«БАСТАУ» кинофестивалі көктемгі бәйшешек іспетті

Кеше «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Бастау» VІІ халықаралық студенттік фильмдер кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болды. 5–8 қараша аралығында өтетін кино мерекесі әлемнің әр түкпірінен келген студенттер мен кәсіби шеберлердің басын қосып, осымен жетінші рет киносүйер қауымды қуантып отыр. Өнер әлеміне қадам басқан студенттерге жаңа жол ашатын бұл кинофестиваль кәсіби шеберліктің шыңына шығуға жастарды қанаттандыратын әрі шабыттандыратын, әлемдік киноиндустрияның қыр-сырын үйрететін кино өнерінің үлкен бір мектебіне айналып үлгерді. Дәстүрге айналған «Бастау» халықаралық кинофестивалі Алматы қаласы әкімдігі, «Бастау» халықаралық кинофестивалінің дирекциясы («Танарис Продакшн» кинокомпаниясы» ЖШС), Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің ұйымдастыруымен, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өткізіледі.

Осы орайда біз «Бастау» кинофестивалінің президенті, кинорежиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сергей ӘЗІМОВПЕН

сұхбаттасқан едік.  Сергей ӘЗІМОВ,

«Бастау» халықаралық студенттік фильмдер кинофестивалінің президенті, кинорежиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:Жастар жанарындағы әлем

 

– Сергей Жұмабайұлы, әңгімемізді жыл сайын өтетін «Бастау» халықаралық кино­фестивалінің мақсатынан бастасақ.

– Жастарға арналған «Бастау» кино­фестивалі еліміздің ертеңін жалғайтын, қоғамның қозғаушы күшіне айналатын, білімімен биіктерді бағындыратын жастарға қолдау көрсету, қазақстандық  киноиндус­трияны дамыту мақсатын көздейді. «Бас­тау» кинофестивалі – жас режиссерлар мен сценарийстерге өздерінің жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін алаң. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан бұл кинофестиваль жастардың жан-дүниесіне үңілдіреді, айналадағы ғаламат ғаламға жастардың жанарымен қарауға құлшын­ды­рады. Тіршіліктің толқынында адамзат ұрпағының сабақтастығын жастар жалғай­тыны өмірдің өзгертілмес заңы. Болашақ бүгінгі жауқазын жастардың қолында бол­ған­дықтан, келешекке қанат қаққан жас ұрпаққа үлкен үміт артамыз. Егемен елі­міздің ертеңін жастар гүлдендіреді. Елбасы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Қазақстан халқына Жолда­у­ында «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қам­­титын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» деп атап өткен еді. «Жастар жылы» аясында биыл жетінші рет өткізіліп жатқан «Бастау» кинофестивалі халықара­лық ынтымақтастықты дамыту, мәдени алмасу, жас кинематографистер арасында байланыс орнату, Еуропа, Азия және Аме­рика киномектептерінің студенттері мен ұстаздар құрамын жақындату мақсатында ұйымдастырылған.

– Фестиваль байқауына биыл қанша фильм қатысады?

– Биыл байқауға  Ресей, Қазақстан, Түркия, Германия, Испания, Швейцария, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Бела­русь, Словакия, Армения, Сауд Аравиясы, Португалия, Иран, Грузия, Сингапур, Украина елдерінің көркем, анимациялық және деректі қысқаметражды 45 фильмі іріктелініп алынды. Фестивальге қатысуға 35-тен астам елден 320-ға жуық өтінім келіп түсті. Фестивальдің географиялық ауқымы жыл сайын кеңейіп келетіні қуантады.

– Байқауда қазақстандық кинематогра­фистердің қандай жұмыстары бар?

– «Бастау» кинофестивалінде биыл «Домашний очаг» (режиссері Әлішер Жәді­геров), «Иллюзорные боги» (режиссері Томирис Давлетова), «Прятки» (режиссері Венера Қайыржанова), «Прощай, мой друг» (режиссері Тимур Сердалин), «Последнее письмо» (режиссері Бағлан Құдайбердиев), «Наследие предков» (режиссері Берік Жаханов), «Человек мира» (режиссері Да­нияр Азимов), «Видео Марата» (режиссері Әлімжан Құдабаев), «Четыре в квадрате» (режиссері Ескендір Құсайынов) тәрізді фильмдер бақ сынасады.

– Оқырмандарды қазылар алқасының құрамымен таныстырып өтсеңіз.

– Биылғы студенттердің кинофести­валінде халықаралық қазылар алқасына белгілі грузин кинорежиссері, сценарист Ираклий Квирикадзе төрағалық етеді. Студенттердің фильміне баға беретін халық­­аралық қазылар алқасының құра­мында монтаж режиссері Сильван Кутан­дин  (Германия), актриса, режиссер Эльви­ра Болгова (Ресей), кинорежиссер, сцена­рист және продюсер Темирбек Бирназаров  (Қырғызстан), режиссер Сәбит Құрман­беков (Қазақстан) бар. Сондай-ақ, Испа­ния киномектебінің түлегі Яго Матео баста­ған Студенттік қазылар алқасы да әр түрлі жанрда түсірілген жастардың фильм­дерін жан-жақты бағалайды. Студенттік қазылар алқасының қатарын Егор Бяков (Беларусь), Азамат Шаршенов (Қырғыз­стан), Виктор Кислов (Ресей), Әмір Әменов (Қазақстан) толықтырған. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы VІ «Бастау» халық­ара­лық кинофестивалінде Студенттік қазы­лар алқасының Бас жүлдесін «Фишура» филь­мінің режиссері, испаниялық Яго Матео Веласко алған еді. Шара шеңберінде фестиваль жүлдегерлеріне Студенттік қазылар алқасы төрағасының тізгінін беру игі дәстүрге айналған.

– Халықаралық кинофестиваль аясында қандай ізгі шаралар өтеді?

– Кино мерекесінде биыл да жыл сайын­ғы дәстүрімізді жалғастырамыз. Фес­тиваль аясында Еуропа, Азия және Американың кәсіби кинематогра­фистері­нің қатысуымен шеберлік сабақтар, кино майталмандарымен шығармашылық кез­де­­сулер, қазақстандық және шетелдік ком­паниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі «дөңгелек үстелдер» өткізу жоспарланып отыр. Кеше кино­фестиваль Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясында ұйымдас­тырушылар мен халықаралық әділқазылар алқасының қаты­суымен болған баспасөз мәслихаты­нан бастау алды. Кино мерекесі аталған білім ордасында Ресейдегі «Мос­фильм» киноконцернінің дыбыс режиссері Марина Нигматуллинаның кәсіби шебер­лікті шыңдауға байланысты шеберлік сабағымен жалғасын тапты. Кинофес­тивальдің салта­нат­ты ашылуы кеше кешке «Алатау» дәс­түрлі өнер театрында өтті. Айта кетерлігі, көрермен қауым 4 күнге жалға­сатын фильм­дердің конкурстық көрсеті­лімдерін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалы­нан тамашалай алады. Бүгін 6 қарашадағы кинофести­валь­дің екінші күнінде ресейлік  актриса әрі режиссер Эльвира Болгова аталған академияда, ал «Тұран» универси­тетінде қазақ­стандық режиссер Әділхан Ержанов жастармен жүздесіп, кино өнерінің құпия­лары туралы ой-пікірлерімен бөлісетін болады. 7 қарашада, кинофести­вальдің үшін­ші күнінде Қазақ ұлттық өнер акаде­миясында өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қазіргі кине­ма­тография саласының даму деңгейі мен маңызды мәселелерін арқау етеді. Фести­вальдің соңғы күнінде өтетін шеберлік сабақтарында монтаж режиссері Сильван Кутандин (Германия) жастарды монтаж жасаудың әдіс-тәсілімен таныстыр­са, Театр, кино және телевидение Киев ұлттық университетінің өкілі украиналық Евгений Филлипов операторлық өнерді меңгеру жолдары туралы ақыл-кеңестерін айтады. Жалпы, мұндай шеберлік сабақ­тары әлемдік киноиндустрияның білімді де білікті кәсіби мамандарының өнердегі тәжі­рибелерімен ой бөлісуі арқылы жастар­дың жан-дүниесіндегі білім қоржынын байытуды мақсат қылады. Жас ұрпақты өнердің өріне жүздіруге бағытталған шеберлік сабақтары ұлағатты ұстаздардың шәкірт қанатын қатайту, білімге баулу мақ­сатындағы дәрістері десек болады. 8 қарашада «Алатау» дәстүрлі өнер театры­ның киноконцерт залында өтетін кино­фестивальдің жабылу салтанатында байқау жеңімпаздары марапатталады. Студент­тердің халықаралық кинофестивалініңшымылдығы дәстүр бойынша жеңіс жала­уын желбіреткен жеңімпаздың топ жарған үздік фильмінің көрсетілімімен жабылады.

 

Кинофестивальдің

жастарға кӨмегі кӨп

 

– Шет елдерде қазақстандық жастар­дың шеберлігін шыңдауда кинофести­вальдің ықпалы қандай?

– «Бастау» кинофестивалі жастарға ар­налған. Фестиваль атмосферасын қалып­тастыратын – жастар. Бүгінгі таңда елімізде кәсіби кино мамандарын Т.Жүрге­нов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, «Тұран» уни­верситеті тәрізді 3 оқу орны дайындайды.

Жасыратыны жоқ, біз өткен жылы қаражат мәселесіне байланысты кинофес­тивальді ұйымдастыра алмадық. Биыл да фестиваліміздің қаржы-қаражат көлемі көп емес. Бірақ қаржы мәселесінің қиын­дығына қарамастан биыл фестивальді өткізуді ұйғардық. Фестивальге қазақстан­дық жастармен қатар, фильм түсірген режиссерлар мен операторларды төрткүл дүниенің әр бұрышынан арнайы шақыр­дық. Кино өнері – ұжымдық өнер. Бұл фес­тиваль жас кинематографистердің бір-бірі­мен жақын танысуына, тәжірибе алмасуы­на,  шығармашылық байланыс орнатуына барынша игі ықпал етуді мұрат қылады. Жаһан жүзіндегі әрбір халық ұлттық руха­ниятымен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Кино өнерінде бір ғана тіл бар. Ол – кино тілі. Ал кино тілі – әмбебап тіл. Қазіргі таңда кино тілін дамыту керек. Жас кинематографистер жаһан жүзінде болып жатқан әр түрлі жағдайлардан жан-жақты хабардар болып, қоға­мдағы өзекті мәселелерді кино тілі арқылы көрерменге көрсете білуі керек. «Бастау» кинофести­валі жастардың кино тілін жетік меңгеруіне септігін тигізеді деген үміттеміз.

Өткен жылдары «Біз қазақстандық жастар киносының дебют фестивалін өткізуіміз керек» деген ой-пікірлер айтылды. Бірақ бұл пікір біздің кинофестиваліміздің тұжырымдамасына сәйкес келмейді. Өйткені, бәсекелестік болмаса, ұлттық кино халықаралық деңгейге көтерілмесе, өнер өркендемейді. Бәсекелестік өнер үшін ауадай қажет.

Негізі, өткізілетін  әрбір фестивальдің қоғамға тигізетін пайдасы болуы керек. Осы орайда, «Бастау» кинофестивалінің база­сында Халықаралық киномектептер қауым­дастығы құрылғанын атап өткеніміз абзал. Бүгінгі таңда бұл қауымдастықтың құра­мына кино саласының кәсіби маман­дарын дайындайтын әлемге әйгілі 33 кино­мектеп кіреді. Аталған қауымдастықтың арқасында студенттеріміз АҚШ, Ресей, Түркия, тағы басқа көптеген елдердің жоға­­­ры оқу орын­дарында кино саласы бойынша тағылым­да­малардан өтіп, кино­фести­валь­дарға қаты­сып, өнердің биігінен  көрініп жүр. Мысалы, келесі жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтетін С.А.Гера­симов атын­­дағы Бүкіл­ресейлік мемлекеттік кинематография университетінде (ВГИК) және Түркиядағы Мимар Синан универ­ситетінде студент­теріміздің кино саласы  бойынша білімін жетілдіруіне, тәжірибе алма­­суына үлкен мүм­кіндік жасалған. Қазіргі уақытта Мимар Синан университе­тінде кино маман­дығы бойынша бір топ қазақ жастары білім алып жүргенін мақта­нышпен айтуымызға болады. Міне, бұл фестивальдің студенттерге тигізген көмегі десек болады.

 

«Бастаудың» үні бӨлек

 

–  «Бастаудың» бүгінгі бағыты қандай?

– Биыл кинофестивальді осымен жетінші рет ұйымдастырып отырмыз. Біз үшін бұл үлкен жетістік. Кейбіреулер «мұндай фестивальдердің көп болғаны дұрыс емес» деген де пікір айтып жатады. Бірақ мен бұл пікірге келіскім келмейді. Себебі, әрбір фестиваль өзіндік өрнегімен ерекшеленеді ғой. Анығын айтқанда, негізі біздің фестиваліміздің ауқымы айтар­лықтай үлкен емес. Бізге қызыл кілемнің де, жылтыраған той-думанның да қажеті жоқ. Қарапайым ғана кинофестиваліміз жас­тарға көмектесу, оларға жол ашу мақсатын көздейді. Біздің басты мұрат-мақсатымыз осы. Жас кинематографистер өз маман­дық­тарының қоғам өміріндегі рухани маңыз­дылығын түсінуі тиіс. Қазіргі кезде елімізде отандық киноиндустрияның дамуына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Алайда, кино өнері әлемдік деңгейінде дамыған дүние жүзі мемлекеттерімен салыстырғанда біз әлі олардың дәрежесіне  жете алған жоқпыз. Бүгінгі жастарымыз соны өз көзімен көріп, кино өнерін дамы­туға құлшына кірісуі керек. Біз қолы­мыздан келгенше жастарға осы жағынан барынша мүмкіндік жасап жатырмыз.

Қазақ кино өнерінің қабырғасын қалап, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Шәкен Айманов, Әмен Қайдаров, Мәжит Бега­лин, Сұлтан Қожықов, Бауыржан Нөгербек тәрізді өмірі өшпес өнегеге айналған тұлғаларымызды ұлықтап, олардың ізгі істерін ұмытпағанымыз абзал. Қазақ кино өнері тарихындағы көрнекті кинематографистердің есімі жас ұрпақтың жүрегінде сақталуы тиіс.

«Бастау» кинофестивалін мен басқа халықаралық фестивальдармен салыстыр­маймын. Себебі, олармен салыстырғанда біздің бюджетіміздің арасы жер мен көктей. Сондықтан қазақ киносына шынайы жана­шырлық танытып, «Бастау» кинофес­тивалін ұйымдастыруға қолдау көрсеткен барлық жомарт жандарға жастардың аты­нан асқар таудай алғыс айтамыз. Олардың арасында атын атамауымызды өтінген азаматтар да бар.

Біз бұл кинофестиваль, ең алдымен, өнердегі ізімізді басып келе жатқан жас­тарға керек екендігін ұмытпауымыз қажет. Былтырғы жылы қаражатқа байланысты фестивальді өткізе алмағанымызда бізге қаншама адам хабарласқанын білсеңіздер ғой. Осы орайда, фестивальді өткізуге қол­дау көрсеткен шаһар басшысы Бауыржан Байбек пен қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа шын жүректен алғысымызды білдіреміз.

Бүгін біз өткізбесек, болашақта бұл фестивальді жастар жалғастырып, өздері өткізетін болады. Шынымды айтсам, 7 кинофестивальді өткізу менің арманыма айналған еді. «Сіздер біздің фестивальға қосылыңыздар» деп маған бірнеше рет ұсыныс айтқан болатын. «Бастау» кино­фес­тивалі көктегі күннің сәулесі жер жүзін жылытқан кезде қардың астынан шығатын көктемгі бәйшешек іспетті. Бірақ осындай нәзік «бәйшешекті» басқа гүл шоқтарына қосуға болмайды. Себебі, оның сұлулығы да, иісі де, үні де, маңыздылығы да басқа­ша. «Бастаудың» үні бөлек.

Жалпы, «Бастау» кинофестивалін ең алғаш рет 1982 жылы Кеңес Одағы кезінде өткізген едік. 1986 жылы желтоқсан айында екінші рет ұйымдастыруды ұйғарған едік. Бірақ Желтоқсан көтерілісіне байланысты фестиваль өткізілмей қалды. Халықбек Салықов екеуміз кинофестивальді 1987 жылы ақпан айында өткіздік. Еліміздің тари­хында терең із қалдырған саяси жағдайларға байланысты фестиваль біраз уақыт бойы өткізілмеді.  Кейіннен, 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сол кездегі ректоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей қолдауымен «Бастау» жаңа күш-қуатпен қайтадан қолға алынып, халық­аралық кино кеңістігінде жаңа толқынның жұлдызын жарқыратып жақты. Міне, ойлап қарасақ, осы уақытқа дейін жыл сайынғы дәстүр бойынша өзіміздің жолымызбен жүріп келеміз. Жастар кинофестивалін болашақта жалындаған жастардың өзі жарасымды жалғастыратыны күмәнсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Балнұр АХМЕТ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *