Банктер банкрот болды ма?

233Сейсенбі күні қаладағы үш бір­дей банктің бөлімшелері ойла­маған жерден салым­шыларға толып шыға келді. Бұрын-соңды бола қоймаған мұндай кезекте тұр­ғандардың бәріне жуығы депо­зитке сал­ған қаржыларын алуға немесе басқа банктерге аударуға ниет еткендер бола­тын. Аяқ ас­ты­­нан не болғанын түсініп үлгер­меген басқа жұрт­тың алаңдап қалғаны рас.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Әртүрлі байланыс құралдарының пайдасы да көп, зияны да көп. Ұялы телефон, ғаламтор желісі, тіпті, «сымсыз телефон» мұндайда шапшаң қызмет көрсетіп жатады. Алматының бір шетінде айтылған сыбыс сол заматта жарықтың жылдамдығынан асып кеткендей мезетте-ақ, екінші бұрышында дүрбелең туғызып үлгереді. «Центркредит», «Альянсбанк», «Каспий- банктің» қызмет ету лицензиясынан айрыл­ғандығы жөніндегі ақпарат осылайша дем арасында барлық салымшылардың басын банктердің бөлім­шелерінде тоғыстырып тастады.

Ел құлағын елеңдеткен бұл ақпараттың жалған болып шыққандығы артынан мәлім болды.

Бұл мәселе бойынша, тіпті, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде шұғыл бри­финг өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келім­бетовтің де еліміздегі бірқатар банктердің бан­кротқа ұшырауы туралы қауесетті жоққа шығаруына тура келді. Екі-үш  минутқа  ғана созылған брифингте ол халықты сабырға шақырды.

– Бүгін SMS хабарламалар арқылы бірқатар қазақстандық банктердің қаржылық жағдайы туралы жалған әрі күмәнді ақпараттың тарағаны белгілі. Бұл аталмыш банктер салымшылары тарапынан шет ел валютасына деген дүрлікпе сұраныстың туындауына себеп болды. Осыған байланысты Ұлттық банк тарал­ған мәліметтің жалған және негізсіз, арандатушы ақ­парат екенін, еліміздің банк жүйесін тұрақ­сыздан­ды­руға бағытталғанын мәлімдейді, – деді  Бас қаржыгер.

«Ұлттық банк барлық қазақстандық банктерде ұлттық валютада да, шетелдік валютада да қаржының жеткілікті екендігін мәлімдейді. Заңнамаға сәйкес жеке тұлғалардың кез келген валютадағы депозиттеріне мемлекет тарапынан кепілдік берілетінін естеріңізге салғым келеді. Ұлттық банк Қазақстан азаматтарына мұндай жалған ақпараттарға сенбей, сабыр сақтауға шақырады» деп атап айтты.

Оның айтуынша, Ұлттық банк мұндай тұрақ­сыздық тудырушы әрекеттерді болдырмау үшін құқық қорғау органдарына өтініш жолдағанын жеткізді.

Ал «Каспийбанк» қазақстандықтардың ұялы телефонына түскен жалған SMS-хабарламалардың басында тұрғандарды тауып берген адамға 100 млн. теңге сыйақы тағайындағанын мәлімдеді. Банктің Facebook-тегі ресми парақшасында жұртшылық «алдағы уақытта үш банк банкротқа ұшырайды»  деген күдікті SMS-хабарламалар мен WһatsApp Messenger хаттарды жиі ала бастағаны, осы хабарламаларды тарат­қан арандатушыларды әшкерелеп, заңға сай қатаң жазалау қажеттігін жазды. Не боларын уақыт көрсетер, ал сіз бен бізге ештеңеге алаңдауға негіз жоқ.

P.S. Бет қатталып жатқанда еліміздің құқық қорғау орындары тарапынан жалған ақпаратты таратушыларды іздестіру жұмыстарының бас­талып кеткені, бұл орайда алғашқы мәлімет­тердің тексеріліп жатқандығы туралы ақпарат келіп түсті. Бұл жайында кешегі өткен бри­фингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлімдеме жасады.    

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *