БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ФУТБОЛ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Алматыда қайта жөндеуден өткен «Спутник» стадионында балаларға арналған «Жас қыран» оқу-жаттығу футбол кешені ашылды. Кешеннің ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев,  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Жаңа стадион 800 көрерменге арнал­ған. Дренажды жүйемен жабдықталған алаңға ФИФА ұйымымен сертификат­тал­ған жасанды итальяндық газон төселіпті. 50 жаттықтырушы жұмыс істейтін жаңа орталықта 500-ден астам жас футболшы жаттыға алады.

–       Бүгінгі күн айтулы күн. Құттық­таймын! Осындай бастамаларды қолдай отырып, бұл іске ұйытқы болғандарға алғы­сым шексіз. Спорт – ұрпақ саулы­ғының кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдарының бірі. Мемлекет салауатты өмір салтын ұстауға жол көрсе­тіп қана қоймауы тиіс, соған барлық жағдайды жасауы керек, – деді Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділбек Жақсыбеков.

Жыл басынан бері «Менің ауламдағы спорт» жобасы аясында алматылық 18 мың жасөспірім спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.  Жеке спорт ұйымдарын тікелей қаржыландыру бойынша «Батыл бол» жобасы қолға алынды. Бұл жоба тұрмысы төмен отбасылардың балаларын спортқа баулып отыр.

–       Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп, еліміздің спорт инфрақұрылымын дамытудың өзекті жол­дарын белгілеп берді. Стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін «Жас қыран» футбол орталығы ауқымды жұмыстар атқарды. Өздеріңіз білесіздер, «Спутниктің» тарихы сонау тереңде жатыр. Қазіргі отандық кәсіби футболшылардың көбі өздерінің кәсіби жолын осы жерден бас­тады. Бұл кешен жас дарындарды тәрбие­леу ісіне тың серпін беретініне сенімдімін, – деді шаһар басшысы Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, қала әкімі Алматы велотрегіндегі қайта жөндеу жұмыс­тары­ның аяқталуға жақын қалғанын мәлімдеп, келер жылы сыйымдылығы 5 мың орын болатын жеңіл атлетика стадионының құрылысы басталатынын айтты.

–       Басты мақсат – балаларды спортқа кеңінен тарту, оларды өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу, – деді балалар мен жасөс­пірімдердің «Жас қыран» қазақстандық лигасының президенті Берік Қаниев.

Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында Үкімет пен әкімдіктердің назарына кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды тапсырған еді.  Соны­мен қатар, бұрыннан бар спорт нысан­дарын тиімді пайдалануды тілге тиек етті.

«Жас қыран» жаңа футбол академиясы №2 балалар мен жасөспірімдердің олим­пиадалық резерв мектебі негізінде ашылды. Кешен Алматы әкімдігі мен «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдердің футбол орта­лығы» ЖШС мемлекеттік-жеке әріптестік ынтымағы арқасында іске қосылды.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *