БАР МӘСЕЛЕ ІШКІ ТӘРТІПТІ САҚТАУДА ЖАТЫР немесе еңсемізді түсірмейік

Дәл  қазір  әр  адам  бар  адамды  жалғызындай қорғай  алатын,  әр  адам    бар  әлемді  құтқаруға  атсалысатын  сын  сағаты  туып  отыр. Бұл  ұлттық  тәрбиені  әлемге  танытудың  жалғыз   тура жолы  болып  отыр.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 Екі дүниені бір уыс қылып  қуырып  жіберген  індет  жалғыз  біздің елімізді  ғана емес, бар жаһанды  үлкен әбігерге  салуда.  Халықаралық  қауымдастықпен,  одан  әрі  көрші  қонған бес  мемлекетпен  шекараласатын  Қазақстанның қанша  жерден  қымтанса да одан сырт қалуы әсте мүмкін емес. Сондықтан  елімізде Президент Жарлығымен төтенше жағдай тәртібін  енгізу  жарияланды. Бұл – қауіптен  сақтанудың  басты жолы.

Атам заманнан  аурудың  жазылмайтын  бір түрін  екінші  түрі  алмастырып отырған.  Туберкулезге  ем  табылғанда  обыр  кеселі  шықты. Одан  СПИД сырқаты адамзатты   әбігерге  түсірді.  Жазылуы  қиын  бір   кесел  адамзатты  күйретіп жатқанда,  екіншісі  бас  көтеріп  жатады. Міне,  тағы  бір ажал мінген  сырқат  әлемді  жайлап  барады.  Адамзат  қоғамын  бұрын-соңды  мұндай  жойқын  кесел  бір  уақытта  жайпамаған. Оны тек бірлесе жеңетініміз  анық. Өмірді  барлық  қырынан  тану  шегі  болмақ емес,  ол және  де  адамның  қандай  қоғамда  өмір сүріп жатқанына байланысты  дамымайды. Бірақ  көңіл  көз  соңында  қалып  қоймауы керек.

Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт   Тоқаев осыған  орай   Үкімет  пен әкім-дерге шұғыл шаралармен  қатар,  орын  алған  жағдайды тұрақтандырғаннан кейінгі уақытты ескере отырып, жүйелі бағдарламалар әзірлеп, қабылдауы қажет екенін  тапсырды.  Қалыптасқан жағдайды  аса  күрделі  сипатты  жағдай деп қабылдағанымыз  абзал.

Мемлекетімізде  адамнан  қымбат  ештеңе  жоқ.  Осыған  байланысты   елімізде  орын  алып  отырған  қиындықтан    шығудың барлық мүмкіндігі барын  көріп  отыр.  Ең бастысы, тосыннан  болған  қатерлі  сипатқа  дер кезінде дайын  болуымыз  және не  істеу керектігін   қолға  алуымыз  біздің  кез-келген  жағдайға дайын  екендігімізді  байқатты.

Мемлекет басшысы  өзінің   сөзінде  барлық қазақстандықтарды бірігуге, осы күрделі жағдайдан сабақ алуға және ахуал тұрақталғаннан кейінгі жағдайда қажет болатын жаңа жүйелі әдістерді  іздеуге шақыруы  мемлекетті  өз  халқының  денінің  саулығы  ойлантатыны  көрініс  берді.

– Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін, – деді Мемлекет  басшысы.

Қазірдің  өзінде  сырқаттанған  20-дан астам  адамның   сауыққаны  туралы  ақпараттар  бар. Демек,  елімізде ауруды  жеңуде оңды нәтижелер  бар.

Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаев  халықты сақтану шараларымен  қатар еңсені түсірмеуге де шақырды. Осыған  сай Мемлекет  басшысы:  «Азаматтарды карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Сарыуайымға салынуға болмайды. Көңіліміз көтеріңкі болып, жарқын болашаққа сенуіміз керек. Басты тойларымыз  әлі алда. Коронавирусқа шалдыққандарға қажетті ем жасалады.  Азаматтарға, бизнеске материалдық қолдау көрсетіледі» деп жазды Twitter-дегі парақшасында.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде қауіпсіздік шаралары күшейтілуде.  Қазір  адамдардың қауіпсіздігі үшін барлық  мемлекеттік  органдарда  тиісті шаралар қабылдануда.

Дүние жаратылғалы адамзат баласы дәуірлердің қайғысын арқалап, тағдырдың  зілбатпан тауқыметін тартып келеді. Талай тағдырлы сәттерге тарих куә. Адам-Ата ұрпағы тағдырмен тайталасып  жүріп әрі сол тағдырға иман етіп, жалғанның жарығында талай ауыр қиындықтарды еңсеріп келеді. Бүгінгі  халықты алаңдатып отырған коронавирус індеті адамзаттың басындағы ауыр жағдай. Бұл – көптеген елде талайдың  үмітін  сөндірген, өмірін қиған кесел. Өкінішке қарай,  ол біздің  елімізге де келді. Елімізде  қолға  алынған   сақтық шаралары  мен алдын алу жұмыстары бұл   індетті  жеңуге  қанға біткен   қайсарлығымыздың арқасында жеңетінімізге  күмән  болмауы  тиіс.  Ең бастысы, ұлттық негіз, берік  сенім,  бойымызда  бар кезде бұл қиындықтың да еңсерілетініне сенім мол. Ежелгі тарихқа жүгінсек, мұндай індеттің адамзат тарихында  бұрын  да  болғанын көреміз.

Бүгінде  жарты әлемге шеңгелін батырып үлгерген індетті ауыздықтау бізге  ырғалып-жырғалуға  болмайтынын  көрсетіп  отыр. Демек,  оған  баршамызды  бірлесіп  күрес  ашуға  шақыруда. Күрес  ашу  дегеніміз – бізден  ішкі  тәртіпті  сақтауымызда  жатыр.  Бар  болғаны  сол.

Әлемде коронавирус жұқтыру деректері жөнінен алда тұрған мемлекеттердің тәжірибесінен ұққанымыз, вирустың өзі қандай қауіпті болса, оның айналасындағы дүрбелеңге салғырттықпен қарау және немқұрайлық  таныту  соншалықты қатерлі  болуда.

Мұндай сәттерде адамгершіліктің  сыналатыны  анық.   Бұл дүрмекке  жеңілдікпен  қарау – негативті жағдайға негатив  қосып  беретінін  айқындап отыр. Мұндай  кездегі  моральдық  деградация  дәл  сол    вирустың өзіндей  болмақ.  Бүгінде   қарусыз  көзге  көрінбейтін дұшпанмен күрес – жалпыадамзаттық ортақ қозғалысқа айналған.  Бұл күрес  – әрбір адамның үлесі, міндеті әрі жауапкершілігі.  Жоғарыда   айтқанымыздай,  әр адам бар адамды қорғай алатын, әр адам бар әлемді құтқара алатын сәт – алмағайып  уақыт  осы тұс.

Үрейлі көңіл-күй тудыратын қауесет пен жалған ақпарат таратуға үзілді-кесілді тоқтау салу  осы  кезде  керек. Дүрліктірушілер мен арандатушылар  да коронавирустың өзі сияқты біздің дұшпанымыз. Ол бізге  сырқаттан  да  ауыр  тиеді,  жанымызды жаралайды,  жүрегімізге  салмақ  салады.

Дәл  бүгін бәрімізге ынтымақтастық және өзара жауапкершілік пен көмек қажет.  Ол  арқылы  біз  өзімізді және жақын   бауырларымызды  жан  азабынан   айырамыз.

Әлемнің  жекелеген  елдерінде бірі үшін  барлығы  жауап беретін  мұндай  тәжірибелер  бұрын  да болған  және  қазір де  бар. Мәселен, жапон  халқында «Икигай  философиясы»  деген  құндылық  осыған  жауап  береді. Икигай  тұжырымы – адам өзін әлемнің бір бөлшегі  ретінде санауы және өзіне  белгіленген  несібеге  ризашылықпен қарауын айтады. Икигай – жапон  халқының  адамның  өмірге өзін арнау  тұжырымдамасы болса, ұждан – қазақ халқының қаншама дәуірлерде қандай да бір қиындықтарға  қарамай өзін сақтау, болашаққа  аман-есен жеткізудің  жалғыз мұраты. Ұлттық тәрбиені  әлемге  танытудың  сара жолы.

Сондай-ақ,  фин  халқында   да  аударуға  келмейтін «сису» деген  ұғым бар.  Егер  оны таным ұғымында  аударсақ,  ол  біздің  өр мінезді,  рухы  мықты,  еңсесі  биік,  ауызбіршілігі  бір  деген  ұғымды  білдіреді.

Фин  тарихшылары  мен әдебиетшілері  «сису»  сөзін  ұлттың  табиғи  болмысын  айшықтап  көрсететін  және  еңсесін  көтеруге  шақыратын  сөз  деп  түсіндіреді.  Фин  халқын  елдегі 1991–1994 жылғы ауыр  рухани,  мате-риалдық   күйзелістен  осы  «сису» ұраны алып  шығыпты.

Осы  «сису»  сөзіне келетін  сөз  құдіреті  біздің  халқымызда да бар.  Ол  халқымызда  бұрыннан  бар  сөз – еңсең  түспесін  сөзі. Қазақта  «Еңсеңді  тіктемей,  рухың  көтерілмейді»,  «Еңсең  түспесін»  деген  қанатты сөздер  бар.  Жоғарыдағы  Президентіміздің  меңзегені  де  осы. Адамға  қалай  болса да, қашан  болса да  пайда  келтіретін  ой мен  ізгілікке  ұмтылудан  ұтылмасымыз  айқын.

Қазақстан  Үкіметі Американың Қытай, Италия және басқа да мемлекеттердің жіберген қателіктерінен сабақ алып, одан түйген сабақты іс жүзінде қолдана  білді. Халықтың  еңсесін  түсірмеді. Мемлекет  алдындағы  барлық қажеттіліктерді  жасай  білді. Оны  көре  білу  керек.

Жалпыұлттық оқшаулану – қатерлі  қауіптің таралуын тоқтата алатын жалғыз жол біздің сақ  және тәртіпті  болуымызды  сұрайды. Әлемді құрсаулай бастаған қауіпті індеттің елімізге  енуіне байланысты сақтандыру шараларын жан-жақты ұстану қай кездегіден де маңыздырақ. Бүгінде «Сақтансаң, сақтайды» деген халықтық қағиданың мәні одан сайын тереңдей түсуде. Сондықтан күн санап індетті жұқтырушылардың көбеюі емес, одан жазылушылардың көбейгені, керісінше, ауырғандардың азаюы үшін баршамыздың алыпқашпа әңгіменің жетегінде кетпей, ресми дерек көздеріне ғана сүйенуіміз – сырқатпен тікелей күресіп жатқан жандарға қолдауымыздың ең бастапқы  қадамы деп  білгеніміз  абзал. Сақтыққа қоса барынша сабырлылық, байсалдылық, сергектік танытқанымыз  жөн. Сонда ғана сыртынан көрінбейін   қатерлі  сырқаттан қорғана аламыз.

Пандемиямен күресудегі біздің ортақ жетістігіміз, бірінші кезекте, бүкіл қоғамның, еліміздің барлық азаматтарының, біздердің, қазақстандықтардың жауапкершілік ұстанымына байланысты. Тыныштықты, тәртіпті, гигиенаны сақтау, оқшаулану, өзіңізге  және жақын адамдарыңызға қамқорлық жасау – вируспен күресудің басты құралы.

Адам баласына бұл өмірде Алла Тағаланың  түрлі сынақтар беретіні  хақ. Бұл туралы Хақ Тағала  Құранда:  «Шүбәсіз, біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыс-тарыңды)  кеміту арқылы сынаймыз», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 155-аят). Сондай сынақтың бірі – індеттің тарауы. Қазіргі уақытта коронавирус атты жұқпалы ауру бүкіладамзатты алаңдатуда. Бұл індет бірқатар елге таралып, мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіруде. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы денсаулығына жете мән беруі қажет. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін  барлық сақтық шарасын көру керек. Адам табиғаты естіген, көрген нәрселерінен бір мағына шығарып, оны жорамалдауға құмбыл тұрады. Жақсы нәрсе естіп немесе көңіліне хош нәрсені көрген сәтте оны жақсылыққа жорамалдаса, ұнамсыз сөз естіп, жағымсыз нәрсе көрген кезде оларды жаман-дыққа ырымдай бастайды. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ешбір адам үш нәрседен: жорамалдау мен күдікті ойдан, қызғаныштан құтыла   алмайды» деп, адам баласының осы табиғатын білдірген. Сондықтан  одан  өзге  басқа  әрекеттерге  бармауымыз  абзал.

Электронды ашық үкімет порталында жарияланған елімізде коронавирустың таралуын, оның ішінде қауіпті аймақтарды көрсететін картаны халықтың жаңсақ түсінгені туралы  айтқан  Ақпарат  және  қоғамдық  даму  министрі  Д.Абаев: «Кеше ол дүрбелең тудырды. Өйткені, көпшілігі оны вирустың таралу картасы екен деп түсініп қалған. Ал іс жүзінде ол жерде негізінен коронавируспен ауырғандармен байланыста болған адамдардың саны көрсетілген еді. Олардың барлығы да медициналық бақылаудан өткен. Ешқайсысынан коронавирус инфекциясы  табылмаған», –  деді.

Қазір адамдардың өзара қарым-қатынасы өзгере бастаған сияқты.  Бір-бірін қолдап, көмек беруге  деген ықыластары мен қамқоршылық сезімдері арта түскені байқалады. Бәрінің санасына осы қатерлі ауруға қарсы күресті бірлесіп жүргізу идеясы орнығып отыр. Кемшілігі кемерінен асып тұрса да, кемелденуге  талпынбайтын жанға қашанда өзін зор, өзгені қор көретін себеп және көңілге медет табылатыны белгілі. Осындай тәубешілдік түбімізге жететінін айтып түңілгендерге өре түрегеліп, тіксініп қарайтындар тағы бар. Алайда, қоғамның осы олқы тұсын ұлт руханиятының ұстыны Абайдың өзі қатты сынады емес пе?!

Ұлы ойшыл   өзінің  жиырма үшінші қара сөзінде біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш барын айтады. «Қуанышы – елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Енді жұбанышы  – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады» дейді.

Ұлы  ақынның бұл сөзі бүгінгі  таңда да өзектілігін жойған жоқ. Құдды дәл қазіргі уақыттың тамырын тап басып айтып тұрғандай.

Бұл вирус тұтас қоғам үшім сын   болып отыр. Мені бұл індет айналып өтеді деп ешкім  асылық  жасамауы  тиіс. Сондықтан әр адам жеке басының  тазалығын сақтаумен қатар, көпшілік жиналатын жерден аулақ жүргені, қоғамдық орындарға бармағаны абзал. Ол біріншіден, өзін кеселден сақтағаны, екіншіден, маңайын, жақын-туыстарын қорғағаны болып табылады.  «Жұғын бар жерде шыбын бар,   шыбын бар жерде шығын бар».  Кез-келген індеттің жолына тосқауыл қоятын бір-ақ нәрсе – тазалық. Ол әр адамның қоғам, отбасы, ең бастысы, өзінің ар  алдындағы жеке жауапкершілігіне тәуелді. «Қазаны басқаның қайғысы басқа» деген уәж бұл арада жүрмейді.

Осы орайда, әлемді   әбігерге салған індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлер қауымының қызметі – жанкештілік  ерлік. Өмір мен өлімнің арасында жанталасқан әрбір  адамның ғұмыры  үшін қауіп пен қатерге өз өмірін байлаған жандарға бізден моральдық  тұрғыда қолдау керек. Ол – біздің  сабырлығымыз.  Қазақстан халқының саулығы бәріміздің ортақ  мақсатымыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *