Балаңыз асық ойнай ма?

Асық ойнау – қазақтың ұлттық ойыны. Десек те, оны қызыға ойнайтындар бүгінде некен-саяқ. Соған қарағанда, мергендікке, ептілікке үйрететін ойынның бұл түрі ұмыт бола бастағандай ма, қалай?! Тіпті, асықты ауыл баласының еншісінде десек, ауылдағы өрендер бүгінде асық ойнай ма? Әй, білмеймін… Білетінім – баламыздың компьютер алдында сағаттап отырғанын құп көретініміз. Ал асық ойыны баланың дене бітіміне үлкен әсері барын білмейтініміз, Абайша айтқанда, «пайдасын көре тұра тексермейтініміз». Атадан мирас болып қалған ұлттық ойындарымызды балаға ойнатпасақ, ойнау арқылы болашаққа аманаттамасақ айып бізден емес пе? Бүгінде баласына асық жинап, оны үйрететін ата-ана қайда?!

Асық, асық дейміз, айтпақшы, балаңыз асықтың не екенін біле ме екен, өзі? Ал асықты ұлттық ойын деңгейіне, ол аз десеңіз, әлемдік спорт түрі дәрежесіне көтеруге неге құлықсызбыз? Әлбетте, бұл ойын туралы насихат жоқ деп айтуға болмас. Бірақ неге екені,  қызуы жоқ от секілді…

Біз ең әуелі ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымызды ұлықтауға тиісті емеспіз бе? Ендеше, ескірген ойынды ел есіне салуға атсалысайық! Асық ойынын насихаттауды жүзеге асыру үшін не істемек керек? Балаңыз оқитын мектепте бұл ойын қаншалықты дәріптеліп жүр?… Жалпы, ұлттық ойынға бұқара назарын аудару үшін не істеуге болады?

Сауал – бізден, жауап – сізден…

 

 

Оңталап ЕШНИЯЗОВ, қала тұрғыны:

 Балабақша бағдарламасына енгізу керек

– Әрине, бәріміз де екі қалтамызды асыққа толтырып, ойнап өскен ұрпақпыз. Біздің кезімізде «асық ойнаған азар…» деп тыйып өсірсе, қазіргі жаһандану дәуірінде балаларды логикалық есепке баулу керек дегенде бізге керегі дәл осы асық. Енді балаларға қалай асық ойнатамыз дегенге келсек, асықты мектептен бұрын балабақ­ша бағдарламасына енгізу керек. Өйткені, балабақшада асықпен танысқан бала, мектепке келгенде оған қырын қарамайды.  Қытайдың кубигін санап, бүкшиіп отыр­ғанша жүгіріп, санап жүріп асық ойнағаны мың есе пайдалы емес пе?! Сақасын сақылдатып жүгіріп ойнап өскен баланың ойы да, бойы да өсетіні айдан анық.

 

 

Ринат ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ, құрылыс саласының маманы:

Балам өссін, асық ойнауды үйретем!

– Әлі есімде, атам маған асық тазалап беруші еді. Бала емеспін бе, кейде дастархан үстінде ұмытып кетсем, әжем бір қапшыққа жинап қоятын. Қайран, әжелерім-ай! Бүгінде ондай ата мен әже бар ма екен деймін кейде? Күні бойы көшенің шаңын шығарып тұрып асық ойнаушы едік. Тіпті, асыққа бола бір-бірімізбен сөзге келіп, керісіп қалатынбыз. Асық мергендікке, дәлдікке баули отырып, намысыңды жанитын ойын ғой. Жеңіліп қалсақ, жеңуге тырысып, қатарыңнан қалмауға, сол арқылы есеңді жібермей, есептеп үйренуге ұмтыласың. Әттең, соны бүгінгі қарадомалақтарымыз білмей жатыр ғой. Бірақ оларды кінәлау да артық па деймін. Бала көргенін істейді, естігенін айтады демей ме? Егер оны үйіндегі үлкендер үйретпесе, көрсетпесе ол қайдан білсін? Менің ойымша, асық ойнауды отбасынан бастаған дұрыс. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі – отбасынан бастау алмай ма? Менің екі қызым бар. Жұбайым ырымдап бір дорба асық жинаған еді. Алланың сыйы шығар, жақында ұлды болдым. Балам өссін, сол асықтармен ойнауды міндетті түрде үйретемін! Себебі, асықтың бала өмірінде кез-келген іске икемді, өткір, өжет болып өсуіне һәм денсаулығына пайдасы зор. Сондықтан қазақтың ойыны кіндігінен ажырамауы керек!

 

 

Алмагүл НҰРАХМЕТҚЫЗЫ, кондитер:

 Ұстаздары тапсырма берсе, бала орындауға талпынар еді

– Рас, бүгінгі балалар асық ойнайды деп айта алмаймын. Себебі, олардың бар көңілі әлеуметтік желіде. Күн-түн демей телефон қарауға құмар. Сабақ арасында болсын, үйде, жалпы, бос уақытында олар смартфонға тәуелді болып қалғанын мойындайық. Денсаулыққа зияны өз алдына, жеткіншектің жасына сай емес бейнероликтер, неше түрлі жантүршігерлік оқиғаларды көруі қоғамға төнген қауіп деуге болады. Байқайсыз ба, қазіргі балалар арасында көзілдірік тағатын бүлдіршіндер көбейіп барады. Мұның да артында осы смартфон мен компьютер тұрғаны анық. Егер асық ойынын мектеп бағдарламасында жақсылап қолға алатын болса, ұлттық ойынымызды ұлықтағаны­мыз болар еді. Өткенсіз болашақ жоқ. Сондықтан  бүгінгі ұрпақ ұлт тарихын, ата-бабамыздың жүріп өткен өмірінен хабардар болуы керек. Мәселен, маған «Арбаттағы» асықтар қатты ұнайды. Бірде арнайы барып, әрбір асықтың орналасуына қарап балама түсіндіріп бердім. Өз басым, баламның мектепте асық ойнаймыз дегенін естіген емеспін. Егер ұстаздары «асық ойнаймыз, үйден асық әкеліңдер» деп тапсырма берсе, бала орындауға талпынар еді ғой… Жалпы, сұраныс болмаған жерде, нәтиже де болмайды деген осы.

 

Батыр ТӨЛЕКОВ,

Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназия­ның дене шынықтыру пәні мұғалімі:

Ұлттық ойындарымызды жаңғыртуға біз қашан да дайынбыз

– Әрине, асық ату ойыны дене тәр­биесіне керек ойынның бірі. Бұл ойын мектеп бағдарламасында бар. Оны орындап та жүрміз. Бірақ қазіргі заманның балалары бұл ойынға мүлде қызықпайды. Тіпті, қаланың кейбір балалары асықтың не екенін де біле бермейді. Олар доп қуғанға құмар. Әсілінде, «асық ату» ойыны баланы тез қимылдауға бейімдейді. Таза ауаға шығып, денсаулығын шыңдауға көмек­теседі. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді. Сондықтан менің жеке пікірім, асық ойынын тек дене шынықтыру сабағында ғана емес, жалпы, мектепте  бастауыш сынып сағаттарында да қолдану керек. Өйткені, баланың даму кезеңі осы бастауыш сыныпта, яғни 6-9 жас аралы­ғында қалыптасады. Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыруында» «…ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек!» деген сөзі бар.  Шынында да, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Сондықтан асық ойынын мектеп қабырғасында ұдайы насихаттау біздің міндетіміз. Әйтсе де, баланың ұлттық ойынға деген қызығушы­лығын оятуда сынып сағаттарын өткізіп, түрлі жарыстар ұйымдастыру аздық етер. Оны республикалық деңгейде өтетін түрлі шаралар арқылы насихаттау да керек пе деймін. Егер жүлделі орындар тағайын­далып, мақтау-марапаттаулар болса, ондайға бала назар аудармауы мүмкін емес. Сондықтан ұлттық ойындарымызды жаңғырту жолында аянбай тер төгуге біз қашан  да дайынбыз.

 

 

Аида ЕЛГЕЗЕКОВА, кино саласының маманы:

 Әлеуметтік желі арқылы да дәріптеуге болады

– Асықты 70-80 жылдары өмір сүрген аға ұрпақ жақсы біледі. Ал қазіргі бала­лар­дың көпшілігі оған қызықпайды да. Мен асық ойынын насихаттаудың бір жолы – әлеуметтік желі деп айтар едім. Себебі, бүгінде оны қолданбайтын адам кемде-кем. Желі арқылы асық ойнаған бала мен телефонға телмірген баланы салып, сосын қайсысы пайдалы, қайсысының зиян екенін астына жазып қойсақ. Бұл бұқара­ның назарын аудармауы мүмкін емес қой. Сонда бауыр еті баласына жаны ашитын кез-келген ананың асыққа деген қызығу­шылығы артар. Ең болмаса мыңның бірі құп көрер. Осылайша ұлттық құнды­лығымызды дәріптеуге болады.

 

Абдулла РЫСХАН, 3-сынып оқушысы:

 47 асығым бар

– Менің 47 асығым бар. Оны маған анам мен әкем жинап көмектесті. Үйде әкем екеуміз ойнаймыз. Көбінесе мен ұтамын. Бұрын көрші балалар ойнамайтын, қазір олар да қызығып, жарысып, асық жинайтын болды. Сабақтан кейін барлы­ғымыз жиналып ойнаймыз. Қызық ойын ғой. Алғашында бір-біріміздікі ауысып кетіп, таласып қалатынбыз. Сосын мен өз асықтарымды түгел бояп тастадым. Қазір бірден тауып аламын. Кейін ініме беремін.

 

Әзірлеген –

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

 

 

Асық ойынының түрлері:

 

«Ханталапай»,

«Үш табан»,

«Бір табан»,

«Әйзік»,

«Атпақыл»,

«Шығу»,

«Құмар»

«Таған»,

«Шеңбер»,

«Шік-Бүк»,

«Доршке»,

«Қақпақыл»,

«Иірмекіл»,

«Жемекіл»

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *