«БАЛАЛАРДАН БАЛАЛАРҒА КӨМЕК»

атты қайырымдылық кешіне шақырамыз!

«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі». Сондықтан да халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана қағидасын әр адам жадыдан шықпайтын биік ұстаным етуі тиіс. Десек те, ауру жас талғай ма? Әсіресе, аты жаман аурудың жас балалар арасында көбейіп бара жатқаны біздің елді ғана емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отыр.

Осы орайда Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «HMО» ғылыми-медициналық қоғамы «ЮНА» продю­серлік орталығымен бірігіп, «Балаларға балалардан көмек» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырып отыр. Концертке «Kazakhfltyn technology», «Seltfar» компаниялары демеушілік етіп, «Raіmbek», «Тайный советник» PR, «Hardee‘s» ком­паниялары серіктес ретінде қолдау көрсетеді.

Бүгінде еліміздің басты қалаларындағы клини­каларда онкологиялық және гемотологиялық ауруларға шалдыққан әр түрлі жастағы балалар халықаралық стандарттарға сәйкес ем қабылдап жатыр. Қазақ­стандық дәрігерлер кішкентай пациенттер қысқа мерзім ішінде диагностикадан бастап, барлық ем-домды дер кезінде қабылдауы үшін аянбай еңбек етуде.  Ал аз уақыт ішінде емделудің барлық кезеңдерін шет ел аспай-ақ өзімізде қабылдау мүмкіндігі қазақстандық дәрігерлер үшін маңызды жетістік болып есептеледі.

Аталмыш «Балаларға балалардан көмек» қайы­рымдылық концертінің басты мақсаты – қоғамның назарын ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға аударту. Оларға жан-жақты көмек қолын созып, қолдау көрсету. Балалардың көңіліне қуаныш ұялату.

Концертке Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделіп жатқан балалар өздерінің емдеуші дәрігерлерін шақырып, оларға кәсіби шеберліктері үшін, қиналған кездегі жылы сөздері мен мейірімді жүздері үшін рахмет айтады. Басына түскен қиын сәттерде жанынан табылған ата-аналарына һәм үлкен жүректі жандарға алғыстарын жаудырады. Аурудан айыққан балалар өзге де кішкентай емделушілерге ештеңеден қорықпай күресуге, жақсылыққа сенуге шақырады. Жарқын болашаққа деген үкілі үміттерімен бөліседі.

Жалпы, адамның өз денсаулығына жауап­кершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануы көп дерттің алдын алады. Десек те, балалар арасындағы онкологиялық ауру бірден байқала қоймайтын көрінеді. Сол себепті, дерттің қайдан, қалай пайда болатыны жайында әзірге нақ басып айту қиын. Бәлкім, бұл тұқым қуалаушылықтан, экологияның ластануынан, концеро­генді тағамдарды көп тұтынудан, фаст-фудтан болар… Тіпті, мына ұялы телефонның өзі, әсіресе, жас балаларды айықпас дертке шалдықтыруы бек мүмкін екен. Сондықтан кішкентай періштеңіздің «жұбату құралына»  айналған телефоныңызды күндіз-түні балаңызға беріп қоймай, дұрыс пайдаланыңыз. Себебі, телефонға ұзақ телміру – обыр жасушаларын қоздырып жіберуі мүмкін.

Егер баланың тәбеті жоғалып, өңі қуарса, басы ауырып, әлсіздік, жүрек айнуы, жиі құсуы байқалса дереу дәрігерге апару керек. Бұл бала бойындағы қандай да бір қауіпті дерттің алдын алуға көмектесетіні сөзсіз. Ал ауру неғұрлым ерте анықталса, дерттің соғұрлым тез емделуіне үлкеп септігін тигізеді. Онколог-мамандар осылай дейді.

Қандай ауру болмасын, науқастың дертіне шипа іздеумен қатар, оны позитивті көңіл-күйге бөлеу денсаулыққа көп пайдасын тигізеді. Сол секілді, аты жаман дертке шалдыққан балалардың да бір сәтке болса да дәрі-дәрмекті ұмытып, әуезді әуен тыңдап, өздерінің сүйікті әншілерімен бірге ән шырқауы оларға қуаныш сыйлайтыны анық.

Қайырымдылық кешті әнші, шоумен Рафаэль мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталы­ғында ем қабылдаған Амира Рысмаханова жүргізіп, Айжан Нұрмағамбетова, Гаухар Саттарова, кішкентай жұлдызымыз Данэлия Тулешова әннен шашу шашады. Сондай-ақ, «GAMІ» би мектебі мен басқа да талантты балалар өнер көрсетеді. Қайырымдылық шарадан түскен қаржы онкологиялық және басқа да қауіпті дертке шалдыққан балалардың еміне жұмсауға беріледі.

Құрметті оқырман, «Балалар балаларға көмектеседі» қайырымдылық кешіне келу арқылы Сіз де өз көме­гіңізді, қолдауыңызды көрсете аласыз. Әдемі музыка естіп, талантты балалардың өнерін тамаша­лағыңыз келсе, концертке билет сатып алыңыз.

Қайырымдылық кеш 21 сәуір күні, сағат 15.00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.

Мекен-жайы: Алматы қаласы, «Нұркент» ықшамауданы, 6.

Билеттің бағасы – 2000 теңге. 3 жасқа дейінгі балаларға тегін.

Толық ақпаратты 8 (727) 293-5222 телефоны арқылы ала аласыз.

 

Қайырымдылық кештің өтуіне атсалысқан әрқайсыңызға алғыс білдіреміз. 

Әзірлеген – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *