БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙҒЫСЫ

НЕМЕСЕ МЕШІН ЖЫЛЫН ӘБІШ АҒАСЫЗ ҚАРСЫ АЛУ

Эссе

 

32ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЫЗҒАРЛЫ КҮНДЕРІ        

Ескі жыл есіркемеді…

Ұлт руханиятының  терең тамырлы  саялы  Бәйтерегі құлады.

Адамзат өркениетіне алып тұлғаны сыйлаған желтоқсан айы кенеттен кемеңгердің өзін де алып кетті. Бұл – осы он екінші айдың оныншы жұлдызынан он біріне қараған түн ортасында болған азалы оқиға еді. Кемел шағы – 76 жасқа толғаннан кейін тура төрт күн өткенде. Жалған дүние Әбіштей кемел дарыннан, абыз ағадан да өтті!

Қаралы хабар асығыс жолға шығарды. Тас төбемізден мұзды су құйғандай ес жия алмай, есеңгіреп қалдық. Төсек тартып жатып қалмаған. Жиі-жиі хабарласып отырамыз. Осы биыл  Әбіш ағаға сәлемдесуге жылдағыдан көп барған екенмін. Әрбір кездесуіміз бірнеше  сағаттарға созылатын сұхбаттарға созылатын. Кейде сырласумен аяқталатын. Соңғы рет қазан айында бірге болдық.  Абылдың баласы, шөбересі Әділдің сәби қылықтары мен тілін қызықтап мәз болып отыр еді. Клара жеңгеміз куә бәріне.

Кенеттен деген  тек жай сөз ғана ғой. Әкесі екі жасында алапат соғысқа аттанып, оралмаған баланың жүрегі бүтін болар ма… Шығармашылық жұмыстардың бейнеті мен азабы өз алдында. Барлық шығармаларын мемлекеттік мәртебелі де жауапты қызметтерде жүріп жазған. Екі кеменің құлағын ұстап, желкенін көтергендей мехнаты мол ғұмыр сүрді. Тәуелсіздік жылдары бірыңғай көсемсөзге көшті. «Үркер» мен «Елең Алаңнан» кейінгі жоспарланған үшінші кітап ішінде кетті. Ол Әбілқайыр ханның қазасынан кейінгі Ұлы даладағы оқиғалардан құралған кең құлашты эпопеяның соңы болатын. Аяқтауға мұршасы болмады, уақыты жетпеді. Тәңірден сұрап алған Тәуелсіздіктің күйін күйттеді, қалыптасқан ахуалдарды талдады, елдің болашағын қамдады. Осы жолға көркем шығармашылығын құрбандық жасады. Елбасының кеңесшісі, кейіннен мемлекеттік кеңесші қызметтерін атқарды. Оның алдында еліміздің Бас газеті – «Егеменге» басшылық жасады. Он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің Төрағалығына сайланды. Ата заңымызда тұңғыш көрініс алған Мемлекеттік хатшы лауазымын жеті жылға жуық атқарды. Саясат пен шығармашылық өнердің басын қосып жүрудің  қиындықтары мен күйзелістерін бір кісідей бастан кешірді. Тоқсан сегізінші жылы дәптеріне түскен мына бір жыр  жолдарына үңіліп көріңізші.

«Шалқыған кеше төре, бүгін ғаріп,

Жүр дей ме мына заман тілімді алып.

Сыртымнан сыпсыңдайды сыншы ағайын,

Онсыз да тұр жүрегім сығымдалып.

 

Барады сығымдалып ет-жүрегім,

Бұл құлақ не сұмдықты естімедің?

Таңертең жазық жатса қас-қабағым,

Жабыңқы жауар бұлттай кешке реңім.

 

Күйініп күлдей болып келем үйге,

Ұғатын бір пенде жоқ мен не күйде.

Өкпені өсекке орап бұрқыратып,

Өлеуреу де өнер ме,  япыр-ай, бұл не?».

Мемлекеттік қызмет пен  қаламгерлік қарымын ұштастыра жүріп, қоғамнан абырой алу екінің бірінің пешенесіне жазылмаған дүние.  Әбіш аға бұл биікке шыға алған тұлға! Алла берген дарыны, дария ақыл-ойы, адалдығы мен еңбекқорлығы арқасында.

Соңғы бес-алты жылдың көлемінде жүрегіне салмақ түсірген жағдаяттарды да  жақсы білеміз. Жаңаөзендегі оқиғалар жанына қатты батты. Айлар бойы оңаша қалып түнеріп жүрді. Егіздің сыңарындай болып  бірге өсіп, қатар өмір сүрген Фариза апаның  қазасы да жеңіл тие қойған жоқ. Сәт-сағаты келген  кезде оларды да сараптармыз, таразылармыз, талқылармыз. Тағдырдың соңғы ауыр соққысы  «тар құрсағын жібіткен, тас көкірегін иіткен» тұңғыштары Әулеттің қапиядағы қазасы болды. Оған да екі жарым жыл өтті. Өткен жолғы бір әңгімеде жүрегімнің қызметі елу бір пайыздың төңірегінде деген. Дәрігерлер алдыңғы жылы алпыс төрт пайызға теңеген. Туа бітті Алладан бұйырған сабыр мен шыдамның, рухани қажыр-қайраттың, күш-жігердің арқасында сыртқа сездірмей жүрді ғой. Қайран, ағатай!

Шардара – Шымкент – Астана арасы айшылық жолдай тым-тым алыстап кетті. Күтпеген хабар тосыннан болған ауыр соққыдан бетер… Қабырғаңды қаусатып, ой-санаңды сансыратып кетеді екен. Мән-жайға барып қанықтық.

Клара жеңгеміз ол күні ешқандай оқыс оқиға болмағанын айтты. Мұхтар Алтынбаевтың мерейтой салтанатынан өте көңілді келіпті.

Қонақасы күні сәскеде  сенатор Қуаныш Айтаханов көңіл айтуға келді. Ежелден таныс, сыйлас кісіміз. Әбіш ағаның «Нұрсаядағы» депутаттар үйінде бірнеше жыл  көрші  тұрған. Парламент залында қатар отырған. Ағаның қадір-қасиеттерін тереңнен  сезінетін, айрықша құрметтейтін, әбден аралас-құралас, рухани інісіне айналған азамат. 10 желтоқсан күні әйгілі Халық қаһарманы, ұшқыш-генерал Мұхтар Алтынбаевтың Парламент қабырғасында өткен 70 жылдық мерейтойына аса жайдары көңіл күймен қатысыпты. Қошеметтеп төрге отырғызылған. Барша депутаттардың атынан сөз берілген. «Мұхтар, сен аспанды жерге, жерді аспанға жақындатқан нағыз батырсың  ғой!» – деп, көсіліп, шешіліп сөз сөйлеген. Шешеннен сөз артылған ба!  Ағынан жарылып, ақ тілектерін жеткізген.

«Өй, айналайындар-ай!» – деп бұрынғы әріптестерімен ақжарқын амандасыпты. Айқара  құшақтап, бауырына басыпты. Мерейтойдың мерейін өсіріп кетіпті.

Қуаныш Айтаханұлы айтады:

— Салтанат аяқталғанша Әбекеңнің қасында жүрдім. Мерекелік дастарханға рахмет айтып, бәрімізбен жылы қоштасты. Құрметпен шығарып салдық. Жүзінен, жүріс -тұрысынан қиналыстың, сырқаттың табы сезілмеді. Екінші қабатқа екі рет көтерілгенде де тым жеңіл шықты. Әдетте, қолтығынан демеп жүретінбіз. Жарқыраған жаймашуақ кейпімен көз алдымызда қалып қойды…

Өзі сан жылдар қызметте болған, талай-талай ой қазыналарын ақтарған, іргелі жиындардың бел ортасында жүрген, қайраткер болып қалыптасқан Парламент Үйімен, өзіне ерекше сый-құрметпен қарайтын қызметтестерімен, әріптестерімен мәңгілікке қоштасуға келген екен ғой деп ойладық. Қазақтар мұны «бой жазу» дейді. Осы әңгімені соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін ертеңіне кешқұрым отбасында бас қосқан сенаторлар Қайрат Ищанов пен Бірғаным Әйтімова да айтты.

Клара жеңгеміздің мамандығы  дәрігер. Көпті көрген, ел анасы атанған Айсәуле мамамызға қалтқысыз қызмет көрсетіп, бағып, күткен, батасын алған; жарты ғасырдан аса кезеңде бақытты жұбайлық  ғұмырын  бірге өткізген; жарының  қасы мен қабағынан жан дүниесін де, көңіл күйін де,  бәрін-бәрін терең түсінетін кемел жан. Жатар орынға жете  бергенде демі қысылып, қинала бастады дейді. «Жедел жәрдем» жеткенше кетіп қалыпты. Бір ауыз тілге келмепті. Сұм ажал айтып келмейді деген осы да!

Желтоқсанның ызғарлы күндері  Елордадағы «Премиум»  тұрғын үй кешеніндегі Сарайшық көшесінің бойында орналасқан Кекілбаевтар отбасынан  лек-лек болып келіп жатқан кісі қарасы үзілмеді. Алыс шет елдерден келген азаматтарды жолықтырдық. Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, Равиль Шырдабаев, Иманғали Тасмағамбетов, Қайрат Ищанов, Сауытбек Абдрахманов, Сайын Назарбекұлы, Жақсылық Жанғазиев, Зейнолла Алшынбаев, Өтеген Оралбаев, тағы басқа белгілі қайраткерлер алғашқы сәттерден қайғыға ортақтасып, Ұлы ойшылды ұлықтау шараларын ақылдасқан. Келелі мәслихаттар болған. Қаралы хабар ел жұртқа «Egemen.kz» порталынан жедел хабарланған. Таң атпай, күн шықпай жатып ұлт руханиятының орны толмас қазасы байтақ қазақ еліне тез арада тарап кеткен. Алматыдан тоқсанға келген егделігіне қарамастан академик Серік Қирабаев жетті. Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының әкімдері Бақтықожа Ізмұханбетов, Қырымбек Көшербаев, Алик Айдарбаев, қоғам қайраткерлері Амангелді Айталы, Бекет Тұрғараев алғашқылар қатарында көңіл айтуға келіп, жұбату сөздерін айтты. Сексен бес жастағы Лепес қажы Исаұлы мен жақын туыс, жазушы Лебен Сәдуақасов бастаған маңғыстаулықтар арнайы ұшақпен жетті. Мәжіліс депутаты Гүлнәр Сейітмағамбетова, ақын Оңайгүл Тұржанова, басқа да қарындастары аяқтарынан тік тұрып қызмет жасады. Өткен жылы осы әулеттің үлкені Дыбыс апа Бейнеуде қайтыс болған. Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан Қарагөз апа табалдырықтан аттай бере ауыр қайғыдан омырылып отырып қалды. «Жалғызым-ай!» деп жалын ата күрсініп,  жүрегі қысылып дем жетпей жатыр. Дәрігер көмекке келді. Қызылордадан ағаның қарындасы – Тілектес апамыз Дүйсен жездемізбен жанұшырып жетті. Немере ағасы, Әулет қаза болған жылы дүниеден өткен Мұқыр атаның ұл-қыздарының бәрі осында.

Қонақасы Хазірет Сұлтан мешітінде берілді. Ұйымдастырушылық жұмыстардың басы-қасында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ініміз жүрді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қалам ұстаған қауым – ақын, жазушылар, журналистер, өнер адамдары Елордаға топ-тобымен көшіп келгендей.  Әнес Сарай, Марал, Қажығали, Мархабат, Темірхан, Ханбибі, Қос Серік – Тұрғынбекұлы мен Ақсұңқарұлы, Мереке, Мейірхан, Есенғали, Светқали, Сабыр, Елена, Амангелді, Жұмабай, Бауыржан, Абай, тағы басқалар. Байқамай, кездеспей қалғандары, әрине, бұдан да көп. Он сегіз жасқа толғанша төрт кітабын  шығарып үлгерген Кенжебек ақын-студент те жанымыздан шықпай, шырқырап жүрді.

Желтоқсанның он үшінде таңертең сағат жетіде алдын-ала белгіленген жеті адам марқұм сүйегін арулау рәсімдерін бастады. Олар: «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанов, Сұлтан Оразалинов, Өмірзақ Озғанбаев, Нұрлан Оразалин, Равиль Шырдабаев, Сайын Назарбеков, маңғыстаулық інісі Даржоқ Сейбағатов сынды танымал азаматтар. Оралбай Әбдікәрімов, Қуаныш Сұлтанов ағалар кірпік ілмей шыққандары  жүздерінен байқалады. Таң атысымен Иманғали Тасмағамбетов келіп жетті. Дәлізде Ерлан Қарин, басқа да тумаластар қатарласып тұрды.

Сағат 9-да табытты алып «Нұр Астана» мешітіне жеттік. «Ауырлығы табыттай» деген Жұмекен ақынның жыр жолдары жанымызға оралды.  Әбіш ағаның табытын қара жер  қалай көтеріп тұр екен деп іштей өксумен болдық. Жаназа намазды Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының найб-мүфтиі, мешіттің Бас имамы – Өтпенов Наурызбай Тағанұлы  оқыды. Самарқанның Каттақорған қаласының тумасы. Бір ауылданбыз, жерлеспіз. Есімі Батыс аймағына кеңінен танымал, Құнанбайдың замандасы, сол кезеңде Меккеге қажылыққа барған атақты Досжан Хазіреттің тұқымы. «Жақсы адам»  деп жамырастық. Көп ұзамай,  соңғы сапарға шығарып салатын  орын — Көрме залына да жеттік. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері құрметті қарауылға тұрды.

Бұдан екі жыл бұрын Фариза апамен қоштасқан күнгі көріністер. Иін тірескен халық толассыз ағылып ішке еніп жатыр. Аяқ басар орын қалмады. Жерлеу комиссиясының төрағасы, Парламент Сенатының Спикері Қасымжомарт Тоқаев кіріспе сөзін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,  Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының қазасына орай жолдаған Елбасының көңіл айтқан жеделхатын оқудан бастады. Өмірбаян деректеріне  шолу жасады.

Қаралы жиынның алғашқы сөзі Әбіш ағаның дарыны мен қабілетін тым жас кезінен жоғары бағалап, пікір айтқан, шығармаларын сан мәрте талдаған сыншы — академик Серік Қирабаевқа берілді. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімдері Қырымбек Көшербаев пен Алик Айдарбаев, бала кезден бірге өскен досы, сәулетші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлы жан тебірентерлік қоштасу сөздерін айтты. Бірін-бірі қайталамайтын, бірін-бірі толықтырып тұратын ойлар, толғаныстар, естеліктер.

Замандастары Маңғыстау  әулиелерінің қатарында   атап жүрген заңғар тұлға туған жеріне неге қойылмады екен деген сөздер де айтылып қалды. Бұл өзі көпшіліктің ой-пікірлерімен астасып жатқан пікірге де саяды. Елбасы көңіл айтуға келген күнгі әңгімені ортаға салайық. Клара жеңгеміз ақылдылығы мен сұңғылалығын танытыпты. «Алпыс жылға жуық уақыт отағасының аяғын жуып келіп едім. Ол кісі Пантеонда қалса, ертеңгі күні мені тумаластар елге алып кетсе қалай болады, Нұрсұлтан-ау? Менің о дүниеде де қызмет жасаймын деген армандарым бар еді. Екеуміз екі жақта жатсақ, орындалмай қалады ғой мақсат, ниеттерім… «Бұл ойларын алдын-ала ақылшы аға,  ұлағатты ұстаз Мырзатай Жолдасбеков арқылы да жеткізген екен.

Елбасы естияр сөзді бар ықыласымен тыңдап, естір құлақ, күпті көңілдерге қанағаттанарлықтай уәж айтыпты. — Ағайын-тумалардың ниетіне ризамын, ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ, Әбіш Маңғыстаудың ғана емес, Алаштың, исі қазақтың Әбіші ғой… Астанада, бәріміздің жанымызда қалса деп едім…Жылы жымиып, жеңіл әзілмен:

— Сіз айтқан мәселені шешеміз ғой, күмәніңіз болмасын.  Бірақ, Сіз, Клара, ол жаққа асықпаңыз, бала-шағаңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріңіз. Асыға қоймаңыз. Менің досым да ол жақта ештеңе бүлдіре қоймас… — Үлкен кісінің сөзі осында жиналғандардың барлығының да көңілдерінен шыққан, келісім осылай болған.

Қаралы жиын аяқталып, табытты көтере бергенімізде, бір топ әйелдердің арасынан сай-сүйегімізді сырқыратқан жоқтау-жыр естіле бастады. Өзбекстанның Гагарин қаласында өзімізбен  қатар өскен, қазір Ақтау қаласында тұратын ақын апамыз Ақшагүл Рамазанованың ішкі толғанысы, жанайқайы жұртты тебірентіп жіберді.

Қайталанбас тұлғаның қайтпас сапарына куә болғандар бұл қаралы күнді ұзақ жылдар бойы естерінен шығара алмайтындығы анық. Әулиелігі мен көріпкелдігі әдебиет әлеміне құбылыс болып келген, ешкімге ұқсамайтын дара дарыны, адамгершілігі мен имандылығы, қарапайымдылығы, кішіпейілдігі мен кісілігі кеңінен сөз болды. Халықтың ықыласы мен махаббаты, қимас сезімдері көзге де, көңілге де сезіліп тұрды.Тура бұдан екі жылға жуық уақыт бұрын осы  көрме залында Әбіш аға: «Өмірге келгенің үшін, біздермен қатар жүргенің үшін рахмет саған, Фариза!» —  деп тереңнен тебіреніп қоштасу сөзін айтқан болатын.

Бәріміз де заманның заңғар тұлғасымен өмір сүргенімізге, бірге болғанымызға, асыл сөздерін тыңдағанымызға, сәті түскенде, аялы алақанымен маңдайымыздан сипап, арқамыздан қаққан бақытты сәттеріміз үшін әуелі Аллаға, одан кейін ағамыздың рухына мәңгілікке басымызды иіп өтетін боламыз.

Күн сәскеден көтеріле бере болашақта Ұлттық Пантеон болатын Қабанбай батырдың зәулім кесенесі алыстан көрініп тұрған боз төбеге де келдік. Шегі көрінбейтін көліктің легі бірнеше шақырымға созылып жатыр. Таңқаларлығы, желтоқсанның ызғары сезіліп, қара жел қарсы қаратпай, тұла бойды тоңазытып  тұрғанымен, әдеттегідей аяз, бұрқасын жоқ. Табиғат-Ананың өзі көзі тірісінде адам біткеннен мейірімін аямаған мейірбан жанға жылуын төгіп тұрғандай. Сол кешегі Фариза апаны жер қойнауына тапсырғандағыдай көрініс, мінсіз ұйымдастырушылық жұмыстар. Топырақ салынды, Құран оқылды.

Түс мезгілінде «Тұран» мейрамханасының екі қабатты залдары лық толды. Сөз тізгінін Әбіш ағаның ежелден бірге келе жатқан іні-серігі, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов ашып, жүргізіп отырды. Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов сөз бастап, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов келелі ойларын айтты. «Орыс әдебиетінде Лев Толстойдың креслосы әлі күнге бос тұр» деген орыс жазушысы Л.Леоновтың сөзін мысалға келтірді. «Әлі талай-талай ақын-жазушыларды қазақтың аналары дүниеге әкелер-ау…Бірақ, Әбіштей дарын қайта тумайды», – деп торқалы тоқсан жастан асқан қазақ әдебиетінің ақсақалы  қаршадайынан қасында өскен қаламдас інісін қимастықпен еске алып,  іштей егіліп, жан жүрегімен жылап тұрды. Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, маңғыстаулық ардагер Дүйсенбі Әріпов, Оралдан келген ақиық ақын Ақұштап Бақтыгереева орны толмас қазаға қабырғасы қайысып, көкейлерінде жүрген ойларын ағытты. Атыраулықтар атынан сөз алған Рахымжан Отарбаев бұл жолы да ешкімге ұқсамайтын жаңғырығы мол күмбір-күмбір даусымен, оқшау ойларымен, қанатты сөз тіркестерімен терең тебіреніс үстінде жүрегімізді шымырлатты, қан-тамырымызды солқылдатты. Тоқсаныншы жылы өзі куә болған бір әңгіме бар еді. Түс кезінде  Әбіш аға үйіне қуанышты көңіл күймен келіп, Айсәуле анамызға Германияда басылған екі томдығын  көрсетіп, сүйінші сұрағандай болып хабарын айтыпты. Асыл ананың сондағы айтқаны:

— Немістер әкеңді өлтіріп еді. Баласын құрметтеп, мәртебесін көтеріпті ғой!

— Расында, неміс әдебиетшілері мен баспагерлері Әбіш аға шығармаларын ғаламдық  дәрежеге  көтеріп,  әлемнің ең үздік 100 жазушысының қатарына қосты.

17 желтоқсан күні  Ақтауда  Әбіш ағаның жетісі берілді. Жетікүндіктің туған жерінде өткізілгені орынды, оңды шешім болған. Қарайған халықтың, қамкөңіл ел-жұрттың барлығы бірдей Астанаға жете алмайды ғой. Оның үстіне Әбіш ағаның өзі шыр етіп жарық  дүние есігін ашқан  жерге, елге  деген махаббаты мен ықылас-пейілі алабөтен еді ғой, шіркін! «Көзің барда Маңғыстауды көріп қал!» Үлкен жүректі адамның ұлы махаббатын осы бір сөйлемнің өзінен-ақ аңғаруға болатын шығар. Атасына қарап ешкімді алаламайтын, жік-жікке бөлмейтін, заманының дара да дана тұлғасы болып жетілген перзентіне деген 360 әулиелі кәрі түбек халқының ықыласы мен пейілі де ерекше еді. Біздің әулеттен  Шыңғыс қатысып, алқалы жиында Ұлы абыз туралы ойына түйгендері мен сезімдері  туралы толғанып сөз сөйлепті. Осы таяуда  ширек ғасырдан астам бойы сөйлеген сөздері, баяндамалары жазылған 60 бейнетаспаны үлкен сенім артып, өз қолымен аманат етіп  тапсырып кеткен еді. Бұл баға жеткісіз үлкен мұра қазіргі жаңа электрондық технологияға сай цифрлық таспаларға қайта жазылып жатыр. Әбіштанудың ұланғайыр дүниесінің бір бөлігі, тірі бейнесі сақталған таспалар ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып аман-есен жетсе, бүгінгі көзі тірілердің халқымыздың Дана перзентінің  алдындағы асыл парыздарын өтегендері ғой. Баға жеткісіз дүниелер екендігі анық. Шыңғыстың сөзі — бүгінгі  жас ұрпақтың Ұлт абызына деген риясыз сүйіспеншілігінің, лайықты құрметінің, заңғарға жасалған тағзымның айғағы  деп қабылдап, толық мәтінін жариялауды мақұл көрдік.

«Әбіш аға жөнінде пікір айтатын мен кім едім деп ойлаймын! Айтса да, өсер-өшері төңірегін көмкерген тоғайға тәуелді шыбық тал асқар таудың шыңына не айта алады?

Өзімнің емес, Інісі Бақтықожа Ізмұxамбетов бастаған барша атыраулықтардың көңілін қабырғам қайысып, белім майысып арқалап алып келдім.

Қазақ руxаниятының қара орманы орылып қалғандай қурап отырмыз!

Маңғаз Маңғыстаудың майлы топырағын еркелей сипап жатқан Кәрі Каспий тартылып қалғандай кеуіп отырмыз!

Біздің күй осы!

Аза деген ауыр ауруға шалдықтық. Дәрі жаза алмайды, уақыт емдемесе.

Аптаның соңғы күні абызды аруладық. Қазақ әдебиетінің Эверест сияқты соңғы шыңы еді ғой!

Пантеон сияқты жердің өңешіне салдық. Фариза апа екеуі бір-бір  төмпешік болып қалды артымызда.

Әбіш ағамен қоштасық. Ұлты қандай ұлысынан айрылып қалғанын әлі сезіне қойған жоқ! Уақыт керек! Адамды заманы бағалаған ба?! Абайымыз арамызда жүрген екен ғой деп әлі талай санымызды сабалармыз. «Қап-қап» дерміз… Қайран кемеңгер! Қош болғайсыз!

Халқы Әбіш әлемі мен Кекілбаев кеңістігін енді шынайы түсіне бастайтын болады.

Тіріңізде тоғышар орта шулауға тулауыңызды, айқайға айтағыңызды қалайтын. Өкпелеу де, өсектеу де өңмеңдемей қалған ба!

Айналамыз түгел көріну үшін төңірекке Сіз тұрған шыңнан көз тастау керек екен. Жаратылысты түгел сезіну үшін Сіз нәр алатын шыңырауға тамыр түсіру керек екен.

Ұшы жоқ биіктікке қанша созсақ та қолымыз, түбі жоқ тереңдікке қанша тебінсек те тірсегіміз жетпейді.

Заманның көзімен емес, тариxтың көзімен қарап, өмірдің мәнін күрестен емес, еңбектен іздедіңіз. Топқа — күрес, ал ұлтқа — еңбек керек екен. Күрескер жақынға пайда тигізу үшін жатқа зиян келтіреді. Ұтылғанның есебінен ұтады. Ал еңбеккер — ай мен күндей әлемге бірдей екен. Жамандықты жамандық емес, жасампаздық жеңеді!

Сіз аяқасты жантәсілім жәндіктен айласы асқан адамға дейін мейірлене қарайтынсыз, «айналайыныңызды» аямайтынсыз. Не деген кең едіңіз! Кеңдігіңізден кемшілік те ізделмей қалмап еді. Көп ақыл арпылдап отыру үшін емес, кең болу үшін керек.

Сіз терең өзен екенсіз! Тыныш ағатын. Терең өзен тасыса, жағадағы жамағаттың жағдайы не болмақ!

Қайран!.. Жұртының қамын жоқтаған алып жүрек тоқтады, ұлтының ақыл-ойын сақтаған сәулелі сана сөнді.

Ағам қайтардан екі апта бұрын Бақтықожа Ізмұхамбетов Кекілбаевтың видеомұрағатын жасауға Астанаға аттандырған еді. 60 кассета алдым. Цифрлап жатырмыз. Осы жұмысты аяқтау Атырауға артылған аманат.

Әбіш ағаның өзі кеткенімен, бейнесін мәңгі сақтаймыз!»

 

Абыз ағаның оңтүстіктегі іздері

Біз Клара жеңгемізден рұқсат алып, Шардараға келдік. Осы қаралы күндері ұялы телефонымызға тыным болмады, хат-хабарлар толассыз түсіп жатты. Қарашаңырағымызда оңтүстік өңіріндегі көңіл айтқан ағайын-туыс, ниеттес – Ақарыс,  Бекарыс, Жанарыстан өрбіген Үш Ата өкілдерінің басын құрап, Ақтаумен бір мезгілде садақа-жиын өткіздік. Жетісай қаласында тұратын Бекет Атаның тікелей алтыншы ұрпағы, сексеннің сеңгіріне жеткен Көбен сұпы Аралбайұлы 130 шақырым жерден  бірінші болып келді. Шардара ауданының имамы Асылхан қажы Данияр, ауыл молласы Сағатбай Қанат Әбіш ағаның рухына бағыштап Құран оқыды.

«Ел иесі – жер киесі» атты Бекет Атаға арналған шығармадан үзінділер оқыдық. 2009 жылы Нұр Атада Әйтеке би кесенесінің ашылуында ағамызбен сапарлас болған азаматтар  – Дәулет қажы Үзденбаев, Сламбек қажы Мергенбаев  естелік әңгімелерін айтты. Шардара ауданының Құрметті азаматы  Қыстау Ілесов бұдан  он бес жыл бұрын, алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында «Өлке» баспасынан жарық көрген 12 томдық шығармалар жинағын қастерлеп сақтап келе жатқанын, Әбіш ағаның құдыретті сөз өнерін әңгімеледі. Осы жинақ аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Шерман Қаппаровтың жеке кітапханасын да байытып тұр екен. Бұдан екі жыл бұрын «Жазушы» баспасынан шығармаларының 20 томдығы қалың оқырманға  жол тартқанын әңгімеге қостық. Жиналған қауым кешегі қазалы, қаралы күндерде ақпарат құралдарында жарияланған замандастарының мақалалары мен теледидардағы сөйленген сөздерден алған әсерлерімен бөлісті.

Біз Астанада Ұлы ойшыл, ғұлама, Алла берген мұхиттай алып ақыл-ойы мен ұшан-теңіз білімі, таңғажайып жазушылық, қайраткерлік қабілет-қарымымен  абыздық дәрежеге көтерілген Халық жазушысын соңғы сапарға шығарып салған кезде қайғыны бөліскен, қабырғасы қайысқан нөпір халықтың көңіл күйін,  көргендеріміз бен естігендерімізді ортаға салдық     Көбен сұпы 2001 жылдың мамыр айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Халық жазушысын Мақтарал өңірімен таныстырғанын, ел-жұртпен екі күн бойы кездесулер ұйымдастырылғанын әңгімелеп берді. Пір Бекет ұрпағына 2009 жылы Нұр Атада Әйтеке би кесенесінің ашылу салтанатында бауырына қысып, қошемет көрсеткенін көрген едік.

Әбіш аға тұңғыш рет біздің Шардарадағы шаңырағымызға 1980 жылдың мамыр айында келіп еді. Қазақ әдебиетінің Шымкент облысындағы күндері өтіп жатқан. Асанбай Асқаровтың басшылық кезі. Орталық комитеттің Мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі жасанды теңіз жағасындағы Төрт қақпалы шаһарды таңдапты. Наурыз айында  үйленіп, отау тіккенбіз. Тойға шақырылған. Құттықтау жеделхатымен ілесіп, міне, асқар таудай ағамыздың  өзі де келіп жетті. «Атамыз Мұқан Бабаға сәлем беремін, немере келініне құтты болсын айтамын» деген ізгі тілектен туған ниеті екен. Жалғыз келмеген. Қасында айтулы ақындар — Тұманбай Молдағалиев пен Сағи Жиенбаев, «Оңтүстік Қазақстан»газетінің Бас редакторы Әмірсейіт Әлиев,  аупарткомның бірінші хатшысы Лесбек Бекжанов, аудандық атқару комитетінің  төрағасы, ол кезде уыздай жас жігіт, қазіргі сенатор Қуаныш Айтаханов, басқа да бірқатар марқасқалар бар.

Аудандық «Өскен өңір»  газетінде мәдениет және хаттар  бөлімінің меңгерушісімін. Өлеңдеріммен таныла бастаған кезім. Күндіз болған жұртшылықпен кездесуде сөз сөйлеп, жыр оқыдым. Әбіш ағам «айналайын»  деп қасынан тастамай, қайда барса да ертіп жүрді.  Басшылардың да, қосшылардың да маған мейірі түсіп, жақсы көздерімен қарай бастағанын байқап қаламын. Үлкен кісінің інісі болу үлкен бақыт екендігін бір-ақ күнде түсініп шыға келдім. Әрине, таудай жауапкершілігін кейінірек ұғына бастадым. Ертеңіне таң азанмен  үйіміздің төріне шығып отыр… Құтты болсын айтылған, той тойға ұласқан шаттыққа толы күн болды. «Мұқан бабаның үйіне 6-7 «Волгамен» құрметті қонақтар келіп кетіпті»деген хабар айналаға тез тарап кетті. Ауыл адамдары мұндай жаңалықты ұмыта қоймайды. Қазірге дейін еске алатындар баршылық.

Әбіш аға дастархан басында:

–Күріш бірде өссе, бірде өспейтін шығар. Қой бірде төлдесе,  бірде төлдемейтін болар, үйленген жастар өсіп, өркендей берсін, – деп көсіліп тілек айтты.Үстіне қаракөк жолақтары бар ақсұр көйлек киген. Қап-қара бұйра шаштарының арт жағы қолмен бұйраланғандай, жылтырай желкілдеп желкесін жауып тұрады екен. Қылшылдаған қырық жастағы кезі екен- ау… Менің «қайран-қайран жиырма бестің» әнін шырқап, жырын жырлап жүрген кезім ғой…

Мұқан Бабамыз Ақтөбенің Табын ауданында туылған. Сағи Жиенбаевтың аталарын тізіп тұрып айтып берген кезде аққөңіл ақын орнынан ұшып түрегеліп, атамыздың сақалынан шөпілдетіп сүйе берген. Бұл көрініске бәрі мәз. Бабамыз Кердері Әбубәкір мен Тіней Зәкарияның жырларын жатқа соғып, қонақтарды бір серпілтіп тастады. Жанарлары көзілдірігінің ар жағынан күлімдеп тұратын тым жайдары, сергек те сезімтал Тұманбай ағамыз үйден шыға берісте:

– Әй, Әбішжан-ай, шалғайдағы Шардараға алып келіп, Сағидың ата-бабаларын тірілтіп бердің ғой… Осы бүгін бәрімізден бақытты бір адам бар. Ол – менің Сағи досым! –  деп рахаттанып күліп жатыр.

Қонақтар көліктеріне отыра бергенде Мұқан Бабамыз:

– Әбіш сөйлеген кезде екі шекесі бүлкілдеп қозғалып тұрады екен.Таңдайы жарылған шешен. Бес Жаңайдың – бірі, Төрт Мұңалдың жиені, қыдыр қонып, бақ дарыған Қожаназардың тұқымы ғой… Нағыз Нар бас! Осы жасыма жеткенше мұндай басты көрмегем. Ғұмыры ұзақ болғай! – деп сүйсініп тұрды.

Осы биылғы бір әңгімеде ағамыз:

— Мұқан Бабаның киелі кісі екенін сол кезде сезіп едім, — деп бір қойған.

Кейіннен «Құсқанаты» повесін оқығанда бас кейіпкер «солпы етек, шұбалаң жаулық» қара кемпірдің қара баласының шашын алып беретін ақсақ қоймашының мына бір сөздеріне тәнті болып, Бабамыздың бағасымен үндесіп жатқандығына таң-тамаша қалып едім. «Мына пәтшағардың басы қызық екен. Маңдай жағы жаңа піскен шәмші қауындай дөңгеленіп жатыр да, желке жағы қазанның асқабағындай қыртыс-қыртыс. Екі шекесін қара, әлдекім дойырмен тіліп өткендей, жыртылып айрылып тұр. Мынауың әйтеуір мен көрмеген бас екен!»

–1986 жылы  Әбіш аға Клара жеңгемізбен, Фариза апамызбен, көрнекті ғалым Хабиболла Сыдиықов Гүлшәт жеңгемізбен Мұқан Бабамыздың 90 жылдық торқалы тойына қатысты. Тоқсаныншы  жылы ғасырға жуық ғұмыр сүрген, Алты Алаштың шежіресін майын тамызып әңгімелейтін, халыққа, жетім-жесірге қамқор, пана болғандығынан шығар, азан шақырылып қойылған есіміне «Баба»деген сөз қосылып, Мұқан Баба атанған  атамызды соңғы сапарға шығарып салуға 4 жасар немересі Абылды да алып келіп еді. Қабір басына дейін барып, өз қолымен топырақ салды… Мұнан кейінгі жылдары да Шардара жеріне бірнеше рет қадам басты, құтты қонағымыз болды. Әрине, әрбір сапары мұндағы қалың ағайын бас қосатын шынайы мерекеге  ұласатын.

Абыз ағамыз сонау студенттік жылдарынан бері оңтүстік өңірімен аралас-құраласын, бауыр байланыстарын үзген жоқ. Тоқсан үшінші жылы мамыр айында Елбасының Кеңесшісі қызметінде Ордабасыда Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері бас қосқан Ұлы жиынның ұйымдастырушыларының бірі болды. Түркістанның 1500 жылдық тойына, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде Абылай ханның сүйегін қайта жерлеу  рәсімдеріне, Бәйдібек, Сіргелі бабаларға берілген  Ас мерекелерге, ел арасындағы басқа да іргелі жиындарға қатысты. Өткен жылдың  мамыр айында Қазығұртта белгілі  азамат Бекет Тұрғараевтың басшылығымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне жасалған мемориалдық кешен  мен Түлейболат Баба ескерткіші ашылған іргелі жиындағы:

– Мен үшін «соғыс» деген сөзден өткен суық сөз жоқ. Екі жасымда әкем маңдайымнан иіскеп, соғыстан қайта оралам деп қоштасып кеткен екен. Әлі күнге оралған жоқ. Осы ескерткіш соғысты еске салатын соңғы белгі болғай! – деген аталы сөзі ел- жұртты тегіс тебірендірген еді.

2010 жылдың қараша айында  Орал қаласында Әбіш аға мен Фариза апамыздың 70 жылдық мерейтойы құрметіне «Әдебиеттің қос қанаты»  атты әдеби-сазды  мазмұны бай кездесу ұйымдастырылды. Бұдан үш ай бұрын  дүниеге келген тұңғыш немеремізге, біздің өтінішімізді  құп алып, «Алаш» деп ат қойған болатын. «Орал – сүйегіміз ғой. Алашорда қайраткерлерінің Батыс қағанатының темірқазығы болған жер. Алғашқы газет, баспахана,  театр ашылған жер. Осы есімді таңдадым»  деп еді. Осы жолы  аузына түкіріп,  «Алаштың ендігі билігі өзіңде болар»  деп ақ батасын беріп кетті. Қабыл болғай! Клара жеңгеміз, Фариза апамыз, Бақтықожа ағамыз осы сәттің куәгерлері болды.  Майра келініміз Алаштан кейін Азатты дүниеге әкелді. Әбіш пен Фаризаның тұңғыштарын Орда деп өзім қойдым. Сөйтіп, біздің әулетте «Алашорда» пайда болды.

Нұр Атада шілдеде жаңбыр сіркіреген күн

Бұдан оншақты жыл бұрын  Әбіш ағамыздың сілтеуімен, өзі жазғандай, «туған жері белгісіз, өлген жылы белгісіз, жатқан жері белгісіз» Әйтеке бидің сүйегі жатқан  орынды анықтап едік. 2013 жылы ағамыздың нұсқауымен Орынбор облысындағы Әбілхайыр ханның зайыбы  Бопай ханым жатқан жерді көріп қайттық. Ағамызды соңғы сапарға шығарып салған ас үстінде Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов 1995 жылы тамыз айында Әбекеңнің өтінішімен қайраткер ханым жатқан жерге бірге барғанын әңгімесіне арқау етті. Алда бірлесіп атқарылар шаруалардың жөн-жобасына ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әттең, сұм ажал үзіп кетті. Жазам деп жүрген шығармасын жаза алмады. Денсаулығы сыр беріп, соңғы жылдары қаршадайынан бауыр басқан қаламын жиі-жиі тебіренте алмай жүрді.

Жаңа ғасырдың тоғызыншы жылы, шілде айының отыз бірінші жұлдызында Әйтеке би кесенесінің ашылу салтанатында табиғаттың бір құбылысты оқиғасы жадымнан кетпейді. Әбіш ағам мен Клара отырған  ұшақ Ташкенттен көтеріліп,  Бұқара әуежайына қонғанда, шіліңгір шілденің ми қайнатқан ыстығы ауаны өрт жалынымен шарпып тұрған. Әуелі Баһауеддин Нақышбанд әулиеге зиярат жасадық. Науаи шаһары арқылы Нұр Атаға қарай бет алдық. Екі ұлы өзен —  Әмудария мен Сырдария аралығында, Мауреннахр өлкесінде теріскейге қарай зулап келеміз. Әбіш ағам осы аймақтың екі мың жылдық тарихын қазбалап, сөйлеп келеді. Бейне бір осы жерде туып- өскен сияқты.  Тарихи тұлғалар, жер, су, құм, тау атауларын, көне қалашықтарды жіпке тізгендей еске түсіріп келеді.  Ескендір Зұлхарнайынның жер қайысқан қалың қолы маңдайлары тасқа тигендей осы Нұр Атада жеңіліс тапқан. Осы қасіреттен кейін артқа шегініп, Сырдарияға дейін кері жөңкіліп,  қазіргі Өзбекстанның Гүлстан қаласы төңірегінде  қаза тапқан. Тұран дүниесі,  «жеті өлікке жан берген, жеті пірге қол берген» Бахауеддин әулие, Әмір Темір, Ұлықбек, Жалаңтөс баһадүр, Ораз би, Әйтеке билер туралы біз естімеген, ешқайдан оқымаған мағлұматтар тайға таңба басқандай  көріністермен айтылып жатты.

— Қаракөл қай маңда еді? – деп кенеттен сұрақ қойып, сүлік қара «Мерседестің» терезесінен жол бойындағы созылып жатқан құмды жоталарға   көз салды. — Көк Орданың астанасы еді ғой. Бір кезде Арғындар Арқаға қарай осы жерден көшкен замандар болған…

Қаракөл Бұқараның сырт жағында, Әмудария жағында қалғанын айттық.

Бұл Халық жазушысының  жайдан-жай келісі емес еді. Ол өзінің әйгілі тарихи, философиялық  «Әйтеке би» зерттеу еңбегінде Ұлы бидің туған, өлген жылдарына, жатқан жеріне  болжам жасап, нақтылап берген болатын. Кейін қоғамдық қорлар, атымтай жомарт кәсіпкерлер ұйымдасып, Қазақстанның өзбек еліндегі Елшілігі  қызметкерлері іліп әкеткен қастерлі шаруа қайырлы іспен аяқталды. Ғасыр оқиғасы деп бағаланған, барша қазаққа көзайым қуаныш болған үлкен істің бастауында  Әбіш Кекілбайұлы тұрды. Жалпы, Әйтеке би тақырыбына тұңғыш түрен салған – Кекілбаев! Әрине, отыз жыл бойы қалам тербеген марқұм Мұқадес Есламғалиевтың еңбегін, сірә да, жоққа шығара алмаймыз.

«Иә, ол да үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді. Дүние жалған десейші!» – деп, алғаш рет Алты Алашқа жар салып, замандастарының назарын аударған, ұлықтауға шақырған, жас буынға аманат еткен. Әбіш ағаға айтқызсаңыз, шіркін!.. Әйтеке бидің Нұр Атада туып, осында жерленгенін қолмен қойып, жілік-жілікке бөліп, айна-қатесіз деректерге тіл бітіріп сөйлетеді келіп. Сол замандағы қазақтың игі жақсыларымен бірге жүріп, бірге дәмдес, табақтас болып, бірге көшіп жүргендей әсер қалдырады.

— Әйтеке би – Алаш ішінде Алшыннан. Алшын ішінде Әлімнен тарайды. Әлімнен – Төртқара – Қараш. Қараштан Сейітқұл туады. Әз Тәукенің төртінші атасы Қасымхан, ия, кәдімгі Сарайшық астанасы болған, топырағы осы жерден бұйырған ханның өзі. Ол дүниеден өткесін қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдария бойындағы қонысын тастап,  таулы қыраттар  қызылдың құмымен шектесіп жатқан Нұр Атаға көшіп келеді. Әйгілі Әмір Темір астана жасаған Самарқанның солтүстік- батыс жағындағы суы таза, ауасы тұнық – нағыз жер жәннатының өзі. Шығай ханның қасында Сейітқұл деген кісі болған. Ол қай Сейітқұл? Иә, кәдімгі Төртқара Сейітқұлдың өзі! Оның «сен тұр, мен атайын» дейтіндей атақтары жер жарған сегіз ұлы болған. Ең атақтысы – Самарқанды 40 жыл билеген Жалаңтөс баһадүр сол кезде 5 жаста екен. Оның үлкен ағасы Ақша — Қоқан ханы болған. Ақшадан – Бәйбек, Бәйбектен Әйтеке туған. Жалаңтөс баһадүрдің тәрбиесінде болған.Ұлы билеуші қайтыс болғанда небәрі 12 жасқа толған кезі екен. баһадүр 1766 жылы дүние салған. Ендеше Қожаберген жыраудың «Елім-ай»  дастанындағы: «өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, келгенде 56 жасқа ажал жетті» дейтін жолдары бидің 1644 жылы туып, 1700 жылы қайтыс болғанын айғақтайды. 1711 жылы Аралдың терістігіндегі Қарақұм съезіне қатысқандардың арасында Әйтекенің есімі аталмайтындығы оның бұл жиыннан көп бұрын қайтыс болғанын айтып тұрған жоқ па? Әйтеке бидің Түркістандағы Хан сарайынан төре тұқымымен келіспей, ренжісіп, ата қонысы Нұр Атаға қайтып келіп, опат болғандығының себептері өз алдына басқа әңгіме.

Әйтеке би кесенесі ашылар сәт тал түске дендеді. Алғашқы сөз, әлбетте, Әбіш ағаға берілді. Бұл Қызылқұм қойнауында Ұлы би дүниеден өткеннен кейін алты Алаштың, басқа да түрлі-түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бас қосқан үш ғасырдан кейінгі ұлы  жиын еді. Бұл аймақтағы қарға тамырлы қазақ қана емес, діні бір болғанымен, тілі мен түрлері  ұқсамайтын қалың жұртшылық  мұндай мерекені көрмегелі  қашан. Бұл жақтан біздің  ел ауғалы қай заман. Қалған бөлігі Тәуелсіздік жылдары атамекенге оралып жатты. Мұнда қазір, негізінен, екі мың жыл бұрын келген парсылардың тұқымдары өмір сүреді. Ислам дінін таратуға келген Сейітқожалар ұрпақтарына сыйынады.

Әбіш ағам сөзін бастай алмай, кідіріңкіреп қалды. Толқып тұр. Көңілі босап тұрғанын байқадық. Тыңдарман халық селт етпей, сыбыр-күбірсіз, аңтарыла қарап отыр. «Не айтар екен?» деп елеңдесіп  күтулі. Төбеден жалынын шашқан Күн-құдырет күйдіріп барады. Уа, ғажайып! Нұр Ата тауының  бір биігінен  кесене жаққа қарай қазбауыр бұлттар жылжып келеді. Әлде ыстық жалын демін қысып бара ма? Немесе үш ғасырдан кейін басына шырақ жағылған Әйтеке бабасының тағдыры толқытып тұр ма?  Халықтың алдында қапысыз сөз айтатын, әбден ысылған қабырғалы қайраткердің де қапияда сөз бастауға қиналатын сәті болады екен-ау? Бірте-бірте қоюлана бастаған бұлтты аспан, айналаға көлеңкесін түсіре бастады. Әбіш аға басын көтеріп, шалқая қарап,  көк жүзіне телміре  көз салады. Көк Тәңірімен тілдесіп тұрғандай. Осы сәтте жылы  жаңбыр сіркіреп қоя бергені. Шілдеде Нұр Атада жаңбыр жауғанды кім көріпті, шіркін! Қарайған жұрт қапелімде аспаннан су бүркіп, бір құдырет келіп қалғандай, дүркіресіп көкке бір қарайды, алдарында төралқадағы алқалы топта маңдайы жарқырап  тұрған шешенге бір  қарайды. Оң қолының алақанымен жаңбыр суы араласқан маңдай терін  бір сипап тастап, көмейіне тіреліп тұрған сөз бастауын ағытты-ай келіп…  Бәсеңдеу басталып еді, бара-бара ағыл-тегіл  дария көшкендей ақтарыла бастады. Жарты сағаттан астам арғы-бергі тарихты тереңнен толғап, тебіренді келіп… Тоқтамай, іркілмей, барған сайын тынысы  ашылғандай, қанаты жайылып бара жатқандай…

Төле, Қазыбек, Әйтеке билер түгелдей тіріліп келгендей, осы қазір арамызда отырғандай күй кештік. Ұлы даладағы небір есте жоқ ескі дәуірлердегі шежіре-сырлар көмейден емес, көктен хабарланып жатқандай ғажайып әсерде тұрмыз. Бауырлас Орта Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігінен артық құндылық жоқ екендігін тебірене айтты. Ынтымақтастыққа, бірлікке, татулыққа шақырады. Әз Бабалар осындай асыл мұраттармен өмір сүргенін баршаның жадына салды. Мұндайда сабыр мен шыдамның орны бөлек екендігін тұспалдады. «Ынтымақтан асқан  береке, бірін-бірі ұғыса алмаудан асқан келеке жоқ», — деп қадап айтқан.

Әбіш әлемі алқалы жұртты бауырына  тарта бастады. Көпшілік таңдай қағып, тамсанысты. Барған сайын жауһар сөз, шұрайлы тіл тыңдарман халықтың жан дүниесіне еміреніп еніп, тебіреніп тереңдей бастады. Шешен тіл мен көсем сөз аяқталғанша аспан жақтағы  қызуы күшті күннен қорғап тұрған, бұлт болып көмкерілген  алып шатырдың көбесі сөгілген жоқ. Жаймашуақ самал есіп тұрды.  Қайтадан орнына жайғасқанда тебіренген халық теңселіп кетті. Әйтеке бидің әруағымен Әбіш ғұламаның ой, тіл құдыреті астасып жатқандай күй кешті. «Мына кісі тегін емес екен» деген күбір-сыбыр сөздер естіліп жатты… «Көкке көз тастап еді, жөңкіліп бұлттар келді шуда-шуда. Сөзінен сәл кідіріп еді,  сіркіреп жаңбыр жауды… Жиын қорытындыланып, біз көлікке отырғанда күн жарқырап қайта шықты… Ұлы бесінде аптап ыстық қайтадан күшіне ене бастады. Кәдімгі аспан жерге түскендей алаулы от… Көлікке отырғанда Әбіш аға тым көңілді еді.

– Сәті түскен сапар болды-ау, – деп арқамнан қақты.

– Таңертең Баһауеддин қазіретке тәу еткеніміз дұрыс болды-ау. Осы бізде Наһшбандия ілімі насихатталмайды. Оның себептерін кейін бір айтып берермін. Үйдегі кітапханамда біраз кітаптар да бар, оқимын десең.

Бұлар  өзіміз куә болған, естіген оқиғалардың бірер парасы ғана…

…Шаңырағымызда Әбіш аға рухына бағышталып Құран оқылған күні сәскеде Атырауға Бақтықожа ағаға қоңырау шалып, сәлем беріп, көңіл айттым. Астанада тілдесе алмаған едік.

– Әбіш ағадан айрылып, жетім қалғандай болып отырмын, – деді ақберен көңіл ағамыз алабұртқан күймен. «Ағаңнан айрылып қалдық»деп Клара түнгі сағат бірге он минут қалғанда өзі қоңырау шалыпты.  Ертесіне күні бойы жұмысында көз жасын тия алмай,   егіліп  отырғандығынан хабарымыз бар еді.

Барша қазақтың қайғысы ғой!

Әбіш ағамен бірге болған, кездескен шуақты күндерден белгілер де көп, айта жүрер  әңгімелер де  баршылық. Ақыл- ой қазыналары, келелі кеңестері, тіпті, ескертпелері де санамызда сайрап жатыр. Өреміз бен тәуекеліміз жетіп жатса, әлі талай ақ қағазға төгілер, жан жүрекпен жазылар…

Ескі жыл есіркемеді.

Мешін жылын Әбіш ағасыз қарсы алдық.

Жұмабек МҰҚАНОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *