Бас мүфти жеңілдік жасауға үндеді

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серік­бай қажы Ораз қасиетті Рамазан айы қарсаңында баспасөз мәс­лихатын өткізді. Күллі мұсылман қауымын Рамазан айының келуі­мен құттық­таған Бас мүфти кәсіпкерлерге  кез-келген тауар құнына жеңілдік жасап, кембағал жандар мен көпбалалы отбасы­ларға барынша қамқорлық таны­туға шақырды.

– Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады». Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шара­ларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға, науқас жандарға барынша қамқор­лығымызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жаман­дықтың бас­тауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін», – деді Бас мүфти.

Ескерте  кетсек, биыл Рамазан айы 16 мамыр емес, 17 мамырда кіретін болды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ора­заны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер», – деген. Бірқатар мұсылман мемлекеттерінің ғалымдары хадисте айтылған шағбан айының жиырма тоғызыншы күні 15 мамырға, ал отызыншы жұлдызы 16 мамырға сай келетінін мәлімдеуде. Демек, астрономиялық есептер 16 мамырда жаңа айдың туылатынын көрсетуде. Ал 17 мамыр – Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі. Осыған орай ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астроно­миялық ғылыми зерттеу нәти­жесін негізге ала отырып, «17 мамыр – Рамазан айының бірінші күні», – деген шешім қабылдады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *