БАЛАЛЫ ӘЙЕЛДІҢ БӘРІ ӘДЕМІ

Тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы, өмірдің қиын жағдайларына тап болып, тығырықтан шығар жолды таппай жүрген аналардың мәселелерін шешуге қолұшын беру үшін ашылған «Бақытты отбасы Алматы» орталығы былтырғы мамыр айынан бастап жұмыс істеп келеді. Көп уақыт өте қойған жоқ, әрине. Бірақ талай істің басы қайырылған сияқты.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

АЛҒАШ АШЫЛҒАН КЕЗДЕ ондағы мамандар өте көп қиындықтармен бетпе-бет келгенін жасырмайды. Олар әуелі өздерін іздеп келген әйел-аналарды тіркеп, есепке алумен біршама уақыттарын оздырып алды. Өйткені, оларды есепке алып, әлеуметтік ахуалымен танысып-біліспей жатып әлдеқандай жұмыс бастау мүмкін емес болатын. «Бақытты отбасына» кімдер келмеді дейсіз, бақыт іздеп талай әйел, ана келді. «Менің балам көп, ақша беріңдер, тамақ керек, тұратын үй-жай тауып беріңдер» деп есіктен жұлқынып кіргендер де болған. Тіпті, өз-өзін күтуден, жақсы көруден қалған, қалай болса солай киінген, аяқтарына үйдің сүйретпе тәпішкесімен келе салатын әйелдер де кездесті. Қайтсін енді, оларды да түсінуге болады, тағдыр тауқыметінен, тұрмыстың ауыртпалығынан әбден титықтаған жандар ғой. «Бақытты отбасының» мамандары, психологы, заңгері бар, бәрі алдымен әр әйел-ананы тіркеуге алып болған соң, олармен жеке-жеке танысуға кірісті. Олардың отбасындағы ахуал қандай, бүтін отбасы ма, үйіне кіретін табыс қандай, алимент не жәрдемақы ала ма, қайда, қандай жағдайда тұрып жатыр, не нәрсеге мұқтаж, білімі бар ма, қолынан не келеді, міне, осының бәрі ақ параққа қатталып, тіркелді. Қайсысымен қалай сөйлесу керектігіне дейін мән берілді. Олар өздеріне ауыр сөздер айтып кететін әйелдерге де қарсы сөз айта алмай, оған да төзді. Бәріне сабырмен құлақ асуға, ақылмен тыңдауға тырысты. Енді бүгінгі нәтиже жаман емес. Оны біз жуырда «Бақытты отбасына» барғанда өз көзімізбен көріп қайттық.

***

ЗУЛЬФИЯ БАЙСАҚОВА жетекшілік ететін «Бақытты отбасы Алматы» орталығы қаланың адам аяғы көп жүретін жерінде, Көкбазардың түбінде орналасқан. Осындай орталық барын бір-бірінен естіген жандар оп-оңай-ақ тауып алуына болады. Ғимараттың іші кең де жарық. Қабырғалары көңілді көтеретін ашық түстермен боялған. Адам бойында өмірге құштарлықты оятатын картиналар ілінген. Серпіліс сыйлайтын, шабыт беретін, алға жүруге жетелейтін қанатты сөздер де ілінген. Керек-жарақпен жабдықталған бөлмелері айнадай тап-таза, жарқырап тұр. Біз бұл орталыққа мақтауын асырып жарнама жасауды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Әлгінде айтып өттік қой, мұнда үй тәпішкесін сүйретіп, халатпен  келе салатын әйелдер де болған деп. Қазір оның бәрі сап тыйылған. Өйткені, бүгінде әйел-аналар қайда келе жатқанын жақсы біледі. Жалпы, әйел жаратылысы нәзік қой. Олар әдемілікке, қызылды-жасылды жылтыраққа құмар. Қазір олар едені айнадай жалтырап жататын тап-таза ғимаратқа кіргеннен бойларын да, ойларын да түзей бастайды. Бұл туралы мамандар айтып отыр. Иә, бұрынғыдай емес, қазір әйелдер емен-жарқын амандасып кіреді, қуана келеді.

***

МҰНДА ОЛАР НЕ ІСТЕЙДІ сонда деген заңды сұрақ туын­дайды. Айтайық. Жалпы, әйел – шаңырақтың берекесі ғой. Ол – уақытында үйдің отын жағып, түтінін түтетіп, дәмді тамағын пісіріп, жақындарына жылылық, мейірім сыйлаушы. Олар арнайы жабдықталған асхана бөлмесінде тәттілер, тоқаштар пісіруді, түрлі ыстық тағамдар әзірлеуді үйренеді. Сол сияқты,  қажетті құрал-сай­мандармен жабдықталған бөлмеде бет әрлеуді, шаш қиюды меңгереді. Массаж жасау тәсілдері де оқы­тылады, көрсетіледі. Қолөнермен, тігінмен айналысқысы келетін, ине-жіпке жақын әйелдерге де осы сала бойынша арнайы курстар өткі­зіледі. Бәрі тегін. Осы жұмыстарды меңгерген әйел-аналар ешкімге масыл болмай-ақ, алдағы уақытта өз бетінше жеке кәсібін ашуына болады. Мысалы, бет әрлеуді, шаш қиюды үйренген әйел алысқа бармай-ақ, әлдебір тойға, кешке жиналған өзінің айналасындағы жақын-жуықтарын-ақ сәндеп, әдемілеп беріп, қаражат табуына болады. Жеке кәсіп ашқысы келетін жандарға бизнеске қалай келу жолдары да түгел оқытылады. Сосын осы тұрғыда «Бақытты от­басы» орталығы аясындағы «Іскер ана» бағдарламасы да көмек беруге дайын. «Іскер ана» өкілдері белгілі бір кәсіпті меңгеріп шыққан аналарға шағын несие алуына жәрдемдеседі. Әрине, несие алудың да өзіндік шарттары бар, соған заң аясында жауап бере алса болғаны.

Орталықта ары қарай тіршілік етуіме қажет деп тапсаңыз, ағылшын тілін де, компьютер тілін де меңгеріп шығуға болады.

Мұнда шахмат, математика, хореография  сынды үйірмелер де жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, орталықта  балаларын қалдыратын жері жоқ аналар үшін арнайы балалар бөлмесі де қарастырылған. Онда ата-аналары  мамандармен әңгімелесіп, түрлі кеңес алып жатқанда немесе сабақта болған кездерінде балалары білікті әлеуметтік педагогтардың қарауында қалады. Балалар да қарап отырмайды, дойбы ойнайды, сурет салады, теледидардан түрлі мультфильмдер көреді. Үлкендермен әңгімелеседі. Би билейді. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, күндерін тиімді, сапалы әрі көңілді өткізеді. Тіпті, жылы, таза жерде тынығып, алаңсыз ұйықтап алатын бүлдіршіндер де бар. Бұл кезде ата-анасы да алаңсыз курстарына қатыса береді.

***

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» орталығы ашылғалы бері, яғни 2019 жылдың мамыр–желтоқсан аралығында 5706 отбасы мен 3696 баланы қабылдап, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруде өз үлестерін қосқан.

Сәл шегініс. Ең алғаш осы орталық ашылғанда оның немен, қалай айналысып жатқанымен танысу мақсатында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы келген болатын. Сонда курсқа келіп жүрген бір әйел қала басшысына өзінің сонау Алатау ауданынан келіп жүргенін, біраз уақытын жол машақаты алатынын, ал бұл кезде үйде қалған балаларына алаңдайтыны айтып қалған еді. Сол жерде Бақытжан Әбдірұлы тез арада қалаға қарасты сегіз ауданда да осындай «Бақытты отбасы» орталығын ашуды тапсырды. Нәтижесінде тым қысқа уақыт ішінде барлық сегіз ауданда да осындай орталықтар ашылып, бүгінде сегізі де жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр.

Күйкі тірлікпен жүріп балаларына  көңіл бөлуді де ұмыт қалдырған аналарға да балаларымен жылы қарым-қатынас орнатуды, өтпелі кезеңде жүрген жасөспірім жеткіншегімен қалай сөйлесу керектігі де, ерлі-зайыпты арасындағы отбасылық кикілжіңдерді шешу жолдары да кәсіби тұрғыда қарастырылады. Бұл дегеніңіз жақсы ғой. Мемлекеттік жәрдемақыларды алу бойынша да кеңестер, құжаттарды қалпына келтіру тұрғысында да жол көрсетіледі.

Орталықтың ата-аналар мен балаларына деген сыйлық­тары да жоқ емес. Мәселен, олар балалар мен аналар үшін бассейнге және фитнес-орталықтарға абонементтер беріп отырады. Мұның бәрі олардың өмірге құштарлығын оятары сөзсіз.

«Бақытты отбасы Алматы» орталығында 34 адам еңбек етеді, оның 12-сі көпбалалы ана. Орталық бір күнде 150-200 адамды қабылдап, түрлі кеңестер беріп, бағыт-бағдар сілтейді, жол табуына көмектеседі. Яғни көмек керек әйел-ананың «қолына қармақ ұстатып, балық аулап жеу» әдісін көрсетеді.

Бірдеңе білсем, үйренсем, кеңес алсам, басымдағы қиындықтан шыққым келеді дейтін көпбалалы аналардың бәріне «Бақытты отбасы Алматы» орталығының есігі әрдайым ашық. Ғимарат Зенков көшесі – 15/41-үйде (Гоголь көшесімен қиылысады) орналасқан. Телефон нөмірі: 248-51-15. Электронды поштасы: botbasy@gmaіl.com.

***

Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА,

«Бақытты отбасы Алматы» орталығының үйлес­тірушісі, Медеу аудандық филиалының жетекшісі:

– Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, біздің қалада, жер-жерде түрлі қолөнер жәрмеңкелері өтіп жатады. Кейін білсем, осы жәрмеңкелерге қатысатындар, бұйымдарын сатуға қоятындар сырттан, шет елден келетіндер екен. Мәселен, сол жәрмеңкелерде өзбек ағайындардың тауарлары самсап тұрады. Біз де жасап шыға аламыз ғой сондай қолөнер бұйымдарды. Біздің орталықтан кәсіп үйреніп, онысын кәдеге жаратып, көрпе көктеп, жастық тігіп, түрлі әшекей заттар жасап шығарып жатқан әйел-аналар бұйымдарын осындай жәрмеңкелерге неге шығармасқа, міне, осы мәселені қолға алып жатырмыз. Нәтижесінде өзіміздің әйелдер де өзі жасаған бұйымдарын сатып, нәпақа тауып, өзінің қоғамға керек екенін сезініп, одан әрі шабыттанып, өмірін жақсарта түсуге ұмтылары сөзсіз деп ойлаймын.

 

Әсем БАЙДІЛДАНОВА, орталықтың психологы:

– Бірде бізге Жаркент (Алматы облысы) жақтан бір азамат келді. Зайыбы қайтыс болып кеткен. Жеті баласы бар екен, үш баласы осында студент. Үшеуі пәтерден-пәтерге көшіп жүргенше деп, бәріміз бір жерде болайық деген ниетпен, отағасы қалған балаларын жетектеп Алматыға көшіп келіпті. Біздің орталық туралы естіген. Біз қуана қарсы алдық. Жеті баласын жәутеңдетпей, оларға жақсы өмір сыйлағысы келген әкеге деген құрметіміз шексіз еді. Біз ол кісіге де түрлі кеңестер бердік. Көмек қолын создық. Жеке кәсіп ашу жолдарын оқыттық, үйреттік. Нәтижесінде мемлекеттен шағын несие алып, оған мал сатып алып, қазір қала сыртында бағып, мал басын көбейтіп отыр. Біз үшін де бұл үлкен жетістік.

Нәзира ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ, ата-ана:

– «Бақыты отбасына» алғысым шексіз. Сіздерге мың алғыс! Жұмыстарыңыз алға баса берсін. Көпшілікпен жұмыс істеу оңай емес. Көптеген әйел-анаға, балаларға жасап жатқан көмектеріңіз өздеріңізге еселеп қайтсын деп тілеймін.

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

«Бақытты отбасы» орталығы ашылғалы бері, яғни 2019 жылдың

мамыр–желтоқсан аралығында 5706 отбасы мен 3696 баланы қабылдап, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруде өз үлестерін қосқан.

«Бақытты отбасы Алматы» орталығында 34 адам еңбек етеді, оның

12-сі көп балалы ана. Орталық бір күнде 150-200 адамды қабылдап, түрлі кеңестер беріп, бағыт-бағдар сілтейді, жол табуына көмектеседі.

Орталықтың қаладағы барлық 8 ауданда да бөлімшесі ашылған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *