БАЛАҢЫЗ САБАҚҚА ДАЙЫН БА?

Қыркүйек қыр астында тұр. Тамыз айы кірісімен әр отбасында қарбалас тірлік бас­талады. Анығында, басталып та кетті!

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Әлбетте, ата-ана баласы үшін ешнәр­сесін аямайды. Тапқанын баласының қажетіне жарату әрбір  ата-ананың борышы. Десек те, көпбалалы отбасыларда үш-төрт, бәлкім, бес алты бала мектепке барады. Ал олардың барлығына жаңа зат әперуге бүгінгі нарық мүмкіндік бере ме? Оның үстіне, қазіргі заманның балаларына кеңес кезеңіндегідей бір-бірінің киімінің киімін кидіру де оңайға соқпас. Бүгінгі балақай­лар әрқайсысы бір дара тұлға ретінде тәрбиеленеді. Сосын… жеке ойы, өрісі, мақсаты бар бала өзгенің ескісін қайтсін?! Әзіл ғой!  Әйтсе де, «Балам, былтырғы затыңды әлі де ұстауға болады» деген сөзге құлақ асатын бала аздау. Көпшілігі жаңа киім киіп, жаңа зат ұстағысы келеді. Бұл – бір. Ал тапқаны тамағынан артылмайтын отбасы үшін ше? Осы ойларды санаға түйіп «бір баланы мектепке дайындау үшін ша­мамен қанша қаражат жұмсауға болады?» деген сұраққа жауап іздеуді жөн санадық. Жаңа оқу жылында сауда нүктелерін қай деңгейге шарықтапты немесе арзан?

Әлқисса! Қарапайым халық үшін базар­дың бағасы қолжетімді. Тақтайдай түзу жолмен жүйткіп отырып, «барахолка» атанып кеткен үлкен базарға бардық. Сауда қызып тұр. Халық ығы-жығы. Бірден шеттегі сатушыға жақындадық. Үстел үстінде мектепке қажетті кеңсе тауарлары жайнап тұр. Өзін Салтанат деп таныстыр­ған жас келіншек тауарларының дені Ресейден, Қырғызстаннан және Қытайдан әкелінгенін айтты…

– Тауарлардың бағасы қолжетімді болған соң, сұраныс та көп. Базарға көбі­несе, табысы орта отбасылар келеді. Кейде ақшасын жеткізе алмай, арзан тауар алуға мәжбүр болатындар да аз емес. Мәселен, қытайдың мына қарындашы ұштасаңыз тез сынып қалады, қаламдары дұрыс жазбай­ды, сапасыз. Ал мына Ресей тауарларының сапасына көңілің толады. Сондықтан мен келген тұтынушыма мейлінше, сапалы тауар алуға кеңес беремін. «Арзанның жілігі татымас» деген… Сол секілді, сапалы тауар мен арзан тауардың айырмашы­лық­тарын айтып, тіпті кейде көрсетіп, түсін­діруге тырысамын. Әйтсе де, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса». Қалта­сына қарай қалағанын алып жатады» дейді саудагер. Базардың бағасы мың құбылады. Бірі қымбатқа сатқан тауар екінші жерде арзанға саудаланып жатыр. Сонымен, жал­пылама алғанда базар нарығында дәптер бағасы 12 теңгеден қойылыпты. Түрлі-түсті қаламдар әр түрлі арзаны да бар, ал көңілге қонымдысы 150 теңгеден басталады. Сурет салатын альбом – 100 теңгеден жоғары. Қалың дәптерлерді жұқа, қалыңына байла­нысты 100 теңгеден басталып 200, 300 теңгеге дейінгі аралықта. Қалам салатын пенал 250-2000 теңгеге дейін жетеді. Өшір­гіш, қайшы, ермексаз, фломастер, бояу, қалам ұштағыш, желім секілді заттар да осы тізімнің қатарынан орын алып тұр. Сөмкелердің ең арзаны – 1,5 мың теңгеден 5000-ға дейін екен. Сапасы бұдан да жақсы­сын алам десеңіз, 10 мың теңгеден асатындары бар. Ал киімдер көбінесе Қырғызстандікі. 1500 теңгеден басталып, 15 мың теңге аралығында кездестіруге болады. Түркиянікі сәл қымбаттау. Дегенмен, базардың аты – базар. Аралауға уақыт керек. Бір шетінде арзанға алған затты екінші шеттен қымбатқа көріп мәз болатын да, қымбат затты арзанға көргенде іш ашып қалатын да жұрт жүр.

Мәселен, қаскелеңдік Жансерік есімді азамат қызына туфлиді 4800-ге, кроссов­киді 5500, босоножкиді 5000 теңгеге алғанын айтты. Ал Сәбира есімді келіншек ұлына костюм-шалбарды 12 мыңға, туфлиді 6 мыңға, қыздарының аяқ киімін 4 мыңнан алыпты. Хош делік!

Ендігі бағыт – «Магнум» сауда орта­лығы. Онда 26 шілдеден бастап мектеп жәрмеңкесі жүріп жатыр екен. Мәселен, 12 беттік дәптер 14 теңге, 36 беттік дәптер 65 теңге, 60 беттік – 149 теңге, күнделік 179 теңге, түрлі-түсті қағаз 39 теңгеден баста­лады. Желім – 45-теңгеден екен. Пеналдар 455 теңгеден 1999 теңгеге дейін.  Қара­пайым (15 см.) ағаш сызғыш – 25 теңге, (40 см.) сызғыш 69 теңгеден. 5 данадан тұратын қалам – 149 теңге тұрады. Түрлі-түсті фло­мастер (18 шт) – 1199 теңге, ұштағыш – 39 теңге, өшіргіш – 19 теңге, 1 сыныпқа ар­налған санағыш таяқшалар – 125 теңгеден.

Ұлдарға арналған ақ жейде – 1999 теңге, галстук 1000 теңге, белдік – 855 теңге, мектеп сөмкелері (рюкзак) – 6999 теңгеден, ақ бантиктер – 355 теңгеден сатылып жатыр.

Рас, мектепке дайындық қызығы мен шыжығы көп шаруа. Бұл ата-ананың мек­тепке барғанға дейінгі жұмсайтын қаража­тының шеті ғана. Ал одан кейін маусымдық киімдеріне кететін ақшаны қоссаңыз, бағамыз да шарықтай түсетіні белгілі. Әркім қалтадағы қаражатына қарай сауда жасайды. Сонымен, біздің есептеуімізше, бір баланы мектепке дайындау үшін бағасы мен сапасы үйлесетін заттарды саудаласып жүріп алғандағы бағаңыз шамамен 30-40 мыңды құрайды екен.

Осы тұста бір айта кетерлік  жәйт –«қыстың қамын жазда ойла» деген бар… Қыркүйекке тақалғанда жүгіретін ата-аналарға балаларының заттарын ертерек түгендеп алған әлдеқайда ұтымдырақ еке­нін айта кетейік. Алайда, әр шаңырақтың өз тәртібі, ұстанымы бар. Біріміз  жазғы демалыс бастала салысымен, баламыздың мектепке қажетті заттарын жуып-шайып, жинап қойғанбыз. Енді соларды қайта шыға­рып, кем-кетігін түгендеп жатсақ, біразымыз жыл сайын жаңа зат алуды әдетке айналдырғанбыз. Байқасаңыз, барлық сауда нүктелері дәл осы кезеңді сәтімен пайдаланатыны көрініп-ақ тұр. Қай жерге барсаңыз да, мектеп формалары мен қажетті кеңсе тауарларының жәрмең­келері ұйымдастырылып жатыр. Ата-ананың қалтасына салмақ салатын да осы тұс – науқандық қымбатшылық. Алайда, қатарынан қалдырмай, бар жақсыны әпе­руге тырысатын жандарға сәтті сауда мен сапалы тауар алуларына тілектеспіз.

Ендеше, мектепте кездескенше!

Керек дерек

МЕКТЕП ФОРМАЛАРЫ

ӨЛШЕМІНЕ ҚАРАЙ:

Базарда: 12 мың теңгеден — 18 мыңға дейін.

«Сымбат» дүкенінде: 15 мыңнан — 28 мыңға дейін.

«Glasman» дүкенінде: 15 мыңнан – 20 мыңға дейін.

«Angelcher» дүкенінде: 15-мыңнан – 22 мыңға дейін.

«ABDІ» КЕҢСЕ ТАУАРЛАРЫ ДҮКЕНІНДЕ:

Сауда орталығы бастауыш сынып оқушыларына арнап арнайы себет жасаған. Бағасы — 6870 теңге тұрады.  Оның ішінде:

  1. Дәптер 12 бет (тор/қисық сызық.жол көз, 1 сынып) 50 дана.х12 тг. = 600 тг.
  2. Сурет салатын альбом 8 б. 2 дана х70 тг. =140 тг.
  3. Дәптер қаптағыш (жиынтық 20 дана.) 1 наб.х200 тг. = 200 тг.
  4. Кітапқа қаптағыш (жиынтық 20 дана.) 1 наб.х300 тг. = 200 тг.
  5. Ермексаз 6 түсті. 1 дана. х155 тг. = 155 тг.
  6. Солақайларға арналған тақтайша 1дана.х135 тг. = 135 тг.
  7. Акварель бояуы 6 түсті 1 дана.х135 = 135 тг.
  8. Бояуға арналған щеткалар (кист) 1 наб.х450 тг. = 450 тг.
  9. Қаламсап 5 дана.х19 тг. = 95 тг.
  10. Жай қарындаш 3 дана.х20 тг. = 60 тг.
  11. Түрлі-түсті қарындаш 6 түсті 1дана.х145тг. =145 тг.
  12. Сызғыш 15см. 1 дана.х35 тг. = 35 тг.
  13. Түрлі-түсті картон 1наб.х145 тг. = 145 тг.
  14. Ақ картон 1 наб.х195 тг. = 195 тг.
  15. Ластик 1 дана.х35 тг. = 35 тг.
  16. Ұштағыш 1 дана.х45 тг. = 45 тг.
  17. Қайшы1 дана.х170 тг. = 170 тг.
  18. Желім 8гр. 1 дана.х75 тг. = 75 тг.
  19. Түрлі-түсті қағаз 1 наб.х35 тг. = 35 тг.
  20. Төгілмейтін сиясауыт (стақан) 1дана.х75тг. = 75 тг.
  21. Күнделік 1 дана.х290 тг. = 290 тг.
  22. Пенал 1 дана.х 765тг. = 765 тг.
  23. Рюкзак 1 дана.х2 590тг. = 2 590 тг.

 

Мектеп формасын таңдадыңыздар ма?

Жыл сайын осы мезгіл ата-аналар үшін қызу дайындықпен басталады. 3 ай демалыс дегенмен, тамызды «мектепке дайындық айы» десек, қателеспейміз. Қаладағы сауда дүкендері мектеп формасының жәрмеңкесін бастап та кетті. Сонымен, құрметті ата-ана, сіз балаңызға мектеп формасын алдыңыз ба?

Әлия МҰСАЕВА, дәрігер:

–       Мен жыл сайын балаларға мектеп формасын бараxолкадан аламын. Дүкен­дер­­дегі бағаның қымбат екені белгілі ғой. Міне, бір күнгі демалысымды пайдаланып, бараxолкаға кетіп барамын. Ондағы ойым – бағаны байқап қайту.

Анар ОМАРОВА, оқытушы:

–       Қыздарыма «Абди» дүкенінен «Angelher», «Glasman» фирмалары тіккен 2 пиджак алдым. Бағасы әжептеуір қымбат –13 000 тг. Бұл тек бір ғана киімнің құны. Қыздарым былтырғы белдемшені киеді. Мектеп формасын толық алуға қаржы жетіспейді. Сондықтан жылда осылай бөліп алып отырамын. Бағасы қымбат болғаны­мен, сапасына сын айтпаймын.

Алтынкүл ӘМІРОВА, жалғызбасты ана:

–       Балаларыма мектеп формасын демеу­шілер алып береді. «Мектепке жол» акциясының арқасында балаларым еш таршылық көрмей, өзге сыныптастары сияқты су жаңа киіммен мектепке барады. Сөз реті келгенде айта кетейін, мен 3 бала­ны өзім асырап жүрген анамын. Қайы­рымды жандардың арқасында балаларым еш қиындық көрмей, мектеп формасы, сөмке, дәптер, қалам сияқты заттармен толық қамтылады. Сондықтан бұл жағынан еш алаңдамаймыз.

Раушан ИМАНОВА, жеке кәсіпкер:

–       Шынымды айтсам, жаңа оқу жы­лына тура бір-екі күн қалғанда дайында­ламыз. Жылда «қап, ертерек алып қойма­сам» деп ойлаймын. Бірақ сәті солай болып қалады. Қаржы жағынан қысылмаймыз. Тек уақыт тапшы.

Айнұр ӘБДІКЕНОВА, тәрбиеші:

–Үш балам мектепте оқиды. Мектеп формасын алып үлгердік. Енді спорттық киімдер алу керек. Сосын сөмке, дәптер, қалам, қарындаш, клей сияқты ұсақ-түйектерді түгендеуіміз керек.

Болат ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, жүргізуші:

– Жолдасым кішкентай баламен үйде отырғандықтан, баламды ертіп, базарға өзім шықтым. Ол оңай шаруа емес екен. Менің таңдағаным балама ұнамайды. Қысқа, кішкентай киімдерді таңдайды. Үлкендеуін ал десем, «қонымсыз көрінеді» деп, тілімді алмайды. Таңдаған аяқ-киімімді де ұнат­пайды. Жалпы, «баламен базарға барма» деген үлкендердің сөзінің жаны бар-ау.

Гауxар АЙДОСҚЫЗЫ, үй шаруасындағы ана:

–Екі балам мектепте оқиды. Олар былтырғы мектеп формасын киеді. Кіш­кентай Айша биыл барады. Сондықтан жаңадан мектеп формасын алдық. Өте нәзік болғандықтан дәл келетін киімді табу оңай болмады. Бірақ мектепке дайынбыз.

Гүлжан ӘЗІМ, кассир:

– Әлі уақыт бар емес пе? Бір апта қалғанда алып үлгеруге болады. Қазір не көп, дүкен көп. Тапшы заман емес қой. Ерте қамданудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын.

Ата-аналармен сауалнама жүргізген – Рая ЕСКЕНДІР.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *