Бас дәрiгер тұрғындармен кездестi

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Әйтеуiр, биыл қалалық Денсаулық сақтау басқармасында жаңалық көп. Соның бiрi – бас дәрiгерлердiң жергiлiктi тұрғындармен жүздесiп, олардың сауалдарына жауап беру үрдiсi десек болады.

Көше түгiлi, кабинеттерiнен емхананың дәлiзiне көп шыға бермейтiн бас дәрiгерлер ендi тұрғындармен жиi кездесiп тұратын болады. Демек, бас дәрiгер, учаскелiк дәрiгер мен медбике бұдан былай ауламыздың ғана емес, шаңырағымызға жиi бас сұғып тұратын қонақтарымыздың бiрi болмақ. Бұған қуанбасақ, ренжи қоймасымыз анық, тек бастап алып, ұмытып кетпесек болғаны да… Қалай десек те, жақсы бiр бастама тағы қолға алынғаны айқын. Бұл бастаманы алғаш болып қолға алғандардың бiрi – қаламыздағы №5 қалалық емхана ұжымы.

Бұл кездесудiң негiзгi мақсаты – тұрғындарды медициналық көмек көрсетудiң сапасымен қанағаттандыру, әрбiр тұрғынның медициналық көмекпен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.

№5 қалалық емхананың бас дәрiгерi Гүлшаһира Қамбарова бастаған құрамында терапия бөлiмiнiң меңгерушiсi Бағдат Жұбанышбекова, учаскелiк дәрiгер Н.Сартбаева, учаскелiк мейiрбике А.Ахметова бар дәрiгерлер тобы жақында Ақпаев көшесiнiң тұрғындарымен кездестi. Бұрын-соңды дәрiгерлердiң өздерiн iздеп келiп, кездесу өткiзуiн көрмеген тұрғындар, әуелгiде оларға таңырқай қарағанмен, таныса келе дәрiгерлерге әртүрлi сауалдарын жаудырды. Тұрғындарды денсаулық сақтау саласы бойынша толғандырып жүрген жәйттер аз емес екен. Әсiресе, оларды, алғашқы медициналық санитарлық көмек алу үшiн емханаларға тiркелу тәртiбi, ауруханада емделудiң жаңа ережелерi, тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерi, учаскелiк дәрiгерлердiң жұмысы көбiрек толғандыратыны байқалды.

Тұрғындардың сауалдарын мұқият тыңдаған Г.Қамбарова ең алдымен тұрғындарды Бiрыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесiнiң қорытындыларымен, осы жүйе бойынша емдеу iсiне енгiзiлген жаңалықтар жөнiнде, стационар алмастыру көмегiнiң ретi туралы айтып бердi. Сондай-ақ, жоғары мамандандырылған көмек алу жайы, пәтердi жалға алып тұратындарға дәрiгерлiк көмек көрсету ережелерi де жан-жақты сөз болды.

Бас дәрiгер уақытша қалада тұрып жатқандардың да медициналық көмектен тыс қалмайтынын айтты. Пәтердi жалға алып тұрғандар сол маңайдағы емдеу мекемесiне тiркелуiне болады. Ол үшiн жеке төлқұжаты, пәтердi жалға алғаны жөнiндегi келiсiм-шарт және бұрынғы қаралған емдеу мекемесiнiң есебiнен шыққаны жөнiнде анықтамасы болуы керектiгiн түсiндiрдi.

Тұрғындар, сондай-ақ, емханада мамандардың жетiспейтiндiгiн, кейбiр дәрiгерлердiң қызметiне көңiлдерi толмайтындарын да жасырмады. Бас дәрiгер қазiргi таңда емханада кардиолог, невропатолог, уролог-дәрiгерлердiң жетiспейтiнiн ашық айтып, бұл мәселенiң бiрте-бiрте өз шешiмiн тауып отырғанын, қазiр жас мамандарды жұмысқа шақыру iс-шаралары қарастырылып жатқанын айтты. Тұрғындар бас дәрiгерге бүкпесiз ашық әңгiмесi және сауалдарына жауап қайтарып, қажеттi ақыл-кеңес айтқаны үшiн рахметтерiн бiлдiре отырып, Бас дәрiгерге «бiр көрiнiп, содан соң жоқ болып кетпеңiздер» деген уәждерiн де жеткiзiп жатты.

Ал бас дәрiгер Г.Қамбарова болса №6, 9 учаскелердiң тұрғындары өздерiнiң учаскелiк дәрiгерлерi Н.Сартбаева, Н.Черныхты танитындарына риза болып, тұрғындармен ендi жылына екi рет кездесiп тұруға уәде бердi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *