Барлық базар жаңарады

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

Сауда-саттықты заманауи форматқа көшіру және салық түсімінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мегаполистің барлық базарлары жаңаратын болады.

Бүгінде еліміздің ең үлкен қаласы саналатын Алматыда 57 базар жұмыс істейді. Соңғы 5 жыл ішінде қала басшылығы «қызыл жиекке» орна­ласқан, санитарлық нормалар мен мегаполистің сәулетіне сай келмейтін 20-дан астам базарды жойды. Сөйтіп, олардың орнына жаяу жүргіншілер аймақтары, қоғамдық көлік үшін кеңейтілген жолдар, жер үсті өтпелі жолдар пайда болды.

Дегенмен, қалада  әлі де болса сауданың кішігірім  талаптарына сәйкес келмейтін базарлар бар, ал кәсіпкерлер контейнерлер мен дүңгіршіктерде жұмыс жасауда. Қаланы одан әрі дамыту үшін мұндай базарлар алынуы тиіс. Жуырда «Кар Сити» сауда орталығы алдындағы 100-ден астам сауда мен  қоғамдық тамақ­тану нүктелері жойылды. Сондай-ақ, «Рахат» базары маңын жалға беру мерзімі аяқталысымен, оның айнала­сына қалалықтар үшін аллея жасау жоспарланған.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, қазіргі кезде 16 базарды жаңарту жұмыстары жүзеге асып, олардың меншік иелері  16 миллиардтан астам инвестиция бөлген. Жыл аяғына дейін тағы да 6 базар реконструкцияланады. Бүгінде 5 базар модернизациялануда. Оларда жүргізіліп жатқан жаңарту жұмыс­тары  келер жылы аяқталады деп күтілуде.

Қала басшылығы базарларды жаңғыртуға бірқатар талап қойып, шарттар белгіледі. Базарларда стацио­нарлық нысан міндетті түрде салынуы тиіс,  объектілердің  барлығы санитар­лық-эпидемиологиялық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болғаны жөн. Көлік тұрағының болуы мен   еліміздегі салық заңдылығының қатаң сақталуы да басты назарда. Сондай-ақ, кәсіпкерлер тіркеуден өтіп, POS-терминалдар мен кассалық аппараттарды орнатуы міндетті.

Базарларды модернизациялаудың тиімділігі артуда. Соңғы жылда көтерме-бөлшек сауда айналымы қалада 3,4 пайызға артып, 12,8 трлн. теңгені құраған. Мұндай көрсеткішті сауда алаңы  мен сауда орындарының санын ұлғайту және  кәсіпкерлер жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету  арқылы көрсетіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, шаһарда биылғы жылы қолайлы қала  кеңіс­тігін жасау мақсатында  бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңы және мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары жаңарады. Орталықтандыру қағидасы бойынша қаланың барлық аудандарында  600 аула қайта жасалып, ұзындығы 155 шақырым болатын 157 көше жөнде­леді, тағы 30 шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолдары салынады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *