БАРША ЖҰРТТЫ БАУЫР ТҰТҚАН

88Тегіне қарап жан өсер

 

Кісілік бітімі сай, айналасы мақтан тұтуға лайық, сөзі мен ісі жарасқан  азамат ел ішінде қашан да болған және бола да береді. Алайда, ісін бұлдамайтын, істегенін саудаламайтын мұндай жандар өздерін үнемі қарапайым ұстап, көбінесе көзден таса болуға тырысады. Өйткені, олар әлдебір шаруаға қолғабыс жасаса да, тәуекелге бел байлап таудай іс тындырса да, атағын шығару үшін емес, не нәрсеге азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарайды. Біз  еліміздің кәдесіне жарап келе жатқан дәл осындай азаматтың бірі жайлы сөз қозғап көрмекпіз.

Әр адамның туған уақытына, өз заманына сәйкес қайталанбас, тек өзіне ғана тән дербес тағдыры болады. Бүгінгі таңда еліміздің абыройлы да елеулі азаматы Зиятдин  Касанов  – өз заманының адамы. Оның туған, өскен ортасы, балалық шағы  Алматы  қаласында өтті.

Жалпы, интеллект – табиғаттың жеке адам­ға берген ерекше қасиеті. Әйтсе де, соңғы кез­дері әлемде тұтас халықтың интеллектуалдық потенциалын бағалау дәстүрі қалыптасты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, елдің өркендеуі табиғи қазба байлығына немесе өндірістік қуатына емес, адами ресурсына тікелей тәуелді.

Терең білімімен, ұтқыр ұйымдастырушы­лығымен ерекше тұлғаланып тұратын ол қандай істің болсын күрмеуін тез шешіп, айналасын­дағыларды ортақ ізгі мақсатқа жұмылдыра білді. Ол қандай іс жасасын, ешқашан қара­пайымдылығынан айныған емес.

«Жеріне қарап дән өседі, тегіне қарап жан өседі» дегендей, ол текті атадан тараған кеуде­сіне нұр тұнған білікті маман, іскер қызметкер болып қалыптасты.

Зиятдин Касанов бүгінде Қазақстанға танымал азамат. Өз саласының белді маманы, кәсіпкер. Тек кәсіпкер ғана емес, меценат. Ол орта мектепті бітірген соң, 1981 жылы  Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, 1995 жылға дейін еліміздің Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің жүйесінде әр­түрлі салада қызметтер атқарды. 1992  жылы өз бастамасымен  елімізге шет ел капиталын тартып, алғашқылардың қатарында ірі кәсіп­орын құрды.

Еңбек нарығына қатысты еліміздегі  түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруға белсене араласып,  өтпелі кезеңдегі әкімшілік-команда­лық типтегі даму кезеңінде жасампаз даму үдерісіне шетелдік қаржыны трансформа­циялауға араласты. Түрлі бастама, ынталан­дыру, мотивация есебінен өзі құрған кәсіп­орынды даму жолына салды. Адамдарды адал  жұмыс істеуге үндеді. Өз бастамаларымен жұмыс істеген адам қоғаммен тығыз байланыста болса ғана ісі алға басатынын  үйретті. Елімізде өнеркәсіптік, аграрлық өндірістер бар, бірақ, оны бүгінгі күнге лайықты жүргізе білу қажет­тілігіне шақырды. Бұл шын мәнінде Тәуелсіз­дігіміздің елең-алаңындағы жұмысшы кадр­ларын дайындауға шақыру еді.

Көпұлтты қазақстандықтар көрер көзге болып жатқан оң өзгерістерді Тұңғыш Прези­дентіміздің есімімен және қажырлы еңбегімен тығыз бірлестікте қарастырады.

Қазақстан халқының тату-тәтті өмір сүруі мен ынтымақтастығы көптүрліліктегі бірлікті бейнелесе, бұл – Қазақстанның жаңа тарихын­дағы ең үлкен жетістік. Бұл туралы Президенттің айқындауынша, “Қазақстан — еуропалық және азиялық мәдениеттің жетістіктерін бойымызға сіңіруге мүмкіндік береді. Екі өркениеттің геосаяси ұштығында тұрған Қазақстан ерте кезден бастап Шығыстың да, Батыстың да мәдени құндылықтарын өзіне сіңіре білген. Оған мысал аз емес.

Қазақстанның жетістіктерін біз Елбасы есімімен байланыстырамыз. Мемлекет басшысы­ның Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына енгізу жөніндегі үлкен арманы барын бәріміз білеміз. Бүгін де ту етіп отырған жалпы қазақстандық патриотизм дегеніміз өзіңді республика халқының ажырамас бөлігі ретінде сезіну, Қазақстан Республикасын ортақ Отаным деп тану, оған берілгендік, азамат ретінде халық пен елдің мүддесін, қажет болса, қолға қару алып қорғайтын борышты түйсіну.

Өзінің тарихи миссиясын қапысыз ұғып, ұлтымызды ұлы істерге бағыттап, Қазақстанды алыс және жақын елдерге таныту, нарық реформаларын  сауатты жүргізу, кез-келген басшының жауапкершілігінен туындайды. Біз ел болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Тәуелсіздіктің тұғырын бекіте алдық. Жаңа мыңжылдықтың жаңа парағын аштық. Соңғы жиырма бес жыл көлемінде ғасырлар бойы халқымыздың аңсап жеткен бостандығына қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет ретінде түрлі саяси, әлеуметтік өзгерістерді іске асыру оңай болмады. Әлемнің алып компаниялары Қазақстан елінің келешекте экономика және саясат кеңістігінің әлемдік деңгейдегі бір бөлшегі болатынына сеніп, өз инвестицияларын құя бастады. Қазақстан ашық экономика және интеграция арқылы келесі үшінші мыңжылдықта әлемдік экономикада алдыңғы қатарлы елдердің бірі болатынына сенді. Осы сенім көкжиегінен Зиятдин Касанов бауы­рымыз да табыла білді.

Халқы үшін айтарлықтай іс жасап, тер төккен оның еңбегін бүгінде ел біліп, құрметтейді.

 

Іскерлігімен де үлгі

 

Мемлекет басшысы еліміз қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп, ауыр экономикалық ахуалды еңсеріп жатқан тұста, 1997 жылы өз Жолдауын жариялаған болатын. Осы уақытта жұмыссыздық тоқтаусыз өсіп, құнсыздану деңгейі еселеп жоғарылап жатты. Ол кезде халық «Қазақстан-2030» Стратегиясының мән-маңы­зына онша мән бермеді, дәлірек айтқанда, оған мұршасы болмады. Артта ширек ғасыр өткен соң, бүгіндері мұның дұрыс қадам болғанын барша­мыз мойындап отырмыз. Иә, бүкіл жүйе бірінен екіншісіне трансформацияланып, аумалы-төкпелі заман орнағанына қарамастан, тәуелсіз жас мемлекетіміз алғашқы күннен, біздің қандай бағытқа, қай жаққа аяқ басатынды­ғымызды алдын ала бажайлап білді. Сол кездерде Зиятдин Касанов осындай жұмыстарды атқарып, бертін келе еліміздің мәдени-қоғамдық шара­ларына белсене араласып, түрлі саяси  акцияларға қатысуды өзіне мұрат етті.  Зиятдин Исмиханог­лының ұйытқы болуымен  бірнеше жоба қолға алынып, ол сәтті аяқталды.

Мәдениетіне қарап қоғамын, қоғамына қарап мәдениетін тануға болады. Еңбексіз өмір — қорлық. Рухани байлықсыз өмір — тағылық. Жеке адамның ғана емес, қоғамның дамуына үлкен ықпал жасайтын  мәдениетке, өнерге, ғылымға бет  бұрмаған елдің алға басуы екіталай.

Елдің рухы биіктемей — еңсесі тіктелмейді. Туған жерінің туын көтерісіп жүрген Зиятдинді достары да әрдайым қолдап, рухани демеу бола білетіндігі шындық. Төңірегін тұтастыққа, айна­ласын ауызбірлікке, жастарды жасампаз­дыққа іс-қимылымен шақыра жүріп, келешекте де иігілікті істің ұйытқысы бола беретініне сенім мол.

Елдің өсіп-өркендеуіне, қоғамның дамуына өз үлесін барынша қосып келе жатқан ол өмірде өте қарапайым. Жұрттың бәрі оның жаспен де, үлкенмен де ортақ тіл табысатын іскерлігін үлгі тұтады, бәрінен де бұрын көпшілікке қашан да болсын қамқор қолын созуға, қолдап-қуаттауға дайын тұратынын айтады. Десе дегендей, Зиятдин  Касанов қай жағынан болсын адамдардың құрметтеп, үлгі тұтуына барынша лайықты тұлға.

Дүниеге келген адамның бәрі де мәнді өмір сүру үшін келеді. Мәнді өмір сүрудің сыры адамгершілік пен ізгілікке негізделеді. Адам­гершілік кісінің ниетінде қазақ «малымды алсаң да, ниетімді алма» дегені ниетінің адалдығы мен түзулігінде. Ал, ізгілігі – ізгілікті, ісі мен кісілігі, кішілігі, қоғамдағы атқарған қызметінен байқалады. Ондай жандардың адамгершілігі ниетінде, ұяты – бетінде, иманы – жүрегінде болады. Осы бір аталы сөз, ұлттық қағидаларға лайық келбеті келісті, жүрегі пәк, тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет есімі үлкен әріппен жазылатын азаматқа қаратып айтылады.

 

Анасының дегені болды

 

Еліне елеулі, халқына қалаулы, өзін-өзі ұстауы, ойы, сөйлеу мәнері, кескін-келбеті келісті жанның ұстамы да лайықты болуы шарт. Жаратылысы бөлек зерделі ықылас пен жаттығы жоқ, ары таза, пейілі кең адами асыл қасиеттер Зиятдин Исмиханұлына тән қағида. Олай болса, оның бойында адалдығы, кісілігі өзіне, отбасына, ұлтына ғана емес, күллі адамзатқа қызмет етуі адамдық міндетке жатады. Қайырымды жан ел арасында да қадірлі. Ұятын ұйықтамас қарауыл етіп, тазалықты адами мінезі мен әділ жүрегінде ғана қонақтатқан оның жүрегі – тілек ұясы, мейірімі мол, қолы кең, жаны жылы. Оның саналы азамат болып өсуіне, тәрбиенің басты ошағы болып табылатын отбасы, өмірге арқалап келген анасы Майтаван Мұратқызының еңбегі зор. Тал бесіктен тәлім-тәрбие берген асыл ана, ерекше жаратылған жан. Ол – бар мүмкіндігі мен махаббатын балаларына ұялата білген парасатты ана. Майтаван ұрпағы адал болып, елі үшін еңбек етіп, қоғамның кәдесіне жарап, ұлтына кір келтірмей, мемлекетін, жерін қадірлеп-қастерлеуге, адамзатты сүюге баулып келеді. Қай шаруаның басында жүрсе де, атқарған қызметінің қайырымы болса ол игілікке апарады. Өскен ортасында, жүрген жерінде батаға, алғысқа бөленсе деген ниетте, ойда ғана болған Ананың дегені болды. Өзі оқи алмаса да, сенімін жоғалтпай, балаларының қолынан жетелеп оқытты. Алдыңғы толқынды үлгі етіп, балаларын біліммен сусындатты. Перзенттерінің аяғын тең басқызып, дұрыс тәрбие бере жүріп, жүрегінен бүкіл адамға орын берді, олардың жағдайын жасады. Тіршілігін ой елегінен өткізіп, осы уақытқа дейін аналық қамқорлығын аямай келеді.

Балалары үйлі-жайлы болған кездерінде де ерінбей-жалықпай таңертең соларға қырық­қабаттың, сәбіздің, алманың, қызылшаның сөлін өзі дайындап беретін. Нағыз аналық мейі­рімін салып, ел анасы дегенге лайық аналар осындай-ақ болар.

Майтаван түлеп ұшқан төркінінде, барған жеріндегі ағайын-туысын да бауырына теңдей басып, әрқайсысының көңілін таба білген ибалы да инабатты ана, қайсар да батыл, еңбекқор қыз болды. Осыншама адамгершілікті бір адамның бойынан көру қандай ғанибет. Бойындағы адами асыл қасиетін ақ сүтімен, бесіктің жыры­мен, тәрбиенің құдыретімен перзенттерінің бойына дарыта білген – Ана.

Қазағым «Үйдің жақсы болуы ағашынан, баланың жақсы болуы нағашыдан»,  «қаланың жақсы болуы көшесінен, тұлға болып қалып­тасуы ана тәрбиесінен», – деп текке айтпаса керек. Зият­диннің тәрбиесі – ұлттық, білімі – әлемдік бол­ғандықтан адамзаттың бәрін дос санап өзіне тарта білген ақ жүрек жан. «Өзге елдерді көріп, Қазақ­станға қайтып келгенде үһ деймін. Мен өзімді Қазақстанда ғана адам ретінде сезінемін. Қазақ топырағындағы тыныштық кісіні рухтандырады, өмір сүруге қанаттандыра, мақтанышқа бөлейді», – деп шаттанады сөзі ісіне сай ақжарқын азамат.

 

Көңілі – дария, көкірегі – қазына

 

Өмірдің қалай өтіп жатқанын байқамай да қаласың. Кешегі сүйкімді де келбетті келісті қошақан бауырым ержетіп, үлгілі азамат болғаны, толып та толықсып тұлғаланғаны мені ерекше қуанышқа бөлеп, жақсылыққа кенелтіп отыр. Ұлы сөзді бойына сіңіріп өскен бауырымның көңілі – дария, көкірегі – қазына. Шынайы көмекке мұқтаж, жәрдемге зәру жандарға қамқоршы. Ол еңбегін бақай есепке бас сұқпайтын, бар ынта-жігерімен, махаббатымен, адами сейіспеншілікпен атқарады. Ақсұңқарша жан-жағына шашып жейтін адал дос. Ол достық шеңберін жаспен немесе туыстық жерлестікпен өлшемейді. Қазақтың дархан даласындай шеті жоқ шекарадай баладан да, өмірге енді қадам басқан жастан да, қатарлас құрбыдан да, бірге қызмет істеген әріптестерінен дос пейілін танытып, адами ниетін аямайды. Адам жанын мұқалтпайтын тілекші, жанға сүйеу, көңілге демеу бола білетін адал Қазақстан азаматы.

Зиятдин саясат сахнасында білімді, көрегенділігі, адалдығы, әділдігі түйткілді мәселелерді шешудегі әділеттілігі, аңғарымпаздығы үлкендерді таңдан­дырып, кішіні рухтандырады.

Ұлы істерді атқару үшін данышпан болудың қажеті, артық болудың да керегі жоқ. Тек халықпен бірге болу керектігін ұмытпаған адамды үлгі тұта білсек, ісіміз өрге басары анық. Қазір ол – халық қалаулысы.

Ол бұрын да депутаттыққа түскен. Сонда озып тұрса да жасы үлкен кісіге жолын берген.

Жаңа сайланған депутат халқына жақын болады деген сенімдемін. Сенімді де ақтайды деген ойдамын. Сенім сең бұзады!

Зиятдин өте мәдениетті, оның бойында табиғат тартқан сый да, талант та, кісілік те бар. Оны мен ерекше қадірлеп, құрметтеймін, жақсы адами қа­сиет­терін мойындап, жоғары бағалаймын. Мансап­қорлық, іштарлықтан, ұсақтықтан ада. Ешкіммен бақталаспайды, біреуді кемітпейді. Өзінен асқанға қуанады, кісіні күндемейді. Оны бала кезінде үлкен-кіші бәріміз еркелеттік. Алайда, ол ерке болып өспей, текті, ақылды, пайымды, парасатты, қатарының алды, саналы, өнегелі, нар тұлғалы, текті азамат болып өсті.

Азаматтың халыққа қамқорлығы бір шаруамен шектеліп қалмайды. Оның бастамасымен ауыл ішінде саябақ ашылды. Мұндағы басты мақсат — жеткіншектердің патриоттық тәрбиесінің қалып­тасуына үлес қосу.

Зиятдин  тек бабалар рухына тағзым етіп, олар­дың басын көтеріп қана жүрген жоқ. Ол хал-қадерінше әр жерде демеушілік жасап, жұртшы­лықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.  Оның қамкөңіл жандарды қатардан қалдырмай, қайырым­дылығын аямайтын ата-бабадан келе жатқан имандылық ісін жалғастырып, дәстүрге айналдырып келе жатқаны көңіл марқайтады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға, оларды өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне жағдай туғызу да басты мұраты. Ол осы арқылы қаншама қамкөңіл жандардың жүрегіне ізгілік нұрын құйып, оларды өмірге талпындырып жүргені де үлкен азаматтық іс. Ол бұл істе жалғыз емес. Туған бауыры  – Алматы облыстық мәслихатының үш шақырылымының депутаты Үсейінмен бірге халық мұқтажы үшін жол салып, елді мекендерге су құбырын тартып, көптеген әлеуметтік нысандарды – балабақшалар, мектептер, ауруханалар, мешіт, мәдениет үйлерін салып, халықтың ыстық ықы­ласына бөленіп келеді. Тіпті, ол  өзінің жекеменшік жерін  қазақ-түрік лицейін салуға және мешіт үйін тұрғызуға бергенін де білеміз. Оны өзіне салса, айтпауға бар, бірақ, біз оны айтуға тырыстық. Себебі, қала тұрмысында ұлтарақтай жер өте қымбатқа түсетінін білгеннен кейін айтуға тура келіп тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесіне орай, Есік қаласында  Жәнібек пен Керей хандарға баре­льеф орнатуға да Зиятдин демеушілік жасады.

 

Кәсіби біліктілігіне ел тәнті

 

Жалпы, адам дүниеге еңбек ету үшін келеді. Өмірінің басым бөлігін жұмыста өткізеді. Егер адам өзін қанағаттандыратын, ләззат алатын жұмыс тапса, оны бақытты дейміз. Атақ-даңқы немесе оның материалдық байлығына қарап емес, еңбегіне қарай адам бағаланады, қолынан іс келетіндігі, адал еңбек ете алатындығы үшін сыйлы болады. «Әлемнің билеушісі – еңбек». Кәсіби білікті адам жұмыс істегенде әдемі дүниені туындатады, өзгелер ләззат алып, тәнті болады.

Қажырлы еңбек ету бар, оның бағалануы бар. Зиятдин Касановтың мемлекет алдындағы еңбегі елеусіз қалған емес.  Президенттің 2004 жылғы Жарлығымен Қазақстан этностары арасында достықты дамытуда және нығайтуда, мемлекетте тұрақтылықты сақтауда сіңірген зор еңбегі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Х мерейтойлы сессиясында Зиятдин Исмиханоглы Касанов «Құрмет» орденімен марапатталды. 2005 жылы  Еуропалық Жаратылыс ғылымдары академиясының (Ганновер – Германия) орденімен, ЮНЕСКО патронажымен – «Алтын Қыран» орденімен марапатталды, оған Еуропа университетінің құрметті атағы, «Азия – бірыңғай жанұя» Халықаралық қоғамдық ұйымының «Күн адамы» атағы берілді. 2006 жылы Түркияда «Түркі әлемінде халықаралық байланыстарды дамытуға, нығайтуға және сақтауға қосқан үлесі үшін» сыйлығымен марапатталды. 2012 жылы қоғамымызда өзара келісімді сақтау бойынша жемісті еңбегі, халықтар арасында бейбітшілікті, достықты және ынтымақтастықты нығайтудағы еңбектері үшін І дәрежелі «Достық» орденімен мара­патталды. 2013 жылы Қазақстан халқы Ассамблея­сының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Осы жылы З.Касановқа Түркиядағы Бейкент универ­ситетінің экономика профессоры құрметті дәрежесі берілді. Түркі әлемін дамытуға қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ ұйымының ордені табысталды.

З.Касанов 2008 жылдан Түркияның астанасы Анкарада құрылған Дүниежүзілік түрік-ахысқа қауымдастығының (DAT?B) төрағасы. Ұйымның штаб-пәтері Стамбул қаласында орналасқан. Бірлестік Түркияның бұрынғы Президенті Абдулла Гүлдің, сол кездегі премьер-министр, қазіргі пре­зидент Тайип Эрдоганның, сондай-ақ,  құрамында он алты министр бар үлкен топтың қатысуымен құрылған. З.Касанов DAT?B өткізетін барлық  шет елдегі шараларға демеушілік жасап келеді.

1999 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қа­зақстан Республикасы «АХЫСКА» Түрік этно­мәдени орталығының  президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің, Қазақстан Республи­касы Президентінің жанындағы Ұлттар кеңесінің мүшесі. Бірнеше тілді: қазақ, түрік, орыс, әзірбай­жан тілдерін еркін меңгерген.

 

Асылы  ОСМАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *