«Балдәурен» – бақытты ән дәурен

Рая ЕСКЕНДІР

 

Биылға арқа төсіндегі асқақ Астанамыздың 20 жылдық мерей­тойына орай, Бурабай қаласындағы «Балдәурен» бала­лар сауықтыру орталығында 15 маусым мен 4 шілде аралығында өтетін «Burabay Summer Fest» атты халықаралық жас таланттар фестивалінің іріктеу туры өтіп, қатысушы үміткерлер белгілі болды. Оқушылар сарайында өткен іріктеу байқауы екі кезеңді қамтыды.

Алғашқы кезеңге 10 мен 16 жас аралы­ғындағы 270-ке жуық жас өнерпаз қатысып, өнерлерін көрсеткен еді. Өнерімен ерекшеленіп, даусының мүмкіншілігімен топ жарғандар Оқушылар сарайында өткен фестивальдің екінші турына қатысты. Байқау шарты бойынша үміткерлер мынадай номинациялар бойынша бақ сынады.

Вокал (дәстүрлі ән айту, академиялық ән айту, эстрадалық ән айту).

Аспаптық орындау (дәстүрлі өнер, классикалық өнер, эстрадалық өнер).

Хореографиялық өнер (ұлттық би, халық биі).

Көркем оқу.

Осылайша 4 аталым бойынша өз өнерлерін көрсеткен үміткерлерге баға берген әділқазылар да елімізге танымал майталман шеберлер болды. Қазылар алқасының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Рымкеш Жұмаділованың айтуынша, барлық бала талантты, тек оларды тани білу керек. Оларға жақсы бағыт-бағдар беріп, өзінің жолын таңдауға кеңес бергенде мамандық таңдауда қателеспес еді, дейді белгілі әнші.

Сонымен, құрамында Бауыржан Бекетаев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Оқушылар сарайы көркемөнер бөлімінің жетекшісі, Миргүл Нұрмұхамбетова – дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Әсия Мәлімова – ҚР еңбек сіңірген қайраткері және Айдар Абдрах­манов әділқазылар алқасы үміткер өнерпаздардың өнеріне баға берді. Алматы қаласының атынан 8 жеңімпаз Бурабайға барып, өнер көрсететін болады.

Олардың арасында Санжар Қали (эстрадалық өнер), Айсана Байбосын (классикалық би), Мерей Тоғанбай (акаде­миялық орындау), Нұрсұлтан Қожағұл (көркем оқу), Мейірбек Әзімбаев (дәстүрлі өнер), Ратмир Жұмалиев (халық биі), Гүлжан Мырзагелді (дәстүрлі ән), Әсет Балғазин (эстрадалық ән) сынды сахнадан көрініп, төселіп қалған болашақ өнер жұлдыздары бар.

Алматы-ІІ темір жол бекетінде жиналып, жолға шыққан жас таланттар­дың байқауға деген дайындықтары да жан-жақты. Осы жолы еліміздің ғана емес, дүниенің төрт бұрышынан келген талант­тармен бірге өнер көрсетіп, Алматының абыройын қорғайтын болады. Бұған дейін де талай халықаралық байқауларға қаты­сып, бағын сынаған талантты биші қызы­мыз Айсана Байбосын өзінің дайындығына нық сенімді. Жеңімпаз атанып, жүлдемен оралатынына біз де үміттіміз.

Ал Нұрсұлтан Қожағұл нағыз талантты жас. «Сәтін салса, ақындарымыздың тәуелсіздікке, Астанаға арнаған өлеңдерін оқимын. Осы жолы үлкен жауапкершілікті сезініп, толқып барамын. Өйткені, Аста­наның 20 жылдығына арналған байқау болғандықтан, жауапкершілік те салмақты», — дейді.

Жас дарындардың халықаралық фестивалі аясында Астанада 4 шілде күні Гала-концерт өтіледі деп жоспарлануда.

Жас таланттар мінген жүрдек пойыз Арқаны бетке алып жүйтки жөнелді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *