Балет өнеріндегі жетістігін ешкім қайталаған емес

422Қазақ мәдениетінде кенжелеп дамыған балет өнерін әлемдік деңгейге көтерген ұлтымыздың прима-бишісі, КСРО халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Рамазан Салықұлы Бапов көзі тірісінде-ақ аңызға айналған, бекзат балет өнерінің елімізде дамуына ерекше еңбек сіңірген айтулы өнер жұлдызы бола білді. Қазақ балеті тарихында алғаш рет КСРО халық әртісі атағына ие болды. Үлкен театр жанындағы Мәскеу хореография училищесін және Ленинградтағы Н.Римский-Корсаков атындағы консерваторияны бітірген Рамазан Салықұлы Мәскеудегі бүкілодақтық балет әртістері байқауының және Варнадағы халықаралық байқаудың екі мәрте жеңімпазы атанды. Бұрын-соңды балет өнерінде көрінбей келген қазақ ұлтының өкілі әлем жұрт­шылығын таңқалдырды. Қазақстан комсомолы сыйлығының иегері, «Құрмет» орденімен марапатталған Рамазан Бапов 1988 жылы Стамбұлдағы опера және балет театрында жұмыс істеді. Американың Атланта қаласында өзінің мектебін ашып, театрда өнер көрсетті.

Өткен ғасырдың 60–80-жылдары қазақ балетінің одақ көлемінде ғана емес, шет елдерде жарқырап көрінуі Рамазан Баповтың есімімен тығыз байланысты. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында жиырма жыл тер төгіп, театр сахнасында көптеген негізгі және басты рөлдерді шебер сомдай білді. Оның балет өнеріндегі керемет жетістігін осы кезге дейін ешкім қайталаған емес. Рамазан әлемнің 18 елінде болып, өнерімен талайды тамсандырған талант.

Өмірінің соңғы жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға оралды. «Елбасынан шақыру алғанда қатты қуандым. Тіптен, бұл жағдайды күтпеген едім. Америкада жүргенде «Сені Қазақстан, Елбасы іздеп жатыр» дегенде сенер-сенбесімді білмедім. Алматыға үйге телефон шалып едім, рас екен. Тез елге жиналдым» деп еске алған еді атақты би өнерінің пидишасы. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде Рамазан Салықұлы Қазақстан азаматтығын өзгертпеген екен. Рамазан Бапов сахнаға шығарған Зигфрид, Дезире (П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» мен «Ұйқыдағы аруында»), Базиль, Солор (Л.Мин­кустың «Дон-Кихоты» мен «Баядеркасында»), Спартак (А.Хачатурянның «Спартагында»), Альберт (А.Аданның «Жизелінде»), Ромео (С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетасында») сияқты классикалық бейнелер оның шеберлігін толық байқатты.

Осындай мол тәжірибе жинақтаған Рамазан Бапов өз шеберлігін қазақтың классикалық балетін дамытуға пайдаланды. Рамазан Бапов билеген М.Сағатовтың «Әлиясындағы» – Жігіт, Т.Мыңбаевтың «Фреска­ларындағы» – Ишпақа, Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Қозы партиялары ұлттық қимыл-қозғалысты классикалық канондармен қабыстыра отырып, албырт жастықтың адал махаббатын нәзік бейнеледі. Бұл бейнелер ұлттық театр тарихында мәңгілікке қалды. Еліміздің балет өнері көгінде Рамазан Баповтың жұлдызы биікте жарқырай береді. Ол – ұлттық балет өнерінің негізін салып, әлемдік деңгейге көтере білген айтулы тұлға.

«Ақшамдықтар».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *