БАРЛЫҚ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСУҒА ДАЙЫНБЫЗ

Қала әкімі ҮЕҰ басшыларын шаһардың маңызды стратегиялық міндеттерін бірге шешуге шақырды

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қаланың үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілерімен  кездесті. Ол  әлеуметтік-жауапкершілікті, экономикалық күшті, құқықтық мемлекет пен дамыған азаматтық қоғам құру жолындағы ортақ мақсаттарға жету үшін бірлескен жұмыс стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Алматы әрдайым азаматтық қоғам саласындағы ең үздік тәжіри­белерді, жаңа­шыл жобалар мен кейс­терді пайдаланудың  бастапқы алаңы болып келді. Бүгін сіздер мен біздер мұнда бағдарларымызды айқын­­дап,  үкіметтік емес ұйымдардың тиімділігін арттыру мен дамытудың «жол карта­сын» әзірлеу үшін жиналып отырмыз. Қоғамның өзекті мәселелерін бірлесіп шешу жөніндегі Сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз  мен үшін аса  маңызды. Біз қаланың бар­лық үкіметтік емес ұйымдарымен ынты­мақ­тасуға дайынбыз. Сондықтан негізгі басымдықтар, стратегия, проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары әрдайым менің назарымда болады»,  – деді  Б.Сағынтаев.

Жиын барысында қала әкімі  ҮЕҰ мен қалалық биліктің өзара іс-қимы­лының бір­қатар перспективалы бағыттарына тоқтал­ды. Атап айт­қанда, қала басшысы эколо­гия және ауа сапасы тақырыбын қозғады.

– Білемін, бұл барлық қала тұрғын­дарын толғандыратын мәселе. Қалалық ЖЭО-2  мекемесін газға көшіруді егжей-тегжейлі мұқият зерделеу жоспарымда тұр.  Осыған орай,  экология саласында, қорша­ған ортаның ластануына қарсы күресте және  қаланы көгалдандыру бағытында сіздердің қолдауларыңыз маңызды, – деп атап өтті әкім.

Сонымен қатар, кездесу аясында  қоғам­дық қауіпсіздікті нығайту және тәртіпсіздіктер мен құқықбұзу­шылықтарға төзбеушілік жайлы, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, атап айтқанда, ПИК қызметі, сондай-ақ қалалық бюджет шығыстарының ашықтығы, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жастарды жұмысқа орналастыру, олардың  бос уақыттарын тиімді  ұйымдастыру бойынша өзекті мәселелер қозғалды. Бүгінгі таңда мегаполисте 4 мыңнан астам ҮЕҰ бар, олардың мыңға жуы­ғы  белсенді. Сондай-ақ, 45  жастар ұйымы, 170 діни бірлестіктер және басқалар бар.

Үкіметтік емес ұйымдар басшыла­ры­мен кездесуден кейін  Бақытжан Сағын­таев    ЖЭО-2  мекемесіне   қа­рай жолға шықты. «Алматы — жоғары азаматтық белсенділік қаласы. Менің позициям — бірге жұмыс жасау. Қаланың ҮЕҰ кездес­тім. Өзара іс-қимыл бағыттарын белгіледік. Шешім әзірлеуде барлық пікірлер ескеріледі. Экология тақырыбы ерекше айтылды. ЖЭО-2 бойынша алаңдаушылық басым. Объектіге кетіп барамын», – деп жазды шаһар басшысы өзінің  Twіtter-дегі парақшасына.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *