БАТЫРДЫҢ ӨМІРІНДЕГІ «АҚТАҢДАҚ»

3025немесе Мәлік Ғабдуллиннің айта алмай кеткен сыры

Әшірбек АМАНГЕЛДІ

…Кезінде қай-қайсысымызға да  көрнекті әдебиетші ғалым Мәлік Ғабдуллин  кеңес өкіметінің бар сый-құрметі мен марапатын көрген адам сияқты көрінетін. Соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес одағының Батыры атанды. Бергі бейбіт заманда ғылым саласында еңбектеніп, филологиядан докторлық қорғады, профессор атанды. КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі болып сайланды. Алдымен директор болып Тіл және әдебиет институтын, кейіннен ректор болып Абай атындағы педагогикалық институтты  басқарды. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы кеңестерінің депутаты болды. Атақты ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері ретінде  талай алқалы жиындардың төрінде отырып, биік мін­берлерден сөз сөйледі.  Жоғары құрмет пен қошемет көрді.

Алайда атақ-даңқы бір басына жетерлік осындай азаматтың да өмірінде «ақтаңдақ» болған, асыра сілтеушілердің жаласымен оған да 37-жылдың ызғары тиіп, қиянат пен қуғын көрген деп кім ойлаған?  Бірақ, Мәлік ағамыз  басынан кешкен осы оқиғаны көзі тірісінде ешкімге  ашық айта алмаса да түбі бір жария­ланар деген үмітпен артына аманат етіп: «Мен халық жауы емеспін» деп қағазға түсіріп, жазып кетіпті. Сірә,  бәрін бүкпесіз,  ашық айтатын заманның  келерін сезсе керек.

Сөз еткелі отырған мәселе түсінікті болу  үшін  сәл шегініс жасап, әңгімені  әріден бастайық.

Мәлік ағай бізге бірінші курста (ҚазМУ-дің журна­листика факультетінде) халық  ауыз әдебиетінен сабақ берді. Тағдырдың жазуы солай болып, біз ол кісіден лекция тыңдаған ең соңғы шәкірттері екенбіз. Алдын ала профессор Ғабдуллин туралы жоғары курстағылардан: «Өте қарапайым, мінезі биязы, білімді де  сұңғыла кісі» дегенді естігенбіз. Сондықтан да бізге келіп дәріс оқитын сәтін асыға күтіп жүрдік.

…Сол күні қара басып үш-төрт студент ол кісінің алғашқы сабағына кешігіп қалыппыз. Ентігіп ауди­торияға кірсек, оқытушы әлі келмеген сияқты. Қуанып кетіп, асығыс орын-орнымызға ұмтылдық. Кенет аудиториядан:

— Ау, батырлар, Мамай секілді баса-көктеп келе жатырсыңдар ғой. Жол болсын! – деген дауыс естілді. Отырғандар ду күлді. Сөйтсек, мұғаліміміз студенттердің арасында отыр екен. Ішіміздегі кешіккен жалғыз қыз Гүлсімге қарап:

— «Аяғыма кигенім қызыл етік сәулем-ай!» деп мына қарағым келеді, – деді.

Мұндай жағдайды күтпеген біз қысылып әрі дағдарып қалдық. Бірақ, ол кісі «отырыңдар» деген ишара білдірді де, сөзін әрі қарай жалғап кетті. Басқа оқытушы профессорлар тәрізді ренжіп, ұрыспаса да әлгіндей әдемі әзілді ескертуінен кейін біз қатты ұялдық. Іштей екінші рет кешікпеуге серт бердік.

Оқыған лекциясы кәдімгі тарау-тарау әңгіме сыңайлы. Бірінен бірі өрбіп отырады. Майда қоңыр желдей жаныңа жағып, асау арналы өзендей иірім-иіріміне тартып бара жатады. Бүкіл ауыз әдебиетін бойына сіңіріп, жаттап алған ба дерсің.

Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Жиделі Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде

Байбөрі деген бай бопты,

     немесе

Қарақыпшақ Қобыланды —

Атасы мұның Тоқтарбай,

Халықтан асқан болды бай.

Байлығында есеп жоқ,

Айдалып бағып жайылды

Төрт түлік малдың бәрі сай.

Жаз жайлауы Көздікөл,

Көздікөлді жайлаған

Қалың қыпшақ жағалай, — деп батырлар жырын сөйлеткенде алдыңнан Байшұбарын кісінетіп Алпамыс батыр, Тайбуырылын тебінтіп Қобыланды батыр шыға келгендей болады.  Бұл  бала күннен санамызға сіңіп, жатталып қалған жыр жолдары. Бұл жырларды біз пілте шамның жарығында отырып, ата-әжелерімізге талай оқып бергенбіз.

Ара-арасында «Жырдың ана жері қандай еді? Пәленше не деуші еді?» деп сауал тастап, әңгімеге өзімізді де қатыстырып отырады.

— Е-е, қарақтарым, бір кездері «әдебиетке таптық тұрғыдан қарау керек» деп, асыра сілтеушілердің кесірінен осындай жыр жауһарларынан бас тарта жаздағанбыз, — дейді қызықты бір жәйттің шетін шығарып. — «Алпамысты да, Қобыландыны да жарыққа шығаруға болмайды. Екеуі де қара халықты қанаған, мыңғырған малы, сансыз жалшысы болған байдың балалары. Жүрген жерінде  әйел алғыш, оларда «многоженство» бар», — деген кінә тақты. Батырлардан сіңірі шыққан кедей таптың өкілі,  аң-құс аулап, мергендігімен жалғыз өзі «тоқсан үйлі тобырды асыраған» Қамбар батыр ғана қалды. Мынадай таяздыққа күйінген бір ғалым ағаларың: «Онда сол Қобыланды мен Алпамысты шақырып, көп әйел алушылықтарын беттеріне басып, кәсіподақ жиналысына салсақ қайтеді» деп еді», — дейді. Біз үнсіз терең ойға батып қаламыз.

Мәлік аға дереу әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрып:

— Мен де сендер секілді журналист-жазушы боламын ба, деп күніне бір беттен  жазып отырдым. Жылдың аяғында қарасам, 365 беттік қолжазба болып шықты. Бас-аяғын жинақтап, баспадан «Сұрапыл жылдар» деген кітап етіп шығардым, — дейді. – Сондықтан көп оқыңдар. Оқығанда да кез келген дүниені емес, керек кітаптарды таңдап, талғап оқыңдар. Күніне кемі бір беттен жазып отырсаңдар, қаламдарың төселеді, — деп бәрімізге ой салады. Үлкен  міндет жүктейді.

Келесі сабақта бәріміз ағайдың әлгі «Сұрапыл жылдар» дейтін кітабын сатып әкеліп, қолтаңба жаздырып алып мәз болдық. Маған: «Айналайын, Әшірбек! Халқыңа ерлік еңбек ет» деп жазып берді. Курстасымыз, аяулы азамат Т. Байтасов алдына барғанда: «Біздің әдебиетшілердің ішінде Төрегелді  деген болмаушы еді», — деді жымиып. Сонда Төрегелді жүзінен қашан да жылылық есіп тұратын ашық та жайдары қалпымен: «Болмаса енді болады, аға» деді. Кітап авторы оған да: «Талабыңа нұр жаусын, қарағым» деген ағалық ақ тілегін білдіріп, қолтаңбасын түсіріп берді.

Шатаспасам, Мәлік Ғабдуллин  біз оқуға түскен сол 1972 жылдың қорытындысында «Қазақтың батырлық эпосы» деген еңбегі үшін Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығын алды.

«Төрт түлік мал» тақырыбын өткенде «марқа» деген не, «тоқты» деген не, «ісек» деп қандай қойды айтады?  Жыл­қыға қатысты: «құлын, тай, дөнен, құнан, бесті дегендерді білесіңдер ме?» деп әрқайсысымыздан сұрап шығады.

Ендігі бір лекциясында ұстазымыз лиро-эпостық, ғашықтық жырлар: «Қозы көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпанға» көшеді. «Бұл — біздің халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандары. Мұндай баға жетпес, құнды әдеби қазыналар басқа халықтарда жоқтың қасы. Көне гректерден «Илиада» мен «Одиссея» келіп жеткен. Оның өзінде бұл поэмалардың төңірегінде әртүрлі таласты пікірлер айтылып жүр», — дейді.

«Айман-Шолпан» жырының басқа лиро-эпостық шығармалардан айырмашылығы, бұл — махаббат-ғашықтық, сүйіспеншілік жайын ғана қозғамайды. Мұнда ру мен ру арасындағы араздық айтылады. Сондықтан мұны тарихи- эпикалық поэма деуге  болады», — деп бастайды да:

— Осы «Айман-Шолпан» жырындағы  әлгі батырдың аты кім еді? – дейді әдейі сұрап. Ішімізден шапшаң біреу:

— Көтібар ма, ағай?! – деп дүңк еткізіп қойып қалады.

— Әп-бәрекелді! Кім де болсаң батыл ауыз екенсің! – дейді ағамыз. — Өткен жылы емтихан үстінде бір студент қыз осы батырдың атын атай алмай, қипақтап әрі отырды, бері отырды. Сөйтіп, бір уақытта:

— Ағай, сыпайылап айтсам қайтеді? – деді

— Е-е, айта қой, қарағым, — дедім. Сондағы айтқаны «Көтекең» болды.

— Ой, қарағым-ай! Сыпайылап айтамын деп одан бетер құрттың ғой, — дедім. – Жалпы мұнда тұрған ештеңе жоқ. Көтібар Берсенұлы  ойдан шығарылған кейіпкер  емес. Тарихта болған адам. Оның атын қойған мен де, сендер де емессіңдер. Әке-шешесі қойған..

Өстіп отырып, сабақтың қалай тез өтіп, үзілістің қалай болғанын білмей қаламыз. Осылай арадағы екі-үш ай да зымырап өте шықты. Алда жаңа 1973 жыл келе жатты. Ағай бәрімізбен жылы қоштасып, «Жаңа жылды амандық-саулықпен, жақсы табыстармен қарсы алайық!  Енді бір жылдан кейін кездесеміз» деп кетті.

Бірінші курстықтар университет қабырғасындағы алғашқы Жаңа жылды өзімізше қарсы алып, мәре-сәре болдық. Жаңа жылдың 3-қаңтары күні «Не дейсің, профессор Мәлік Ғабдуллин қайтыс болыпты» деген суық хабар тарады. Есеңгіреп қалғандай болдық. Ұлағатты ұстаздың қазасына бүкіл университет қайғырды. (Жақында «Егемен Қазақстаннан» ғалым Серік Неги­мовтың естелігінен оқыдым.  Мәлік аға 1973 жылдың 1 қаңтары күні өзінің күнделігіне: «Міне, 1973 – Жаңа жыл да келді. Халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі бойынша әр үйде Жаңа жылды қарсы алу кеші өткізіледі ғой. Сол кеште ағайын-туыс, дос, жора-жолдастар бас қосады, Жаңа жылға арналған тілектер айтылады. Жаңа жылдан әр алуан жақсылық, қуаныш пен шаттық, мықты денсаулық тілейміз және «соның бәрін бере гөр» дейміз. Осындай тілекпен 1973 – Жаңа жылды да қарсы алдық» деп жазыпты. Ол кісі келесі күні түстен кейін академияға келіп, әріптестеріне ұзақ ғұмыр, жақсылық тілеген. Кешке таман үйінде жатып, кенеттен көз жұмған…)

Аяулы азамат, көрнекті ғалымды соңғы сапарға Алматының бүкіл зиялы қауымы, жоғары оқу орындары­ның ұстаздары мен студенттері шығарып салды. Кеңсай зиратында қаралы жиын болып, онда басқалармен қоса, әдебиетіміздің сол кездегі көзі тірі ақсақалы, академик жазушы Сәбит Мұқанов сөз сөйледі.  Мәлік Ғабдуллиннің биязы мінезді жан, биік парасатты азамат, көрнекті әдебиетші ғалым, қайраткер тұлға болғанын айтты. «Мен Төлеген Тоқтаров туралы «Намыс гвардиясы» деген пьеса жазғанымда алғашқы болып, Мәлік  оқып шығып, шынайы жанашырлық пікірін білдіріп еді»  деді.  Мәлік ағамыз Кеңес Одағының Батыры болғандықтан әскерилер қарудан оқ атып, құрмет көрсетті. Сөйлегендердің қай-қайсысы да жиналған жұрттың сай-сүйегін сырқыратты. Соның ал­дында бірер күн бұрын ғана зиратқа ел басшысы Дін­мұхаммед Қонаевтың шешесі Зәуре Байырқызы жерленген екен. Ағамызға да сол маңнан топырақ бұйырды.

Ғибартты да тәлімді дәрістерін тыңдап, ұлағатты ұстазға бауыр басып қалған біз енесінен айрылған жетім қозыдай күй кештік.

Бір сөзбен айтқанда, университеттің қабырғасында алғашқы жыл білім алған бізге профессор М.Ғабдуллин кереметтей әсер қалдырды. Сондықтан болса керек, басқаны қайдам, мен өзім Мәлік ағай туралы жылт еткен нәрсені іздеп жүріп оқитын болдым. Сөйтіп жүргенде 1975 жылы  Алматыдағы «Мектеп» баспасынан жазушы Әзілхан Нұршайықовтың  «Тоғыз толғау» деп аталатын кітабы жарық көрді. Қарасам,  Мәлік Ғабдуллин туралы екен. Кітап қолыма тиісімен мен оны бас алмай оқып шықтым.

Автормен  екеуінің арасындағы әңгіме  арқылы  ол кісінің өмір белестеріне және әдебиетімізге қатысты тағылым аларлық бірқатар мәселелер қамтылыпты.

Кітаптың бір тарауында (үшінші толғау: «Тағдыр таразысы») ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген жас маман М. Ғаб­дуллиннің бір жылдай «Пионер» газетінде жұмыс істеп, 1936-37 жылдар аралығында Өзбекстандағы Ферғана маңына әскери дайындықтан өтуге барғаны айтылады. Оны Мәлік ағамыз былай әңгімелейді:

«Бір жылға келгендер командасының бастығы Гаврилов дейтін капитан еді. Тамаша адам болды. Мен винтовка мен наганнан өте мерген болдым. Капитан Гаврилов талай сүйсініп, арқамнан қағып еді.

Бір күні дивизия бойынша үлкен жарыс өтті. Оны өткізуге САВО-ның әскери әзірлік бөлімінің бастығы Павел Степанович Рыбалко келді. Винтовка мен наганнан оқ атудан мен бірінші орынға ие болдым. Рыбалко қолымды қысып, артынан алғыс жариялатты.

Әркім әртүрлі өнерімен танылып жатты. ҚазПИ-дің фи­зика-математика факультетін бізбен бітірген Қасым Мұратбаев керемет қылышкер еді. Шауып келе  жатқан аттың үстінде тізгінді аузына тістеп, тікесінен тұрып екі қылышпен сілтегенде  нысанаға шанышқан талды керемет кесіп түсетін.

Рыбалко оған да алғыс жариялады. Екеуміздің фами­лиямызды өзінің қойын дәптеріне жазып әкетті. Ол күні дүниеде Мұратбаев екеумізден бақытты ешкім болмаған шығар, сірә!

Сонымен, бір жыл бітуге тақап, соңғы емтихан күні жақындап келе жатты. Осы кезде рота политругы болып жүрген Семин полкке комиссар боп тағайындалды. Бұл  бір аса қатыгез, қыңыр кісі болды.

Көп ұзамай біздің соңғы емтихандарымыз да бітті. Мен винтовка мен наганнан оқ атуда бұрынғымдай көрсеткішке ие болдым. 5-тен кем емеспін деп есептедім. Ат ойынынан бұрынғы үшімнен төмендемедім. Енді қайтсем де лейтенант, не кіші лейтенант боламын деп қуанып жүрмін.

Осыдан 3-4 күн өткен соң, САВО-дан бұйрық келді. Бір жылдық курстағылардың көпшілігіне лейтенант, кіші лейтенант деген атақ берілген. Тек Мәлік Ғабдуллин, Шәпи Изатов, Хамза Қабдолов үшеуі қызыл әскер атағымен қалдырылған. Он адамға енді екі айға қалып, емтиханды қайта тапсыруға рұқсат етілген.

Лейтенант атағын алғандар жаңа киім киіп, жарқырап елге кетті. Қайта емтихан тапсыруға қалғандар басқа казармаға ауысты. Көзіміз бозарып Изатов, Қабдолов және мен үшеуміз ескі киіммен қалдық.

Бір күні комиссарға бардық.

— Лейтенанттар кетті, бізді елге қайтармайсыздар ма? Біздің жазығымыз не? — дедік.

Семин тісті шақырлатып, әке-бабамыздан құлдилатып жездей қақтады» …

Осы жолдарды оқып отырғанда менің көкейіме: «бұл үшеуіне неліктен лейтенант, не кіші лейтенант  атағы берілмеген? Оның үстіне Мәлік ағаның өзі: «Винтовка мен наганнан оқ атудан мен бірінші орынға ие болдым. САВО-ның әскери әзірлік бөлімінің бастығы Рыбалко қолымды қысып, артынан алғыс жариялатты. Емтихандарды да солай тапсырдым» деп отыр емес пе?» деген сұрақ келді. Алайда, менің ой-санам, таным-түсінігім қатаң да  қасаң коммунистік саясаттың шырмауында болғандықтан ба екен, ол сұрақтардың жауабын қанша ойлансам да таба алмадым. Сөйтіп, бұл жәйт ұмытылып кеткендей еді.

Әйтсе де  мен бұл сұрақтың жауабын, сол бір  жұмбақ жәйттің сыры мен себебін арада он үш жыл өткен соң, яғни  қайта құру  заманы  келгенде  бір-ақ  білдім.

Кешегі 80-жылдардың орта тұсында КСРО-да қайта құру, бетбұрыс заманы басталып, 1986 жылдың аяғында Алматыда әйгілі «Желтоқсан көтерілісі» бұрқ етті. Мұндай бас көтеруді күтпеген партия мен үкімет  шұғыл шаралар қабылдап, алаңға шыққан жастарды бас-көзге қарамай қатаң жазалады.  Біразын соттап, біразын комсомолдан, оқудан шығарды, бірталайын жұмыстан қуды. Ойламаған жерден болған оқиғаны билік басындағы СОКП Орталық Комитеті «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалап, 1987 жылдың шілдесінде «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. (Арада екі жыл өткен соң, яғни 1989 жылдың қарашасында Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлтжанды азаматтардың талабымен бұл қаулы күшін жойды).

Аталған «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты  жастар арасында идеологиялық саяси-тәрбие жұмысын күшей­тейік деген мақсатты көздеген болулары керек, жоғарының нұсқауымен 1988 жылдың қаңтарынан Алматыда екі тілде студенттік «Горизонт» және «Өркен» газеттері шығарыла бастады. Біраз жас журналистер сонда қызметке шақы­рылдық. Уақыттың, заман ағымының ықпалы шығар, бұл басылымдар бұрын-соңды айтылмаған тақырыптарды қозғап, өткір мақалалар жазуымен ерекшеленді. Сөйтіп, жұртшылық арасында бірден танылып, үлкен беделге ие болып кетті.

Басқалар «әліптің артын бағып» қорқасоқтап жүргенде «37-ші жылдың ақтаңдақтары» туралы алғаш болып  осы «Өркен» мен «Горизонт»  жазды. Қуғын-сүргін құрбанда­рын жазумен танымал болған журналист Армиял Тасым­бековтің жазықсыз жапа шеккен арыстардың аяулы жарлары жайындағы  «Жазығы не еді, апалардың?» мақа­лалар топтамасы тұңғыш рет «Өркен» апталығында жарық көрді. Жұртшылық  бұл екі газетті ақиқат пен ашықтықтың жаршысындай қабылдап, айта алмай жүрген ойларын осында келіп айтып, жариялай алмай жүрген мақала-материалдарын осында әкелетін болды.

Осындай батылдық пен жариялылықтың әсері болар, бір жолы редакциямызға белгілі әдебиетші ғалым Серік Негимов келіп:

— Мен  Мәлік Ғабдуллин ағамыздың  бұрын еш жерде жарық көрмеген, артына аманаттап тастап кеткен «Мен халық жауы емеспін!» деген қолжазбасын әкеліп едім. Жариялайсыздар ма? – деді. Біз:

— Жариялаймыз. Бірақ, бір шартымыз бар, — дедік.

— Ол қандай шарт?

— Мақала жарық көргенше ешкімге тіс жарып айтпа­саңыз. Өйткені, кейбір авторлар жарияланатын мақаласын  қуанып алдын ала айтып қойып, әртүрлі кедергілерге тап болып жүрміз.

— Келістік!

Қолжазба біршама көлемді екен. Сондықтан оны газеттің үш нөміріне бөліп бердік. Сөйтіп, ол «Өркен» газетінің 1988 жылғы 16 және 23 шілде, 6 тамыз күнгі сандарында еш өзгертусіз «Мен халық жауы емеспін!» деген атпен жарияланды. Мұны оқыған жұрт шу ете түсті. «Япырай-ә, бұл кісі де қудаланып, қиянат көрген екен-ау?» десті. Редакцияға талайлар телефон соғып, ой-пікірлерін білдірісті. Газеттің сол нөмірлерін ел қолдан-қолға тигізбей оқыды. Таба алмағандар редакциядан келіп алды.

Түбінде іштегі запыранды сыртқа шығаратын, бәрін ашық айтатын ақжарылқап заманның туатынын білді ме екен. Ол кісі өзінің естелігінде жоқ жерден қалай «халық жауларының» қатарына іліккенін, қалай қуғын-сүргін көргенін   түгел жасырмай жазған.  Естелік мақаланы түгел келтіріп жатудың қисыны да, мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан кейбір тұстарынан үзінділер бергенді жөн көрдік.

Мұнда да жоғарыда айтылғандай әскери дайындық емтихандарын ойдағыдай тапсырып, САВО-дан (Орта Азия әскери округінен) бұйрық күтіп жүргендері айтылады. Тек емтиханнан нашар баға алған бес жігіт — Құрақбаев, Есмамбетов, Коротков, Хайруллин және Бухбин  қайта тапсыру үшін екі ай мерзімге қалдырылады.

«Жиналыс бітті, — деп жазады автор. — Жататын казар­ма­ларымызға келдік. Оқуды бітірген жігіттер  көңілді, казарманы бастарына  көтере өлеңдетуде. Ал, екі айлық мерзімге кейінге  қалған бес жігіт көңілсіз, ренжіп жүр. Біз олардың көңілін көтеріп, «ренжімеңдер, ертең-ақ сендер де емтиханды ойдағыдай беріп шығасыңдар» дегендей жұбату айтамыз.

Арада екі күн өтті. Команданың жігіттері округтің бұйрығын күтумен отыр. Күнделікті әскери сабақ, қызмет жоқ. Уақыттың көбін кино-театрға жіберіп жатырмыз. Неліктен екенін білмейміз, сол күннен бастап Жамаш пен Әли бізден бойларын аулақ сала бастады. Бұрынғыдай әзіл-оспақ айтуды, қалжыңдасуды да қойды, тек өздері оңашаланып жүретін болды.

Сөйтіп, жүрген шақта Алматыдан «Лениншіл жас» газетінің 1937 жылғы қыркүйек айының 22-сі күні шыққан  №150 (1414) нөмірі  келе қалды. (Бұл газетті Әли алдырып тұратын). Газетті алдымен оқып шыққан Әли еді.

— «Лениншіл жасты» өзің оқып шықсаң, маған берші, мен де қарайын, — дедім Әлиге.

— Әлі оқып болғаным жоқ, кейін берейін, — деп Әли газетті төрт бүктеді де, қалтасына салды. Содан соң ол қасына Жамашты ертіп далаға шығып кетті. Олардың қайда кетіп бара жатқанында ешкімнің жұмысы болған жоқ. Осыдан кейін арада бір сағат өтті ме-өтпеді ме,  білмеймін, штабтан кезекші  жігіт біз жатқан казармаға жүгіріп  келді. Есіктен кіре-ақ:

— Мұратбаев, Қабдолов, Ғабдуллин, Изатов қайда­сыңдар? — деп айғайлады.

— Уа, мұндамыз. Не болып қалды?

— Тез болыңыздар. Сіздерді штабқа  полк комиссары Семенов жолдас шақырып жатыр…»

 Барған бойда полк комиссары Семенов бұларға: «мә, оқыңдар!» деп зілдене тіл қатып,  «Лениншіл жас» газетінің әлгі санын алдарына тастайды. Газетті қолдарына алып қарағанда одан: «Алматыда қалалық комсомол конферен­циясы болғаны, онда халық жауларына қарсы аяусыз күрес жүргізу керек, бұл ретте комсомол мүшелері қырағы болсын» деген жолдарды оқиды.

Газеттегі хабарға қарағанда, жаңағы конференцияда көптеген адамдар сөйлейді. Соның бірі Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтының директоры болады. Ол сөзінде КазПИ-де комсомолдардың ұлтшылдық тобы болды, бұл топ әшкереленген халық жауларымен тығыз байланыс жасады және олардың нұсқауы бойынша жастар арасында ұлтшылдық, жаулық жұмыстар жүргізді, кеңес өкіметіне, партияға қарсы күресті. Мұндай ұлтшылдық топты басқарушының бірі Қасым Мұратбаев болды» делінген.

Бар болғаны осы! Былайша айтқанда, Алматыда басталған әйгілі 37-нің зобалаңының от-шарпуы сонау айдалада, Ферғанада әскери дайындықтан өтіп жүрген бұларға да жетеді.

Көп өтпей-ақ дивизияның айрықша бөлімінің нұсқауымен Қасым Мұратбаев дереу қамауға алынады. Оның қасында жүрген Қабдолов, Ғабдуллин, Изатовтың басына «қара бұлт үймелеп», оларды да қуғындау басталады. Шұғыл полктың комсомол  жиналысы шақы­рылып, қастарында жүрген «Мұратбаевтың жаулық әрекетін жасырып келгендері үшін» бұлар ұйым мүше­лігінен шығарылады. Бұл жөнінде былай деп жазылған: «Бұдан кейін Қабдоловтың, сонан соң Изатовтың мәселесі қаралды. Бұлардың  Мұратбаевты жау деп әшкереле­мегендігі, жауды танымай, қырағы­лықтарын жойғандығы басты айыптары болып табылды. Сондықтан мұндай комсомолдар комсомол қатарынан шығарылсын деп қаулы алынды.

Жиналыстың соңында менің мәселем қаралды. Маған да: «Мұратбаевты әшкерелемедің, айтпадың, демек, оны жасырдың» деген айып тағылды…

… Мен де комсомолдан шығарылдым… Мұны өз қара басым өлімге теңедім. Шынымды айтсам, командирлік атақ  берілмеуіне онша көп қиналған жоқ едім. Ал, комсомолдан шығуыма қатты күйзелдім. Осы бір күйзеліс сезіммен казармаға келдім. Келсем, казарма кезекшісі: «Сіздерді кухняға шақырып жатыр» дегенді айтты. Мен, Қабдолов пен Изатов үшеуміз бір-бірімізге тіл қатпастан, ақырын баса кухняға аяңдап келеміз. Міне, кухняға да жеттік. Картошка салынған қаптың қасына отыра кеттік. Күндегі таныс жұмысымызға кірісе бастадық».

Сөйтіп, үшеуі күндіз тынымсыз атқора тазалау, кешке асханада картоп аршу сияқты жұмыстарға жегіліп, түн ортасында айрықша бөлімге шақырылып, тергеуге алынады. Шевченко дейтін тергеуші үшеуін кезек-кезек шақырып, «Қасым Мұратбаевтың кеңес үкіметіне, пар­тияға қарсы жүргізген үгіт-насихаты, жаулық, ұлтшылдық  әрекеттері туралы айтып, әшкерелеңдер» дейді. «Өздерің де сондай ұлтшылдық ұйымның мүшесі болғансыңдар» деп қорқытпақ  та болады. Бұл орайда тергеушінің: «Мұратбаевпен бірге ұлтшылдық топта болғаның рас, оның жаулық әрекеттерін жасырып келгенің рас. Бірақ, сен мұны мойындамай отырсың. Бұл реттегі сенің сөзіңді дұрыстық, шындық делік. Ал, сен нағыз халық жаулары­мен байланыс жасағаныңды, соңғы кезге дейін олармен қарым-қатынасыңды үзбегеніңді қалай, қайтіп жасыр­мақсың? Осы соңғы фактінің өзі-ақ сенің кім екендігіңді көрсетпей ме?» деуі жан түршігерліктей жала болатын.

Осылай түнделетіп, тергеу, сансыз сұрақтардың астына алу бірнеше күнге созылады. Айрықша бөлім Алматыға да астыртын хабарласып, бұлардың «халық жауларымен» байланысын тексереді. Алайда, мұндай мойындату, әшкерелеу әрекеттерінен түк шықпаған соң ер-тоқымын сыпырғандай етіп, үшеуіне жәй қатардағы қызыл әскер деген  атақ беріп, кері қайтарады. Жолшыбай Шәпи Изатов Шымкентте түсіп қалады да, Хамза Қабдолов тура туған жері  Талдықорғанға тартады. Мәлік Ғабдуллин Алматыға келеді.

Мұнда келгенде ол комсомолдан шығарылып, офи­церлік атақ берілмегендіктен біразға дейін сенделіп жұмыссыз жүреді. Осындай «саяси сенімсіздігі үшін»  оны,  тіпті,  техникум жатақханасының коменданты етіп те жұмысқа алмай қояды. Өйткені, әрбір адамға  күдіктене қарайтын, жаппай  «халық жауларын» әшкерелеп жатқан  науқанның қызған шағы болатын. Сондықтан оған темір жол маңында вагоннан көмір мен сексеуіл түсіріп күнелтуіне тура келеді. Кейіннен жанашыр азаматтардың араласуымен «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор­дың көмекшісі болып орналасады. Артынан өз маман­дығы бойынша Қазақ КСР Ғылым академиясының Әде­биет институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады.

1938 жылғы 19 қаңтарда ВКП(б) Орталық Комитетінің партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару барысында жіберген қателері және оны түзету жолдары тура­лы қаулысы шығады. Осы қаулыны негізге алып, М. Ғабдул­лин дивизияға және әскери округке өтініш-арыз  жазып жүріп, баяғы өзі қызмет еткен Ферғанадағы әскери бөлімге қайта барып, сондағы партиялық комиссияның шешімімен комсомолға мүшелігі қалпына келтіріліп, Алматыға комсомол билетін алып қайтады.

Әйтсе де 37-жылдың зобалаңымен жазықсыз жала жабылып, кінәсіз қуғын-сүргін көруі  асыл азаматтың жүрегіне жара салып, көңілінде ұмытылмастай дақ болып қалған еді…

Ал, командирлік атағын алу жөніндегі арызынан нәтиже шыға қоймайды. Сол 1938 жылдың күзінде  КазПИ-дің жанынан аспирантура ашылып, соған қабыл­данады. Оқуға бар ынтасымен кірісіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 1939 жылдың сәуірінде партия мүшелігіне кандидат,  келесі жылдың мамырында толық мүшелікке өтеді.

Аспирантурада оқып жүргенінде соғыс басталып кетіп, 1941 жылдың шілдесінде Алматыда №316 дивизия (кейіннен Панфилов атындағы гвардиялық сегізінші дивизия атанған) құрылып, Мәлік Ғабдуллин соның №1075 полкына рота политругы болып тағайындалады. Көп кешікпей майданға аттанып, 1942 жылдың наурызында Новогород облысындағы Холм қаласын азат етуде  көрсеткен асқан ерлігі үшін  Мәлік Ғабдуллинге Кеңес одағының Батыры деген жоғары атақ беріледі.

Тағдыр деген қызық қой!  «Ат баспаймын деген жерін үш басады». Өмір кездеспеймін деген адаммен қайта кездестіріп жатады. Өзіне соншама жәбір көрсеткен баяғы  полк комиссары М. Д. Семенов   Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин Мәскеуде Қызыл армияның Саяси бас басқармасында қызмет етіп жүргенде кездейсоқ алдына келеді. Ол Семеновты жазбай таниды. Бұрынғы комиссарын жанына отырғызып алып, болған оқиғаны бастан-аяқ әңгімелеп береді. («Мен халық жауы емеспін!» деген мақала да Семеновқа баяндау түрінде жазылған). Сөйтсе Семенов соғыс кезінде жау қолына түсіп,  тұтқын­да болғаны үшін әскери атағынан айрылып, партиядан шығарылыпты.  Соны қалпына келтіремін бе деп КСРО Қорғаныс министрлігінің Саяси бас басқармасына  арызданып келіп отырған беті екен. Күтпеген жерден өзі бір кезде қиянат жасаған азаматқа тап болып, әлгіндей әңгімені естіген Семенов еңіреп қоя береді. Сөйтеді де: «бәрі бітті, мен құрыдым!» деп орнынан тұрып, есікке беттейді. Сол кезде Мәлік Ғабдуллин оны тоқтатып:

— Михаил Дмитриевич, қайда барасыз? Ешқайда кетпеңіз, — дейді. —  Біздің халықта «таспен ұрғанды аспен ұр» деген нақыл бар. Мен сізден өш алғалы тұрған жоқпын. Қайта бұрынғы комиссарым  ретінде қолдан келген көмегімді көрсетемін».

—  Шын айтып тұрсыз ба? — дегендей Семенов дағ­дарып тұрып қалады.

— Сізден бір ғана өтінішім бар, — дейді Ғабдуллин сөзін жалғап. — Осы оқиғаны балаларыңыз бен немерелеріңізге  айтып берсеңіз. Олар сіз жасаған қателікті  қайталамаса екен.

— Міндетті түрде айтамын! – дейді уайымы сейілген Семенов қоштасып бара жатып. – Міндетті түрде!

Айтқандай-ақ, Мәлік ағамыз Саяси басқарма бас­шыларына өтініш айтып, өзінің бұрынғы комиссарына кө­мектесулерін сұрайды. Сөйтіп, мәселе оң шешіліп,  М.Д. Се­меновтың  әскери атағы және партиялылығы қалпына келтіріледі.  Бұған арнайы хат жазып, бір кездегі қиянаты үшін қатты өкініп, жасаған жақсылығын өмір бойы ұмытпайтындығын айтады.

Бұл ел басына күн туғанда, Отан үшін от кешіп батыр атанған, бейбіт күнде ғылымға қалтқысыз қызмет еткен халқымыздың аяулы ұлдарының бірі,  атпал азамат Мәлік Ғабдуллиннің  асқан адамгершілік пен биік парасатының көрінісі еді.

Мұнда келгенде ол комсомолдан шығарылып, офицерлік атақ берілмегендіктен біразға дейін сенделіп жұмыссыз жүреді. Осындай «саяси сенімсіздігі үшін»  оны,  тіпті,  техникум жатақханасының коменданты етіп те жұмысқа алмай қояды. Өйткені, әрбір адамға  күдіктене қарайтын, жаппай  «халық жауларын» әшкерелеп жатқан  науқанның қызған шағы болатын. Сондықтан оған темір жол маңында вагоннан көмір мен сексеуіл түсіріп күнелтуіне тура келеді. Кейіннен жанашыр азаматтардың араласуымен «Социалистік Қазақстан» газетіне редактордың көмекшісі болып орналасады. Артынан өз мамандығы бойынша Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *