Балалық шағым өткен көшені көргім келеді…

943Польша елінде оқыған аз уақыт аралығында мен Агата Валинович есімді поляк қызымен достасып үлгердім. Агата – туғалы Торунь қа­ла­сында тұратын таза қанды поляк қызы болғанымен, орыс тілінде тәп-тәуір сөйлейтін. Агата бізбен бірге кітапханаға барып, дүкен арала­ғанда, жанына үнемі Алина есімді құрбысын ерте жүретін. Көбіне үндемей, жымиып қана жүретін сары қыздың жүзінен бізге деген ерекше ілтипат байқалатын еді.

Бір жолы барлығымыз тамақта­нып отырғанда, Алинамен ашылып сөй­лесудің сәті түсті. Алина орыс тілін­де ешқандай акцентсіз, таза сөйлейтін. Осының себебін сұраға­нымда, ол өзінің бірнеше жыл бұрын Польшаға көшіп келген қазақстан­дық екенін айтты. Мұны естігенде менің ішім жылып қоя берді.

Сол Алина таяуда маған ғалам­тор арқылы хат жазыпты. Құрбым өзінің хатында отандастарына ыстық сәлем жолдаған екен.

«Білесің бе, Роза, біз Польшаға ал­ғаш көшіп келген кезімізде көп­теген қиындықтарға тап болдық, жергілікті жұртқа бірден үйренісе алмадық. Осында көшіп келген жылы жазда ата-анам мені әжеммен бірге Германияға жөнелтті. Сөйтіп, өздері ешкімге айтпай, бір-ақ күнде Қазақстанға тайып тұрыпты. Елді қатты сағынған ғой!

Қазақстанда біз табиғаты көркем Көкшетау өңірінде тұрдық. Онда әлі күнге дейін біздің туыстарымыз бен жақын достарымыз тұрады. Соңғы рет Отанымызға 2005 жылы барып­пыз. Көбінесе бізге туыстарымыз келіп тұрады. Қазірдің өзінде Қазақ­станға жиі барып тұрғымыз келеді, әттең, оған жағдай келе бермейді.

Қазір әке-шешем Польшадан да жақын достар тапты. Мен олардан «Қазақстанды сағынасыңдар ма?» деп сұрасам, олар елде қалған жаны жайсаң адамдарды қатты сағына­тындарын айтты. Себебі, Қазақстан­да адамдардың бір-бірімен араласуы, қарым-қатынасы басқаша. Мәсе­лен, ол жақта қиналған сәтте көрші­леріңнің көмегіне жүгіне аласың. Ал Польша тұрғындарының көпшілігі тұйық кісілер және олар тек өз басының қамын ойлайды. Осының әсерінен, алғашында біз айнала­мызға бірден сіңісіп кете алмадық.

Мен қазір орыс филологиясы мамандығының 3-курсында оқып жүрмін. Қазақстанға барып, өзімнің балалық шағым өткен көшені көргім келеді. Біз Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі Тайынша деген қаласын­да тұрдық. Арада көп уақыт өтті ғой, қазір ол қала көп өзгеріске ұшыра­ған болар. Соның өзінде туған елге қарай бүйрегім бұрып тұрады.

Болашақта мен поляк тілінен орыс тіліне аударма жасайтын аудармашы болғым келеді. Негізі біз Польшаға 2000 жылы репатриант ретінде оралған отбасымыз. Алайда, «Отан» деген сөзді естігенде менің көз алдымда кең-байтақ қазақ жері көлбеңдейді. Менің ата-бабам поляк, өзім де поляк қызы болсам да, Ота­ным Қазақстан деп есептеймін. Өкі­нішке қарай, мен қазақ тілін білмей­мін. Біз орыс тілінде сөйлеп өстік. Қазірдің өзінде үйде орыс тілінде тілдесеміз. Осы хатым арқылы бар­лық отандастарыма сәлемімді жол­даймын. Қазақстанымды қатты сағындым…

Сәлеммен:

Алина ТЫШКЕВИЧ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *