БАЛАБАҚШАДАН ҮЙРЕТУІМІЗ КЕРЕК

Қайыржан ТОҚЫШЕВ, Алматы қалалық «Саналы ұрпақ» кеңсесінің жетекшісі:

– Қайыржан Ахметбекұлы, алдымен оқырмандарға түсінікті болу үшін әңгіме­ңізді «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі туралы бастасаңыз.

– «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі биылғы сәуір айының 18-і күні құрылды. Бұл оқу жылының аяқталуына жақын қалған уақыт қой. Соған қарамастан бір­неше кездесулер ұйымдастырып үлгердік. Оқу орындары жазғы демалысқа шығып кетсе де  университеттер ұжымында бол­дық, балабақшаларда кездесулер өткіздік. Талай-талай пікірлер мен ұсыныс­тарды тыңдадық. Ондағы мақсатымыз – білім мекемелерінде сыбайлас жемқор­лықтың көріністерін азайтып, өскелең ұрпақтың бойында қоғамның жегі құртына айналып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптас­тыруға бағыт­талған жұмыстарды кеңінен жүргізу. Өсіп келе жатқан жастарымыз үлкендер тарапынан кеткен қателіктерді қайталамай, жаманнан жиреніп өссе деген оймен пәрменді әңгі­мелер жүргізіп, дәйекті деректерді де алға тартып отырамыз.

«Саналы ұрпақтың» мақсаты да, міндеті де қоғамды жат әдеттерден тазарту, сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, оның алдын алу. Оларды тоқтатуға күш біріктіріп, тос­қауыл қою. Дегенмен, осы кездесулерде біздің көз жет­кіз­геніміз, сыбайлас жемқорлық туралы заңның алдын алу шараларына байланысты талаптардың орындалмай отырғандығы.

Біз алдымен баратын мекемелеріміздің жүргізіп отыр­ған жұмыстарына көз жүгіртіп, олардың сайттарын қараған едік. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қандай шаралар өткізгендігі туралы да бірде-бір мәлімет кездеспеген мекемелер болды. Яғни сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жұмыстар екінші орында қалып қойған. Әрине, біз бұған ешкімді кінәламаймыз. Өйткені, алғашқы кезекте тәрбие, білім мәселесі тұр. Жалпы, айтпағымыз тәрбие жұмысының бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жүргізулері керек еді. Бірақ шындығы сол, бұл жұмыстың кенжелеп, кешеуілдеп қалғаны байқалды. Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңында білім мекеме­лерінің басшыларымен кездесіп, осы мәселені кеңінен талдап, талқылап жатқан жайымыз бар.

– Қазақ білімінің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Ұлттық университет басшысы Ғалымқайыр Мұтанұлы осы жобаны қолдап, ғылыми-зерттеу институтын құрды. Кеңсеміз сол университетте орналасқан. Алдымен біз университет ғалымдарымен бірлесіп талдау жүргіздік те, сол талдаудың қорытындысы бойынша бірінші кезекте ұсыныстар енгіздік. Әлгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған тәрбие жұмыстарының кенжелеп қалғаны жөнінде айтып өттім ғой. Сондықтан «сіздер неге былай етпедіңіздер немесе осылай етіп жүргізулеріңіз керек еді» деп жіберген кемшіліктері үшін ешкімді сынға алғанымыз жоқ. Қайта барлық сала басшыларын бірлесе жұмыс істеуге шақырып, бағыт-бағдар бердік. Мәселен, жаңа оқу жылы басталды. Осы 1 қыркүйектен бастап 25 мамырға дейін оқушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыратын, қандай жұмыстар жүргізетінін сұрастырдық.

Жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көз­қарасын қалыптастыратын түрлі байқаулар, конкурстар, сабақ, акция өткізетіндігі туралы да сауалдар қойдық. Осындай шаралар жүргізе отырып та, көп іс тындыруға болады ғой. Оқушылармен сыбайлас жемқор­лыққа қарсы сабақ жүргізетін адамның өзі алдымен мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатынан хабардар, түсінетін адам болуы керек. Егер түсінбейтін адам болса, оған да көмек көрсетуге дайынбыз. Өйткені, біз осы жұмысқа маманданған адамдармыз. Білмеген жағдайда үйрену кештік етпейді.

Тағы да бір айта кететін мәселе – көптеген құжаттарда кемшіліктер кездесті. Демек, бұл тәжірибенің аздығынан болатын қателіктер. Сондықтан біз сол құжаттардың, яғни Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың үлгісін жасадық. Барлық мектептің сайттары арқылы тараттық.

Енді сол стандартты талқылап, мекемелеріңіздің атын жазып, мөрін қойып талқылаңыздар деп отырмыз. Осы жерде айта кететін ендігі мәселе – ол үлгіні бекіткенде емес, оны бүкіл ұжым болып талдап, танысқанда болып отыр. Оны бақылап отыратын бір адамды белгілеп, араларынан сайлап алу керек. Ол адам бізбен тұрақты жұмыс істейтін болады. Былайша айтқанда, өзгерістердің иесі деп атаймыз. Бәлкім, ол кісі директордың орынбасары болар, мүмкін белсенді мұғалімдердің бірі болар. Өйткені, директордың үнемі бізбен хабарласып, ұжымда болып жатқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған іс-шаралар туралы айтып, хабарлап отыруға мүмкіндігі бола бермейді. Әлгі белгілеген адам мектепте немесе колледжде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай да бір іс-шара өтетін болса, бізге хабарласып, бірлесе өткізуге шақырып жатса қуана қабылдар едік. Сосын, қоғамда кездесіп қалатын жегі құрт, оның шығу себеп-салдары туралы жастарға кеңі­нен әңгімелеп, оның алдын алуға бірлесе атсалысармыз.

Мен өзімнің өмірде жинаған тәжірибеме сүйене оты­рып байқағаным, біз сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып бірлесе тосқауыл жасамасақ, біздің мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады. Әсіресе, осы білім жүйесіндегі жастарды тәрбиелеп, олар арқылы ұстаздарын, ата-аналарын тәрбиелесек, онда біз нағыз таза мемлекет болатын едік. Бүгінгі таңда біреуді ұстап, оны соттағаннан гөрі осындай алдын алу шараларына басымдық беруіміз керек.

– Неліктен жобалық кеңсе білім саласында құрылып отыр? Басқа да салалар көп қой.

– Неге десеңіз, біздің он сегіз миллион халықтың төрт жарым миллионының осы білім саласына қатысы бар екен. Олар балабақшаға барады, мектепте, орта білім мекеме­сінде, жоғары оқу орындарында оқиды. Сосын оған осы білім саласында қызмет ететіндерді қосыңыз. Олардың ата-аналары бар дегендей. Жалпы, Қазақстанның тең жартысы білім саласымен байланысты. Менің тағы бір айтпағым – көбіне кездесулер мен өткізілетін іс-шараларға белсенді 20–30 жас қана қатысып отырады. Қалғандар неге қатыс­пайды? Сондықтан бұл іске барлық ұжымды тарту керек. Қазақстанның Заңын сыйлауға, әдет-ғұрыпты құрметтеуге үйретуіміз керек. Әрбір отбасы өз ұрпағын ұлт­тық дәстүрмен тәрбиелеп, «кісінің ала жібін аттама, олай етуге болмайды» деп ата-баба, дала заңымен тәрбиелеп отырсақ, жастарымыз пара беруге болмайты­нын, оны алуға болмайтынын үйренген болар еді.

Дамыған мемлекеттер, мәселен Сингапурде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті балабақшадан, мектептен бастап үйретіп, ақыры оны жеңді. Баланың санасына жаманды жаман деп, оны тек әділдік жеңеді дегенді үйрету керек деп ойлаймын. Сондықтан білім мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарының нақты жоспарын осы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-шаралардан бастау керек.

 

Сұхбаттасқан – Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *