БАЛАНЫ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПТЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Толассыз жүріп жатқан ақпараттық үдеріс ішінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету дегеніміз – зиянды ақпарат, оның ішінде интернет желісінде таралатын ақпарат арқылы бала денсаулығының және оның дамуының физикалық, психикалық, рухани және адами тұрғыдан бұзылуының қаупін алдын алу, жою.

Баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірінші кезекте оның ата-анасы жауапты екенін кез-келген адам ұғынғаны жөн. Бұл жағдайда ата-ананың басты міндеті – баланың ғаламторды пайдалануын қадағалап, интернет қызметі мен ақпаратын тұтыну мәдениетін қалып­тастыру. Бүкіләлемдік ғаламтор балалар үшін несімен қауіпті? Сараптап көрейікші:

біріншіден, тыйым салынған нәрселер мен ұғымдар туралы ақпарат тарататын сайттар (зорлық-зомбылық пенпорно­графияны насихаттау, тыйым салынған идеологияны дәріптеу, есірткі, т.б.);

екіншіден, желілік ойындар;

үшіншіден, құмар ойындар;

төртіншіден, әр түрлі бағыттағы форум­дар,  әлеуметтік желілер;

бесіншіден, әлеуметтік желідегі алаяқтар ұйымдастырған түрлі топтарға өзінің жеке мәліметтерін енгізіп тіркелу;

алтыншыдан, шынайы өмірден алыстап, виртуалды әлемде алдану, т.с.с.

Сол себепті, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мынадай ережелерді сақтап, орындаған жөн:

  1. Балаңыздың ғаламтордан емен айна­лысатынынан хабардар болыңыз.
  2. Баладан қандай форумдарға, чат­тарға, топтарға, хабарландыру парақша­ларына тіркелгенін, кіретінін және кім­дермен араласатынын сұрап біліп отыры­ңыз.Қадағаланатын чаттардағы қарым-қатынасын құптаңыз (спорт, музыка сабақтары бойынша сыныптастарымен, достарымен және т.б.) және тек ортақ чатта ғана араласуын талап етіңіз.
  3. Ғаламтор желісінде қандай да бір адамға өзі туралы ақпарат бермеуін (мобильді телефон нөмірі, үй мекен-жайы, мектебінің атауы мен нөмірі), сондай-ақ өзі мен отбасының фотосуреттерін орна­лас­тырмауға тиіс екенін ескертіп, түсіндіріңіз.
  4. Электрон поштаға оған және сізге белгісіз адамдардан келіп түскен файл­дарды ашуға болмайтынын, олардың қандай мақсат көздеуі мүмкін екенін түсіндіріңіз. Онда жасырын қолданушылар, вирустар немесе зиянды, агрессивті мазмұндағы фото/бейне болуы мүмкін.
  5. Балаңызға кей адамдардың өтірік айтуы, жалған аты-жөнмен танысуы мүм­кін екенін түсінуге көмектесіңіз. Интер­нетте лақап атпен жүретін алаяқтардың жы­мысқы әрекеттерінен мысал келтіріңіз. Балаңыз интернет-достармен шынайы өмірде ешқашан өз бетінше, ересектерсіз кездеспеуі керек екенін ұғындырыңыз.
  6. Балаңызды әлеуметтік желіде салын­ған суретке балағат сөз жазбауға, желі мәдениетін сақтауға, тіпті өзін біреу ренжіткен жағдайда да дөрекілік танытпай, дұрыс әрекет етуге үйретіңіз. Оларға жауап жазғаннан гөрі, назар аудармай қоюдың әлдеқайда тиімділігін түсіндіріңіз. Егер ондай жағдай туындаса, балаңыз міндетті түрде сізге айтуға тиіс екенін, оған қалайда көмектесетініңізді айтыңыз.
  7. Үй компьютеріңізде сүзгіден өткізу құралдарының орнатылғанына және олардың дұрыс бапталғанына көз жеткізіңіз. Егер бұл салада хабарыңыз аз болса, интернет қауіпсіздігі саласының маманын көмекке шақырыңыз.

Осы аз ғана талапты сақтауыңыздың өзі сіздің отбасыңыз бен балаларыңыздың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

 

Болатбек ТӘЖІБАЕВ,

«Өрлеу БАҰО» АКФ ҚР Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыратын республикалық институттың Менеджмент және ақпараттық технологиялар кафедрасы жанындағы «Курстан кейінгі қолдау және инновацияларды енгізу» зертханасының меңгерушісі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *