БАСПАЛДАҚ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ

Рая ЕСКЕНДІР

Өткен жылды қорытындылап, жаңа оқу жылында атқаруға тиісті жұмыстардың жоспарын құрып, межелеп алған бұл басқосу түрлі тақырыптар төңірегіндегі ой-пікір мен талап-тілекке толы болды. Алдымен барлық қатысушылар театр фойесіне орналасқан көрмені тамашалады. Көрмеге қаламыздағы алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі мекемелердің озық іс-тәжірибесі, инновациялық технологиялар туралы әдіснамалары қойылған.
Сонымен қатар, «Атамұра», «Алматы¬кітап», «Балалар әлемі» басылымдарының өкілдері де форумға арнайы қатысып, өз өнімдерін ала келді. Бала тәрбиесі баршаға ортақ болғандықтан «Астана Профи Консалтинг», «Etnokonstruktor» компания¬лары да өз өнімдерін ала келіп, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерімен ашық әңгіме алаңында кездесті. Сонымен, форум өз жұмысын бастады. Алғашқы сөз кезегін алған қалалық Білім басқармасы басшы¬сының орынбасары Гүлнар Айтқұлова Елбасы Жолдауында баса айтылған мек¬тепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, білім берудегі 4К моделі, креа¬тивтілік пен коммуникативтік туралы кеңінен айтып өтті.
Форум модераторы Гүлнар Молда¬ғазықызы келесі сөзді Білім басқарма¬сының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Әлия Жолдасбекқызына берді.
– Бүгінгі таңдағы алға қойып отырған маңызды мәселе – жан-жақты дамыған, өнегелі, рухани ізденісі мол жас ұрпақты тәрбиелеу. Біздің ата-бабаларымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен. Бұл сөздің мәні тереңде. Балабақша оқу-тәрбие жұмысының талбесігі іспетті. Ертең ел тізгінін ұстар азаматтар тәрбиелеп отырғандықтан бізге, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне жүктеліп отырған сенім жүгі жеңіл емес. Ата-бабамыз балаға тәрбиені тым ерте бастан, бесіктен-ақ сіңіргені белгілі. Балаларға берілген тәрбие қалай болып еді? Менімше, бала тәрбиесі баршаға ортақ. Әсіресе, отбасы мен бала¬бақша арасында тығыз байланыс орнауы керек, – деген Әлия Жолдас¬бекқызы балалардың ерте жастан бастап әлеуметтік дағдыларын дамыту мен жетістікке жету жолдары, «Рухани жаң¬ғыру» бағдарла¬масы аясындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын жетілдіру мәселелері төңірегінде кеңінен сөз қозғады.
Қаладағы мектепке дейінгі мекеме¬лердің жәй-күйі, ондағы орын тапшылығы, басқа да мәселелерге тоқталды. Осыдан соң сөз кезегін алған «Интеллектум» қосымша білім беру орталығының директоры, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Бижан Игенбаеваның «Мектепке дейінгі мекеме балаларына арналған дидактикалық ойындар» туралы мазмұнды баяндамасын көпшілік аса қызығушылықпен тыңдады. Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері, п.ғ.к. Әсима Рысқұлбекова, жекеменшік ұйымдардың республикалық қауымдастығының бас¬шысы Роза Садықова сөз сөйлеп, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту аясындағы тың өзгерістер мен толықтырулар туралы өз ойларымен бөлісті.
Жыл сайын мектепке дейінгі мекеме¬лерге жас мамандар қабылданып, олардың қатары артып келеді. Осы саладағы өзекті мәселелерді ортаға салған №108 бөбекжай-балабақшаның жас маманы Марал Фазыл жастардың әлеуметтік жағдайы туралы айтып, жатақханалар салынса деген ұсынысын жеткізді.
Алдағы 2019-2020 оқу жылының алдына қойылған мақсаттар мен міндеттер айқын¬далды. Республикалық, қалалық байқаулар мен іс-шараларға белсене атсалысқан бөбекжай-балабақша жеңімпаздары анық¬талды. Олар бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйым қызмет¬керлері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының мақтау қағаз¬дарымен марапатталды. 2019 жыл – Жастар жылы, осы ретте қалалық білім беру жүйесіндегі іс-шараларға қосқан үлесі мен шығармашылық табыстары үшін, жас педагог мамандарды қолдау мақсатында, ұялы телефондар, планшеттер және ноутбук табысталды.
Форумды қорытындылай келе, қалалық Білім басқармасы басшысының орын¬басары Гүлнар Айтқұлова мектепке дейінгі Білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жаңа 2019-2020 оқу жылымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *