БАЛДЫРҒАНДАРҒА БАЛДАЙ ШҰБАТ ІШКІЗГЕН

«Аруана» шаруа қожалығының төрағасы Абамүсілім Өмірәлиев туралы бір үзік сыр

Елбасы — Тұңғыш Президентіміз Н.На­зар­баев Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің омырауына Қазақстанның Еңбек Ері алтын жұлдызын тағып жатқанда:

– Менің еңбегімді ескеріп, құрмет көрсеткеніңізге рахмет. Қазақстанда 5000 ауыл бар екен. Елімізде бес мың жігіт табылып, қамқорлық көрсетсе, бүкіл ауылдың келешегі гүлденеріне сенімдімін, – деген еді. Үшкемпіровтің осы сөзі бүкіл қазақтың жүрегінен орын алды десек, артық емес. Себебі, қазақтың алтын бесігі ауыл болғандықтан, ауылдың жағдайы нашарлап, елімізде жаппай урбанизация етек алғаны жасырын емес. Ауылды гүлдендіру, оған қамқорлық жасау, ол жердегі жұмыссыз­дықты жойып, кәсіпкерлікті дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенінде күмән жоқ. Осы өзекті мәселенің орайын тауып, ауылын гүлдендіріп жатқан азаматтар қазақта баршылық. Аудандағы осындай азаматтар­дың бірі – көз алдымызда өскен, шаруа­шылыққа ерте араласқан, өз іскерлігі мен парасат-пайымының арқасында абыройға жеткен еңбекшілік кәсіпкер, «Аруана» шаруа қожалығының төрағасы Абамүсілім Өмірәлиев.

Абамүсілім өзінің жаратылысымен, мінез-құлқымен де жұртқа үлгі болатын азамат. Бойынан қазаққа керекті қасиеттің, мінез-құлықтың бәрі табылады. Өзі әнші, домбырашы, ат құлағында ойнайтын шабандоз, сымбатты, сыпайы, ағайынды айналасына жинай алатын, адаммен тіл табыса білетін қарапайым жан. Үндемей жүріп іс тындыратын іскерлігі, бәрі оның сұлу да сыпайы жан-дүниесіне жарасып тұрады. Айсұлу келін екеуі балабақша ашып, айналасын жұмыспен қамтып отыр. Балабақшаның тазалығына, тәрбие жұмысы­на, тамағына ағайын дән риза. Абамүсілім­нің келешегінің кемел болатыны бала кезі­нен-ақ байқалатын. Мектепті үздік бітіріп, сол кездегі совхоздың жолдамасымен Алма­ты зоотехникалық мал дәрігерлік институ­тын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шықты. Совхозда ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1996 жылдары совхоз тарап, жекеге бөлінгенде бірден «Аруана» шаруа қожалығын құрып, жылқы, түйе өсірумен айналысты. Нәтижесі жаман болған жоқ. Малына мал, жанына жан қосылып, ішсең тіл үйіретін сапалы шұбатымен ел құрметіне бөленуде.

Әкесі Сүлеймен Өмірәлиев көп жыл шопан болып еңбек етті. Төл алудан шопан­дардың алдыңғы легінде болды. Аналықтың әр жүзінен тұрақты түрде 140–150-ден төл алды. «Мен қойдың туғанын беремін, өтірік айтып көргенім жоқ», – деп айтатын. Анасы Күлдан 4 ұл, 6 қыз өсірген Батыр ана. Абамүсілімнің бойындағы жоғарыда айтқан бекзаттық болмыс осы атасы мен анасынан келгендей, себебі, екеуі де өзгеше жараты­лыстағы адамдар еді. Сүлеймен турашыл­дығы басым, өтірік айтпайтын, ғайбат сөйлемейтін, айтса кесіп бір-ақ рет айтатын әділ азамат еді. «Өмірімде бір-ақ рет өтірік айттым», – деп оны да жасырмай айтып отыратын.

Ол былай болыпты. Кеңес үкіметінің уақытында, 1973 жылдары болу керек, көктемгі қой төлдету науқаны кезінде аудандағы №97 кәсіптік техникалық училище (СПТУ-97)  колхоздарға өзінің курсанттарын жәрдемге жіберетін. Сүлей­менге жәрдемшілікке бір неміс бала келіпті. Оншақты күн өткесін апақ-сапақта неміс бала қашып кетіпті. Сүлеймен баланы іздеп ылдиға түссе, колхоздың барлық басшылары ортасында аупарткомның екінші хатшысы Н.Ким бар қонақта отыр екен. Баланың қашып кеткенін айтып, қайтып кетіпті. Ертеңіне таңертең таудың ішінен ол баланың мәйіті табылыпты. Ол жайында «Голос Америка» шулап, Мәскеуден бастап дүрлігіп, «Коммунизм» колхозының мәселесі аупарткомның бюро отырысында қаралатын болады. «Басшыларға хабар бердім» деп айтпа дейін десе, өтірік сөйлемейтінін біліп, ешкімнің Сүлейменге батылы бармайды. Ақырында ферма меңгерушісі Байтілес Жүсіпов амалсыз Сүлейменге барып совхоз басшыларының өтінішін айтқан екен. «Мен сендер айтты екен деп, Құдайды алдай алмаймын» деп шорт кесіпті.

Сонымен бәрі бюроға келіпті… Бюро мәжілісін өмірі көрмеген Сүлеймен ағамыз кейіннен былай еске алатын: – Бюроға бәріміз бардық. Бірінші хатшы О.Бәйімбетов бәрін шетінен тұрғызып жұмыстан босатып, партиядан шығаратын болып жатыр. Сұсы жаман екен. Көзі көкшиіп, адамның өңмені­нен өтіп кетеді екен. Басшылар төмен қарап тұр. Мен келіп хабар айттым десем, бәрін осы жерден түрмеге жіберетін түрі бар. Сонда шариғаттың ерлі-зайыптылар ажырасып кетейін деп тұрса, адамға зияны тиетін болса өтірік айтуға болады дегені жері есіме түсті, әрі басшыларды аяп тұрмын. Өздері әдейі өлтіргенмен бірдей болып тұр. Сөйтіп, маған кезек келгенде басшыларға хабар бергенімді айтпай, кінә менен, маған берілген көмек­шіге ие бола алмадым, – дедім. Қасымда отырған ферма бастығы Байтілес інімнің «уһ» деп демалғанын байқап қалдым», – дейді. Ал Байтілес ағамыз: – Сүлейменге кезек келгенде бәріміздің деміміз шықпай, Сүлеймен не айтар екен деп, көзіміз бақы­райып отырмыз. Сүлеймен құдайын ұмыт­пай, өтірік айта алмай, шындықты айтса, бәріміз партиядан шығып, қызметтен кетеміз. Сүлеймен «барлық кінә менен» деген кезде бәріміз бірдей «уһ» деп дыбыс шығарға­нымызды білмей қалдық» деп еске алатын.

Ал анасы Күлдан: «он бала туғанда бірде-бір рет перзентханаға барған жоқпын. Босанысымен өзім кіндігін кесіп, белімді буып алып, жұмысымды атқара беретінмін», – деп отыратын. Күлдан қазақша қағытпа әзілге де шебер еді. Кездескенде әзілмен қағытып, еркелетіп, өзі еркелеп мәз болып қалушы едік. Көзден бұлбұл ұшқан қайран жеңгем-ай… Абамүсілімнің өзінен кейінгі інілері де бір-бір үй болып, кәсіппен айналысуда. Інісі Батыр бақилық болғанмен, келіні Еркінгүлді балаларымен бауырына басып, інісінің отанының шоғын маздатуда. Ағайынға айналасына қолұшын беруге дайын тұрады. Бұл да азаматтығының бір қыры шығар. Жыл сайын туысы, ауылдағы күрес өнерін дамытудың көшбасшысы, ұйымдастырушысы болған Мәлкәждар Теміровті еске алуға арналған турнирдің демеушісі болады. Қазақша күрестен өткен турнирге Шымкент, Қызылорда облысынан 360 балуан қатысып, олардың тамағы мен жеңімпаздарға берілген сыйлықтың бәрін Абамүсілім ағайынға бас болып ұйымдас­тырды. Оның кез-келген азаматтың қолынан келе бермейтін ағайынға қамқорлығынан басқа имандылық жолындағы тірліктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Бекзат болмы­сы, азаматтығы туралы қалай айтсақ та жарасады.

 

Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».

Қызылорда облысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *