«БАЛАЛАР ҮЙI» ДЕГЕН АТАУ БIЗГЕ ҰНАМАЙДЫ»

Рая ЕСКЕНДIР

Балалар үйiндегi жаз

Қаламыздағы №2 балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi үшiн биылғы жаз өте ерекше болып басталды. Балалар үйiнде осыдан үш жыл бұрын «Алтын ұя» деп аталатын жазғы мектеп жанындағы лагерь ашылған едi.

Балалар үшiн жазғы демалыстың орны ерекше емес пе? Жыл бойы балалар «Алтын ұядағы» жазғы демалыс қызығын еске алып, мәз болып жатады. Мiне, сол «Алтын ұя» биыл да балаларға есiгiн кең ашты. Ең басты жаңалық – балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi өздерiнiң туын ойлап тапты, оның белгiсi ретiнде көкке ұмтылған құсты туға бейнелеген.

Ал лагерь туын көкке көтеру құрметiне Илья есiмдi жеткiншек қол жеткiзсе, ол сабақты үздiк оқитын, қоғам- дық жұмыстарға белсене араласатын, өте үлгiлi, алғыр бала.

Балалар үйiндегi мерекеге үнемi өздерi қамқорлыққа алып, көмек қолын созып жүретiн Алматы қалалық сотының қызметкерi келiп, қатысып қайтты.

Балалар осылайша жазды көңiлдi өткiзiп жатыр. Жаздың әрбiр айы арнайы бағыт бойынша белгiленген. Мәселен, шiлде айында балалар Қапшағайдағы демалыс орнында демалатын болса, тамызды Доландағы «Ұланда» өткiзудi жоспарлап қойған.

Балалар үйiнде де бiлiмдi балалар бар

Биыл елiмiздiң мектеп бiтiрушi түлектерiне ҰБТ сынағының едәуiр қиынға түскенi белгiлi. Соған қарамастан №2 балалар үйiнiң тәрбиеленушiсi Диана Янцен 93 балл жинап, жоғары көрсеткiшке қол жеткiзген едi.

Алматы қаласының Әкiмi Ахметжан Есiмовтiң тағайындаған грантын жеңiп алған Диана ендiгi жерде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiне оқуға түсiп, психолог мамандығын алып шығатын болады.

Арманы асқақ қыздың айтуынша, келешекте өзi сияқты талай жастың өмiр жолында кездесетiн қиындықтардың алдын алуға көмектесiп, оларға рухани күш берсем бе дейдi.

Диана балалар үйiндегi тәрбиешiлерi мен мектептегi ұстаздарына шексiз ризашылығын бiлдiрiп, олардың өзiне деген үмiттерiн ақтайтынына сенiмдi.

Аудандық пәндiк олимпиадада бiрiншi орынды иемденiп, қалалық олимпиадада үшiншi орынды иеленген алғыр қыз, мiне, ендi арманына қол жеткiзiп отыр.

Осы шаңырақтың тағы бiр мақтанышы Алексей биыл Т.Рысқұлов атындағы экономикалық колледждi қызыл дипломмен аяқтап, ҚМЭБИ-ге құжаттарын тапсырды. Қалалық №2 педагогикалық колледждi қызыл дипломмен тәмәмдаған Виктория да биыл осы оқу орнын таңдап отыр. «Балалар үйi десе көпшiлiктiң көз алдына сабағы нашар, өзi бұзық бала келетiн сияқты. Бiрақ, бiздiң арамызда бүгiнгi заман талабына сай, жан-жақты, озық технологияны игерген, өздерi бiлiмдi әрi тәлiмдi ұлдар мен қыздар өте көп.

Өмiрде бiздi қиындықтардан алып шығатын бiр-ақ жол бар.

Ол – жақсы бiлiм алып, сосын бiр мамандықты игерiп шығу. Онсыз бiздi және бiздiң болашақ отбасымызды кiм асырайды?» – дейдi өздерiн өте салмақты кейiпте ұстаған балалар үйiнiң түлектерi.

 Көп нәрсенi төркiндеп келген қыздар үйретедi

№2 Балалар үйiнiң басшысы Ақмарал Баубекқызының айтуынша, мұндағы балаларға арнайы бағыттар бойынша дәрiс берiледi.

Мәселен, қалалық «Қыз – елдiң көркi» бағдарламасы аясында қыз балаларға арналған сабақтар жүргiзiлiп, дәрiстер оқылады. Қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген жақсы сөз бар. Ал, балалар үйiнде тәрбиеленiп, ана тәрбиесiн сезiнбеген қыздардан күнi ертең қандай ана, қандай жар шығуы мүмкiн? Сондықтан балалар үйi тәрбиешiлерiнiң жүгi екi есе ауыр.

Қыз балалардың сәби күнiнен бастап, жасөспiрiм шағына дейiн және ол кезде болатын табиғи заңдылықтарды қыз балаларға ұғындырып, түсiндiру бағытында жүйелi жұмыс жүргiзiлiп отырады.

Байырғы ұстаз Гүлзира Есiмқызы балалар үйiнде тәрбиеленiп, бүгiнде бiр-бiр отбасының анасы атанған қыздардың басын қосып, «Ана атанған қыздарымызды тыңдасақ» атты клуб ашқан.

«Төркiндеп» келген қыздар өздерiнiң отбасылық өмiрдегi жиған тәжiрибелерiн, өмiрдегi ащы сабақтарын кейiнгi iзбасар сiңлiлерiне айтып, ой бөлiсiп отыруы бүгiнде дәстүрге айналған.

Мұның өзi нағыз тәрбие емес пе? Көбiне жастар жалаң сөзден гөрi, нанымды, өмiрге жақындау әңгiмелердi тың- дағанды ұнатады ғой. Экологиялық бiлiм беру деп аталатын бағыт бойынша балалар өз аулаларындағы бау-бақша- ларын ерекше күтiмге алған. Сол бақшадағы өнiмдi жаз бойы күтiп-баптап, күз келгенде, қысқа әзiрлей бастайды.

Тәрбиешiлердiң айтуынша, қияр, қызанақты тұздап сақтау үшiн қажеттi шөптiң бәрi осы бақшада өседi екен.

Әсiресе, картоп биыл қалың өнiм беретiн түрi бар. Бақшада сәбiз, шалқан, пияз, аскөк, болгар бұрышы, қырыққабат дейсiз бе… тұнып тұр.

Биыл балалар гүлдердiң ерекше түрлерiн отырғызыпты. Бақшаны кезек-кезек суарып, арам шөбiн отап, күнi бойы тынбайтын балалар күнi ертең өз бақшаларын да осылай күтiп-баптайтын болары сөзсiз.

– Осы бақшадан алған азғантай өнiмге қарап қалған жоқпыз ғой. Бiздiң мақсатымыз – балалар осы бастан бұл өнiмдердiң қалай өсетiнiн, қандай еңбекпен келетiнiн бiлiп өссе деймiз, – дейдi Ақмарал Баубекқызы.

Балалар кәсiби бiлiм бағыты бойынша тiгiншiлiктiң қыр-сырын меңгерсе, құқықтық бiлiм беру де балалар үшiн аса маңызды. Күнi ертең олар өмiрде өз құқықтарын бiлiп, өздерiн қорғай бiлуде бұл саланың да маңызы зор болады.

Жалпы, балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi өмiрде баспаналарын заңсыз иемденiп кетушiлермен көбiне бетпе- бет келiп жататын жайлар болады. Құқығын қорғай бiлгеннiң есебi түгел емес пе? Сондықтан бұл тұрғыда құқықтық пәндi балалар барынша меңгерiп алғысы келедi. №2 Балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүйелi жұмыс жүргiзудi жолға қойған.

Осы бағдарлама аясында балалар Ұзынағаштағы Жамбыл аталарының мұражайына барып, танысып қайтса, таяу уақытта Арыстанбаб, Түркiстан сынды киелi мекендерге барып, ата-баба аруақтарына зиярат етiп қайтуды жөн көрiп отыр. Жолсапар екi күнге жоспарланып, 30 баладан арнайы топтарға бөлiнiп, оңтүстiк өңiрге бару қамына кiрiскен.

Елiмiздiң бас қаласы Астананы көру – әрбiр баланың арманы, биылғы жылдың жоспарына сәйкес ару астанаға бару бақыты да балаларға бұйырды. Сондықтан дәл қазiр осы үлкен сапарға бару қамына кiрiскен балалар түс- терiнде көрiп жүрген Астананы ендi өңдерiнде көретiн болды.

Өнерлi балалар өз арамызда

Жақында Көкшетау қаласында өткен IV «Ақ көгер- шiн» халықаралық байқауына қатысып қайтқан балалар үйiнiң «Мерей» ансамблiнiң құрамында 10–12 жас аралығындағы балғын бишiлер бар. Байқау негiзгi екi шарт – би және балалар сән үлгiсi бойынша өткен едi.

Осы жолы белгiлi дизайнер Аида Қауменова тiккен көйлекпен көп алдына шыға келген Камиля Қалмырзаева 60 үмiткердiң арасынан озып шығып, жүлделi III орынды жеңiп әкелдi.

Қастеев атындағы өнер мектебi ұйымдастырған қалалық қуыршақ жасаушылар арасындағы байқауда да балалар үйiнiң өнерлi, iсмер балаларының қолынан шық- қан ұлттық қуыршақтар ең әдемi қуыршақ деп танылған едi.

«Балалар үйi» деген атаудан гөрi, бiздi бiр отбасының балалары деп атасаңыздар»

Көбiне сырттан келген жандар «бiз балалар үйiн iздеп жүр едiк», «бiзге №2 балалар үйi керек едi» деп iздеп келiп жатады. Бiр қарағанда, әншейiн, айтыла салған сөз болуы мүмкiн. Бiрақ, бұл бiр ауыз сөздiң баланың жүрегiне үлкен зiл тастағанын көбiмiз бiле бермеймiз.

Бала үшiн өз үйi, өз отбасынан артық ештеңе жоқ. «Төрт қабырғасы түгел» деген де осы.

«Неге бiздi бөлектеп, өзгелерден оңашалап осы үйге әкелдi екен? Өзге балалар сияқты неге бiз ата-анамызбен бiрге тұрмаймыз? Неге бiз еркелеп, неге бiз күлмеймiз?» деген сан алуан сұрақтың бұл балақайлардың да жан жүректерiн мазалайтыны шындық.

Отбасындағы бiрдi-екiлi ерке ұл мен қыздың ата- анасына орынсыз еркелеп, тамақ iшпей қоятын, ешкiммен сөйлеспейтiн әдетi болады. Өбектеген сайын, бұртиып, «аштық» жариялап, қиқарланатын балалардың қылығын бұл балалар тiптi түсiнбейдi. Өйткенi, мұндағы балалар тек өздерiне сенiмдi, еркелiк, өкпешiлдiкпен алысқа баруға болмайтынын бiледi.

 Өмiр ерте есейткен балалар өздерiн бiр отбасымыз деп есептейдi. Бiздi «балалар үйi» деп бөлектеудiң еш қажетi жоқ деген балалар осы бiр ауыз сөздiң жандарын бiрнеше мәрте ауыртқанын жыр ғып айтып бердi.

– Бiз үшiн Раиса Қасенқызы, Гүлзира Есiмқызы, Сейтқали Айбосынұлы, Ғалия Бекмұханбет сынды тәрбиешiлерiмiз бен бiздiң басшымыз Ақмарал Баубекқызының орны ерекше. Осы кiсiлердiң арқасында бiз ешқашан қиындықты сезiнген емеспiз, өйткенi, ол кiсiлер қашанда бiзбен бiрге, – дейдi балалар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *