БАТЫРДАН ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихына өзінің өшпес ізін қалдырды. Қанқұйлы фашизмге қарсы күресте қаншама боздақтар мерт болып, ана ұлынан, әйел жарынан, бала әкесінен айырылды, оның зардабы бірде-бір отбасын айналып өткен жоқ. Майдан даласынан қаншама жауынгерлер мүгедек болып елге оралды. Соғыс салдарынан Кеңестік Одақ құрамындағы республикалардың дамуы тежеліп, халық шаруашылығы күйзеліске ұшырады.

Иә, уақыт бәріне емші… Десек те, біз өткенімізді ұмытпай есте ұстайтын, барымызды бағалай білетін халықпыз. Сондықтан Жеңіс солдаттарының көзі тірісін құрметтеп, бақилық болғандарының рухына зиярат етеміз. Төменде біз Екінші дүниежүзілік соғыста неміс-фашистеріне қарсы күресте аңыз адамға айналған партизанмен болған кездесу жөнінде сөз етпекпіз.

Әлі есімде, 1989 жылдың жел­тоқ­­сан айы болатын. Мен ол кезде «Алма­лы» кеңшарында партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеп жүргенмін. Ертеңгісін жұмысқа келгенімде кабинеттегі қызмет телефоны «шырылдап» қоя берді. Тұтқаны көтергенімде арғы жақтан: «Қордай аудандық партия комитетінің идеология бөлімінен ғой. Сіздерге Қазақстан Жазу­шылар одағынан творчестволық ісса­пармен партизан-жазушы Қасым Қайсенов бара жатыр. Күтіп алып, одан әрі оқырман­дармен кездесуін ұйымдастыры­ңыздар», – деді. Шыны керек, парти­зан Қайсеновтің аты атал­ғанда абдырап қалдым. Бүкіл Одаққа танымал қаһарман парти­занмен кездесудің өзі бір ғанибет дегенмен, ал оның арғы жағында үлкен жауапкершілік те тұрған еді. Соғыс сұрапылын көрген майдан­гердің мінезі де қатал шығар, ал біз қонақ күтуде оның ойынан шықпай жатсақ қалай болар екен дегендей ойлар алаңдатпай қоймады. Дегенмен, артқа шегінерге жол жоқ, тәуекел деп алдын-ала қонақ күтуге байланысты дайындықтарға білек сыбана кірісіп кеттік.

Сонымен, олар үйге кеш түсе келді. Жолай басқа ауылдарға да бұрылған болуы керек. Алғаш көргеннен-ақ байқағаным, Қасым ағаның жүзі жылы, әрі өзі сабыр­лы екен. Қазақтың хас батырла­рына тән түр-тұлғасының өзі сонау алмағайып кезеңде партизан отрядтарының командирлігіне сұранып-ақ тұрғандай еді. Қасым аға өзімен бірге ақын інісі Есләм Зікібаевты ерте келіпті.

Бір кезде біз отырған қонақ бөлмеге алматылық меймандарға бейтаныс жігіт ағасы келіп кірді. Ол Қасым ағадан бастап бәрімізбен қол алысып амандасып, жанымызға жайғасты.

– Бұл кісі Телтай Есперов деген азамат, – дедім мен оны таныс­тырып. – Менің Кенен ауылында 10 жыл бірге оқыған кластасым Розаның күйеуі. Оған бірге болайық, сіздермен таныссын, әңгімелеріңізді естісін деп арнайы шақырған едім, – дедім мен.

– Қасым аға, әдебиетке қалай келдіңіз, – деп сұрадым ет желініп болып, сонан кейінгі шайға дейінгі үзілісте. Ол тершіген маңдайын беторамалымен сүртіп, бізге кү­лім­сірей қарап жауап берді.

– Бәрі ойламаған жерден болды. Соғыста бастан кешкен, көзім көрген оқиғаларды қағазға түсіріп көрейінші деп орыс тілінде «Жас партизандар» деген атпен алғашқы тырнақалды шығармамды жаздым. Ол 1954 жылы кітап болып басылып, лезде таралып кетті. Бұл тірлігім майдангер достарыма қатты ұнады. Олар: «тоқтама, тағы да жаза бер» деп дем берді. Мен соғыс тақырыбына одан әрі қалам тартып, «Днепрде», «Партизан соқпақтары», «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала» және басқа да әңгіме, повестерімді жаздым, – деді ол.

Аудан орталығы мен біз тұрған ауылдың ара қашықтығы 100 шақырым. Қонақтар ұзақ жол жүріп шаршап келгеніне қара­мастан түн ортасына дейін біраз әңгіменің басын қайырып, өте көңілді отырды.

Қасым аға әңгіме үстінде жазған кітаптарының атауларын айтқаны болмаса, соғыс тақыры­бын мүлдем сөз еткен жоқ. Біз де кешегі қиын-қыстау күндерді майдангердің есіне түсіріп жүрегін ауыртуды жөн көрмедік.

Сонымен, оқырмандармен кездесу келесі күні ауылдағы Алмалы орта мектебінде ұйымдас­ты­рылды. Мәжіліс залына жинал­ған жоғары класс оқушылары, мұғалімдер мен ата-аналар қаһар­ман майдангерді көзбен көріп, оның партизандық жорықтарда ерлікке толы бастан кешкен оқи­ғаларын қызыға тыңдап, сұрақ­тарын қойып, жауаптарын алды.

– Мен жан берісіп, жан алыс­қан кешегі қан майданда жүргенде осындай бейбіт күннің ұрпағымен кездесем деп өңім түгілі түсімде де көргенім жоқ. Соғыс басталған 1941 жылдан әрі Мәскеудегі ар­найы әскери барлаушылар даяр­лайтын мектепті бітіре сала 23 жасымда жау жайлаған Украина жеріне ұшақтан парашютпен түсіріліп, неміс басқыншыларына қарсы партизандық іс-қимылға кірістік. Партизандық отрядқа жетекшілік еттім. Соғыс майда­нындағы жорықтарымыз одан әрі Молдавия, Румыния, Чехосло­вакия жерлерінде жалғасып, жау тылында фашистерге орасан соққылар бердік. Бізге олар қандай қатыгездік көрсетсе, сонысына қарай өздері де лайықты жауабын алды. Қазір сол оқ пен оттың ортасындағы күндерді еске алудың өзі жүрегіңді сыздатып, көңіліңді құлазытып жібереді. Соғыс адам­дарды қырып-жоюдың тәсілі, оның қасіреті орасан. Сіздерге тек бейбіт өмір тілеймін, – деді ол сөзінің соңында.

Кездесуде ақын Есләм Зікібаев жаңа өлеңдерін оқып, көпшілікті өзінің алдағы шығармашылық жоспарларымен таныстырды.

Мектептегі іс-шара аяқталған соң олар үйге келіп тамақтанып, біраз тынығып алды. Бір сәтте кездесу туралы не дер екен деп Қасым ағаның жүзіне қарадым.

– Ауыл адамдарының кітапты жақсы оқитындығы байқалды. Оқушы балалардың белсенділігі өте ұнады, – деді ол.

Сондай-ақ, ол кісіге біздің отба­сымыз да ұнаған сияқты. Қасым аға жолға шығар алдында сөредегі кітаптарды қарап, ішінен біреуін қолына алды. Ұлы ақын Абайдың өлеңдер жинағын таңдағанын сыртқы мұқабасынан бірден бай­қадым. Ол қолындағы қаламымен мұқабаның ішкі таза бетіне, тілегін жазып кітапты қолыма берді. Оқып көрсем: «Балаларым Әскен, Ұлту­ған! Зор бақытты қазақтың үлкен де, салтанатты шаңырағын көте­ріңдер! Партизан Қайсенов. 20.12.89. Өздеріңнің үйлеріңде» деп жазыпты. Сосын қалтасынан кішкене ғана қағаздағы мекен-жай деректемесін (визиткасын) шыға­рып қолыма ұстатып жатып риза­шылық көңілде: – Айналайындар, Алматыға жолдарың түссе үйге келіңдер. Мына қағазда мекен-жайымыз толық көрсетілген, – деді.

Қолымызда қазақтың ержүрек батырының қолтаңбасы мен мекен-жайы көрсетілген тілдей қағазы әлі бар. Олар уақыт өте келе біздің отба­сымыз үшін құнды ескерт­кішке айналды. Қасым ағамен болған кездесу арада 30 жыл өтсе де көз алдымда.

 

Әскен БӘТІШЕВ,

зейнеткер.

Қордай ауданы, Кенен ауылы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *