БАСТЫ МАҚСАТ – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУ

Биыл Қазақстан халқы өз тәуелсіздігінің 27 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік халықтың ғасырлар бойы күткен арманы еді. Жалпыға мәлім 1991 жыл 1 желтоқсанда Қазақстанда Тұңғыш Президент сайлауы өтті. Еліміздің халқы өзінің таңдауын, қалауын Нұрсұлтан Назарбаевқа білдіріп, ол тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Еліміз бойынша сайлаушылардың 98,78 пайызы өз қалауын Н.Ә.Назарбаевқа білдіріп, дауыс берді. Осыдан кейін бұрынғы алып держава – КСРО-да елеулі оқиғалар болды. 1991 жылы 8 желтоқсанда Беловежье келісіміне қол қою үшін Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин, Украина Президенті Л.Кравчук, Беларусь Республикасының Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Шушкевич бас қосып, КСРО атты мемлекеттің тарих сахнасынан кетуі белгілейтін басты құжатты талқылап, КСРО-ны құру жөніндегі келісімнің заңдық күшінің жойылғандығын мәлімдеді. Нәтижесінде КСРО таратылды. Бұрынғы одаққа кірген одақтас республиканың халықаралық құқық субъектілері – жеке мемлекет ретінде өз тәуелсіздіктерін жариялады.

Қазақстан Кеңестік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» аса құнды Конс­титуциялық заң қабылданды. Ал Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 1991 жылы 16 желтоқсанда қол қойды. Еліміздің халқының сан ғасырлар бойғы армандаған асыл арманы жүзеге асты – еліміз тәуелсіз мемлекет болып жарияланып, әлемге белгілі жаңа  мемлекет – Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі пайда болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қызметіне кірісті.

Тәуелсіздік туралы заңда – Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Жеке мемлекет ретінде Қазақстан өз аума­ғында өкімет билігін толық иемденуге, ішкі, сыртқы сая­сатын дербес жүргізуге, өз байлығын өзі иеленуге құқылы болды. Тәуелсіздік туралы заңда еліміздің дамуының, өркендеуінің алғы-шарттары айқындалды. Онда адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық беру, ұлттар арасындағы татулық, биліктің құзыреттері, халық­аралық демократиялық қағидаттардың негізі анық көрсетілді. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған туыс­қан Түркия мемлекеті болса, одан кейін АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай тағы басқа да ұлы державалар еліміздің дербестігін мойындап, осы елдерде Қазақстан Республикасының дипломатиялық консульдық өкілеттіктерін ашуға жол ашылды. Қазақстан халқы үшін бұл ұмытылмас, өз тарихының орны ерекше күн болды. Жер бетінде жалпы алғанда 6 мың ұлт бар екен. Соның 150-ге жуығы ғана тәуелсіз ел қатарында екен. Солардың қатарына қосылған Қазақстан мемлекеті болып жария­ланып, дербес ел болуы қандай бақыт еді. Әрине, тәуел­сіздікке дейін қазақ елі талай қиындықтарды бастан өткізді. Қоқан шапқыншы­лығын, Ресейге бодандықты бастан өткіздік, қазақ осы зұлмат уақыттарда мың өліп, мың тіріл­ді. Бірақ болашақтан үміт үзбеді, елдікті, жерді сақтаудан ел болып, еңсесін көтеруден бас тартпады. Қазақстан Кеңестік қызыл империяның әр түрлі тәсілді саясатын да бастан кешірді. Ақырында ел аңсаған азаттыққа, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Жер жүзіндегі сан мыңдаған этнос, ұлттың бірі ретінде жеке мемлекет құрдық. Біріккен Ұлттар Ұйымына 193 мемлекет мүше болса, солардың арасында Қазақстан Республикасы да бар. Жер көлемі жөнінен Қазақстан мемлекеті әлемде 9-орын алады. Мұның өзі біздің ата-бабаларымыздың елі, жері үшін қасықтай қанын, шыбындай жанын төккендігінің белгісі емес пе? Бір ғана қазақ ұлтынан тұратын жеріміз патшалық Ресей қол астына өткеннен кейін, көп этносты елге айналды. Ресей билеушілері кезінде сол елден ауып келген шаруаларға, казактарға және басқадай босқындарға қазақтың іске жарамды жерлерін алып берді, осыдан кейін мал жаятын жер азайды, мал басы азайды, мұның соңы «мал, жан аман ба?» деп амандасатын халықтың ашар­шылыққа тап болуына әкеліп соқты. Мұндай ашаршы­лықты қазақтар Кеңес өкіметі тұсында да көрді. Азын-аулақ малын күштеп ұжымдық шаруашылыққа алғаннан кейін, миллиондаған қазақ аштан қырылды. Мұндай өрескел қатыгездікті айтқан адам халық жауы деп танылып, тергеусіз, тексерусіз – ату жазасына кесілді. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде қазақ жеріне шешендер, түріктер, немістер, поляктар, кәрістер, тағы басқа да ұлттар жер аударылды. Осы халықтарға бауырмал қазақ жұрты қамқорлық жасады, туған бауырындай оларды қарсы алды, ұлттық дәстүрді сақтап, олардың бәріне аузындағысын жырып беріп, қамқорлыққа алды. Кейіннен заман өзгеріп, өз Отанына қайтқан осы ұлт өкілдері, қазақ ұлтының ұлы қасиеттерін құрметпен еске алып, ұмытпайды. Қазақ елінің азаматтары Ұлы Отан соғысында да белсенділік танытып, талай ерліктердің үлгісін көрсетті. Қазақ елінен шыққан көптеген Кеңес Одағының батырлары сол уақыттың куәсі. Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақстан көп ұлтты елге айналды. Ұлтаралық қатынас тілі негізінен орыс тілі болды.

Қазақ тілі әдеп-ғұрып, салт-санасы ұмытыла бастады. Жақсы қызметке орыс тілін жете меңгергендер алынды. Осыған орай, қазақ мектептерінің саны да азайып кетті. Кеңестік кезеңнің өзінде қазақтарды ұлт ретінде санамай «қырғыздар» деп атағаны тарихқа аян. Алаш қайраткер­лерінің арқасында 1925 жылы қазақ деген тарихи атымызға ие болғанымыз жұртқа мәлім. Кеңестік дәуірде ұлттық идея, ұлтжандылық, ұлтшылдық деп танылды, талай адам жазықсыз, кінәсіз зардап шекті, халық жауы атанды.

Бүгінде біз тәуелсіз, егеменді мемлекетпіз. Осы ширек ғасырдың ішінде Қазақстанның экономикасы дамыды. Қазақстанды дүние жүзі мемлекет ретінде таныды, оның ішкі, сыртқы саясатымен есептесті. Еліміздің Елтаңбасы, Әнұраны басқа мемлекеттерде салтанатпен құрметтеледі. Еліміз биыл ЭКСПО– 2017 халықаралық көрмесін ойда­ғыдай өткізді, жер жүзінің 115 мемлекеті осы  көрмеге қатысу.

Қазақстанның беделі асқақ, мәртебесі биік. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыруы» атты  мақаласында – қазіргі кездегі әлемдік жаһандану жағдайында заман ағымына икемделіп, жаңа дәуірдің үлгілі үлгілерін бойымызға енгізіп, ұлттық кодымызды жандандыра беруді міндеттейді. Осы мақалада Елбасы Н.Ә.Назар­баев: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркен­детудің берік діні ете отырып, әрбір қада­мының басуын, болашаққа сеніммен бет бұруын қалай­мын», – деп тебірене жазды. Шындығында, ұлттық коды­мызға, яғни этикалық мәдениетімізге – қазақ халқының тілі, діні, әдеп-ғұрпы, салт-санасы, өнері, т.б. жатады. Ұлттық кодымыздың негізгі көрсеткіштері осылар. Ата-бабамыздан ұрпаққа үлгі болып келе жатқан дәстүріміздің озық үлгілерін ұрпаққа мирас етіп, қалдырып, сол жолды дамытуға тәрбиелесек деген міндеттен туындайды.

Әр ұлттың алға қойған мақсаты, мұраты бар. Олардың өзі ұлттық идеясы­ның ерекшеліктеріне қарай жасақ­талады. Қазақ ұлтының дүние жүзі халық­тарына үлгі боларлық салт-дәстүрлері баршылық. Қазақтың бауырмал­дығы, қонақжай­лылығы, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлығы, әйел жұртына, жас балаға қамқорлығы, бауырмалдығы мен туысқанға деген қамқорлығы, елге, жерге деген құрмет, тағы басқа толып жатқан дүние жүзі елдеріне үлгі болар­лық дәстүрлері жетерлік. «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – дейді Н.Ә.Назар­баев өзінің осы мақаласында.

Әрине, қазіргі заман ғылым мен техниканың дамыған басқа заманы. Осыған орай, әрбір қазақ­стандық тарих талабынан артта қалмай, адамгершілік қабілетін арттырып, XXІ ғасырға лайықты қасиеттерге лайықты ие болуы керек. Ол үшін компьютерлік сауаттылықты, шет тілдерін білуді, мәдени жетістік­терімізді дамытуды өмір қажеттілігіне айналдыру қажет. Жаңғыру жолында ұлттық жетістік­терімізді, бабалардан мирас болып қалған ізгі дәстүр­лерімізді жаңаша жандандыруымыз, өрлетуіміз керек.

Ол үшін әрбір қазақстандық өзінің ұлттық және жеке табысын білу, оны үнемді пайдаға асыру, келеше­гіңді жоспарлап, ысырапшылдыққа, даңғой­лыққа, астамшы­лыққа, орынсыз мақтаншы­лыққа жол бермей ел үшін, Отан үшін пайдалы қызмет істеуі қажет. XXІ ғасырдың басты талабы да ұлттың біре­гейлікті сақтау, яғни пайдалы салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен музыкамызды, әдебиеті­мізді, үлгі боларлық дәстүрге айналған образдарды бойы­мызда мәңгі сақтауға тиіспіз. Ол үшін білім, ғылым дамуы керек. Өйткені, рухани дамудың негізі – білім, ғылым. Осы құндылықтарды биікке қойған ұлт қана өз мақсатына жете­ді. Бірақ ұлттық кодымызды сақтаймын деп бойындағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегені кері тар­тып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық, – деді Елбасы өзінің осы құнды мақаласында. Кежегені кері тартатын, аяқтан шалатын ескі әдеттерді қазақ даласында жоқ деуге болмайды. Ондайлар қоғамымызда әлі де бар. Олар қазақтың арасындағы жерге, жүзге, руға бөлінетіндігі, жақын туыстарына деген заңға қайшы қамқорлық, көреалмаушылық, қызғаншақтық пен іштарлық және басқа да ірілі-ұсақты кемшіліктер көзге көрініп тұрады. Кезінде осындай ұлттық кемшіліктерді басқа біздің елді отарлаушылары да өз мүддесіне тиімді пайдалана білген. Мысалы, Ресей империясы қазақтарды отарлау саясатын жүзеге асыру кезінде генерал-губернатор М.М.Сперанскийдің «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Соны бір-біріне ұрып жарады. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек» деген ұсынысын отарлау саясаты кезінде басты басшылыққа алды. Қазақты қазаққа қарсы қойды, олардың бірлігін, туысқандығын жоққа шығарды. Мұндай солақай саяси саясат, қызыл империя дәуірінде де орын алды. Аштықтан өлген, сотталған, ел басқарған білімді адамдарынан айырылған ел қазақ жұрты болды. Оны тарихи деректер растайды. Мұндай ауыр зілзаланы кезінде қазақтың ұлы ақыны, данышпан ұлы Абай да басынан өткенді. Осыған орай кезінде Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған.

Міне, бүгінде бәріміз тәуелсіз елдің, Қазақстан мем­лекетінің азаматымыз. Бостандық, еркіндік, азаматтық өз қолымызда. Ендігі міндет – кезінде елінен, жерінен еңіреп еріксіз кеткен қазақ бауырларымызды біртіндеп елге қайтару, жердің, елдің иесінің санын, сапасын арттыру болып отыр. Егемендік алғалы Қазақстанға 1 миллионнан астам қандастар келді. Бұл үлкен жетістік, әлі де 5 мил­лиондай жерлестеріміз сырт елде жүр.

2017 жылы 23 маусымда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен V Дүние жүзі қазақтары құрылтайының кезекті жиыны өтті. Құрылтайда Елбасы алдағы уақытта алыстағы ағайынға жасалатын жағдайлар туралы ерекше тоқталды. Ең алдымен бұдан былай «Қазақстанға ораламын» деген кез-келген шет елдегі ағайынға есігіміз айқара ашық. Ол үшін «Отандастар» деген арнайы Қор құру жөнінде ұсыныс айтты. Сонымен бірге, шетте жүрген ағайын балаларының жоғары білім алуына бөлінетін квота саны алдағы уақытта 2 есеге өсетінін үкіметтік телеарналар мен баспасөз құралдары да шет елдегі қазақтарға таратылуға тиістілігін, шеттен келетін ағайынға арнайы әлеуметтік инфрақұрылым мен жұмыс­пен қамтуға байланысты «Жол картасы» бағдарламасы жасалатынын ерекше айтты. Елбасы сонымен бірге, алыстағы ағайынның жастарына арнайы Үндеу тастап: «Әрбір талантты жасты елге жеке-жеке шақырамын», – деді. Шетте жүрген бауырларымызға деген Елбасының осындай қамқорлығы, мәңгілік еліміздің дамуының, өркендеуінің ұлы жолы емес пе?

Басты мақсат: қазақ халқының ұлттық рухын жандандырып, жақсы салт-дәстүрлерімізді өрге бастыру, ұлттық кодтың басты тұжырымы – бауырмашылықты, Отансүйгіштікті, ел бірлігін нығайтуды сақтау. Бұл істе еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сіңірген еңбегі ерекше. Президентіміздің ерен еңбегі ескеріліп, тағы да Астана әуежайына, Алматының бір көшесіне – Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Бұл өте қуанышты оқиға. Бізде Президент – біреу, халық оған тіреу. Олай болса, Елбасының ұлы ұстанымдарын әр уақыт қолдап, Қазақстан мемлекетінің дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көруге әрбір азаматы өз үлесін қосуға тиіс деп ойлаймын.

 

Арықбай АҒЫБАЕВ,

заң ғылымының докторы,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close