау, терек, тал ағаштарын отырғызу жоспарланған. Шілде айында ағаштардың иммунитетін жақсартатын және оны зиянкестерден қорғайтын заманауи препараттар сатып алынып, биологиялық өңдеу жұмыстары атқарылады. Табиғи аймақта флора мен фаунаны кеңейту міндеті қойылған. Бақ айналасы санитарлық тазалықтан өтуде. Тек соңғы сенбілік кезінде осы жерден 43 самосвал қоқыс шығарылды. Аумақта  итті серуендететін алаң мен балалардың ағаш қалашығы пайда болады. Бақтың сыртқы жағын жарықтандыру жүйесі жаңарады. Үлкен Алматы каналы аумағында балалар алаңы жасалады.

Бұған дейін «Ақшам-ақпарат» хабарлаған­дай,  Алматыда биылғы жазда 157 көше жөнде­леді, 600 аула көріктендіріледі. Барлық жерасты өтпелі жолдар күрделі жөнделеді, жаңа субұрқақтар ­салынады. Бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Бай­сейіто­ва, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңынан өзге мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары түгелдей жаңарады.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *