БАЛАЛАР ТІСІН ҚОС МИНИСТРЛІК ҚОРҒАЙ АЛА МА?

Балалар арасында ең жиі кездесетін аурулардың бірі – тіс ауруы. Деректерге сүйенсек, еліміздегі халықтың 98 пайызының тісі сау емес, ал 7—12 жас аралығындағы балалардың 96 пайызы қызыл иек ауруынан зардап шегеді екен. Бүгінгі тақырыпта біз балалардың тіс ауруына аз-кем тоқталғанды жөн көрдік.

Серік ЖҰМАБАЕВ

Бұл аурудың шамадан тыс көбейіп кеткенін, ең алдымен, мектеп қабырғасын­дағы бала денсаулығын қорғау ісінің әлсіз­дігінен көруге болады. Кезінде мектеп оқу­шыларының тісін жылына екі рет жаппай тексеруден өткізіп тұрушы едік, қазір оның барлығы ұмыт қалды. Бала ағзасындағы өзгерістерді дер кезінде емдеуге келгенде, тым самарқаумыз. Оқу орындарында бала денсаулығына жанашыр маманның жоқты­ғы­нан тістері ауырып, ауру асқынған кезде ғана мұғалімдер ата-аналарға үшбу хат жолдап отырады. Қазіргі мектеп өмірін­дегі аурудың алдын алудағы бітіріп отырған бар жұмысымыз — осы. Ежелден денсау­лыққа енжар қарайтын қазақтың шапшаң қимылдайтын кезі болған ба?! «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» демекші, араға ай-жыл салып баласын дәрігерге көрсеткен болады. Ал ауруды асқындырып алғаннан кейін оны емдеу процесінің біраз уақытқа созылатыны белгілі. Балаларымызды он екіде бір гүлі ашылмай жатып, тістерін құрттатып қоятынымыз, міне, осыдан.

Нарықтың қиындығына кінә артып, мектептегі тіс, көз дәрігерлерін жұмыстан қысқарттық. Нақты деректерге сүйенсек, еліміздегі мектептердің 30,3 пайызында ғана тіс пен көз емдеу кабинеттері жұмыс істеп тұрған көрінеді. Қалған оқу орын­дарында мұндай мүлдем жоқ. Осылайша балалар денсаулығы қараусыз қалып, ұрпа­ғымыздың тісі дұрыс қалыптаспай отыр.

Сонымен республика мектептерінің басым көпшілігінде аталмыш аурулардың алдын алу жолы әлі бір ретке келе қойған жоқ. Мектеп ұжымы да осы уақытқа дейін құжат толтыру мен жеңіл-желпі дәрігерлік көмек көрсетуден әрі аса алмайтын орта дәрежелі медбикелердің қызметін қанағат тұтып отыр. Осының салдарынан жасөспі­рімдер денсаулығы, әсіресе балалардың тіс ауруы алаңдатарлықтай дәрежеге жетті.

Қалай десек те, балалар тіс ауруының асқы­нуына, мектептердің балалар стомато­лог­тарымен қамтылмауына тікелей қос министрлік кінәлі. Білім мен Денсаулық сақтау министрлігі бала денсаулығына қатысты жүйені қайта орнықтырып, білікті мамандарды құтты орнына қондырмайтын болса, мұның зардабы тіптен өршіп кетуі әбден мүмкін.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік түріндегі 570 стоматологиялық ұйым және мемлекеттік емес меншіктегі 1165 ұйым бар. Еліміз бойынша стоматолог және тіс дәрігерлерінің саны – 5 878. Статистикалық дерекке сүйенсек, елімізде балалардың 75,2 пайызы, ал жасөспірімдердің 71,9 пайызы тістотық дертімен ауырады. Ересектер арасында 20 және одан да көп тістері сақ­талғандардың қатары – 40 пайыз. 65—70 жас аралығындағы аза­маттардың 15 пайызы протез салдырған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *