Бастауыштың мұғалімі болу оңай емес

Ол өзі де баламен бала болып ойнап кетеді

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Есіл-дерті әлі де ойындағы бал­дырғандардың көңілін аулап, жүрегін баурап, көкіректеріне білім нұрын құя білген ұстазға әркез басымызды иеміз.

Ұстаз да диқан сияқты. Ол алдында отырған жас баланың бойына білім дәнін себеді. Мұғалім оған әріп үйретіп, сан жаттатқызып қана қоймай, адамгершілік, иман­дылық, әдептілік сынды рухани құндылықтарды сіңіруге де қызмет ететін тұлға.

НҰРЖАНАТ Камиева еңбек жолын Зайсан ауданында (ШҚО) балабақшадан бастаған. Періште көңіл балалар дегенде мейірімі асып-төгіле кететін ол мұғалім маман­дығын жүрегімен таңдады. 1996 жылы Абай атындағы Алматы мемле­кеттік университетінің «Бас­тауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі» маман­дығын алып шықты. Сөйтіп, толыққанды ұстаз ретінде Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектепте мұғалім болып істеді. Бүгінгі таңда №141 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Енді ғана бой көтеріп өсіп келе жатқан нәзік гүлдердің бағбаны болып жүр.

ТАҢЕРТЕҢ сабаққа келгенде, алдымен кішкентай достарының қас-қабағын бақылайды. Көңілсіз отыр­ған, ұйқысы қанбаған балаларды сергітіп алу үшін қызықты ойын жаттығуларын жасатып алады. Сосын өзі де баламен бала болып ойнап кетеді.

Аяулы ұстаз кешке – үйге, таңер­тең – мектепке асығады. Үйінде отырғанда да кей шәкірт­терінің күндізгі қылықтары есіне түсіп, езу тартып күліп алатыны бар. Оның балаларды жақсы көретіні соншалық, үйде де, түзде де жүргенде балалары осылай есінен бір рет те шыққан емес.

БІР ОҚУШЫСЫ бар, берілген тақырыптың мазмұнын айта бастаған кезде онысын ешқашан аяғына дейін жеткізе алмайды. Мәтіннің ортасына жете бере даусы бұзыла бастайды да, жылап қоя береді. Байқаса, әлгі балақай айтып тұрған мәтінінің бір жерін ұмытып қалса жылай салады екен ғой. Баламысың деген. Бірақ бір қызығы сол, ұмытқан жерін есіне түсірсе, мөлт-мөлт еткен көзінің жасын нәзік алақанымен бір сипап өтіп, сүртіп қойып, ары қарай жалғастырып айта береді. Дәл осы сәтте кейбір балалар келемеждеп күлмесін деп, әлгі шәкіртінің даусы бұзыла баста­ғаннан-ақ апайы бірге жалғап әкетіп қолдау көрсете қояды.

Күні ертең өзі тәрбиелеген осы балалары шетінен ел азаматы атанып жатса, өміріндегі ең үлкен сыйлық, мәртебе сол болар еді.

ӨЗ ІСІНЕ берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, егеменді елдің есті ұрпағын тәрбиелеуде әл-қадерінше еңбек етіп жүрген жүрген Нұржанат Базылбек­қызы түрлі дәрежедегі «Құрмет  грамота», «Алғыс хаттарын» айтпағанда, Халық­аралық ғылым мен білімді қолдау орталығының қолдауымен «Эрудит» интеллектуалды білім порталының ұйымдастыруымен өткен білім саласы қызметкерлеріне арналған «Мәртебелі маман – 2017» атты республикалық байқауына қатысып, үздік нәтиже көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапат­талған.

ҚИМЫЛЫ сергек, шаршауды білмейтін, талапшыл, турасын айтатын ұстаз шәкірттерінің ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынаста. Оқушылардың сабақ үлгерімінен бастап, тәртібі, қабілет-қарымы, тіпті киім киісіне дейін мән беріп, ол үшін ертең азамат болып өсетін балаға қатысты мәселеде ешқашан ұсақ-түйек деген болмауы тиіс деген ұстанымда. Олардың әрқайсысының амандығы үшін тілекші.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *