БАЛЕТ МЕКТЕБІ ТҰЛҒАЛАРДЫ ДӘРІПТЕЙДІ

Қазақстандағы тұңғыш кәсіби балет мектебі болып саналатын, 80 жылдық тарихы бар А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің «Өрлеу» жас артистер театрында екі күн қатарынан, бірінен соң бірі екі мазмұнды іс-шара болып өтті.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бірі – Оңтүстік Африка Республика­сының 8 және тұңғыш қара нәсілді пре­зиденті, 1993 жылғы Бейбітшілік саласын­дағы Нобель сыйлығының иегері Нельсон Манделаның 100 жылдығына орай өткен кездесу. Екіншісі – Қазақстан Республи­ка­сының еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің кавалері Адалят Акбарованың 70 жылдық мерейтойына арналған рухани-мәдени жүздесу.

Апартеид кезінде адам құқықтары үшін күрескен белсенділердің ең танымалы, саяси тұтқын ретінде 28 жылға жуық абақтыда отырып шыққан, тағдыры күрделі оқиғаларға толы болған тұлға Нельсон Манделаның өмір жолы туралы түсірілген фильм ұсынылған кешке Оңтүстік Африка Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Кейтуметси Мэтьюс ханым арнайы қатысты. Алматы хореографиялық учили­ще­сінің шәкірттері меймандарға әдемі концерттік бағдарлама сыйлады.

Ал балет өнерінің жарық жұлдызда­ры­ның бірі Адалят Акбарованың 70 жылдық мерейтойына арналған кеште оның өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Би – менің жаным» («Танец – моя душа») атты кітаптың тұсауы кесілді. Жиналған қауым назарына биші туралы сыр шертетін деректі фильм ұсынылды. Сондай-ақ, қуанышқа жиналған қонақтар училище шәкірттері мен қазақстандық өнер ұжымдарының концертін тамашалады.

Артист, педагог және хореограф Адалят Акбарова 1959 жылы аталған училищенің «балет артисі» мамандығына түскен. 1968 жылы бітіріп, Ұйғыр музыкалық комедия театрына жетекші солист болып қабыл­данған.  Сонда 30 жылға жуық еңбек еткен. Көптеген мағыналы рөлдерді сомдаған. Балет өнеріндегі карьерасының жарқын сәттерін абыройлы түйіндеген Адалят Асқарқызы Ұйғыр музыкалық комедия театрында педагог-репетитор қызметін атқарады.  2000 жылы Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында еңбек етсе, 2006 жылдан бастап шәкірттерін Селезнев училищесінде шығыс билеріне баулып жүр.

Бүгінде Қазақстанға және шет елдерге танымал С.Тихонов, Ф.Алиева, И.Дубро­ви­на, Г.Бахарова, А.Садықова сынды кәсіби шеберлер осы Адалят Асқар­қызының өнегесін алған.

Жастарды ізгілікке, рухани құндылық­тар мен сырлы балет өнеріне тәрбиелеу жолында зор еңбек сіңірген Адалят Акбарова училище қабырғасында 50-ден астам концерттік нөмірлер дайындаған. Оның басым көпшілігі жоғары награда­ларға ие болып, алтын қорға сақталған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close